Аймақтар • 12 Қазан, 2017

Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің арнайы тобы іс-сапармен Павлодарда болды

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

10-11 қазан күндері Павлодарға Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі басшысының орынбасары А. Шпекбаев жұмыс сапарымен келді.

Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің арнайы тобы іс-сапармен Павлодарда болды

Арнайы топ өкілдері сапар аясында өңірдегі, облыс орталығындағы мемлекеттік мекемелерді аралап, жемқорлыққа қарсы күрес жұмыс барысына мониторинг жүргізді. Халыққа қызмет көрсетудің сапасын білу мақсатында өңірдегі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды аралады.   

Мемлекеттік органдардың қызметінің негізгі қағидаты халықтың әл-ауқатын көтеру, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын күшейту, адамдар мен бизнес мүдделеріне және қажеттілігіне жауап беру.   

Кездесу барысында «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруда» Ұлт Жоспарының Бірінші бағытын орындаудағы тексеру нәтижелері, «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтау» бойынша  жергілікті атқарушы органдардың атқарған жұмыстары туралы баянадамалары тыңдалды.  Сыбайлас жемқорлық бүгінгі күннің өзекті мәселердің бірі. Жемқорлықты жою әзірге мүмкін болмай тұр.  Шара барысындағы кездесуде Алик Шпекбаев жергілікті шенеуніктерге ешқандай сыйлық алуға, жұмыс, қызмет кабинеттеріне  «сыйлық жинап»  музей жасауға болмайтындығын ескертті. Мемлекеттік қызметкерлердің кабинеттері кішігірім музейге ұқсап бара жатқандығын сынға алды.

Биылғы жылдың қыркүйек айында өңір шенеуніктеріне жалпы құны 207 125 теңге көлемінде табысталған 116 сыйлық кері қайтарылған. Сондай-ақ, отырыста  мемлекеттік меншіктегі автокөліктердің мемлекеттік қызметкерлердің туыстары мен балаларына арналмағаны, сол  үшін мемлекеттік  мүлікті жеке бастарына  пайдаланбау  керектігі де айтылды. Жиын соңында арнайы топ өкілдері өңірдегі қалалар және аудандар әкімдерінің қызметтік автокөліктеріне анықтауыш айырым белгілерін орналастыру бойынша өткен шараға қатысты.

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы