Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Жұқпалы емес аурулар алға шықты

1430 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Денсаулықты күтуге қатысты түсініктеріміз бен көзқарастарымызды түбегейлі өзгертетін кез келді. Бұрын халық көбінесе жұқпалы дерттерден мезгілсіз көз жұматын болса, қазіргінің адамы қимылдың аздығынан, күйзелістен, қан айналымының бұзылуынан, дұрыс тамақтанбаудан айықпас кеселдерге душар болады. Қымбат-қымбат дәрілер ішеді, бірақ құлан-таза жазылып кетпейді. Әйтеуір бір дерт өкшелеп қалмайды. Неге?

Жұқпалы емес аурулар алға шықты

Осындай өзекті сауалдар төңіре­гін­де «Аман-саулық» қоғамдық қо­ры БАҚ өкілде­рімен брифинг өт­кізді. Жиын денсаулыққа зиянды факторлардың «зияндылығын төмендету» қағидаттарына арналды.

Осы арада мына бір сәйкестікке мән берген жөн секілді. Осы баспасөз мәслихатынан бір күн бұрын ғана Алматыдағы академик Б.Жар­босы­нов атындағы урология ғылыми орта­лы­ғының бастамасымен «Ерлер ден­саулығы» бағдарламасына байланыс­ты мәлімдеме жасалған.

Сол кезде де ер-азамат­тардың денсаулығындағы кінәраттар мен­ әлсіздікке, белсіздікке бастайтын фак­­тор­лар айтылған-ды. Онда да дұрыс тамақ­тан­бау, қимыл-қозғалыстың аздығы, шы­лым­ тарту, спиртті ішімдіктерді шектен тыс пайдалану осы кеселдердің басты қоз­дырушысы екені сөз болды. 

Бұл баспасөз мәслихатында сол айтыл­ғандар айналып алдымыздан шығып, тұр­ғындардың денсаулыққа қатысты арыз-­мұңдарымен жұмыс істейтін «Аман-сау­лық» қоғамдық қорының президенті Ба­қыт Түменова мен Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі, профессор Мақсұт Құл­жанов еліміздегі өлім-жітімнің негізгі себептерін алға тартты. 

Б.Түменованың сөзіне сүйенсек, Қа­зақ­станда аурулар екі үлкен санат­қа – жұқ­палы/паразитарлық аурулар және жұқпалы емес ауруларға бөлінеді де,­ жұқпалы емес кеселдердің пайда болуында сыртқы орта­ның әсері үл­кен рөл атқарады. 

Қазіргі санитарлық-эпидемио­логиялық қызметтердің арқасында жұқпалы ауру­лар­дың саны айтар­лықтай азайған. Кері­сінше алдыңғы сапқа жұқпалы емес ауру­лар шығып отыр. Бұл жоғарыда атал­ған жайттарға барып тіреледі. Дұрыс тамақ­танбау, шылым шегу, ішімдікке са­лыну, саламатты өмір салтын ұстанбау сияқ­ты адамның мінез-құлқыны тәуелді әре­кеттердің салдарынан қан айналымы жүйе­сінің аурулары, қатерлі ісіктер, түрлі өскіндер, зақымдану, жазатайым оқиғалар мен уланулар, психикалық ауытқулар, қант диабеті, респираторлық дерттерге шалдығу өршіп келеді. 

Нақты мәліметтерге көз салсақ, Дүние­­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының дерек­тері бойынша, жұқпалы емес аурулардан жыл сайын 38 мил­лион адам көз жұмады. Өлім-жітімг­е көбінесе жүрек-қан тамыры ауру­­лары алып келеді. Одан 17,5 миллионнан астам адам мезгілсіз көз жұмады. Бұдан кейінгі кезекте онкологиялық аурулар – 8,2 миллион, респираторлық аурулар – 4 миллион және диабет – 1,5 миллион адамды жалмайды. 

Тәуелсіздік бедерінде Қазақстан жалпы­ өлім-жітім көрсеткішін 6 па­йыз­ға төмен­детуге қол жеткізсе де, жүрек-қан тамыр­лары ауруларынан – 22,3%, онкологиядан – 12,1% (жыл сайын 17 мың) адам көз жұмады. Жасына жетпей ажал құш­қандардың 16,9 пайызын өкпе рагы, жарақаттар мен уланулар алып кетіп жатыр. 

Қазір бұл мәселеге Денсаулық сақ­тау министрлігі ғана емес, қоғам мен үкіметтік емес ұйымдар да мүдделі әрі жауапты бол­ғандықтан, атал­мыш  мәселелерді бақылап, үйлес­тіру мақсатында, Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан жұмыс тобы құ­рылды. 

Өз кезегінде «Аман-саулық» қоры қо­ғам­дық денсаулық мәселелері жө­нін­дегі ұлттық үйлестіруші болып та­ғайындалғаны белгілі. Қоғамдық денсаулық сақтау мәсе­лелерін реттеудің қосымша әдістерін ен­гізу мақсатында өткен «Адам ден­сау­лығының тәуекел факторлары заманауи сын-тегеу­ріндер мен ин­но­вациялық шешімдер» атты II халықаралық конференцияда жұқ­палы емес аурулардың алдын алу мен тәуекел фак­торларын басқарудың жүйе­лі тәсілі бойынша шараларды қабылдаған еді. Мұ­ның қатарына денсаулыққа зиянды факторларды төмендету тұжырымдамасы жатады. 

«Мәселен, шылым шегетін ересек адам­дар шылымның денсаулыққа өте зиян­ды екенін біледі. Дегенмен, олар өз күшімен шылым шегуден бас тарта алмайды. Оларға құрамында никотині жоқ  элек­тронды сигареттер көмек бере алады. Ағзаға кәдімгі шылымдай зиянды емес әрі уақыт өте келе темекіні тастауға көмек­теседі. Немесе есірткіге тәуелді жандарды алайық. Егер метадонмен баламалы тера­пияны қолданатын болсақ, науқастар қалыпты өмір сүріп, ем-домын да дер ке­зінде ала алады. Заңдар мен құрғақ тыйымдар бұл келеңсіздіктерді шешпейді.

Есірткі, ішімдік пен темекіні саналы түрде қолданатын адамдар әдетте зиянды әдеттерімен зорға қоштасады. Ал біз «зиянды төмендету» тәсілін пайдалана отырып, таңдау құқығына түсіністікпен қарап, зияны аз жолдарды қарастырамыз» дейді Б.Түменова. 

Баспасөз мәслихатын ұйымдас­тыру­шылар зияндылықты төмендету тұжырым­дамасы қандай да бір адам­ның есірткіге немесе алкогольге тәуел­ді болу мәселелерін ше­ше­ алмайтынын, жеке құлық пен тера­пия­лық араласу тұрғысында орын алатындығын айтады. 

Журналистермен кездесуде тосын да қызықты деректер көп болды. Мысалы, дұрыс тамақтана білу мәдениетінің қалыптасуына келсек, Финляндия ауқымды ақпараттық, наси­хаттық шаралар жүргізе отырып, тұзды тамаққа қосуды үш есе азайту арқылы ғана халықтың денсау­лығын жақсартуда айтарлықтай көрсет­кіштерге жеткен. Сол сияқты брендтік дәрі-дәрмектердің жарнамасына ермеу, арзан да сапалысына қарай ойысу­ сөз болды. 

 

 Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ