Ауыл – елдің арқауы
Орал қаласынан 300 шақырым қашықтықта жатқан Қазталов – аграрлы өңір. Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында 26 заңды тұлға, 590 шаруа қожалығы тіркелген. Барлық санаттағы ірі қара малы 81939 басты құраса, қой мен ешкі – 294305 бас, жылқы – 23817 бас, түйе 188 басқа жетіпті. Есептеп қарасақ, былтырмен салыстырғанда ауылшаруашылық өнімдерінің барлық түрін өндіруде өсім бар екен. Яғни ет – 101,9%, сүт – 101,7%, жүн – 107,4%, жұмыртқа 101,8%-ға артық өндірілген.
Әрине, ауылдағы ағайынның бақуаты артуына тынымсыз еңбек қана емес, мемлекеттің қолдауы да ерекше әсер етті. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша 12 шаруашылық 129 млн 630 мың теңге несие алыпты, осы қаржыға 16 бас асыл тұқымды бұқа, 492 бас сиыр, 400 бас қой саулық, 3 бас айғыр, 80 бас байтал сатып алынған.
«Береке» несиелік бағдарламасы аясында ірі қара бордақылаумен айналысатын 3 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі (АӨК) жаңадан құрылды. Бүгінде аудандағы 21 кооператив құрамына 1468 тұрғын мүшелікке енген, онда 7236 бас ірі мүйізді қара, соның ішінде 6712 аналық мал тіркелген. Жыл басынан бері «Береке» бағдарламасы шеңберінде 50 жеке тұлғаға 176 млн 300 мың теңге несие берілді.
Сонымен қатар «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша «Жалпақтал» АӨК (төрағасы Д.Догоров) Жалпақтал ауылында, «Шығанақ» АӨК (төрағасы Ж.Аксалов) Қазталов ауылында қуаттылығы тәулігіне 10-15 бас мал соятын, тоңазытқыш көлігімен қамтылған мал сою пунктін салып жатыр.
Ал «Игілік» бағдарламасы бойынша 22 жеке тұлға 92 млн 200 мың теңге несие алуға қол жеткізді.
Ауданның ауылшаруашылық тауарын өндірушілері өткен жылы бағдарламаның 11 бағыты бойынша 607,1 млн теңге мөлшеріндегі мемлекеттік қолдау қаражатқа ие болған еді. Биыл да аудан бойынша 353 шаруашылық 630,5 млн теңге көлемінде мемлекет тарапынан субсидияланады деп күтілуде.
Ауылдағы ағайынның ахуалын көрсететін тағы бір дерек, жыл басынан бері ауданда жаңадан 30 трактор, 14 түрлі ауылшаруашылық техникасы сатып алынған. Шаруа қожалықтары 11 трактор мен 10 техниканы лизинг арқылы алып отыр.
Көктемде тасқын,
күзде шөл...
Ел тұрғындары 1994 жылы Қазталов ауылын басып, талай жанды баспанасыз қалдырған су тасқынын білетін шығар. Сол кезде табиғат тәлкегіне түскен қазталовтықтарды бүкіл халық болып қолдаған. Бастауын Ресей Федерациясынан алатын Сарыөзен мен Қараөзен кейде осындай қатер де көрсетеді. Осының өзі елімізде су ресурстарын реттеу мәселесінде қолға алар істің көп екендігін байқатып тұр.
Бір қуанарлығы, соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында су көздерін тиімді пайдалану, бұрынғы арналарды қалпына келтіру, жаңа жобалар жасау бағытында біраз жұмыс жасалды. Міне, соның нәтижесінде қазір Қазталов ауданында жүйелі суармалы жер көлемі 68411 га құрайды. Мұның 22157 гектары суреттегіш имараттар арқылы жүргізіледі. Мысалы, «Сакрыл» суландыру жүйесі бойынша 14901 га, «Мамай» суландыру жүйесі бойынша 1967 га жер суландырылады. Қазіргі уақытта «Мамай» және «Сакрыл» суландыру жүйелерін республикалық меншікке, яғни «ҚазСуШар» АҚ филиалының теңгеріміне алу бағытындағы жұмыс жүріп жатыр екен.
Елімізде бір парадокс бар: көктемде су басып кетеді, қалған уақытта су жетпейді. Міне, Батыс Қазақстан облысында суды сақтау, тасқын судың алдын алу мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары жасалды. Нақты Қазталов ауданы туралы айтар болсақ, Жұлдыз ауылы тұсындағы Кіші өзенде орналасқан «Жұлдыз плотина» құрылысына қайта құру-техникалық экономикалық негіздемеге немесе оларды қалпына келтіруге жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін 2018 жылға облыстық бюджеттен 6, 550 млн теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Ресей Федерациясынан келетін суды ұстау және тасқын суды қауіпсіз өткізу үшін Қазталов ауылдық округіне қарасты Сексенбай ауылы тұсынан Кіші өзен су қоймасынан құрылыс салу жұмыстары жоспарлануда. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемеге немесе оларды қалпына келтіруге «ҚазСуШар» АҚ арқылы жобалау-сметалық құжаттар дайындау үшін 4,800 млн теңге қаражатты 2018 жылдың бюджетінде қарастыру көзделуде.
Республикалық бюджеттен қаржыландырылып, аудан аумағы арқылы өтетін «Киров-Шежін» су арнасы бойынша ІІІ кезеңдегі жаңа құрылыс және қайта құру жұмыстарына 1 млрд 100 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстарды аяқтау үшін қосымша 500 млн теңге қаражат бөлінді.
Қазталов –
патриоттар мекені
Қазталов ауданы дегенде алдымен ауызға оралатын бір құбылыс бар. Қазталов – патриоттар мекені. Мұнда туған жерін жан-тәнімен сүйетін жандар тұрады. Тіпті кең-байтақ Қазақстанның әр шетіне тарап кеткен, тағдырдың жазуымен басқа өңірде тұратын қазталовтықтар да өскен елін, туған жерін ұмытпай, сол үшін бауыр етін кесіп беруге әзір тұрады. Оған куә – ауданның әр ауылында ауыл түлектерінің ғана күшімен тұрғызылған ғимараттар, ел игілігіне жарайтын істер.
Қараңыз, Қазталов ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2009-2017 жылдар аралығында жалпы құны 141 миллион 760 мың теңге болатын 53 жоба жүзеге асыпты.
Олардың кейбірін ғана айта кетейік: Ақпәтер ауылында Кәрім Өтеғұлов жалпы құны 7 млн 620 мың теңге тұратын өлкетану мұражайын ашты, сондай-ақ 3 млн 500 мың теңгеге «Ана мен бала» монументін орнатты. Мектеп жатақханасының жанына Бейбіт Өтеғұлов, Жасұлан Дүйсенғалиев, Самат Хасанов, Бауыржан Мұқанғалиев бастаған мектеп ұжымы 2,5 млн теңгеге монша салып берді. Бірік ауылында Абзал Насиолла 680 мың теңгеге балалардың ойын алаңын орнатып берсе, ауыл тұрғындары 1 млн 650 мың теңге қаржы жинап, Ағашүй, Қызылту зираттарын қоршады. Болашақ ауылында «Жаңатұрмыс» өндірістік кооперативінің жетекшісі Исатай Әбілхатин 620 мың теңгеге «Мәңгілік алау» кешенін орнатты. Бостандық ауылында ауыл тұрғындары бірігіп 900 мың теңгеге ескерткіш тақта орнатып, 240 мың теңгеге күрес залы жабдықтарын сатып алған. Жалпақтал ауылында атқарылған істерге тіпті жан сүйінеді. Әр жылғы мектеп түлектері балалар ойын алаңын (1,5 млн), шағын футбол алаңын (8 млн), жаяу жүргіншілер алаңы мен субұрқақ (3,6 млн), т.б. ғимараттарды орнатып, туған ауылының сән-салтанатын асырған. Жеке кәсіпкер А.Сәрсенғалиев 25 млн теңге қаржысына мешітке мұнара салып беріпті. Жаңажол ауылында да мұндай игі істер өте көп. Мұнда 2 тұрғын үй асар әдісімен салынса, Көмекші ауылында ауылдық клуб тұрғызылған. Қазталовтың өзінде «Достық», «Нұрлы бақ» саябақтары салынып, еске алу алаңы, ойын алаңы пайда болған. Көктеректе Сатыбалды ауылдық клубы ауыл тұрғындары мен жеке кәсіпкерлердің күшімен жаңадан көтерілген. Қайыңдыда мектеп түлектері 450 мың теңге қаржы жинап, ауыл балаларына ойын алаңын салып берген. Қараобада да 2,5 млн теңге қаржыға ауыл бейіттері қоршалып, ойын алаңы салынған, ауылға кіреберіс жолға әдемі қақпа – арка орнатылған. Қараөзендіктер мектеп жанынан мұражай ашуға белсене кірісіпті. Қарасуда ауылдық мешіт салынып, көне бейіттер қоршалған. Қошанкөлде белгілі қоғам қайраткері Амангелді Таспихов 700 мың теңгеге спорттық құрал-жабдық алып берген. Талдыапанда жергілікті шебер Самат Сейіткереев ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен «Тәуелсіздік монументі» атты кешен жасап шыққан. Талдықұдықта Өтеген Көшенов мешіт тұрғызса, Манарбек Идресов ауылдағы қоғамдық ғимараттардың алдына өрнектас төсетіпті. Тереңкөлде де көне қорымдар қоршалып, ауыл мектебінің спортзалына жабдықтар алынған.
Жақында ауданда «Жерлестер форумы» өтіп, еліміздің әр шетінен 300-дей қонақ келген. Бұл «Қос өзен елінен» шыққан ұл-қыздардың ынтымағын одан әрі күшейткен шара болды. «Алдағы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жерлестердің күшімен ауданда тағы да 75 жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз, дейді аудан басшысы Абат Абайұлы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»