Қазақстан • 13 Қазан, 2017

ОҚО-да 8 айда 50 мың сәби дүниеге келген

393 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

2018 жылдың қаңтар айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысындағы  ауыл­дық жерге жолданатын жас мамандар бір реттік 1 миллион теңге көмек ала­тын болады.

ОҚО-да 8 айда 50 мың сәби дүниеге келген

 Келісім бойынша ауылға жұмысқа баратын мамандарға кемін­де бес жыл қызмет ету міндеттеледі. Бұған дейін ауылды елді мекендерге барған дәрі­герлерге 100 мың теңгеден бір реттік көмек беріліп, үш жыл жұмыс істеу мін­­дет­телетін. Бұл өзгерістер облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас­та­масымен және  облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен ауыл­дардағы дәрігерлер тапшылығын төмендету мақсатында енгізіліп отыр. 

– Облыс әкімінің бастамасымен ауыл­дық жерлерде жас мамандарды баспана­мен қамтамасыз ету мәселесі көтеріліп, бар­лық аудан мен қалалардың әкімдеріне тап­сыр­ма берілді. Келесі жылдан бастап дәрі­гер­лер мен мұғалімдерге арналған 5-10 пәтер­лі үйлер салына бастайды, – дейді бас­қар­ма басшысы Мұқан Егізбаев.

Осылайша Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында еліміздің жас азаматтарына арнап айтылған үндеу жаңғыртыла, жаңа бастамалар қолға алынды. Елбасы Жолдауында жастарға «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұ­мыс пен сұраныс бар өңірге батыл барың­дар», деген болатын. Бүгінде ауылдық жерлерде дәрігерлер мен мұғалімдерге сұраныс бар. Ал бұл мәселені шешуде жас маманға жағдай жасау оң септігін тигізері анық.

Жалпы, үш миллионға жуық тұрғыны бар Оңтүстік Қазақстан облысында ден­саулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Мысалы, биыл салаға бөлін­ген қар­жы көлемі 125 млрд 100 млн теңге­ден асты. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар нәтижесінде өңір меди­ци­насы дамып, жаңа технологиялар енгізілуде. Дәрігерлер білім-біліктілігін жетілдіре түсуде. Медицинасы озық елдерде тәжірибе жинақтаған оңтүстіктің хирург дәрігерлері Шымкентте бұрын-соңды болмаған күрделі оталарды сәтті жүзеге асыруда. Облыс, аудан орталықтарында ғана емес, өңірдің шалғай ауылдарында да медициналық қызметтің сапасы жақсарып келеді.

Жуырда Шымкентте өткен «Қазіргі заманғы травматология және ортопедияның өзекті мәселелері» атты халық­аралық ғылыми-практикалық кон­фе­рен­ция да сала жұмысын жақсарту мақ­сатындағы іс-шаралардың бірі. АҚШ, Гер­мания, Ресей, Польша, Қырғызстан, Өзбек­стан, Сербия секілді 10-нан астам елдің білік­ті ортопед, травматолог мамандарының қаты­суы­мен өткен конференция шеңберінде  ұйым­дас­тырылған көрмеде заманауи медициналық жабдықтар мен бұйымдар өндіруші әлемнің жетекші фармацевтикалық компаниялары өз өнім­дерін көпшілік назарына ұсын­ды. Ден­саулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежановпен бірге аралап көріп, әрбірінің жұмысымен жеке танысқан облыс әкімі Жансейіт Түй­ме­баев фармацевтикалық компания­ларды облыс­тың индустриялық аймақ­тарында кәсіпорындарын ашуға шақыр­ды. Ал Болат Төкежанов облыс дәрігер­лерінің еңбегін жоғары бағалай келе, мем­лекет-жекеменшік әріптестік негізін­де респуб­ликада қолға алынған 14 келі­сім­нің екеуі белсенділігі жоғары оңтүстік­те жүзе­ге асып жатқанын атап өтті. Конфе­рен­­ция шеңберінде Денсаулық сақтау министр­лігінің қолдауымен денсаулық сақ­тау басқармасы Травматология және ор­то­пе­дия  ғылыми-зерттеу институты және Қазақ­стан травматолог-ортопед­тері қауым­дас­тығымен бірге облыстық кли­никалық ауруханасы базасында өткізген дәрі­герлердің екі күндік тәжірибе алмасуларында иннова­ция­лық технологияларды енгізу, жарақат­тану­дың алдын алу, медициналық көмек көр­сету мәселелері талқыланды. Шеберлік сабақ­тар өткізіліп, тізе буынында аяқ сіңірі үзілген науқасқа күрделі операция жасалды.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев таяудағы  Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары барысында елімізде алғаш енгізіліп жатқан кешенді медициналық ақ­па­­­р­ат­тық жүйе жұмысына қатысты өз ұсы­­­ны­­сын білдірген еді. Бұл орайда, об­лыс­­тың медициналық ұйымдарын кешен­ді ме­ди­ц­иналық ақпараттық жүйемен қам­та­­ма­сыз ету мақсатында екі кезеңде жүз­е­­­­ге асырылатын іс-шаралар жоспары бекі­т­і­­ліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері бірінші кезеңге сәйкес об­лыс­­­тың 36 амбулаториялық-емханалық ұйы­­­мын­­­да медициналық ақпараттық жүйе толық орнатылды. Екінші кезең бойынша жыл соңына дейін 68 медициналық ұйым­да ме­ди­циналық ақпараттық жүйе құру жұ­­мыс­­тары жүргізілмек. Осы істі жүзеге асы­­руға 8582 компьютерлік техника сатып алын­­ған. 2018 жылдың қаңтарына дейін өңір­­дегі медициналық ұйымдар 100 пайыз компьютерленеді.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысы­ның айтуынша, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және жаңғырту мақсатында Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы сенімгерлік басқаруға шетел­дік компанияға берілген. Оған қосым­ша 6 бекет ашылды. Түрік компаниясы тара­пы­нан қазан айының соңына дейін жедел медициналық жәрдем үшін бірыңғай Call-орталығымен планшет арқылы байланыс­пен жабдықталған 74 «Мерседес» санитар­лық автокөлігі жеткізіледі. Жедел жәр­дем стансасының 1,5 мың қызметкері Еуропа үлгісінде оқытылмақ. Жалпы, Оңтүс­тік Қазақстан облысы демографиялық көрсет­кіштері бойынша республика үшін жүйе­ні құрушы, стратегиялық маңызды  өңір.

Облыстың рейтингтік көрсеткіштері тұтас рес­пуб­ликаның көрсеткіштерін ай­қын­дай­ды. Басқарма таратқан мәліметке сүйенсек, соңғы жылдарда халықтың күті­летін  өмір сүру ұзақтығы 2010 жылғы 69,5-тен биыл 72,6-ға жеткен. Сондай-ақ «Жол картасы» шең­берінде облыста 5 негізгі әлеуметтік мәні бар жұқпалы емес аурулар – жіті миокард инфаркті, ми қан айналымының жіті бұ­зылысы (инсульт), қатерлі ісіктер, жарақат­тар, ана мен бала денсаулығын қорғау қыз­меті бойын­ша аурушаңдық және өлім-жітім де респуб­ликалық көрсеткіштерден төмен.

Облыста аналар және нәрестелер өлім-жітімін төмендету мақсатында жүйелі шара­лар қолданылып, балалар мен босанатын әйелдерге жәрдем беру қызметін­де меди­циналық көмек көрсетудің біріктіріл­ген үлгісі табысты енгізілді. Қолданылып жат­қан шаралар нәтижесінде соңғы бір­неше жыл ішінде көрсеткіштердің тұрақты төмендеуіне қол жеткізілді. Статис­тика комитетінің мәліметтері бойынша, облыста ана өлімінің көрсеткіші ағым­дағы жылдың 8 айында 44 пайызға төмен­деп, алғаш рет республикалық көрсет­кіштен төмен болды. Нәрестелер өлімі­нің көрсеткіші соңғы 5 жыл ішінде айтар­лықтай төмендеп келеді, 8 айдың қоры­тындысы бойынша 4 пайызға азайған.

Оңтүс­тік Қазақстан – бала  туу көрсеткіші жоға­ры өңірлердің бірі екені мәлім. 2016 жылы республикада туған 403200 баланың 79160-ы Оңтүстік Қазақстанның  тумасы. 2017 жылдың 8 айында 50627 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 514-і егіз, 3-еуі үшем. Дегенмен облыста перинаталды орталықтар мен перзентханаларда босану төсек-орындарымен қамтамасыз ету республикада өте төмен – 19,9 пайыз.

– Бүгінгі таңда облыста 4 перинатал­дық орталық жұмыс істейді. Сол төртеудің біреуі ғана типтік. Өңір кем дегенде тағы екі перинаталдық орталыққа мұқтаж. Оның біріншісі Сарыағаш қаласында орналасса, халқы ең тығыз орналасқан Мақтарал, Сарыағаш және Шардара аудандары­­ның тұрғындарына қызмет етуге қолайлы. Екін­­шісі Елбасы тапсырмасымен еліміз­дің үшін­ші мегаполисіне айналатын Шымкент қаласында әйелдердің ана атануларына көмектеседі. Бүгінгі таңда халқының саны 885,8 мың адамды құрайтын облыс орта­лы­ғындағы бір қалалық перзентхана бейім­делген үй-жайда орналасқан.

Сары­ағаш және Шымкент қалаларында пери­наталды орталықтарды салуға жер телім­дері бөлінді, жобалық-сметалық құжат­таманы әзірлеуге конкурс жарияланды. Бұдан басқа облыс әкімдігі жаңа онкологиялық диспансер салуға жер телімін бөлді. Туберкулезге қарсы диспансерді қала шетіне шығару мәсе­лесі шешілді. Оған да жер телімі бөлін­ді. Дегенмен облысқа қажетті аталған нысандарды салу үшін қаражат бөлу мәселесі Үкімет деңгейінде шешуді талап етеді, – дейді облыстың бас дәрігері. 

Мемлекет-жекеменшік әріптестігі шең­­­­берінде денсаулық сақтау инфра­құры­лы­мын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету үшін Шымкент қаласында бір ауысым­да 500 адам қабылдайтын емхана салы­нып жатыр. Тағы 3 қалалық емхана құры­лысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жергі­лікті бюджет қаражаты есебінен 34 нысан­ның, оның ішінде облыс тарихында алға­шқы рет бір кезеңде Кентау қаласында, Сай­рам ауданындағы Ақсукент ауылында, Мақ­тарал ауданының орталығы Жетісай қала­сында және Мырзакент елді мекенінде 4 ірі емхананың құрылысы жүргі­зіліп жатыр.

– Бұдан бөлек, облыста 87 медициналық пункт жетіспейді. Қажеттілікті өтеу үшін құра­малы модульдік медициналық пункт­­терді сатып алу бойынша жоба іске қосыл­ды. Облыстық әкімдіктің келісімімен биыл мұндай  медициналық пункттің 20-сын, келесі жылы 67-сін  орнатпақпыз. Мұ­ның басты артықшылығы бұрынғы мед­пункттердің біреуінің құны 55-60 миллион теңге болса, бұл екі есе арзан. Аумағы – 125 шаршы метр. Бұрын медпунктті салу үшін екі жыл уақыт кететін. Бірінші жылы жоба­лық-сметалық құжаттар әзірлейді. Екін­ші жылы салады. Ал мұны екі айда орна­тып қоямыз. Келесі жылы осы 87 мед­пунктті орнатып, қысқа мерзімде облыс­тағы қажет­тілікті 100 пайыз өтейтін боламыз, – дейді М.Егізбаев.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысын­да тұрғындарға медициналық көмек көрсетумен 104 ме­дициналық ұйым айналысады. Оның 38-і емхана, 49-ы аурухана. Мем­лекеттік пен жекеменшігін қосқанда бар­лығы 48 ем­ха­налық ұйымға 2823297 адам тіркелген. Өңір­дегі медициналық ұйымдарды жергі­лікті бюджет қаражаты есебі­нен мате­риал­­дық-техникалық жаб­ды­қ­­тауға кететін шы­­ғыс­­тар биыл 3,5 есе ұлға­йып, 5,9 млрд тең­­ге­­ге жетті. Меди­цина­лық ұйымдар­дың жаб­­­дық­талуы орташа республикалық көр­сет­­кіш­ке – 65,5 пайыз­ға жеткізілді. Облыс­тың санитарлық авиа­ция қызметі үшін на­­ви­­га­­ция­лық жүйе­мен және жаңа құрал­дармен жаб­дықталған 4 реаномобиль сатып алынған.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»