Сайын көшесі мен Райымбек батыр көшесінің қиылысында орналасқан актер тұрған үйге Астана және Алматы қалаларының зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен туған-туыстары жиналды.
Театр өнерінің майталманы сахнада жүріп 300-ден аса рөлді сомдаған. Алғаш атақты Наталья Сац қолынан жетектеп театрға әкелгенде, бар болғаны 19 жастағы жігіт «Алтын кілт» ертегісіндегі Базилио мысықтың рөлімен-ақ болашағының зор екенін байқатып үлгереді. Осы уақыт аралығында сахна өнері үшін туған сайыпқыран балаларға арналған қойылымнан бастап ересек көрерменге арналған салмақты спектакльдерге дейінгі әр түрлі образды өзіне ғана тән шеберлігімен ширатты. Қ.Жәкібаев кино саласына да елеулі үлес қосқан танымал актер. «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Отырар», «Махаббат бекеті», «Тоғысқан тағдырлар» фильміндегі рөлдері кино өнері тарихында қалды.
Алматы қаласы әкімі қабылдаған қаулыға сәйкес, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Қасым Әбекұлы Жәкібаевтың құрметіне орнатылған тақтаның ақ шымылдығы түрілген соң салтанатты рәсімде сөз алған Сатыбалды Нарымбетов, Нұржұман Ықтымбаев, Роза Әшірбекова сынды өнердегі әріптестері таланттың сан қилы тағдыры туралы жан тебірентетін естеліктерімен бөлісті.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ