Қоғам • Бүгін, 09:35

Қазақша контентке сұраныс артты

30 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары TikTok, Instagram, YouTube пен Threads платформасында қазақша кон­тен­ттің көлемі артты. Сарап­шылардың айтуынша, бұл – қоғамның ішкі сұранысынан туындаған тілдік-мәдени бетбұрыс. Әрі осы серпінге ерекше ықпал жасап отырған мемлекеттік тіл қолданысын талап ететін жас буын екенін атап өткен жөн.

Қазақша контентке сұраныс артты

Жастар – негізгі қозғаушы күш

Бүгінде әлеуметтік желіні ашсаңыз, қазақша сөйлеуді, қазақша қызмет көрсетуді талап ететін бейнежазбалар мен посттар жиі көзге түседі. Бұрын мұндай бастамалар тек тіл жана­шырларының тар аясында айтылса, бүгінде өзекті тақырып ретінде қарапайым қолданушылар да көтеріп, өз парақшаларында қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпалдасып жүр. Соның әсерінен қазақтілді контентті тұтынушылар қатары артқан.

«Жастар» ғылыми зерттеу орта­лығы 14-35 жас аралығындағы көрер­мендерге сауалнама жүргізді. Нәти­жесінде, қазақ­тілді медиа өнімдерге сұраныс 18%-ға өскенін анықтады. Биыл жүргізілген зерттеудің пайыздық көрсеткіштерінен жастардың ойын-сауық форматындағы видеоконтентке көбірек қызығатыны байқалған. «Қандай форматтағы видео көресіз?» деген сұраққа 51,2% жастар көркем фильмдер десе, 45,9%-ы YouTube же­лі­сіндегі түрлі бейнежазбаларды тамашалаймыз деп жауап беріпті. Ал сериал көретіндердің үлесі 41,7%-ды құрады.

Бүгінде оның үстіне блогерлер мен инфлюенсерлер арасында «қазақ тілінде сөйлеу – өтімді» деген түсінік орныға бастады. Демек қоғамға қазақ тілінде контент ұсыну, тұтыну тек ұлттық мәдениетке құрмет емес, өзіндік стиль мен жаңа медиа эстетиканың бір бөлігіне айналған.

Мемлекеттік тілдегі контентті жүйелі түрде алғашқылардың бірі ретінде жүргізе бастаған тарихшы, археолог Нұрқожа Ерсайын бұл құбылысты еркін ойлы жастардың белсенділігімен байланыстырады.

– Мұндай өзгеріске ықпал еткен бірнеше фактор бар. Бүгінде интернет ауылда да қолжетімді. Ал он­дағы тұрғындардың басым бөлігі қа­зақ­ша сөйлейді, демек олар қазақ тілін­дегі контентті көруге ынталы. Қала­лықтардың өзі де санадағы шектеуден арылып, мемлекеттік тілге әлеумет­тік әділеттілік тұрғысынан қарай бас­тады. Оған қоса тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген буынның алды 34-ке келді. Яғни қазір жастар санатына енетін азаматтардың барлығы – тәуелсіздік құрдастары. Олардың тілдік таңдауы еркін, басым бөлігі ана тілін тек тұрмыстық қарым-қатынас құралы емес, ұлттық мақтаныш пен мәдени идентификация рәмізі ретінде жоғары қояды. Халықтың қолдауы тағы бар. Аудиторияның демеуі кез келген медиа өндірушіге одан әрі күш береді, – дейді Н.Ерсайын.

Internews-тің 2023 жылғы зерт­теуіне сүйенсек, жас буынның 57%-ы әлеуметтік желілерді ақпарат алудың негізгі көзі деп санайды. Бұл көрсеткіш екі жылда әжептәуір өскені анық. Осы орайда блогер қазақша контент мазмұнының сапасына қатысты алаңдаушылық білдірді.

– Бүгінде платформалардағы маз­мұндық сипат әзіл-қалжың мен жан­жал тақырыбына ауып кеткен. Әлеумет­тік желідегі қауымның алыпқашпа әңгімеге, жағымсыз ақпа­раттарға қызығушылығы басым болып отыр. Оған «бес тиын» пікірін қал­дыра жарысатындары да бар. Ал бір ғалымның еңбегін талқылауға не ғылыми жаңалықтың мәнін қозғауға келгенде жұрттың назары тез сейіледі, көз қиығын салмай өтетіндері де кез­деседі. Тіпті терең дүниені түсінуге шыдам жетпей, жеңіл-желпі контентке қайта ойысады. Бұл сұраныстың артынан қуғандар сапалы контентті көлеңкеде қалдырады. Салдарынан шы­найы білім беретін, практикалық кеңес ұсынатын пайдалы медиа өнім жетіспей жатыр. Қарапайым компьютер жөндеу не тұрмыстық техникаға қа­тыс­ты ақпараттың өзін көпшілік өзге тілде іздеуге мәжбүр. Сондықтан интернет не­гізгі ақпарат алаңы болып тұрған қазір­гі кезеңде қай салада, қай бағытта бол­сын пайдалы қазақша контентті көбей­ту – күн тәртібіндегі маңызды мін­дет. Осылай цифрлық ортада мемлекеттік тілдің әлеуетін көтере аламыз, – дейді блогер.

 

Қоғамдық іске жұмылған дұрыс

Мемлекеттік тілді кеңінен қолдану­ға үлес қосып жүрген жазушы, «Ситуа­тивный казахский» оқулығының авторы, «Мәміле» қазақ тілі клубының негізін қалаушы Қанат Тасыбеков те қазіргі тілдік қозғалысты қоғамның оң өзгерісі деп бағалайды. Оның пікірінше, тілдің қолданыс аясын кеңейту, оған қатысты мәселені шешу – тек филологтердің немесе шенеуніктердің шаруасы емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.

– Блогерлердің қазақша сөйлеп, өз аудиториясына ықпал етуі – үлкен жетістік. Иә, кейде олардың сөзі дөрекі шығуы мүмкін. Бірақ тіл – тірі ағза. Әдеби де, бейресми сөйлеу тілі де қатар дамуы – табиғи құбылыс. Алайда бәріне ортақ құндылық – қай ортада болсын тілді ілгерілетудегі адал ниет. Әрине, «қазақша сөйлеуді талап ету» формасы агрессияға ұласпау қажет. Мысалы, әлеуметтік желіде біреуді «неге қазақша жазбадың?» деп айып­тау – ең оңай іс. Қазақша жақсы білсең, бір адамды болса да өзің үйрет. Тіл клубтарына қатыс, үйренуге талпынғандарға қолдау көрсет. Біреуді мінеп-сынау емес, өз шама-шарқың келгенше осы жолда игілік жасау, бауырыңа тартып, ынталанды­рып, бірге алға жылжуға ұмтылу – нағыз тіл жанашырының ісі. Қоғамдағы тіл мәсе­лесінің шешімі жоғарыдан емес, төменнен, қарапайым азаматтардың саналы әрі жүйелі ұмтылысынан бас­талатынын естен шығармау қажет. Мен 9 жылдан бері Ұлттық кітапхана­да «Мәміле» клубын тұрақты түрде жүр­гізіп келемін. Бұл – ерікті бастама, жалақысыз жұмыс. Алайда нәтижесі – ауыз толтырып айтарлықтай. Бүгінде республика көлемінде 17 қалада клуб­тың филиалдары ашылып, қазақ тілін үйренгісі келетін жастар мен ересектерге тегін мүмкіндік беріліп отыр. Өзім TikTok желісіне қазақ тілінде ру, мәдениет, ұлттық сана тақы­рыптарына арналған бейнежазбалар жүктеймін. Миллионға жуық қаралымы да болды. Яғни қоғамда мемлекеттік тілге деген қызығушылық бар, – дейді Қ.Тасыбеков.

 

Тіл тағдыры экономикалық факторға да тәуелді

Мойындау керек, тілдің беделі эко­номикалық және әлеуметтік мүм­кіндіктермен де тығыз байланыс­ты. Егер ол бәсекеге қабілетті білімнің, табыстың, кәсіби жетістіктің негізгі құралына айналса, табиғи түрде кеңінен қолданылады. Осы орайда тіл жанашыры қазақша үйренуге материалдық ынталандыру әлі де жеткіліксіз екенін айтады.

– Адамның тіл үйренуі мен сөй­леуге деген талабы қажеттіліктен туын­дайтыны рас. Тіл – адамның өмір­лік мақсаттарына жету, қоғамда өз орнын табу тетігі. Сөйлеу талабына ықпал ететін негізгі екі фактор бар: материалдық және рухани қажет­тілік. Неге адамдар ағылшын тілін тез үйренеді? Себебі ол – ақша мен халықаралық мүмкіндік тілі. Өзім француз тілін дәл осындай себеппен үйрендім. Францияда үш жылдан аса уақыт тұрып, балаларымды асырау үшін жұмыс істеуге тіл маған қажет болды. Сол қажеттілік тілді тез үйренуіме себеп болды. Ал қазақ тілін білудің экономикалық жағы­нан тиімділігін көрсететін жүйе қалыптасып үлгерген жоқ. Әлеуметтік, кәсіби және экономикалық пайда тұр­ғысынан көбірек қолдау қажет. Мемлекет те өз тарапынан әлі де нақты бағыттарды толық жүйелемегені белгілі. Мәселен, қызметте өсу немесе кәсіби артықшылық беру тетіктері жұмыс істемей тұр. Бірақ материалдық мәселеге ғана сүйеніп қоймай, өз тарапымыздан рухани тіректерімізді күшейтуге, сол құндылықтар туралы көбірек ойлануға тиіспіз. Өйткені ұлт ретінде дамудың өзегі – рухани биіктік. Бұл – адамның өз мәдениетіне, тамырына деген сүйіспеншілігі. Тілді сақтау тұтас ұлтты сақтау деген сөз. Қазір, шүкір, қазақ қоғамында осы рухани фактор күшейіп келеді. Бірқатар жас тілді мансап немесе ақша үшін емес, ұлттың болашағы үшін, жүрек қалауымен үйреніп, білетіндері өзгелерден талап етіп жатыр, – дейді Қ.Тасыбеков.

Кейінгі жылдары IT, бизнес сала­сында қазақ тілінің әлеуеті тұрғы­сынан оң динамика байқалады. Бұ­рын кәсіп­керлер арасында өзге тілде шүлдір­лейтіндер басым болса, бү­гінде қазақша еркін сөйлейтін іскер азаматтардың қатары көбейіп келеді. Олар қазақ тілін тек кәсібінің жар­намалық элементі ғана емес, тұты­нушымен шынайы байланыс орнату­дың, брендке деген сенімді арттырудың тиімді тетігі ретінде көре бастады. Десек те, ғылым саласында жағдай мүлде басқаша.

– Scopus секілді халықаралық де­рек­­қорларда қазақ тіліндегі еңбек­тер­дің үлесі бір пайызға да жетпейді. Негізінен ағылшын мен қытай тіліндегі зерттеулер басым. Тіпті орыс тілінде жарияланған материалдар бізден әлде­қайда көп. Салдарынан университеттер мен зерттеу институттары көбіне өзге тілдегі дереккөздерге сүйенеді. Бұл қазақ тіліндегі ғылыми контентті дамытуда үлкен жұмыс қажеттігін көрсетеді. Толыққанды тіл экожүйесін құру үшін күнделікті тұрмыстық, медиа немесе кәсіпкерлік деңгей ғана емес, ғылыми-академиялық салада да қазақ тілінде ойлайтын орта қажет, – дейді тіл жанашыры.

Қазақ тілін талап ету үрдісі – тілдің табиғи эволю­циясының жаңа кезеңі. Ендігі міндет – осы серпінді сақтап, мем­лекеттік тілді тек әлеуметтік желі­нің ұраны емес, күнделікті өмірдің, кәсі­биліктің және жаңа медиа мәде­ниеті­нің негізгі тіліне айналдыру.