Қазақстан • 10 Қазан, 2017

Ұлттық мүдделерге ұмтылыс

438 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген түйінді ой бар. Қоғамның, адамның, сананың жаңғыруы қай салада болсын – саяси-экономикалық, әлеуметтік-психологиялық, гуманитарлық-техникалық аспектілерде іске асса да, ұлттық болмысымыздан алыстаған сәтте болашаққа, сайып келгенде, тарихқа дақ түсіреді деп санаймыз. Бір қуанатынымыз, қазақтың өткенінде де, бүгінінде де рухани келбетіміз бен тамырымызды ең басты құндылық санайтын және дәріптеуге қызмет ететін жандар жетерлік. 

Ұлттық мүдделерге ұмтылыс

Елбасының бүгінгі күн тәртібіне қойып отырған міндеті (рухани жаңғыру) – қазақ елінің арманы. Парасатты ұрпақ тәрбиелеп, интеллектуалды ұлт қалыптастыру – қай заманда да басты мақсат болған. Тәуелсіздікті нығайту үдерісі кезінде халықтың санасы мен жүрегінің түбінде гуманизм болғанымен, оның шарықтауына жол ашатын саяси-экономикалық ахуал екендігін алға тарттық та, ол белесті де еңсердік. Міне, енді аяғынан нық тұрған мемлекеттің рухани жаңғыруы негізгі орынға ресми түрде ауысты.

Рухани жаңғыру бағдар­ла­ма­сының сарабдалдығына ешкім­нің шүбәсі жоқ. Санамызды жаң­ғыртудың ең негізгі тетігі – тілдік санамыздың жүйеленуі екенін де мойындаймыз. Сондықтан алдымен жазу реформасын іске асыру көзделіп отыр. Бұл да, яғни жазуымызды ділімізге сәйкестендіру – халқымыздың ұлттық мүддесі.

Қазақ тіл білімінің негізін қа­ла­ған Ахмет Байтұрсынов өз қолымен жазған өмірбаянында «Орынборға келгеннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеу­мен; екіншіден, қазақ алфавитін (шрифтін емес), орфографиясын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасаумен; үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен; ақыры, ең соңында, төртіншіден, проза (іс-қағаз, публицистика, ғылыми жазба тіл) тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жадын тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бас­тадым», – деп бір ғасыр бұрын жазған. Демек қай кезеңде болсын ана тіліміздің жазу жүйесі (сапталуы, дыбысталуы, стилі, терминологиясы) халықтық тіршілігіміздің ең маңызды факторы. Бұған тарихымыз да куә: қазақ тілі – осы күнге дейін графикасын бірнеше рет ауыстырған, жазуы сыналған, соның ішінде, латын графикасына қайта оралып отырған тіл.

Қай тілдің болса да әліпбиі прагматикалық негізде жүйеленуі маңызды болғандықтан, елімізде мемлекеттік тілді латын графикасына ауыстыру туралы саяси шешім қабылданды. Соған бай­ла­нысты латын жазуына өту мәселе­сінің лингвистикалық және экстра­лин­гвистикалық шарттары қоғамда жан-жақты талқыланып жатыр. Байқауымызша, жаңа әліпбиді енгізу лингвистикалық міндет емес – лингво-технологиялық мін­дет ретінде қарастырылуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ел­ба­сы айтқан: «Технологиялық жаңа­лықтар әлемдік нарықтың құры­лымы мен қажеттіліктерін түбе­гейлі өзгертеді. Біз бұрынғыға қара­ғанда мүлде өзгеше техноло­гиялық болмыста өмір сүріп жатырмыз» деген сөз бар. Сонда іске қосылған үдеріс (рухани жаңғыру) біздің әлеуметтік-психологиялық жағдайымызға өз септігін тигізетін, қаржылық және экономикалық жағын қамтуды қажет ететін болып отыр.

Нақты мемлекеттік тілдің ла­тын әліпбиіне ауысуы туралы бүгінгі көзқарасты сара­лай келе, соң­ғы он жылдан астам уақыт бойы осы мәселе төңіре­гінде тал­май еңбек етіп келген А.Бай­тұр­сынов атындағы Тіл білімі инсти­тутының зерттеу нәтижелерін зор ба­ға­лаймыз. Институт маман­да­ры қазір де тірлігіміздің айға­ғы – тілімізді қызғыштай қорып отыр. Қазақ жазуының тари­хы, динамикалық дамуы, орфо­гра­фиялық-орфоэпиялық қалыптасуы – барлығы осы ұжым тілшілерінің ғылыми өмірімен ұштасып, біз­ге оң нәтижесін беріп жатыр. Тіл­дің тағдырын тек тілшілер емес, қоғамның әр саласында ең­бек етіп, пайымды пікірлерін орта­ға салып жүрген тіл жанашыр­лары – мамандар да айтуда. Нәтижесінде, Елбасының тапсырмасы негізінде, қазір жобаланған әліпбиімізді сана­мыздың сүзгісінен өткізудеміз. Бұл – күрделі үдеріс. Сондықтан бүгін немесе ертең-ақ әліпби стандарты қабылдана қоймайтыны, жан-жақты талқыға түсетіні, сараланатыны, сыналатыны айдан анық. Тек Елбасымыздың өзі мақаласында жазғандай: «Ұлттық салт-дәс­түрі­міз, тіліміз бен музыкамыз, әде­биетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухы­мыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс». Жаңа жазу барлық рухани құн­ды­лық­тарды таңбалайтын, тарихты тас­қа бастыратын маңызды басым­дық ретінде осыған кепіл болуы керек.

Енді бұқараның назарына ұсы­нылып отырған болашақ жа­зуы­мыздың келбеті – жаңа әліпби жо­басын біз қалай қабылдауымыз керек?

Тіл, жазу туралы А.Бай­тұр­сыновтан артық пікір (төте жазуға қатысты айтылса да) айтудың қажеті жоқ. Ғалым тілдегі дыбыс жүйесі, сөздік құрам мен қордың дұрыс әліпби қалыптастыруға, жазудың жеңілдігі қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан сақ­тауға, басқа тілдердің ық­палында болмауға, ресми, публи­цистикалық, ғылыми стильдердің қазақы пән сөздерден (термин) тұруына жол ашуы керек деп түсін­діреді. Сонымен қатар тіл саяси-әлеуметтік қарым-қатынас құралы болғандықтан және адамзаттың өзара байланысын нығайту функ­циясын атқаратындықтан, өзінің өмір сүріп отырған заманы­на қарай ұлттық сипатын сақтай отыра икемделіп дамуы керек. Мы­салы, халықаралық термин­дерді қазақ тіліне бейімдеу, сөйтіп осы уақытқа дейінгі термино­логиялық қорымызға грек, латын тер­миндерінің русификацияланып барып енуінен арылу. Әр тілдің өзін­дік дыбыстау ерекшелігіне не­гіз­делген пән сөздері болуы шарт.

Қазақ жазуының реформа­сы Қазақстанның әлемдік ықпал­дас­тығы контекстінде іске асуы өте маңызды. Себебі біз жаһандық ғылымның қазанында қайнап, ақпарат ағымына ілесіп бара жатқан іргелі елміз. Еліміздің ер­теңі әлемдік аренадағы келбе­ті­мізге тікелей байланысты. Сон­дықтан тіліміздің ең ұсақ бөл­шегі әрбір әріпке деген көзқа­рас қазақтың әр азаматының бола­шағына үңілгендей концептуалды пайымнан тууы міндет. Елбасымыз қазақ жазуының тарихына өзгеріс енгізу шешімін ең салмақты, байыпты мәселе ретінде асықпай қабылдағаны да осының айғағы. Алыстағы мақсатқа жету үшін біздің «озат ойымыз бен кемел біліміміз» ортаға салынып, еленіп, екшелуі тиіс. «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес».

Қанымызға сіңген қасиет демекші, латын жазуына оралуы­мыз Қазақстаннан тысқары өмір сүріп келе жатқан қазақтары­мыз­дың да тағдырына оң әсер ететі­ніне сеніммен қарауға негіз бар. Бұлай дейтінім, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Еу­ропа елдеріндегі қазақтардың біз­бен еркін түрде жазбаша қарым-қатынас жасауына кепіл болмақ. Тіпті шетел азаматтарының қазақ тілін игеруге деген ынтасын арттыруға да латын қаріптері өз ықпалын тигізуі әбден мүмкін. Осылайша біздің қоғамдағы жазу реформасының нәтижесі тек Қазақстандағы ғана емес, шетелдегі бауырларымыз бен өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметін арттыра түспек. Бұл біздің университетіміздің Оңтүстік Кореядағы Ханкук университетімен байланыс жасау барысында шетел азаматтарымен қарым-қатынас кезінде көзіміз жеткен жайт. Мәселен, Орта Азиятану факультетінің студенттері (корейлер) шет тілі ретінде өзбек және қазақ тілінің бірін таңдап меңгереді екен. Таңдауға келгенде көптеген білім алушылар өзбек тіліне ден қояды, себебі ол тілдің жазуы латынша. Корейлер ағылшын тілін білгендіктен, латын графикасын біледі, сондықтан да қазақ тілін игеру үшін кирилл жазуын игеру керектігін ескере отыра, өзбек тіліне ойысатын көрінеді.

Сондай-ақ ең бастысы, кез кел­ген тілдің тірі құбылыс ретінде тара­лып, дамып, құлдырап, жойы­ла­тындығын ұмытпағанымыз жөн. Қазақ жазуын латын қарпіне ауыс­тыру туған тіліміздің өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Өйткені тірі ағза сияқты ғасырлар бойы өмір сүретін тіл де қамқорлықты қа­жетсінеді. Тиісті деңгейде қорғалып, дәріп­теліп, сақталмаған тіл өлі тілдердің қатарына өтеді және оны әлем тілдерінің тарихы дәлелдеп отыр.

Қазақ тілі өміршең болса, халқымыздың ұлттық санасы мен құндылықтары бұдан бетер бағаланады, қоғамдық өмірімізде мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметі жоғарылайды, ана тіліміз ғылым мен технологияның тілі ретінде қолданыла бастай­ды. Мұның барлығы қазақ жазуы­ның, алдымен, қазақтың ұлттық қа­сиеттерін нығайтуға, екіншіден, қа­зақ халқының әлемдік ықпал­дас­тықта бірегей ұлыс ретінде өз орнын ойып тұрып алуына кепіл болады.

 

Айна РАХИМОВА,

І.Жансүгіров атындағы

Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы

Алматы облысы