Аймақтар • 03 Қазан, 2017

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» акциясын бастады

454 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы игілікті істердің алтын қазығына айналды. Осы бағдарлама аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» атты акция бастады.


Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» акциясын бастады

Бизнес иелерін бұқара халыққа жақсылық жасауға шақыратын науқан атыраулық Динара Ертілеуоваға күтпеген қуаныш сыйлады. Бір баласы бар жалғызбасты ана бүгінге дейін пәтер жалдап келген еді. Дәрігерлер жүрегі мен өкпесіне трансплантация жасау керектігін айтқан. 2011 жылы мүгедектігі бойынша тұрғын үй кезегіне тұрғанмен, басыбайлы баспаналы болудың ауылы әлі алыс. Динараның ауыр жағдайынан хабардар болған Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесі пәтер алып беруге шешім шығарды. Аймақтық кеңес төрайымы Әлия Бекқожиеваның қолынан жаңа пәтердің кілтін алған Динара Ертілеуова: «Бұл менің өмірімдегі ең бақытты күн» деп алғысын айтты.

«Мемлекет басшысы, Үкімет бизнестің дамуына қажет жағдайдың бәрін жасап отыр. Алыстағы ауыл халқының кәсіп ашуына да қолдау көрсететін бағдарламалар бар. Кәсіпкер ретінде әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, қиналғандарға қол ұшын беруіміз керек. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Атамекенім» акциясына қатысуды парызымыз деп білемін. Барлық бизнес иелерін жақсылық жасауға шақырамын», дейді Әлия Бекқожиева.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ресми сайттарында әлеуметтік мәселелер тізімін жасауды қолға алған. Қолдау мен көмекті қажет еткендер енді интернет арқылы сұраныс қалдыра алады.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»