Мұның сыртында соңғы жылдардың өзінде әлемнің әр шалғайында 50-ден астам оффшорлық қаржы орталықтары құрылып, олардың айналымындағы қаржы көлемі 3 триллион доллардан асқан көрінеді. Ендеше Қазақстанның да өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын құруға деген ұмтылысын еліміздің болашағын әріден ойластыра отырып, дер кезінде жасалынған прагматикалық қадамға балаймыз.
Әрине, халықаралық қаржы орталығын құру оңай емес. Ол үшін бірқатар қолайлы алғышарттар керек. Соның басты бірі – елдегі бейбіт өмірдің беріктігі, елдің жүргізген ішкі-сыртқы саясатының халықаралық қауымдастықтан қолдау табуы, былайша айтқанда, басқалармен араласқан кезде жүзіңнің жарқын болуы. Бұл жағынан алғанда Қазақстанның бейбітшілікке қосқан үлесін көптеген мемлекеттер қолдап отыр. Мәселен, АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон 192 мемлекет қатысқан жуықтағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан жайлы жылы пікірін білдірді. Қазақстанның ядролық қатердің алдын алуға қосқан үлесін жоғары бағалай келе, «Бүгінде Қазақстан көршілерімен тату-бейбіт өмір сүруде. Ол берік сауда қатынастарын дамытуда. Биыл ЭКСПО- 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп, ол болашақтың энергия көздерін және бүкіл әлемнің қатысушыларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл – өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге елеулі үлес қосып отырған заманауи мемлекет. Қазақстан өзінің шешімінен тек пайда көрді», – деді.
Қазақстанда халықаралық қаржы орталығының пайда болып, табысты жұмыс істеуіне қолайлы ықпал етуі тиіс басқа да жанама факторлар аз емес. Соның бірі – бір шеті посткеңестік елдерде басталып, екінші шеті Қытайға тірелетін, Ауғанстан, Пәкістан, Моңғолия секілді елдерді қоса қамтитын үлкен Еуразиялық аумақта әлі күнге дейін әлеуетті халықаралық қаржы орталығының құрылмауы. Осы өңірде орналасқан елдерге қарағанда осындай игілікті шаруаны жүзеге асыруға Қазақстан мүмкіндігінің жоғары екендігін қазір шетелдік сарапшылар да мойындап отыр. Мәселен, Ресейдегі Постиндустриялық қоғамды зерттеу орталығының директоры Владислав Иноземцев өз мақаласында «Еуразиялық ауқымдағы болашақ қаржы орталығы ретінде Қазақстанның пайдасы үлкен болғалы тұр: Орталық Азияның жетекші мемлекеті ретінде, Ресеймен, Қытаймен тығыз қарым-қатынас, Жаңа Жібек жолы жобасына жақындығы, елдің ислам әлемімен дәстүрлі байланысының болуы, болашақта исламдық қаржы тәжірибесін қабылдау мүмкіндігі және Астананың АҚШ-пен және Еуропа одағымен қарым-қатынасының нығаюы Қазақстанның қаржы орталығын құруға лайықты екендігін білдіреді», деп атап көрсетті.
Қазіргі күні аталған мақсатты жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылымдық әзірліктер де жасалып отыр. Бұл жөнінде Қазақстанның азды-көпті тәжірибесі де жоқ емес. Мәселен, Алматы қаласында біраз жылдан бері өңірлік қаржы орталығы жұмыс істеп келеді.
«The Global Financial Centres Index (GFCI) халықаралық зерттеу орталығының рейтингі бойынша 2014 жылы Алматы қаласы әлемдік қаржы орталықтарының қатарына енгізіліп, 83 халықаралық қаржы орталығының ресми тізімінде 58-ші орынға және Азия қаржы орталықтары арасында 13-орынға ие болғандығы хабарланған болатын.
Ал бұл жолғы ұмтылыстың жөні бөлек. Астанада құрылатын қаржы орталығы Дубай ХҚО тәжірибесі ескеріле отырып, дауларды шешу үшін британдық құқық базасында жұмыс істейтін болады. Бұл оның шешімінің орындалуын тіпті елдің Жоғарғы сотының өзі бұза алмайды деген сөз. Халықаралық қаржы орталығының мәртебесі Конституция негізінде белгіленіп отыр. Мұның сыртында мұнда келетін шетелдік банктер мен инвесторларға көптеген жеңілдіктер ұсынылмақ.
Инвестициялар және даму министрлігінің кеңесшісі Ерлан Байдәулет келесі жылдан бастап нақты іске кірісетін «Астана» халықаралық қаржы орталығына 2025 жылға дейін 40 миллиард доллар инвестиция тартылатындығын, мұның 7-8 миллиарды ислам қаржыландыру жүйесі арқылы келетіндігін мәлімдеп үлгірді.
Іске сәт, дейміз ендеше.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»