Қазақстан • 10 Қазан, 2017

Ерлер денсаулығы алаңдатады

830 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

12 жыл бұрын Алматыдағы академик Б.Жар­босынов атындағы урология ғылыми орталығы­ның бастамасымен «Ерлер денсаулығы» бағ­дар­ламасы қолға алынды.

Ерлер денсаулығы алаңдатады

12 жыл бұрын Алматыдағы академик Б.Жар­босынов атындағы урология ғылыми орталығы­ның бастамасымен «Ерлер денсаулығы» бағ­дар­ламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама бүгін­де әлемдік брендке айналып, халықаралық симпозиумдарда шетелдік дәрігерлер үлкен қызығушылық танытты. Осы аралықта ел ер-аза­мат­тарының денсаулығын жақсартуға бағдар­ламаның септігі тиді ме деген сұрақ ту­мақ. Таяуда баспасөз мәслихатында осы мәсе­лелер сөз болды.

– Ерлердің денсаулығына қатысты мәселелер белең алған соң, осы бағдарлама аясында 25 мың ер-азаматты скринингтік тексерулерден өткізген болат­ынбыз. Нәтижесінде бізге қаралған аза­мат­тардың 56 пайызында эректильді қыз­мет­тің бұзылғаны, 44 пайызында жыныстық жол­дармен берілетін жұқпалы аурулардың бар екені, 30 пайызында белсіздік анықталған еді. Біз осы нәтижеге сенбей қайта-қайта дәрі­герлік сараптамалар жүргізіп, мұның рас еке­нін айғақтаған едік. Сол кезде «Алшынбаев елі­міз­д­ің бүкіл еркектерін белсіз қылып бітірді» дес­кендер де болды. Алайда бұл дүние жүзінде бар мәселе. Өйткені әлемде әйелдерге қарағанда ерлер дәрігердің алдына 6 есе аз барады. Қант диабетіне 3-6 есе көп шалдығады.

Қазір 12 жылда жасаған жұмыс қорытындысы қолымызда. Осы аралықта еркектердің денсаулығына тек андро­логия жағынан қарамау керек деген қоры­тындыға келдік. Денсаулығынан кінәрат тауып келген азаматтың ауруының түпкі төр­кіні кардиология, эндокринология, тіпті болмаса жұқпалы тері ауруларына барып тірелуі әбден мүмкін. Уролог дәрігерге шағым айтып келген азаматтың намысына тиіп алмау үшін сұрақтарды дұрыс қою да маңызды. Оған қоса ұл балалардың денсаулығына ерте бастан мән берген жөн. Біз тек 2009-2012 жылдар аралығында 16 жасқа толмаған 458 баланы тексергенде, оның 414-інде патологиялық ауытқулар барын анықтадық. Әрине сау баланы дәрігерге ешкім алып келмейді. Қай кезде де балалардың арасында туабітті дерттер көп.

Осыдан қорытынды жасай келе, бірінші кезекте Қазақстанда 800-ге тарта дәрігерді «Ерлер денсаулығы» бағдарламасы аясында оқыттық. Бұл бағдарламаға 200 миллион теңге көле­мінде демеушілердің қаржысы тартылды. Еліміздің бар­лық облыстарында Ерлер денсау­лығы ор­талығы ашылды. Орталықта негізгі бес дәрі­гер – уролог, кардиолог, эндо­крино­лог, дер­­­ма­­то­венеролог пен балалар хи­рургі жұ­мыс іс­тейді, – дейді «Ерлер денсау­лығы» ба­ғдар­лама­­сының авторы Мырзакәрім Алшынбаев.

Бұл жоба саты-сатысымен жүргізіліп келеді. Академик Б.Жарбосынов атындағы уроло­гия ғылыми орталығында және облыстық орталық­тарда ұйымдастырылған «ерлер денсау­лығы» күндері арқасында 20 мыңнан аса дәрігер­лік тал­­даулар мен зерттеулер жүргізіліп, 83,3% жағ­дайда уроандрологиялық ауытқу анықталған.

Андрология, эндокринология, кардиология, психология саласында тәжірибелі мамандар 80-нен аса дәріс оқыған. Облыс орталықтарында жетекші дәрігерлердің қатысуымен күрделі ота­лар жасалды. Бағдарламаның арқасында қазір 14 облыс пен Алматы және Астана қалаларында «Ерлер денсаулығы және отбасылық ұзақ өмір орталықтары» қызмет етеді.

Еркектер әйелдерге қарағанда 10 жыл кем өмір сүреді. Зейнет жасына да жарларынан екі есе азайып жетеді. Бірақ ер жігіт әйеліне де, балаларына да, қоғамға да масыл болмауы тиіс. Азаматының денсаулығы мықты болған сайын әйелі соншалықты бақытты болады.

Отандық медицина саласының майталманы Михаил Зельцер ерлер денсаулығының мем­лекеттік тұрғыда әлеуметтік маңызы бар екенін дәйектеп, осы жобаның арқасында 2014 жылы медициналық емдеу мекемелерінде андрологиялық қызмет енгізілді деді.

Ал Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының директоры Сәлім Беркін­баев халық денсаулығындағы кінәраттың көбе­юіне қимыл аздығы да көп кесірін тигізіп отыр дей келе, талай науқасты кардиолог дәрігерге эрек­тильдік қызметтің бұзылуы алып келіп жат­қа­нын атады. Семіздік, қант диабетінің өршуі, қи­мыл­дың аздығы жүрек-қан тамырлары дерті­нің белең алуына, белсіздікке бастап отырғанын жеткізді.

М.Алшынбаев ерлер денсаулығына қатысты перденің ар жағындағы жасырулы жайттардың бәрін рет-ретімен баяндай келе, алдымен ер-азаматтардың денсаулығын сақтауға қатысты пси­хо­логиясын өзгертіп, оның жасына, эколо­гия­лық, кәсіптік, өмір сүру салтына байланысты қалыпты жағдай екенін түсіндіру керектігін атады.

Бір қуанарлығы «Ерлер денсаулығы» жоба­сы 2018 жылдан бастап мемлекеттік бағ­дар­­ла­малар қатарына еніп, Үкімет тарапынан қаржы­лай қолдауға ие болмақ

 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы құбылып тұр

Қаржы • Бүгін, 16:44