Қазақстан • 06 Қазан, 2017

Сағынтаев киік туралы депутаттық сауалға жауап берді

513 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылдың сәуір айында сенатор Мұрат Бахтиярұлы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы аң мен құстың азайып бара жатқанына байланысты дабыл көтерген еді.

Сағынтаев киік туралы депутаттық сауалға жауап берді

Үстіміздегі жылдың сәуір айында сенатор Мұрат Бахтиярұлы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы аң мен құстың азайып бара жатқанына байланысты дабыл көтерген еді. Соның ішінде депутат «Ресми мәліметке сүйенсек, жерімізде мекендейтін аң мен құстың 300-ден астам түрі толық жойылып кету қаупінің алдында тұр. 2015 жылмен салыстырғанда, 2016 жылдың көктемінде Қазақстандағы құстар саны 2 миллионға кеміп кеткен. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2017 жылғы 16 ақпан мен 14 маусым аралығында көктемгі аң-құс аулау маусымына тыйым салды», дей келіп, оған аңшылық жасау мақсатымен құрылған шаруашылықтардың қарсы шыққанын жеткізеді.

Депутат соңғы бірнеше жыл көлемінде елімізде 300-дей аңшылық шаруашылығы құрылғанын айтып, пайда таппаса осыншама шаруашылық құрылмас еді дейді. Демек миллиондаған киіктің жоғалып жатқаны осылардың әрекеті екені айдан анық деген ой түйеді. «1991-1999 жылдар аралығында елдегі 1 млн 200 мың киіктің 150 мыңы ғана қалған. Ал 2003 жылы Қазақстандағы киіктердің саны небәрі 21 мың ғана болған. Ерке киік­терге қатысты мұндай қылмыс тек қас­көй адамдардың қолымен жасалған деуге негіз бар», дейді ол. Үкіметтің киік аулауға тыйым салғанына қарамастан, заңнамалар өрескел бұзылып, қарда жүретін техниканы, автоқұралдарды пайдалану арқылы заңсыз аң аулау жүйелі және үдемелі сипат алуда. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы прокурорының мәліметі бойынша, осы аймақта 2014-2016 жылдар ішінде осы санаттағы қылмыстың саны 5 есе өскен, алынған киік ұшасы 4 есе өскен, мүйізі 8 есеге артқан.

Келтірілген зиян 423 млн теңгені құраған. Ал еліміз бойынша 2013-2016 жылдар аралығында 312 киік ату фактісі тіркеліп, 1397 киік ұшасы, 6285 мүйізі тәркіленгенін жеткізе келіп, сауалының қорытындысында М.Бахтиярұлы «ықылым заманнан бері қазақтың ұлы даласын мекендеген киелі киік тұқымы соңғы жиырма шақты жыл ішінде жер бетінен жойылып кетудің алдында тұр», деп Премьер-Министр Ба­қыт­жан Сағынтаевқа «бұл мәселе дереу жә­не түбегейлі шаралар қабылдауды қажет етеді. Киіктерді сақтау және олардың санын көбейту мәселесі бойынша елімізде «Киіктерді қорғау» жоспары жасалуы тиіс және бұл мәселені шешуге мемлекет, қоғам атсалысуы керек деп санаймыз», деген ұсыныс айтады. Бұл сауалды қолдап М.Бақтиярұлынан басқа бірқатар сенаторлар қол қойған еді. 

Осы сауалға Үкімет басшысы Б.Сағын­та­ев­тан төмендегідей жауап келді. Жау­апта: «Сіздердің киіктерді сақтауға және санын көбейтуге, «Киіктерді қорғау» іс-шаралар жоспарын әзірлеуге және осы мәселені шешуге мемлекет пен қоғамның белсенді қатысуына қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлай­мын. Қазіргі кезде киіктерді қорғау үшін республикада АШМ Орман ша­руа­шылығы және жануарлар дүниесі ко­митетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК жұ­мыс істейді. Оның киіктерді және бас­қа да жануарлар түрлерін қорғаумен айна­лысатын Астана, Ақтөбе, Қызылорда және Орал қалаларында орналасқан төрт өңірлік филиалы бар. «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-нің материалдық-техникалық базасын нығайту және браконьерлікпен тиімді күрес жүргізуді ұйымдастыру мақ­сатында 2016-2017 жылдары ғана 81 бір­лік жол талғамайтын автокөлік сатып алын­ды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын киіктерді сақтауға және бра­ко­ньерлікпен күресуге бағытталған ша­ра­лар әзірлеу мақсатында, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен (ІІМ, БП, ҰҚК, Қаржымин) бірлескен қыз­мет­ті үйлестіріп отыру үшін жұмыс бабын­да­ғы кеңестер өткізіп тұрады. Киіктерді сақ­­тау ісінде қоғамдық ұйымдар да ау­қым­ды жұмыстар атқаруда. Мәселен, Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау ассоциа­ция­­сы (бұдан әрі – ҚБСА) АШМ Орман ша­руа­шылығы және жануарлар дүниесі ко­ми­тетімен, Қаржы министрлігінің Мем­ле­кеттік кірістер комитетімен және ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, рес­пуб­лика шекарасында киіктер мүйізін заң­сыз алып өтуді анықтау үшін із кесетін ит­тер жаттықтыру жұмысын жүргізді. Үйретілген иттердің алғашқы тобы Қа­зақстанның кеден органдарына беріліп, жұ­мысқа кірісіп те кетті. Ал қазір ҰҚК Ше­кара қызметіне беру үшін иттердің екін­ші тобы дайындықтан өтуде.

Қазіргі кез­де ҚБСА Каспий құбыр консор­ци­умымен бірлесіп, жануарлардың қоныс аударуына тұрақты мониторинг жүргізу және қорғау іс-шараларын жүзеге асыру үшін Жайық және Үстірт таралымдары киіктеріне 30 спутниктік радиошам (қарғыбау) орнату жұмыстарын жүр­гізуде. Спутниктік шамдарды пайда­ланып киі­ктерге мониторинг жүргізу тех­но­ло­гиясы республикада 2009 жылдан бе­рі жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішін­де ки­­іктерге 140-тан астам спутниктік қар­ғы­­­баулар тағылды, олар киіктерді қор­ғау­­­ды ұйымдастыру шараларын жедел қа­­былдауға мүмкіндік береді. Осының нә­ти­­жесінде киіктер саны 2009 жылғы 81,0 мың бірліктен 2015 жылы 295,4 мың бір­лік­ке дейін көбейді. 

Киіктер санына кері әсер ететін фак­тор­­лардың тағы бірі жұқпалы аурулар бо­лып табылады. Жабайы жануарлар та­ра­лымындағы жұқпалы аурулар дүм­пу­лері өзінің эпизоотиялық әлеуетіне, кейде тым жоғары дәрежедегі ажал құштыру коэффициентіне, емдеу мен алдын алудағы проблемаларға және басқа да болжап болмайтын зардаптарға байланысты елеулі қиындықтарды туғызуда. Бетпақдала таралымы киіктерінің 2015 жылы пастереллезден жаппай қырылуы ки­іктерді аурулардан қорғау жөнінде ғы­лыми негізделген шаралар қабылдауға ш­а­қырып, үрейлі дабыл болды.

Киіктерді сақ­тауды ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету олардың таралымына әсер ететін бар­лық факторларды қамти отырып, кешен­ді зерттеулер жүргізу бойынша ғы­лыми бағдарлама әзірлеу және іске асыру арқылы ғана мүмкін болмақ. Қазіргі кез­де АШМ Білім және ғылым ми­ни­стр­лігінің Биологиялық қауіпсіздік проб­лемалары ғылыми-зерттеу институ­тымен (БҚПҒЗИ) бірлесіп, киіктерді сақ­тау бойынша 2018-2020 жылдарға ар­нал­ған ғылыми бағдарлама әзірледі, оны Жо­ғарғы ғылыми-техникалық комис­сия­­­ның кезекті отырысында қарау жос­пар­­ланып отыр. Бұдан басқа АШМ Ор­ман шаруашылығы және жануарлар дү­ни­есі комитетінің ұсынысы бойынша ки­ік­тердің жаппай қырылуының алдын алу мақ­сатында Бетпақдала және Жайық та­р­а­­лымдарының киіктері төлдейтін орын­дар­да мониторингтік іс-шаралар шең­берінде өсімдіктерді, топырақты, су­д­ы және ауаны зерттеу және талдау жүр­гізілуде. Бұл іс-шараларға Зоология инс­­титуты және БҚПҒЗИ өкілдері, «Охот­зоопром» ӨБ» РМҚК, ҚБСА және Ұлыб­ри­тания мен Германиядан келген ха­лық­аралық сарапшылар қатысуда. Осы­лай­ша Үкімет тұрақты түрде бұл мә­се­ле­лер бойынша қажетті шаралар қол­да­нуда», делінген жауапта. 

Дайындаған
Жақсыбай САМРАТ, 
«Егемен Қазақстан»