Жансейіт Қансейітұлы осы тығырықтан шығу үшін аудан, қала әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасын жасауды тапсырған болатын.
Алғашқы болып ел алдында концепциясын қорғаған Төле би ауданының әкімі Бұхарбай Парманов көп ұзамай жақсы нәтижелерге жете бастады. Б.Парманов оңтүстіктегі белгілі кәсіпкерлердің бірі, облыстық мәслихаттың депутаты, «Құс батареясы» серіктестігінің директоры Әбілқасым Досболовпен бірігіп «Леңгір құс» өңдірістік кооперативін құруды қолға алған болатын. Жақында осы кооперативтің тасы өрге домалай бастағанының куәсі болдық.
Төле би ауданындағы «Киелі тас» ауылынан бөлінген екі жарым гектар жерге 20 кәсіпкер бірігіп құс фабрикасын құруды қолға алғалы біраз уақыт өткен. Жақында іске қосылатын фабриканың кооператив мүшелері конкурс арқылы іріктелген.
«Леңгір құс» өндірістік кооперативінің төрайымы Дина Сүттібаева «жалғыз жүріп жол тапқаннан гөрі көппен бірге адас» деген нақылды еске салды. Анығында, жеке кәсіпкер болғанымен басына тартса аяғына жетпейтін қаржы қиындығы іскер келіншекті біраз титықтатқанға ұқсайды. Сондықтан да ол «жеке бизнестен гөрі мұнда пайда көп» дейді. Мұндағы артықшылық жем-шөпке Үкіметтен субсидия бөлінеді. Әр шаруашылық толық автоматтандырылған.
Сүттібаеваның сөзін толықтырған Төле би ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев әр кешенге бес мың бес жүз тауық сиятындығын айтады. Инфрақұрылым тартуға төрт млн теңге жұмсалған. Мемлекет тарапынан 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, құрал-жабдықтарға 7 млн теңге кетсе, соның 3,5 млн теңгесін мемлекет субсидиялайды. Екіншіден, жем-шөптің әр тоннасына 20 мың теңгеден субсидия бөлінеді.
Оңтүстік өңір орта есеппен алғанда өзін 70 пайыз құс еті, 75 пайыз жұмыртқамен қамтып отыр. Яғни, «Леңгір құс» кооперативі мүшелері үшін нарықта жақсы орын бар.
Ауыл шаруашылығы мамандарымен өткізілген семинарлардың бірінде облыс басшысы «ауылшаруашылық өнімдері өтпей қалады деп мазасызданбаңыздар. Қытайдың шағын бір қаласының өзі Оңтүстіктің өндірген бар тауарларын толайыммен сатып алады» деген. Өңір басшысының осылайша жігерлендіруі ауыл шаруашылығына жаңаша көзқарас қалыптастырды. Қалада жұмыс таппағандардың алды ауылға қайтып, өзіне де, елге де пайдалы кәсіппен айналысып жатыр. Оларды жігерлендіретін жақсы мысалдар көп. Мәселен, Қазығұрттағы «Қайып ата» мал бордақылау серіктестігінен мал алуға Иран инвесторлары құлшынып отыр. Жері таулы, жайылымдық жері аз Иранға жылына 2 млн 400 тонна ет керек. Иран инвесторлары күніне үш мың бас қой, жүз бас ірі қара алмақ ниетте.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі бағыттардың бірі инвестиция тарту болатын. Бұл бағытта облыста едәуір жұмыс атқарылып, өңірге тартылған инвестиция көлемі күрт өсті. Нақты айтқанда, 2017 жылы облысқа 266 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 22 пайызға көп. Оңтүстік Қазақстан облысы инвестиция жұмылдыру бойынша республикамызда 1-орында келеді. Жыл басынан бері шетел инвесторларымен 60-қа жуық іскерлік кездесу ұйымдастырылды. Нәтижесінде Біріккен Араб Әмірлігімен медициналық бұйымдар және дәрілік заттар шығаратын зауыт салу, Ресеймен Еуро-5 стандартына сай жанар-жағармай өндіретін мұнай өңдеу зауытының құрылысы, Қытаймен биоэталон және фосфор тыңайтқыштарын шығаратын зауыттардың, күн электр стансаларының құрылысын жүргізу жөнінде келісімдер жасалды.
Шетелдік инвесторларды тарту, оларға облыстың инвестициялық әлеуеті мен мемлекеттік қолдау шараларын таныстыру мақсатында 2017 жылдың ақпан айында облыста Қазақ-түрік инвестициялық форум өткізілді. Нәтижесінде ынтымақтастық жөніндегі 5 меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы М.Иштван мен Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі А.Баранидың облысқа жасаған ресми сапары кезінде Шымкент қаласында Венгрияның консулдығы ашылды.
Оңтүстік өңірі кооперативтер құрудан да алда келеді. Облыста «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін 158 кооператив құрылды. Бұл кооперативтерде 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
2017-2018 жылдар аралығында облыстың барлық аудан, қала орталықтарында модульді мал сою бекеті мен модульді сүт қабылдау бекетін құру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 15 модульді сүт қабылдау бекеті кооперативтерге қосымша кепілсіз және алдын ала төлемсіз несиеге берілді.
Жыл соңына дейін 20 модульді медициналық пункттер ел игіліне берілмек. Осындай бір пункттің құны жергілікті бюджет үшін құрылыс салуға қарағанда екі есе арзанға түседі. Мәселен, құрылыс жүргізуге 2 жылдай уақыт кететін болса, модульді медициналық бекеттерді екі ай ішінде құрастырып, тұрғызуға мүмкіндік бар. 2018 жылы облысымызда дәл осындай құрамалы медициналық пункттердің саны 67-ге жеткізілмек.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-пен бірлескен «Дайын бизнес» деген жаңа бағдарлама аясында жалпы аумағы 45 гектар болатын «Бадам» жылыжай өнеркәсіп кешені құрылып жатыр. Индустриялық аймақта орналасатын жылыжайдың 70 пайызы жергілікті тауар өндірушілердің тауарларымен жабдықталатын болады. Сонымен қатар тәулігіне 1000 литр сүт өнімдерін өңдеуге және сатуға қауқарлы «Ауылдық сүт зауытын құру» қолға алынбақ. Тәулігіне 1000 келі шұжық өнімдерін өңдеуге және сатуға қауқарлы «Ауылдық шұжық цехын құру» жобасы бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
«Өрлеу» жобасы аясында облыста 18 277 отбасындағы 105 742 адамға 6 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Нәтижесінде еңбекке жарамды 21 мың азамат жұмыспен қамту шараларына қатысып, 18 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 619 адам өз ісін ашты, шартты ақшалай көмек алушылардың табыстары 3,3 есеге артты. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 26 пайызға төмендеді. Осылайша облыс жобаның іске асырылуы бойынша республика көлемінде алдыңғы орында келеді. Биыл жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 176 586-ға жетіп, өткен жылға қарағанда өсім 105 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша өңіріміздің республикадағы үлесі 15,2 пайызды құрап, алдыңғы орынды иеленіп отыр.
Жансейіт Қансейітұлы шетел және облыстың іскер кәсіпкерлерінің басын бір арнаға қосып, жұмыс орындарын көптеп ашуға мүдделі. Облыс басшысының өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына мол инвестиция салуға тырысуы алдағы күндерден үміт күттіреді.
Қайрат Балабиев,
облыстық мәслихаттың хатшысы
Оңтүстік Қазақстан облысы