Кеңеске, сонымен қатар Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Молдова Республикасының Президенті И.Додон, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі С.Исақов пен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т.Саркисян да қатысты.
Кеңес барысында мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық кеңес аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың түрлі аспектілерін талқылады. Ұйым қызметіне қатысты ағымдағы мәселелер, соның ішінде ұйымдастыру және қаржылық сипаттағы мәселелер қарастырылды.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі Еуразиялық экономикалық кеңес жанындағы байқаушы мемлекеттердің мәртебесі туралы болды. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында цифрлық күн тәртібін жүзеге асырудың негізгі бағыттарын, бірқатар экономикалық салаларды, басқару мен ықпалдастыру үдерістерін цифрлық трансформациялауға бағытталған бастамаларды талқылады.
Кеңесте айтылғандай, соңғы үш жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ ауқымды нарық қалыптасты, соның аясында тауардың, қызмет көрсетудің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін айналымы қамтамасыз етілді. Бизнес Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде халықаралық сауданың ережелері бойынша іс жүргізуге мүмкіндік алды. Бүгінде дүниежүзілік экономикадағы тұрақсыздықтарға қарамастан, одаққа қатысушы елдерде экономикалық өсім байқалып отыр.
Отырыста мемлекеттер басшылары, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимылдың және экономикалық одақты одан әрі дамытудың бірқатар өзекті мәселелерін талқылап, Еуразиялық экономикалық комиссияның есебін тыңдады.
Келіссөздер барысында Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі мүше елдердің экономикасына оң әсер етіп отырғаны және интеграциялық үдерістерді күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Нұрсұлтан Назарбаев жиында қабылданған Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарының маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті 2018 жылы одаққа мүше елдердің экономикасын цифрландыру жөнінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің арнаулы кездесуін өткізуді ұсынды.
Соңында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ынтымақтастықты бұдан да жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы кезінде ұлттық парламенттерде Кеден кодексі туралы келісімшартты ратификациялауды сәйкестендіру және осы бойынша мемлекет ішіндегі процедураларды аяқтау барысы сөз болды. Аталған Кеден кодексі 2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді деп жоспарланып отыр.
Алқалы жиын қорытындысы бойынша, Еуразиялық экономикалық одақ сотының жаңа басшылық құрамы бекітілді. Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақ сотының төрағасы болып 3 жыл мерзімге Қазақстанның өкілі Жолымбет Нұрахметұлы Бәйішев сайланды. Ол бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақ соты басшысының орынбасары қызметін атқарып келген болатын. Ж.Бәйішев келесі жылдың басынан бастап үш жыл мерзім осы қызметті атқаратын болады.
Жалпы, Еуразиялық ықпалдастық туралы идеяның жүзеге асырылуының алғашқы кезеңдерінде Кеден одағы, содан кейін Еуразиялық экономикалық кеңістік құрылды. Ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы бастау алды. Ұйым органдарында алғашқы жылы Беларусь Республикасы, 2016 жылы – Қазақстан, ал 2017 жылы Қырғызстан төрағалық еткенін айта кетейік.
Бүгінгі таңда халықаралық білікті сарапшылар Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық әлеуетін өте жоғары бағалайды. Оған мүше мемлекеттердің жалпы экономикасының көлемі 2,2 триллион АҚШ долларынан асып түседі. Қатысушы мемлекеттердегі жалпы халық саны 182 миллион адамды құрайды.
Жалпы, Қазақстан үшін экономикалық өсім мен оны әртараптандырудың басты аспектілерінің бірі тасымал шығындарын азайту болып табылады. Осы орайда, Еуразиялық экономикалық одақ аясында әріптес мемлекеттер бір-бірінің инфрақұрылымын қолжетімді ету және мемлекетішілік тарифті сақтау туралы уағдаластыққа қол жеткізген, соның арқасында Қазақстан тасымал шығындарын азайтуға мүмкіндік алды. Сәйкесінше, қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі де айтарлықтай артты.
Қазақстанның 2016 жылы ұйымға төрағалық еткенін жоғарыда айттық. Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен осы кезеңде Еуразиялық экономикалық одаққа басқа елдермен және шешуші ықпалдастық бірлестіктермен арадағы экономикалық байланыстарын тереңдетуге баса назар аударылған-ды. Ұйым қызметінде халықаралық байланыстарды күшейту жолға қойылды. Елбасының осы бастамасының арқасында бүгінгі таңда Чили, Сингапур, Перу, Камбоджа және басқа да мемлекеттермен арада ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жөніндегі 25 меморандумға қол қойылған.
Халықаралық шара соңында қатысушылар күн тәртібі мазмұнды болғанын, тақырыптар барынша жан-жақты әрі терең талқыланғанын, тиімді жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Осылайша, бір күн аясында өткен маңызды отырыстар мәреге жетті. Сочиде қарастырылған мәселелер, қабылданған шешімдер мен рәсімделген құжаттардың Қазақстан үшін де, жиынға қатысқан өзге мемлекеттер үшін де зор мәні бар екені анық.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан» –
Сочиден (Ресей)
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды