10 Қазан, 2017

Астанада «Like Latin in Qazaqstan» науқаны аяқталды

368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген латын қарпіне көшу мәселесін қолдау мақсатында «Like Latin in Qazaqstan» науқаны ұйымдастырылды.

Астанада «Like Latin in Qazaqstan» науқаны аяқталды

Қазақ тілін кириллицадан латын тіліне көшіруді қолдауға бағытталған халықаралық фото-науқанға интернет қолданушылары 300 ден астам сурет жіберіп, 25 000 рет ұнату батырмасын басқан.

Бір ай ішінде байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ  Сингапур, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция секілді елдерден жұмыстар келіп түсті. Науқанның басты шарты – суретте латын қарпімен жазылған қазақ тіліндегі сөз бейнелену керек.

Әділ қазылардың шешімі бойынша байқаудың жеңімпазы Наталья Руденко есімді азаматша атанды. Екінші орынды Назира Бірман еншіледі. Ал Жамиля Сәрсенбай есімді қатысушы үшінші орынды қанжығасына байлады.

«Суреттердің барлығы ізгі ниетпен түсірілгені сезіліп тұр. Таңдауымыздың неліктен осы үш жұмысқа түскені айдан анық деп ойлаймын. Біздер басымдықты ұлттық нақыш пен науқан міндеттерінің орындалуына бердік», деді СОВАС Азаматтық кеңесінің негізін қалаушы Тимур Ілиясов.

Фото-науқанға қатысу үшін əлеуметтік желілердің пайдаланушылары #LikeLatinInQazaqstan хэштегі бар суреттерін жариялап, оны 3 досына арнайы бөлісу керек екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысқан жұмыстардың ішінде Qazaq tili, Qazaqstan, Qazaq eli, Qazaq сөздері мен QZ аббревиатурасы көптеп кездеседі.

Қазақ əліпбиін латын əліпбиіне көшіру 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясының міндеттерінің бірі ғана емес. Бұл дүниежүзілік дамудың тең құқылы қатысушысы болуға ұмтылатын жалпы еліміздің жаңа кезеңі, дейді ұйымдастырушылар

«Бүгінде латын əліпбиі көптеген əлемдік тілдердің графикалық негізіне айналды. Ол алдыңғы қатарлы білім əлеміне, ғылыми жетістіктерге, технологиялық прогреске жəне адамдардың цифрлық қарым-қатынасына терезе болды. Келіп түскен жұмыстарға баға беруді әділ қазылар алқасына тапсырдық. Науқанға жастардың белсене қатысуы бізді қуантып отыр. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жүрген студенттер елден алыс жүрсе де, туған жерде болып жатқан жаңалыққа ілтипат білдіріп қатысты», деді «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының атқарушы директоры Олжас Абуов.

Әділ қазылар құрамында Қозғалыс Кеңесінің мүшелері, Астана қаласының азаматтық Кеңесінің белсенділері, шақырылған қонақтар мен қоғамдық қайраткерлер болды.

«Қазақстан-2050» қозғалысының бастамасы бойынша фото-науқан Facebook жəне Instagram əлеуметтік желілерінде өтті. Ең креативті фотосуреттердің авторларына 3 заманауи экшн-камералар табысталды.

І-орын

ІІ-орын

ІІІ-орын

Айгүл ШЕРНИЯЗ,

«Егемен Қазақстан»