Қазақстан • 13 Қазан, 2017

Тілдің қолданыс аясы кеңейеді

634 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біздің мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген мұрамыз латын әліпбиінде жазылған. Ла­тын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұралары­мызды кеңінен зерттеуге мүмкін­дік алар едік. Мәселен, Алаш арыс­тары­ның латын әліпбиімен жазылып, жарияланған қаншама еңбегі көп­шіліктің кәдесіне асырылмай, іздеу­шісін күтіп жатқаны жасырын емес.

Тілдің қолданыс аясы кеңейеді

ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – ол латын графикасы.

Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткіземіз. Сондықтан латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. Қазір бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде қорықпай, еркін үйреніп алып жатқанда, ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу бүгінгі жас ұрпаққа көп қиындық келтірмейді. Әрі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы графикамен жазылуда.

Латын әліпбиіне көшу мем­ле­кет­тік тілдің қолданыс аясын одан әрі ке­ңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл таза­лығы мәселесіне келсек, тілі­міз­дегі қазіргі жат дыбыстарды таң­ба­лайтын әріптерді қысқартып, сол ар­қылы қазақ тілінің табиғи таза қал­пын сақтауға мүмкіндік аламыз. Қа­зақ тілін оқытуда басы артық таңба­ларға қатысты емле ережелер қыс­қа­рып, мектептен бастап барлық оқу орнында оқыту үдерісі жеңілдейді.

Латын әліпбиіне ауысу – біздің ұлттық санамызды жаңғыртудың бір жолы. Бір ғана мысал, еліміздің латын әрпіндегі транскрипциясын «Kazakhstan» деп емес, «Qazaqstan» деп жазған болар едік.

Қазақстанның латынға көшуі – көршіміз Ресеймен достық байланыстарынан бас тартуы деген сөз емес. Бұл – тәуелсіз елдің іш­кі ұлт­тық мәдени мәселесі. Ол мәсе­ленің көрші елдермен қаты­нас­тарға қатысы жоқ. Ресей мен Қазақ­стан­ның достық негіздегі байла­нысы екі ел үшін де пайдалы екені анық.

Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне де өз әсерін тигізер еді.

 

Жандос СМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Қарағанды облысы