Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Түркі академиясында «Шамандар мен жора-рәсімдер» атты көрме өтті

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Венгрияның Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп, мажар этнографы, профессор Михай Хоппалдың зерттеуі бойынша «Шамандар мен жора-рәсімдер» атты фотокөрме ұйымдастырды. 

Түркі академиясында «Шамандар мен жора-рәсімдер» атты көрме өтті

Фото: Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»

Көрменің ашылу салтанатына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті түркітанушы ғалымдар, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері мен журналистер қатысты.

Алқалы шараны академия басшысы Дархан Қыдырәлі құттықтау сөзімен ашты. Ол көрмеге арқау болған танымал мажар ғалымы Михай Хоппалдың шығармашылығы, әсіресе көшпенді халықтар мен шамандық ілімді зерделеген зерттеу жұмыстары жөнінде әңгімеледі. Сонымен бірге Венгрия мен Түркі академиясы арасында орнаған берік ынтымақтастық пен ғылыми жобалар туралы тарқатты. 

Бұдан кейін сөз алған Түркі Кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов мажар-түркі рухани байланыстары жөнінде пайымды пікрін білдірді. 

- Түркі академиясына бақылаушы ретінде Венгрия елінің енуі үлкен оқиға. Біздің ұлы дала деп жүргеніміз Алтайдан басталса, бір жағы Дунайдан аяқталады. Қазақстанменен Венгрияның арасындағы дипломатиялық, саяси-экономикалық салалардағы қарым-қатынас жақсы дамып келе жатыр. Түркі кеңесінің алтын арқауы – Түркі академиясы. Өйткені ғылымның барлық саласы бар. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі көрменің маңызы зор. Шаманизм қазақ арасында әлі де сақталып келеді. Шаманизм тақырыбының фотокөрменің арқауына айналуы айтулы оқиға, - дейді Алтай өңірін терең зерттеп жүрген ғалым Әділ Ахметов.

Шамандар мен жора-рәсімдер

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2017 жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясы шеңберінде өткен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде Венгрияның Түркі академиясына бақылаушы мәртебесін алу туралы өтінімі бірауыздан мақұлданған болатын. Д.Қыдырәлі осыған орай Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Андраш Барани мырзаға ілтипатын білдірді.

- Венгрия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуы біз үшін үлкен мәртебе.  Осы кезең ішінде, жалпы көшпелі өркениеттің Еуропадағы ең қиырдағы өкілі Венгриямен терең қарым-қатынастар орнады Соның бір айғағы - Түркі академиясына Венгрияның бақылаушы мүше болып енуі. Мерейлі ізетпен дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығымен және Венгрия Республикасының халықаралық Түркі академиясына алғашқы бақылаушы мүше болып енуімен шын жүректен құттықтағым келеді. Осы кезеңде еңбегі ерекше тұлағалар болды. Солардың бірі Қазақстандағы Венгрия елшісі Андраш Барани мырза, - деген академия басшысы салтанатты шара аясында А.Бараниге «Тамырлас xалықтар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі және ғылым-білім саласындағы байланыстарды тереңдетудегі жемісті қызметі үшін» құрмет грамотасын тапсырды. 

Өз кезегінде Елші Түркі академиясы ұжымына көшпенді халықтар мәдениетін зерттеп, насихаттаудағы қызметі үшін ризашылық білдірді. 

Ая Өміртай,

«Егемен Қазақстан»