Іріктеу кезеңі арқылы әлем чемпионатына барлығы 32 команда жолдама алады. Ал дүбірлі доданы өз елінде өткізетіндіктен Ресей құрамасы автоматты түрде қатысады. Өткен түнде мына құрамалар тікелей жолдама алған болатын:
Еуропа: Ресей, Германия, Испания, Англия, Бельгия, Исландия, Сербия, Польша, Франция, Португалия;
Оңтүстік Америка: Бразилия, Уругвай, Аргентина, Колумбия;
Азия: Жапония, Иран, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы;
Африка: Нигерия, Египет;
КОНКАКАФ (Солтүстік пен Орталық Америка және Кариб алабы мемлекеттерінің футбол конфедерациясы): Мексика, Коста-Рика, Панама;
Іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін мына командалар қосымша ойындарға жолдама алды.
Еуропа: Швейцария, Италия, Дания, Хорватия, Швеция, Солтүстік Ирландия, Грекия және Ирландия. Сегіз команда өзара төрт жолдаманы сарапқа салатын болады. Ал қай құраманың қайсысымен күш сынасатыны 17 қазан күні белгілі болады. Дәл сол күні Цюрих (Швейцария) қаласында жеребе тартылады.
Интерконтинентальды: Жаңа Зеландия-Перу және Австралия-Гондурас. Төрт команда өзара екі жолдаманы сарапқа салады. Матчтар 6 және 14 қараша күндері өтеді.
Аргентина
Кеше жанкүйер қауымның назары негізінен Кито (Эквадор) қаласында өткен Эквадор мен Аргентина арасындағы матчқа ауғаны анық. Себебі, Хорхе Сампаоли шәкірттері бұл кездесуде жеңіске жетпесе, әлем чемпионатынан шет қалатын еді. Тіпті, тең ойын да оларды құтқармайтын. Не жеңіс арқылы келер жылы Ресейге барады, не дүбірлі додаға қатыса алмайтын қиын жағдайда болатын. Нәтижесінде, «Барселона» командасының шабуылшысы Лионель Месси барлық үш голды салып, Аргентинаны әлем біріншілігіне алып шықты.
Әлем чемпионатынан шет қалған құрамалар
Нидерланд, Уэльс, АҚШ, Чили, Словакия, Украина құрамалары әлем чемпионатына қатыса алмайды.
Нидерланд. Шешуші ойында Швецияны 7:0 етіп жеңген жағдайда ғана қосымша кезеңге жолдама алатын еді. Ал матчта 2:0 есебімен жеңіске жетті. Тиісінше, бұл сынға Швеция құрамасы аттанды. Дәл осы кездесуден кейін ардагер ойыншы Арьен Роббен 33 жасында ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтағанын ресми түрде мәлімдеді. Ол Нидерланд сапында 96 ойынға қатысып, 37 голдың, 29 нәтижелі пастың авторы атанды.
Уэльс. Команданың басты жұлдызы Гарет Бэйл жарақат алып қалып, Ирландияға қарсы маңызды кездесуге қатыса алмады. Нәтижесінде, Уэльс өз алаңында 0:1 есебімен жеңіліп, қосымша кезеңнен қағылды.
АҚШ. Бұл құраманы әлем біріншілігінен шет қалады деп ешкім ойламаған болса керек. Себебі, америкалықтар осыған дейін өз тобында үшінші орында келе жатқан. Ал кеше Тринидад және Тобаго құрамасынан 1:2 болып ұтылғаннан кейін бірден бесінші орынға сырғып, барлық мүмкіндігінен айырылды.
Чили. Соңғы кездесуі Бразилияға қарсы өтті. Дәл осы кездесудің алдында бразилиялық жанкүйерлер Чилиге ұтылғанын қалап, әлеуметтік желіде #EntregaBrasil хэштегін қосқан болатын. Себебі, Чили ұтқан жағдайда әйгілі қарсыластары – Аргентинаның әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі мейлінше азаяды, ал «пентекампеондерге» бұл жеңілістен келіп-кетер пайда жоқ. Ұтылған күннің өзінде бірінші орыннан айырылмайды. Дегенмен, Чили бұл кездесу 0:3 есебімен ұтылып, бірер күн бұрынғы Аргентинаның халін құшты.
Словакия. Негізі бұл құраманың плей-оффқа өту мүмкіндігі бар еді. Алайда, бұл сынға барлығы тоғыз команда таласса, орын саны сегіз болатын. Мұндай жағдайда статистикасы өзгелерінен төмендеу құрама шеттеп қалады. Міне, осы тұста словактардың жағдайы келіспеді.
Украина. Қосымша матчтарға жолдама алу үшін украиндар Хорватияны жеңуі керек болатын. Алайда, Андрей Шевченконың шәкірттері бұл мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмады. Маңызды ойында хорваттарға 0:2 есебімен есе жіберіп қойды.
Панама
Кешегі күн Панама елі үшін тарихи күн болып қалары сөзсіз. Себебі, бұл құрама алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алып отыр. Шешуші ойында Коста-Рика құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, өз тобында үшінші орынға ие болды. Нәтижесінде, АҚШ-тың орнына әлем біріншілігіне жолдама алды.
Айта кетерлік бір жайт, Панама құрамасының бұл ойындағы алғашқы голы есепке алынбауы тиіс болатын. Алайда, төреші басқаша шешім қабылдады.
Үздік сұрмергендер
2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Польша құрамасының шабуылшысы Роберт Левандовски сұрмергендер тізімінде көш бастады. Ол 10 матчта барлығы 16 голдың (алтауы пенальти) авторы атанды. Осылайша Левандовски іріктеу кезеңінің рекордын жаңартты.
Ал португалиялық Криштиану Роналду 9 ойында 15 гол соғып, екінші орынға жайғасты. Үздік үштікті Бельгияның шабуылшысы Ромелу Лукаку түйіндеді. Ол 8 кездесуде 11 доптың авторы атанды.
Футбол сүйер қауым күткен іріктеу кезеңінің негізгі бөлімі осылайша аяқталды. Енді алдағы қараша айында өтетін ойындарды күтетін боламыз.
Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»