Қазақстан • 10 Қазан, 2017

Ғалымның асыл арманы

2311 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Дарынды ғалым Алма Қыраубаева туралы әңгімені оның ұстазынан бастағым келіп отыр. Өткен ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті қайраткерлерінің бірі Бейсембай Кенжебаев болатын. Бейсекеңнің ұлылығы сол, ол марксизм-ленинизм ілімі салтанат құрып, әлемнің үштен біріне билік жүргізіп тұрған кездің өзінде-ақ социалистік реализмнің қазақ әдебиеті тарихына қатысты қағидаларына қарсы шығып, небір қиындықтарға қарамастан, өзінің ғылыми бағытын қорғап қалды.  

Ғалымның асыл арманы

Ол ілім бойынша, ұлт ка­питализм не социализм кезінде ғана қалыптасады, ал қазақтар капитализмді басынан өткермей, бірден социализмге қойып кетті. Қазақтар бұрын ұлт емес еді, олар 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін орнаған социализм кезінде ғана қа­лыптаса бастаған «жас» ұлт. Демек, бұрын қазақ ұлты бол­мағандықтан оның тарихы да, әдебиеті де болмады. Міне, алқымнан алып кердеңдеген осы кесір теорияны мойындамаған, бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің тарихы есте жоқ ескі замандардан басталатындығын дә­лелдеуге арнаған қайтпас қайсар ғалым Бейсенбай Кенжебаев еді.

Соғыстан кейінгі жыл­дардың төлдері – біздер алпысыншы жылдардың орта шенінде С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің филология фа­культетінде білім алып, Алмалармен студенттік жыл­дарды қатар өткіздік. Біз­ден бір жыл кейін оқыған Ал­маның курстастарының ішінде «сен тұр, мен атайын» дейтіндей дарынды жас­тар көп еді. Олардың арасынан кейін қазақ әдебиетінің түрлі салаларында жарқырап көрінген Сағат Әшімбаев, Шәр­бану Бейсенова, Сай­лаубек Жұмабеков, Әділбек Тауасаров, Ризабек Адуов, Нұрлан Оразалин, Фаузия Оразбаева, Алдан Смайыл, Әшірбек Көпіш, Лұқпан Асы­лов сияқты ақын-жазушылар, сыншылар, ғалымдар, ұс­таздар шықты.

Алма өз құрбылары ішін­де бірден көзге түсті. Оның қазақ рухы ұялаған ізгі мұ­рат­ты қыз екендігі иманды қа­раторы жүзінен, биязы, бай­салды, сабырлы мінезінен, сөйлеген ойлы сөзінен, әдеп­тен аспайтын қалпынан бір­ден аңғарылатын. Осындай қасиеттерін бірден байқаған деканат Алманы топ басшысы етіп тағайындады.

Ол барлық сабақты үздік оқыды. Тіл білімінің ұстаз­дары Ал­маны болашақта тілші болады деп, қазақ тілі кафедра­сына қарай икемдеді. Тіпті болашақ тілші ретінде Ал­ма­ны шәкірттер алмасу бағ­дарламасы бойынша 1967 жылы Болгариядағы София университетінің түркітану кафедрасына жіберіп алды. Бірақ оның әдебиетке деген ыңғайы ерекше еді, сөз өнеріне келгенде нағыз се­гіз қырлы, бір сырлы болатын. Оқудан, қо­ғамдық жұ­мыстардан қо­лы сәл босаса-ақ көркем шы­ғар­машылықпен айналысып, өлең-әңгімелері рес­пуб­ликалық газет-журнал беттерінде жарияланып тұр­ды. Ол кезде студент өлеңінің, әңгімесінің баспа­сөзде жариялануы ерекше оқиға болатын. Жан-жақты өнер иесі Алма университетте өтетін түрлі әде­би жиындарда өлең оқып, Сыр бойының термелерін құйқылжыта шебер орындайтын.

Осы кезде Б. Кенжебаев қазақ әдебиеті кафедрасын басқарып, студенттерге ХХ ғасыр басындағы қазақ әде­биетінен дәріс оқыды. Ол қазақ әдебиетінің болашақ кадрларын даярлауға ерекше көңіл бөлді. Шәкірттерінің әдеби дайындығы, бейімі, қабілеті барларын бауырына тартып, инемен құдық қаз­ғандай қиын ғылымның қия жолына баптап салды.

Ол кезеңде әдебиеттану ғылымы басты назарды социа­листік реализм әдебие­тінің мәселелерін зерттеуге бұратын. Ал Бейсекең болса, өзінің шәкірттерін бұрын зерттелмеген, тарихтың тереңінде жатқан тың тақырыптарға қарай жетектеді. Мырзатай Жол­дасбековке Орхон-Ени­сей ескерткіштерін, Мұх­тар Мағауинге қазақтың жы­раулық поэзиясын, Рым­­ғали Нұрғалиевке М.Әуе­­зовтің драматургия­сын, Арап Еспембетовке С.То­райғыровтың шығарма­шылығын кандидаттық диссертация жұмыстарының тақырыбы етіп бекітіп берді. Ал Ал­маға түркі халықтарының көпшілігіне ортақ «Қисас и Рабғузи», «Махаббат-нама» сияқты шығармаларды әдеби тұрғыдан талдап, зерттеуді ұсынды.

Бейсекеңнің шәкірттері ұстаздарының үмітін ақтап, қазақ әдебиетінің тарихын әрі қарай сан ғасырларға жыл­жытқан тұтастай бір ғы­лыми мектептің қабырғасын қалап шықты. Кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғап, том-том зерттеулер жазып, қазақ әдебиеттану ғылымының еңсесін биіктете түскен көрнекті ғалымдарға айналды. Бұларды мұндай биікке көтерген, біріншіден, Бейсенбай Кенжебаев болса, екіншісі, қазақтың ұлттық рухы ұялаған тақырыптарды, көне дәуірлердегі нағыз түр­кілік бағыттағы әдебиет­терді зерттеп, соларды қайта тірілтуі, рухани жағынан әлсі­реп отырған халқына қайта ұсынуы дер едік. Бейсенбай Кенжебаевтың жолын қуып, артына айтарлықтай өшпес мұра қалдырған соңғы шә­кірт­терінің бірі – Алма Қы­­раубаева еді.

Алма Мүтәліпқызы Қырау­баева 1947 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Бірқазан бекетінде туған. Әкесі Мүтәліп – оңтүстік өңі­ріне танымал ақын, жыршы, балуан, анасы Күлжан – Сүлейменқызы атақты Мұс­тафа Шоқайдың немере қарындасы. 1965 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне түсе­ді. 1970-1973 жылдары осы университеттің аспирантурасында білімін әрі қарай жалғастырады. 1974-2000 жылдар аралығында ассис­тент, аға оқытушы, доцент, профессор болып, қызметтер атқарды. 2000 жылдан өмірінің соңына дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор болды.

1974 жылы «Қисас-и Раб­ғузи», «Махаббат-на­ма­ның» идеялық-көркемдік ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық, 1997 жылы «Шығыстық қисса-дастан­дардан» докторлық диссертациялар қорғайды. Профессор. Жамбыл атындағы халық­аралық сыйлықтың иегері.

2008-2012 жылдары «Өнер» баспасынан «Ғасыр­лар мұрасы», «Ежелгі әде­биет», «Шығыстық қисса-дас­тандар», «Жаным садаға», «Мыңжылдық жолаушы» атты кітаптардан тұратын бес томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

А.Қыраубаеваның ғылыми ізденістері негізінен көне түр­кілік әдеби мұраларды зерттеуге арналған. Бұрын­дары түрлі себептермен қолға алынбай келген дә­уір­дің әдебиетін игеруде Ал­ма батыл қадамдар жасап, Рабғузидың «Қиссас-ул-ән­бия» атты шығармасын ғылы­ми айналымға түсірді, қа­зақ тілінде сөйлетіп, рухани игілігімізге айналдырды. «Махаббат-наманың» да мәтінін қазақша шығарды.

Ғалымның «Ғасырлар мұрасы» атты зерттеу кітабы ХІІ-ХІV ғасырлардағы қа­зақ әдебиетінің тарихи мә­селелеріне арналған. Кітап­тың «Уақыт бедері» аталған алғашқы тарауында аталған кезеңде Әл-Фараби, Әли Ибн Сина, Әл-Бируни, Әл-Хорезми секілді ғалымдар шық­қан түркі халықтарының мәдениеті мен әдебиеті гүлдене дамығандығына назар аударады. «Аударма-нәзира әдебиет. Рабғузи қиссалары» аталған екінші тарауда классикалық араб-парсы әдебиетіне елік­теуден пайда болған нәзира дәстүріне кеңінен тоқталған. Бұл ретте Әлидің «Қисса Иусуф», Құтыбтың «Хұсырау-Шы­рын», Сайф Сараидың «Гүл­стан» шығармаларын бар­лаған. Әсіресе Рабғузидың қиссаларын талдауға біршама орын берілген. «Тыңтума әдебиетте» атты үшінші тарауда автор «Махаббат-нама» дастанының жазылу, зерттелу тарихын шола отырып, жырдың көркемдік сыр-сипатын ашады. Соңғы «Ежел­­гі әдебиет дәстүрі» тарауында көне түркілік әдеби дәс­түрлердің ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде жалғасын тапқандығы  М.Кө­пеев, Ә.Тәңірбергенов, Ж.Шай­хисламұлы, т. б. поэзия­­сын талдай отырып дә­лел­­денген.

 Жалпы алғанда, Алманың ғылыми қызығушылығы қазақ әдебиетінің ескі замандардағы түп-тамырынан бастап, ХХ ғасырдың басындағы шығыс­тық, діни бағыттағы дәуірді қамтиды. Ол Алып Ер Тұңға, Томирис, Зарина, Ширақ батыр, Мөде хан, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, көк бөрі туралы аңыздар жайлы қазақ ғалымдары арасынан алғашқылардың бірі болып қалам тартты.

Ғалым қазақ әдебиетінің ескі кезеңін «Заманымыздан бұрынғы жазу-сызулар», «Түр­кі қағанаты дәуіріндегі әдебиет», «Оғыз дәуіріндегі әдебиет», «Ислам дәуіріндегі әдебиет», «Қарахан әдебиеті», «Алтын орда дәуіріндегі әде­биет» деп дәуірлеген.

Ғалым классикалық парсы әдебиетінің бастау бұлағы деп келген «Авестаны» қазақ мифологиясындағы құнарлы қайнарлардың бірі ретінде қарастырған. Оны Тұранда, яғни түркілер елінде жазылған туынды деп бағалайды. Оғыз дәуіріндегі әдебиетке Қорқыт, Оғыз қаған жайлы аңыз-жырларды да жатқызады.

Әл-Фарабидің, Ахмет Ясауидің, Ахмет Йүгнекидің шығармашылықтары «Ис­лам дәуіріндегі әдебиет­те», Жүсіп Баласағұн мен Махмұд Қашқари «Қара­хан әдебиетінде» қарас­ты­рылса, «Алтын орда дәуі­ріндегі әдебиеттің» үздік шы­ғармалары ретінде «Ма­хаб­бат-нама», «Қисса-Жү­­­сіп», «Жұмжұма», «Хұсырау-Шырын», «Қисса-әл-әнбия» және Сайф Са­раидың «Гүлстан би-т-түрки» талданған.

 Ғалымның «Шығыстық қисса-дастандар» монографиясы қазақ әдебиетінің бұрындары зерттелінбей келген тұтас бір саласын қопара қарастырып, тыңнан жол салды. Бұл көлемді зерттеу еңбегінде «Мың бір түн», «Тотынама», діни, «Шах­нама» желілері, сондай-ақ Ортаазиялық сюжеттер бо­йынша нәзира үлгісімен жазылған қазақ дастандары жеке ғылыми проблема ретінде кеңінен зерттелді.

Ғалым қазақ қиссаларын тақырыптық, сюжеттік жағы­нан түрлерге топтастырып, олардың көркемдік, идея­лық бағыттарын айқындаған.

А.Қыраубаеваның ғалым ретінде алдына екі түрлі мақ­сат қойғандығы бай­қа­лады. Оның біріншісі, әлі зерттелінбей жатқан әдеби құндылықтарды ғылыми тұр­­ғы­дан игеру болса, екін­шісі, сол игерілген қа­зы­наны туған халқының кә­десіне жарату болған. Ұлттық университетте ұс­таз­­дық қызмет атқарып, дә­ріс оқыған Алма жоғары оқу орын­дарындағы филология фа­культеті шәкірттеріне ар­налған оқу құралдарын, бағ­дарламаларын шығарды.

А.Қыраубаева ғылыми ізденістермен бірге, ұлттық тәрбие мәселелерімен ай­на­лысты. «Саяси тәуел­сіздігімізді алғанмен, рухани тәуелсіздікке жету оңай емес. Оған қазақ баласы жаппай қазақ мектебінде оқитын күнге жеткенде ғана үміт артуымызға болады. Осы ұлы мақсат үшін күрес бүгін де, ертең де тоқталмауы тиіс», – деп жазды ол «Жаным садаға» атты еңбегінде.

Тағы да Алманы тың­дайық:

«Жатқа еліктеу – өзін-өзі қор санау. Бұл – ұлттық сана жетілмеген елде болатын көрініс. Өзінің ұлттық құндылықтарының болашағы жоқ деген түсініктің қалып­тасуы – адамның жан дүниесін аздыратын қатердің бірі. Оның жастар арасында, бала сенімінде ұялауына жол беріп қоюға болмайды... Жастар арасында Тәттімбеттің кім екенін білмей, Майкл Джексонға құл­дық ұру, Қорқыттың фило­софиясын ұқпай жатып, Фрейдке таңғалу, тасқа жазылған ата сөзін оқымай тұрып, Куликово шайқасын білгішсіну ауруы бар...

...Қай тіл жетекші болса, баланың жаны сол тілде сөйлейді...

...Діни сенім рухани сана­ның негізін қалайды.

...Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз.

...Ұлттық мектебіміздің фило­софиясы дәстүрлі түр­кілік өркениет пен қазақ әлемі негізінде жасалып, әлемдік өркениетпен сұхбат қарым-қатынасында болуы қажет.

...Өз ана тілінің сырын меңгеріп үлгермеген балаға өзге тілді қосақтауға болмайды. Орыс тілінің өзін 1-сыныптан қосарлау кеңестік жүйенің айла-шарғысы болатын».

Ғалым ұстаздың ойынша, «мектептегі басты мәселе – оқулықтың мазмұнында. «Бас­тауыштан бастап ертегі аңыздар, ұлттық әдеп, қазақ елінің арғы-бергі тарихынан қызықты оқиғалар, ұлт тұлғалары, ежелгі әдебиет, ислам мәдениетінен мағ­лұ­маттар содан алынуы тиіс. Ұл тәрбиесі мен қыз тәр­бие­сінің ерекшеліктерін ес­кере отырып, бастауыштан мектеп бітіргенге дейін халық тәрбиесінің негізінде жүргізу, қыздарды отбасына бағыттау, шешендік өнер тарихын айтып берумен шектелмей, сөйлеу өнеріне дағдыландыру (аузына сөз салу), қазақ өнерінің тарихын білумен бірге оны бойға сіңіру, т. б. Мектептің бағыт-бағдары, мазмұны түгел қазақ рухында болуы қажет.

Бізге басқалардың тәр­биесі өзімізден артық көрі­нетін бір кембағалдық әдет бар. Басқа елдің тәжірибесін тұтастай енгізу жақсылыққа әкелмейді. Оның ішінде ұлт­­тық құндылықтарға қа­бы­­сатынын ғана пайдалануымыз керектігін ескере бер­мейміз. Қандай да бір озық дүние болса да, ол өз елінің мүддесі тұрғысынан жазылады. Сырттан ен­дірген жат мүдделердің қа­жеттілікке айнала алмайтыны сондықтан. Тамырсыз гүл өспейді».

А.Қыраубаева ұлттық тәр­биені жүзеге асырудың жолдарын көрсетіп, іске асы­ратын ұлттық мектептің мо­делін жа­сады. «Тілашар», «Ел­­тану», «Әлемтану», «Әдеп» бағ­дарламаларын жаса­ды.

«Мұғалім – тергеуші емес, үйретуші, тәртіпке салып қоюшы емес, рухани өсіруші» екендігіне басты назарды аудар­ды.

Алманың ұстанымдарынан жаңаша ұлттық сипаттағы бағыт көрінеді:

«Бала мектеп үшін емес, мектеп бала үшін жұмыс істейді.

Баға құнды емес, бала құнды.

Ұстаз қызметінің мақсаты – өз пәнін жақсы үйретуден гөрі тереңіректе: ол – адамды жасаушы адам.

Сабақ – ұстаз бен шәкірттің адами қарым-қатынасы.

Мұғалімнің өз сабағын білуі жеткіліксіз, оған қоса ба­ла жанын ұға білсін.

Шәкірттің кемшілігін көр­гіш болсаң, ықыласын өлті­ресің. Жеңісін ізде.

Баланы сабақтың негізгі кейіпкері ете біл».

Бұл жерде ұлттық тәлім-тәрбиенің тұтас бір концепциясы көрініс тапқан.

А.Қыраубаева қазақ мек­тебіне арналған оқулықтарға түркілік, ұлттық тұлғалар туралы әңгімелер кіргізуді жөн санап, олар жайында қысқа хикаялар жазып ұсынды.

А.Қыраубаева өзі жасаған «Әдеп» бағдарламасының аясында ислам мәдениетін оқытып, имандылық иірім­деріне мән беруді алға шы­ғарыпты. Дидактикалық ма­те­риалдар ретінде «Ахмет Ясауи», «Құрма», «Сараң­дық», «Қарынбай», «Нұқ пай­ғамбардың кемесі», «Жы­лан мен қарлығаш», «Мұ­са пайғамбардың аса таяғы», «Жануардың тілі», «Мұхам­мед пайғамбардың туған күні», «Ай көрдім, аман көрдім», «Жарты ай», «Құран», «Пайғамбардың қызы – Фатима», «Бес парыз» сын­ды қысқа әңгімелерді қағаз­ға түсірді.

А.Қыраубаева 1993 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданының Ораз Жандосов ауылында жекеменшік қа­зақ гуманитарлық мәде­ниет лицейін ашты. Бұл гу­манитарлық лицейде білім беру, тәрбие жұмысы мем­лекеттік стандартты сақтай отырып, ұлттық дәстүр бағы­тында жүргізілді. Қаражат тапшылығына байланысты 1996 жылға дейін ғана жұмыс жасағанына қарамастан, Алманың лицейі қазақ ұлттық мектебі үлгісінің тәуелсіздік кезеңінде жүзеге асқан бір көрінісі болып еді.

Қазақстан қазір әлемдік өркениеттен өзіне лайықты орнын алу үшін рухани жаңғыру жолына түсті. Хал­қымыздың ғасырлар бойы жасаған әдеби мұрасын, ұлт­тық тағылымы мен тәрбиесін тарихтың тұң­ғиығында шашылып қалған жерлерінен жинап-теріп, елінің ертеңі жарқын болуы үшін кә­деге жарата білген Алма Қы­раубаеваның ғылыми ең­бегі сол ұлттық құнды­лық­тардың қатарынан әркез табылатыны анық.

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор