Аталған кездесу жастар алдында тұрған қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру бойынша ведомстволардың бірлескен іс-әрекетін үйлестіруді мақсат етті.
Н.Ермекбаев «Халықаралық қауіпсіздік» тақырыбындағы панельдік дискуссияда сөз сөйлеп, министрлік тарапынан мемлекеттің зайырлылық қағидаларын нығайту және радикализмнің алдын-алудағы заңнаманы жетілдіру бойынша атқарылып отырған жұмысты баяндады.
Министр жастар арасындағы алдын алу жұмыстарын жүргізуге баса назар аударды. «Жастарға бұқаралық мәдениет және интернет күшті ықпал етеді. Бүгінгі күні түрлі радикалды ұйымдардың 80%-ын 30 жасқа дейінгі жастар құрайды. Осыған орай, елімізде және жалпы халықаралық жастар ынтымақтастық жүйесінде жастарды бағыттауға және ынталандыруға арналған құндылықтарды қалыптастырудың тиімді жүйесі болғаны маңызды», деді Нұрлан Ермекбаев.
Министр отбасылық тәрбие жүйесін нығайту бойынша әлеуметтік жобаларды дамыту мүмкіндігіне де тоқтала кетті.
Бұдан өзге Нұрлан Ермекбаев іс-шараға әлі қатыспайтын елдер министрлерінің арасында барлық аталған алаңдардың жұмыс жоспарларын таратуды ұсынды. Осылайша, алынған ұсыныстар халықаралық қауіпсіздік мәселелерін тиімді шешуге көмектесетініне сенім білдірді. Сонымен қатар министр түрлі өзекті сұрақтар бойынша тұрақты онлайн-кеңестер ұйымдастыру арқылы бірлескен жұмыстың форматын жетілдіруді ұсынды.
Еске сала кетейік, Халықаралық министрлік кездесу 15 қазан күні Сочи қаласында басталатын XIX Бүкіләлемдік жастар мен студенттердің фестивалі қарсаңында өтіп отыр.
«Егемен-ақпарат»