Оның өзі тектес әлеуметтік мекемелерден өзгешелігі – азаматтарға мемлекеттік қызметті сапалы әрі қолжетімді, қолайлы түрде көрсетуді мақсат тұтуы. Мұндағы жұмыс «бір терезе» қағидатына негізделген.Бірегей жоба «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында өмірге жол тартты.
Бұған тән басымдықтар ашықтық пен жариялылыққа арқа сүйеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қолжетімділік пен ыңғайлылықты бірінші кезекке қою болып отыр.
«Халықтық кеңседе» тұрғындар мемлекеттік қызметті пайдалану үшін түрлі сатылардан өтіп әуре-сарсаңға түспейді. Өтініштерін берсе жеткілікті. Қалған істің бәрі өз жөнімен ретін тауып жүре береді. Өйткені мұндағы мамандар халықтың талап-тілектерін көп кешікпей тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды. Қанатқақты жобаның «Халықтық кеңсе» атауының бір төркіні осындай болып шықты. Бұған дейінгі құқықтық қызметтер орталығы да алдағы кезде «Халықтық кеңсемен» қоян-қолтық жұмыс жасамақ.
Қызметтер тізбесін неғұрлым сапалы әрі жан-жақты көрсету үшін жаңа әлеуметтік құрылымға 20 ұйымның кеңесшілері мен мамандарын қатыстыру көзделген. Мұнда қызметтің 600-ден астам түрі көрсетілмек. Атап айтқанда, қызметтің ең негізгілерін жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы, білім, кәсіпкерлікпен шұғылдану және құрылыс пен туризм салалары құрайды.
Тұсауы кесілгеніне санаулы күндер бола тұрса да «Халықтық кеңсенің» қызметіне деген сұраныстар бірден өсіп сала берді. Бұл сөзімізге алғашқы күннің өзінде орталыққа мыңдаған адамдардың келгені айқын айғақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ