Қазақстан • 13 Қазан, 2017

Тарихты QR-код арқылы таны

1189 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысында жыл сайынғы дәстүрлі әлеуметтік бастамалар мен жобалар жәрмеңкесі өтті. Оған қатысқан 103 адамның жұмыстарынан 29 жоба жергілікті өзекті мәселелерді мемлекеттік және бизнес құрылымдарын тарта отырып шешуге бағытталған. Жәрмеңке қорытындысы бойынша 11 азаматтық бастама мен 3 жобаны бизнес-құрылымдар қаржыландырды.

Тарихты QR-код арқылы таны

Қаланың  қонақжайлығын көтеру мақсатында «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының «Креативтер» бас­тамашыл тобы жасаған QR-код орнатуға арналған жоба  үздік­тер қата­рынан табылды. Оны Нұрбанк­тің Қостанай облыстық филиалы қар­жыландырып, қаладағы 30 ескерт­кіш пен тарихи ғимаратқа «Қос­танайды таны» QR-кодын орнатты.

– «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының «Креативтер» тобы   жоба­сының мақсаты – жерлестеріміздің, қала қонақтарының   туған жер тарихын жақсы білуі үшін уақыт талабынан қалмай, жаңа форматта  жедел әрекет ететін инновациялық құрылғылар мен технологияларды пайдалану. QR-код   өлкеміздің тарихын насихаттауға, оны жас буынның жақсы  білуіне мүмкіндік береді, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Абылай Кәкенов.

Бастамашыл топ қаладағы қасиетті орындар туралы үш тілде жазылған QR-кодты Ахмет Байтұрсынұлы ескерт­кішінен бастап, 30 тарихи орынға жабыстырды. Оны әркім телефонына сканерлеу арқылы түсіріп алады да,  тарихи ескерткіш немесе ғимарат туралы  ақпарат алуына болады. 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» мақаласында жастардың туған өлке тарихын білуі олардың бойында елге, жерге деген патриоттық сезімді тәр­бие­лейтіні айтылды. «Туған жер» бағдарламасы да осы айтылған ойды жүзеге асыруға бағыттаған. Біз, жас кәсіпкерлер игі іске атсалысуды, оған өз үлесімізді қосуды ойладық. Сондықтан өз бастамамызбен әлеуметтік жобалар жәрмеңкесіне қатыстық. Біздің жобамыз күнделікті қарапайым көріністен тұрады десек болады. Қазір жастардың қолынан телефон түспейді, олар әруақытта онлайн-режімді пайдаланады. Кез келген адам смартфонымен QR-код арқылы біз жасаған knowkostanay.kz порталына  кіріп, қала тарихынан хабардар бола алады, – деді «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының жетекшісі Зарина Көкжанова. 

«Креативтер» тобы мүшелерінің айтуынша, мұндай бастама оларға Астанада өткен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін келіпті. Қазір еліміздің қай қаласына болса да шетел­діктердің келуі таңсық емес. Олар көп уақытын жоғалтпай-ақ QR-код арқылы қаламыз туралы ақпараттарға қанық болады. Бұл өлкемізде туризмді дамытуға да септігін тигізеді. «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубы бұл жобаға тек банк пен облыстық мәдениет басқармасын ғана емес, қаладағы «Сити такси» жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорынды да тартыпты. Қала тұрғыны немесе қала қонағы QR-код арқылы такси шақыра алады. Міне, уақыт ағымына ілесу деген осы болар. 

 

 

 Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

  ҚОСТАНАЙ