30 Қаңтар, 2010

ЖОЛДАУҒА ЖЕДЕЛ ҮНҚОСУ

1592 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Қылышбай БИСЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Елбасы осы жолғы Жолдауында оның тарихын да айтып, еске салып өтті. 1997 жылы “Қазақстан-2030” Стратегия­лық даму бағдарламасын қабылдаға­ны­мызды, соның алғашқы онжылдығы артта қалғанын, содан бері еліміздің өсіп-өр­кендеу жағдайында болғанына тоқталды.  Ал биылғы Жолдау ендігі онжылдыққа, яғни 2020 жылға дейінгі Стратегиялық дамуымыздың, әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени тұрғыдағы алға жылжуымыздың бағдарламасы болып отыр. Елбасы осы құжатты халыққа таныстыру барысында біз үшін ең қасиетті ұғым тәуелсіз Қазақстан екенін айтты. Бұл – өте үлкен сөз. Қасиетті ұғым. Сосын Президент әлемдік нарыққа өңірлерді интеграциялау, өндірісімізді дамытып, сапалы өнімдермен өз халқымызды ғана қамтамасыз етіп қоймай, оларды шетелге шығару арқылы бизнесі қалыптасқан, дамыған 50 елдің қатарында көріну жайына тоқталды. Қолдан келмейтін іс пе? Жоқ! Ел тұтас бір мақсатқа біріккенде алынбайтын қамал болған емес. Біле білген адамға мұның барлығы ұлттық намысты оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеп, халқың үшін аянбай еңбек етіп, тер төгуге шақыратын істер. Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Елбасының Жолдауын Қазақстан халқы асыға күтеді. Жолдау үлкен саяси оқиға болып табылады. Ал Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы алдағы 10 жылды қамтитын, елімізде жүзеге асырылатын бағдарламаларға құрылды. Көптеген мәселелер көтерілді және олар­ға баға берілді. Солардың ішінде Қа­зақстан әлемдік қаржы дағдарысынан күй­зелмей шығып, өткен жылды табысты қорытындылауы да бар. Мемлекет басшысы Жолдауда еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне баса мән берді. Әр адам өзінің жұмысында, қызметінде еңбек өнімділігіне көп көңіл бөлуі қажеттігін атады. Әсіресе,  еліміздегі бірқатар салалардағы еңбек өнімділігі кейбір елдермен салыстырғанда төмен екендігін атап өтті. Еңбек өнімділігін арттыру үшін индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру тиістілігіне тоқталды. Сондықтан біздер осы бағдарламаны мықтап қолға алып, қарқынды жүргізуіміз керек. Бұлардан бөлек, Елбасы жаңа технологияларды өндіріске енгізіп, тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу қажеттілігін де атап көрсетті. Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі: – Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдау­ын­да әрбір азаматтың дамуы — оның жеке табысы мен жалпы қоғамның алға өрлеуі екенін тағы да атап өтті. Сондықтан білім беруде замана та­лап­тарына жауап беретін жаңаша жетістіктер қажет. Президент еліміз мемлекеттігінің негізі қа­лана бастаған тұста білім беру маңызды­лы­ғына айрықша тоқталған еді. Экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, осы салаға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Орта білімді ақпараттандыру, дарынды балаларды табу, оқыту және дамытуға бағытталған Президенттік “Дарын” және халықаралық “Болашақ” бағдарламалары жүзеге асырылу үстінде. Бүгінгі таңда мектеп оқулықтары мазмұнының 85 пайызы сандық форматқа көшірілген. Республикадағы 3385 мектеп интерактивтік тақтамен жабдықталған.  Алғаш рет 2007 жылдың қыркүйек айында алғашқы интерактивтік сабақ Елбасының қатысуымен өтті. Еңбек ресурстарының бәсекелестігін арттыру мақсатында Елбасы “Тілдердің үштұғырлығы” бағдарламасын ұсынды. Ондағы мақсат — мемлекеттік тіл — қазақ тілін, ресми тіл — орыс тілін және халықаралық тіл — ағылшын тілін халықтың неғұрлым көп бөлігінің меңгеруіне бағытталған. Елбасының тапсырмасымен қолға алынған “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы орта білім саласын дамытудағы шын мәніндегі басымдыққа ие маңызды жоба болды. Тек соңғы он жыл ішінде барлығы 652 мектеп салынды. Дарынды балалармен кездесулердің бірінде Елбасы әлем  Қазақстанды экономикалық және саяси жетістіктері арқылы біліп қана қоймай, интеллектуалдық идеялардың өзегі – жас буын арқылы танытуға болатынын айтқан болатын. Осының жалғасы іспеттес елімізде интеллектуалдық зиялы қауым қалыптастыруға бағытталған “Тұңғыш Президенттің интеллектуалдық мектебі”, “Астанадағы Назарбаев университеті” сияқты жаңа жобалар жүзеге аса бастады. Қазіргі таңда Астана, Семей және Көкшетау қалаларында физика-математикалық бағыттағы интеллектуалдық үш мектеп жұмыс істейді. Оларда барлығы 1854 оқушы білім алып жатыр. Осы инновациялық модель біртіндеп еліміздің барлық аймағында жүзеге асатын болады. Қазір соның алғашқы жемісін көре бастадық. Еліміз оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларға, сараптамалық ойлау мен үлкен ізденісті қажет ететін ғылыми жобалар сайысына қатысып, үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Осындай табыстардың арқасында Қазақстан 2010 жылы Астанада ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып 51-Халықаралық математикалық олимпиаданы өткізу мәртебесіне ие болды. Білімдегі серпіліссіз – инновациялық дамуда серпіліс болмайды. Сондықтан қазақстандық университеттер “білім экономикасының” ұйытқысы, елдің инновациялық дамуының катализаторы болуы тиіс. Бұл – университеттер үшін алдыңғы онжылдықтағы мақсат. Осыған орай Астана қаласында әлемдік деңгейде Халық­аралық университет жобасы іске асырыла бастады. Бұл жаңа уни­вер­ситеттің құрылымы, ұйымдастыру принциптері, оқыту әдістемесі және ғылыми зерттеулердің деңгейі жетекші шетел университтері үлгісіне мейлінше жақындатылады. Халықаралық деңгейдегі университет алдында үлкен міндеттер тұр. Оған ақпараттық-коммуникациялық технологиясы; өнер және әлеуметтік ғылымдар; инжиниринг және технология; жара­тылыстану ғылымдары институттары кіреді деп жоспарланып отыр. Жоба әріптестерінің қатарында: Корея политехникалық университеті, Нью-Джерси технологиялық университеті, Кент мемлекеттік университеті, Питтсбург университеті, “Айдын” Ыстамбұл университеттері бар. Бүгінгі таңда орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларының ұйымдары түрлі нұсқадағы компьютерлік сыныптармен қамтамасыз етілген. Әрбір 18 оқушыға бір компьютерден келеді. Мектептердің 98 пайызы, оның ішінде ауылдық жерлерде 97 пайызы интернетке қосылған. Әлемді қаржы дағдарысы қысқан кезеңде де еліміз алған бағытынан қайтпай, білім саласына барынша қолдау көрсетіп келеді. Дағдарысқа қарсы “Жол картасы” аясында 9 млрд. 470 млн. теңгеге 95,6 мың адам даярлау және қайта даярлау курстарымен қамтылды. Осылайша жұмыссыз қалған мыңдаған адам қайта даярлау курстарынан өтті. Н.Назарбаевтың Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттеріне оқыған дәрісінде ұлт әлеуетін ашу үшін “интеллектуалдық төңкерістің” қажеттілігіне баса назар аударылды. Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауы “Қандай қоғам орнатып жатырмыз?” және “Бірнеше жылдан кейінгі еліміздің әлемдегі орны қандай болады?” деген сияқты әрбір азаматты мазалаған сұрақтарға жауап береді. “САМҒАУ  ЖЫЛДАРЫНА  СЕРПІН  БЕРСЕК” дейді Аңғал батыр  ауылының  тұрғындары Аңғал батыр ауылы – Еңбек­шілдер ауданындағы ынтымағы мен берекесі жарасқан қазақы құт қоныстың бірі. Әкімдік аумағындағы Аңғал батыр мен Жаңалықта 1200-дей адам тұрса, оның 105-і зейнет жасында екен. Мұны бөлектеп ай­тып отырған себебіміз – жас отау­лар қатарының жыл санап көбейіп отырғандығынан дерек беру. Оның үстіне, көпбалалы отбасылар қатары да қалыңдай түсуде. Яғни, ауыл­дар­дың уақыт алға тартқан ауқымды істерді еңсеруге мүмкіндігі мен қа­рым-қуаты жеткілікті. Алға ұмтыл­ған ауылдардың арман-тілегі де орасан. Мүндағы жолашар – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдаулары екендігін ай­та­ды жұрттың бәрі. Міне, бүгін де ауыл бар жасауымен жарқырап, жыл­дың ең айтулы оқиғасы санала­тын Жолдаудың жариялануын жақ­сы үмітпен күтіп отыр. Бұл – самғау жылдарына серпін берсек деген ниеттегі ауылға тән қасиет. Біржан елі әндетіп, құйқылжыта күй төгіп тұр. Аудан өмірінен тарата түсірілген фильм тағылым төгуде. Өнерпаздар қатарында мектептегі “Балдәурен” шағын орталығының балғындарын көру де сүйінішті. Қос қабатты мектептің зәулім мәжілісханасы иін тірескен халыққа толы. Бәрінің ой-қиялы қиянда болғанымен, назары сахна төріндегі теледидарда. Міне, Елбасы Парла­менттегі парасат мінберіне шығып, өзінің кәдуілгі “Құрметті отандас­тар!” деген жылы сөзімен тағдыр­шеш­ті Жолдауын бастады. Алыстағы Аңғал батыр ауылы да дүр сілкініп көтерілді. Ұзаққа созылған қол шапалақтаудың өзінен Мемлекет басшысына құрмет, елдік рухы­мыз­дың биіктігі мен игілікке жара­тыл­ған істерге ризалық сезімі қалық­тайды. Мұндай ізет үздіксіз қайта­ланып отырғанын айтуымыз керек. Жолдау аяқталғанымен, ешкім­нің үйіне асығар түрі көрінбейді. Біз ауыл ақсақалы, тыл майданының майталманы Есмағамбет Мұқановты сөзге тарттық. Елбасы “Аузымызда тәу­бе, қолымызда қауға” деген на­қылды терең мағынамен тұздықтай айтты, – дейді сексеннің бел орта­сындағы атамыз. – Менің заман­дасым болса керек, Алматыдағы Райымбек ауданынан Совет Оразбай Нұрсұлтан Назарбаевқа осылай хат жолдапты. Біз де мұндай ойларды қағазға түсірмегенімізбен, ел ішінде үнемі айтып жүреміз. Қазақ­ста­ны­мыздың тәуелсіздік алғанын көрдік, абыройымыз әлемге танылғанын білдік, ертеңгі болашақтың жарқын­ды­ғын сезіндік. Халқымызға жа­са­лар көмек-қолдаудың ауқымы жаңа арнамен толығатынына тәубе қы­ла­мын. Мұның бәрі, Нұрекең айт­қандай, елдің қуаты артқанды­ғы­ның белгісі. Бертінгілер біле бермес, жұмақ заман деген осы болады. Осыны қадірлейік, жамағат... – Кесте бойынша бүгін осы ауылдық округ тұрғындары алдында есеп бермекпін, – деді аудан әкімі Теміржан Хамитов. – Өңір аграр­лық-өнеркәсіптік даму үрдісіне бет түзеген елді мекендер қатарында. Осындағы “Донской” ЖШС мен 19 шаруа қожалығы былтыр әр гек­тардан 18 центнерден астық жи­на­ды. Мал шаруашылығы да ой­дағыдай дамуда. Ауылдарымыздың аумағында “Сага Крик Голд” және “Жаңалық Голд” аталатын кен орындары жұмыс істейді. Мұнда өткен жылы 2,6 миллиард теңгенің 392 кило алтыны мен 193 миллион теңгенің дайын қорғасын қоспасы алынды. Жергілікті шағын бизнес те даму үстінде. Осының арқасында ауылда мешіт, тойхана, қайта өңдеу кәсіпорындары, 130 нөмірлік сан­дық телефон стансасы ашылды. Қа­зіргі кезде қайта түлеген елді ме­кен­дер тұрғындары Елбасы Жолдауын­дағы жаңа міндеттерді жүзеге асы­ру­ға қабілетті екендігіне сендіргім келеді. Аудан басшысының сөзін механизатор Аманжол Айтымов, бақташы Әскербек Мұстафин, “Сага Крик Голд компани” кеншісі Самат Есдәулетов қажырлы еңбегімен ақтайтындығымен қуаттады. Мектеп директоры әрі “Балдәу­рен” шағын орталығының жетекшісі Нұрлан Шоқаев Елбасының ұрпақ тәрбиесін­дегі қамқорлығына риза­лық білдірді. Ендігі жерде “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Халқымыз оған үлкен үміт артып, жарқын күндерге тал­пынатын болады. Бақберген АМАЛБЕК,  Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы. БІЛІМ БӘСЕКЕСІНДЕ АЛДА БОЛУ — АБЫРОЙ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Қайрат Байжанов бастаған профессорлар мен оқытушылар және студенттер бір шаңырақ астында отырып тыңдады. “Менің басты мақсатым – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бүгінгі Жолдауымның өзі де осыған арналған. “Қазақстан-2030” Стратегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдық бағдарламасын жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы Стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау”, деген Елбасының сөзі студенттерді өздерінің бақытты болашақтарына деген сенімдерін нығайта түсті. 25 пайызға өскен айлық пен шәкіртақының 1 сәуірден бастап беріле бастайтыны туралы сүйінішті жаңалыққа да қуанып қалдық. Әрине, алмақтың да салмағы бар. Жолдауда еліміздің білім мен ғылым саласының әлемдік биік деңгейге жетуін қамтамасыз ету және жоғары оқу орындарының осы білім бәсекесіндегі орны мен рөлі туралы бекерге ай­тыл­ған жоқ. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің педа­го­ги­калық ұжымы, міне, осы бағытта ізденіс үстінде шығармашылықпен жұмыс атқарып келе жатқан оқу орындарының бірінен саналатынын мақтан етеді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,  Жамбыл облысы. ЖОЛДАУДЫҢ СӨЗІ – ӨМІРДІҢ ӨЗІ Еліміздің әр күні жаңалықтар мен жақсылықтарға  толы екені, түрлі  оқи­ға­лар легінің биік межелерге жетелеп бара жатқаны қуантады. Соның дәлелі Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі халыққа арнаған Жолдауы. Ол отан­дастарымызға  тағы да тың бағыттар ұсынды. Оны бүкіл ауылдастарымен бірге теледидардан тыңдағандар қатарында “Сұңқар” шаруа қожалығының жетекшісі, көп балалы отбасының алтын діңгегі, бар саналы ғұмырын мал шаруа­шы­лығын өркендетуге арнаған Дүйсебек Малдыбайұлы да бар еді. Қойған сауалымызға қария былай деп жауап берді. – Әр жылдың өзіндік ерек­ше­лігі, алар асуы бар. Өткен  жылғы  Жолдауда еліміздегі дағдарыс сал­қы­нының алдын алу бағытындағы жүйелі міндеттер алға қойылған бо­латын. Соның нәтижелі болғанын көрдік. Ал биылғы Жолдау елі­міз­дің сыртқы рыноктағы  ұстанымын орнықтыруды, индустриялық-инновациялық стратегияны одан әрі дамытуды, аграрлық сектордағы жаңа бастамаларды нақтылауды, жұмыссыздықтың алдын алу,  тағы да басқа өрелі міндеттерді алға тартты. Сонымен қатар біз сияқты зей­нет­керлердің, көп балалы аналар­дың, әлеуметтік жағынан жет­кі­ліксіз қамтылғандардың жағдайы да едәуір жақсаратын тәрізді. Әсіресе, осы бейбіт өмірді сыйлаған соғыс ардагерлеріне деген құрмет Же­ңіс­тің 65 жылдығы қарсаңында жаңа бір қырынан көрінгеніне қуандым. Олардың зейнетақылары өсіп, оған теңестірілгендерге де қосымша тө­ле­нсе, басқа да тұрмыстық жағ­дайларына жеңілдіктер жасалатын болыпты. Қоғамның басты байлығы қа­шан да – адам. Демек, олардың ден­саулығының, әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайының жыл санап жақсара түскені абзал. Осы мә­се­лелер Жолдауда  ерекше айтылды. Өзім көп балалы отбасының тірегі болғандықтан, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне ерекше алаңдаймын. Оннан астам немере өсіп келеді. Осы бағытта бәсекеге қа­білетті тиянақты білім беруді одан әрі жалғастыратын оқудың жаңа бағдарламалары енгізілетіні де қуанышты. Мен өзім күнделікті ақпарат құ­ралдарынан болып жатқан жаңа­лық­тарды қалт жібермей қадағалай­мын. Оған зейнет демалысында болғандықтан уақытым  толық жетеді. Оқып, естігенімнің бәрін балаларыма айтып отырамын. Зайы­бым, зейнеткер Роза Мейі­р­манова екеуміз ұл-қыздарымызға лайықты тәрбие беріп, олардың оқуына жол аштық. Бәрі жоғары білімді, әр саланың мамандары. Сәрсен – энергетик, Жайық – дәрігер, Еділ – банк қызметкері, Сәуле – терапевт, Гүлмира – эко­номист болса, немерелерім Мұқан Қытайда білімін толықтырып жүр. Ал Тоғжан КИМЭП-те, Алмас ҚазМҰУ-да мамандық алып, егемен еліміздің болашағы үшін әр салаға жастық жалындарын арнай­ты­ны анық. Бәрі де Елбасының Жолдауын үлкен ықыласпен тың­дап, оны жүзеге асыруға атсалы­сады деп сенемін, – деді Дүйсебек қария. Күмісжан  БАЙЖАН, Алматы облысы. Суретте: көп балалы отбасы Д.Малдыбаев әулетінің Жолдауды тыңдау сәті. ОТАНДЫҚ ФИТОПРЕПАРАТТАР ЖОЛЫ ОҢҒАРЫЛДЫ Қарағандыдағы отандық дәрілер­ді жергілікті өсімдіктер түрлерінен жасап, шығаруда біраз жылдан бері жемісті же­тістіктерімен танылып жүрген “Фи­то­­хи­мия” халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі” акционерлік қоғамы осы саланың көшбасшысы саналады. Бұл іргелі мекеменің құ­рылып-қалыптасуына Елбасының тікелей қолдауы үлкен ықпал еткен болатын. Қазір зерттеулерді одан әрі  жетілдіріп, дәрі-дәрмектердің шипалық қасиетін жақсарта түскен ұжым мүшелері төл фарма­цев­ти­калық өндірісті өркендету үстінде. Олар Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларында өз қызметтеріне байланысты мін­дет­тердің айналып өтілмейтіндігіне көп­тен қанық. Осы жолы да солай болды. Аталған орталық жетекшісі, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серғазы Әдекеновтің жұмыс бөлмесіндегі теледидар ал­дына жиналғандарды  Президенттің “Ғылым туралы” жаңа заң қабыл­да­натындығы, отандық фитопре­парат­тардың  ел рыногындағы үле­сін 50 пайызға көтеру  жайлы сөзі ерекше құлақ түрдірді. Мұны тү­сіну­ге болар  еді. Ғылымның соңғы уақыттарда ұйымдық, құрылымдық, кадрлық, қаржылық қамтамасыз етілу жағынан  айтарлықтай өз­ге­ріс­терге ұшырауы, оны реформа­лау­ды тереңдетудегі берік бағыт өмір талабына сәйкес  толық­ты­рылып, жаңартылған негізгі құжатты қажет еткен-ді. – “Бұл біз үшін қуанышты хабар. Әлемдік бәсекелестікте есе жібермеу үшін ғылымның орны бөлек. Бүгінде оның деңгейін биік­тетуге мүмкіндігіміз үлкейгендігін білеміз. Сол мақсаттың іске асы­ры­луы­на серпін береріне сенеміз”, деді бізбен тілдескенде  Жолдау жөніндегі алғашқы әсерін бөліскен химия ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қобыланды Тұрдыбеков. Еліміздегі дәрі-дәрмектерге сұраныс әлі негізінен сырт жер­лер­ден жеткізілетін өнім түрлері арқылы өтеліп жүргені  жасырын сыр емес. Ал осынау олқылықтың орнын толтыруға аталған ұйымның ұмтылысы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мұның алдында бірінші және екінші кезегі жұмысқа кіріс­кен өндірістік кешен аса маңызды өнім көлемін арттырса, биыл са­лы­на бастаған үшінші кезек оны еселей түспек. Осы орайда фар­ма­цевтика ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қорлан Итжанова өз ойын ортаға салғанда Елбасы алға қойған отандық фитопрепараттар үлесін 50 пайызға көтеру міндеті, әсіресе, қарағандылық ғалымдар үшін жауапты тапсырма екенін айтты. – Бізде 5 жоғары оқу орнын, 30 ғылыми орталық пен кәсіпорын­ды біріктірген  республикалық фар­мацевтикалық  кластер жұмыс іс­тей­ді, – деді ол. – Соған қоса  “Дә­рі­лік құралдардың химиясы мен технологиясы” инновациялық консорциумы құрылған. Өзекті мәселемен шұғылданушы ғалымдар мен мамандар құрамы мықты. Қыс­қасы, қойылған міндетті орын­дауға қарым-қабілет жет­кі­лік­ті. Елбасының жаңа тапсырмасы бізді соған жігерлендіреді. Жолдау  тыңдаушылардың қай-қайсысының да жүрегіне терең ой тастағаны байқалды. Айқын НЕСІПБАЙ, ӘСКЕРИЛЕР  ӘСЕРІ Орал қаласындағы Батыс ішкі әскерлер полкі құрамына кіретін №5515 және №5517 әскери бөлімдері Жуков көшесінің бойында орналасқан. Осы көшеде кешегі қырғын соғыста қолбасшылық қасиетімен даралана білген төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры Г.К.Жуковқа кеуде мүсін орнатылған. Бұл арадан газет тілшісін әскери бөлімнің БАҚ-пен байланыс жөніндегі қызметкері, капитан Ерболат Сұлтанов қарсы алып, 300 адамдық мәжіліс залына бастап әкелді. Зал әскери қызметшілер мен қатардағы сарбаздарға лық толы. Оның төріне кең форматты муль­ти­медиялық қондырғы қойылып­ты. Бұл Елбасы Жолдауын тың­дауға әрі оны анық көруге қо­лай­лы жағдай туғызылғанын көр­се­те­ді. Санаулы минөттерден кейін кең экраннан Елбасы Жолдауы басталды. Оны әскери қызметші­лер қалт етпей тыңдады. Кейбір тұстарда олар ешкімнің бұйры­ғын­сыз, өздерінің жүрек әмір­лері­мен қол шапалақтап отырды. Ал Президент бюджет қызмет­кер­лерінің жалақысы биыл екінші жартыжылдықта емес, уа­қытынан үш ай бұрын өседі деген кезде, зал тағы да дуылдата қол соқты. Тікелей эфир аяқталғаннан кейін биылғы Елбасы Жолдауы­нан алған әсерлерін олар газет тілшісіне былайша жеткізді. Салтанат ЕСМҰХАНОВА,  аға лейтенант: – Мемлекет бас­шысының өт­кен жылғы Жол­дауы негізінен дағ­дарыстан шыға білуге арналса, биылғы құжаттың одан басты ерекшелігі – елді алға қарай дамытудың нақты бағ­дарламасы белгіленуінде. Алдағы он жылдық меженің тайға таңба басқандай анық көрсетілуінде. Мен Жолдауды тыңдай отырып, қазір республикадағы әлеуметтік-экономикалық жағдай өз арнасына түсіп қана қоймай, оның алға даму үдерісінің басталғанын сезіндім. Нұрсұлтан СОПБЕКОВ  қатардағы сарбаз: – Біз – тәуел­сіздіктің таңы ат­қан кезде дүниеге кел­ген ұрпақтың өкілдеріміз. Сон­дықтан да: “Азат елдің құрдасымыз!” “Егемендіктің ақжолтай хабаршысымыз!” деп  қай кезде де мақтаныш етіп ай­тып жүреміз. “Тәуелсіздік деген ұғым – қашанда қастерлі. Мем­ле­кеттің ең басты құндылығы – тәуелсіз Қазақстан. Қоғам үшін осыдан артық қандай биік мақсат болуы мүмкін”,  деп атап көрсетті Нұр­сұлтан Әбішұлы. Ендеше, біз­дер осы баға жетпес ең басты байлығымызды  қорғауға қашан да әзір бола білуіміз керек. Бекзат ТІЛЕПБЕРГЕН,  қатардағы сарбаз: – Тәуелсіз Қа­зақ­станның өсуі мен дамуы, оны өр­кендетудегі та­быстың кілті  оған қоғам мүшелері тұ­тас­тай араласқан кезде ғана мүм­кін болмақ. Елбасы Жол­дауы­ның өзегіне осы ой басты қазық болып тартылған. Яғни, бұдан шығатын түйін кез келген Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматы: “Мен елдің дамуы мен оның көркейіп, гүлденуіне нендей үлес қоса ала­мын?” деген ойда болса – бұл тал­пыныс біздің алға қойған ор­тақ мақсатымыздың тезірек орын­далуына алғышарт қалайды деп санаймын. Бойы­мыздағы отан­шыл­дық сезім Елбасы Жолдауын тыңдағаннан кейін одан әрі тереңдей түсті. Ең бастысы, біз тәуелсіз Қазақстанды қорғай білу қастерлі парыз екенін айқын аңғарғандай болдық. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал. АУЫЛДАР АЖАРЛАНА ТҮСЕДІ Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы болатын күні Меновное ауылдық округіне қарасты Ахмер ауы­лындағы Қадыр Нұғымановтың отбасына келдік. Қадыр ағамыз ұзақ жылдар аталмыш ауылда құрылыс саласында жемісті еңбек еткен, қазір зейнеткер. Ал есімі елге жақсы таныс, 45 жылдан бері ұстаз болып келе жатқан Мәкен Рахимова апайымыз жасы жетпіске таяп қалса да қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Өскемендегі орта мектепте, Әл-Фараби атындағы талапты балаларға арналған гимназияда ұстаздық құрған Мәкен апайымыз өзі туған Ахмер ауылындағы мектептің ашылуына да мұрындық болған. Қазір Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің колледжінде студенттерге дәріс оқып жүр. Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Меновное ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы М. Рахимова отағасы Қадырмен және үш баласы, немерелерімен Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын теледидардан мұқият тыңдады. – Бұл жолғы Жолдау да халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын. Елімізді индустрияландыру, шағын және орта кә­сіп­керлікті дамыту, тұрғындарға меди­циналық қызмет көрсету деңгейін жақсарту жөніндегі пікірлері жүрегімізге жол тапты. Біз ауылда тұрамыз. Өткен жылы “Жол картасы” бойынша округте 54 миллион теңгенің жұмыстары атқарылды. Жанымызда отырған ауылдық округтің әкімі Ерсейіт Нұрол­ди­новке алғысымызды айтамыз. Қала әкімі И.Әбішев ауылда бірнеше рет болып, фельдшерлік пункт, кітапхана мен әлеуметтік ғимараттарды пайдалануға берді. Жаңа ғана Елбасы Жолдауында “Жол картасының” биыл да жалғасатынын, бұл салаға қыруар қаржы бөлінетінін тілге тиек етті. Сонымен бірге, адамдардың бос уақыттарында бұ­қаралық спортпен шұғылдануы, әлеуметтік салаларға бөлінетін қаржы көлемінің ұлғая­тыны жөнінде айтқаны ұнады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығында соғыс және еңбек арда­гер­леріне қамқорлық өз алдына бір төбе. Қалай дегенде де, қаржы дағдарысына қарамастан  Қазақстан халқы алға батыл жылжи бермек. Елбасымыз бен халқымыз аман болсын, береке мен бірлігіміз жараса берсін, – деді елге сыйлы ұстаз апамыз. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.