Аймақтар • 13 Қазан, 2017

Каспий маңы елдерінің мемлекеттік университеттері ассоциациясының ассамблеясы өтті

614 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда «Ақылдарды тоғыстырып, байланыстарды нығайту» атауымен Каспий маңы елдерінің мемлекеттік университеттері ассоциациясының ХХ мерейлі бас ассамблеясы өтті.

Каспий теңізі мәселелерін шешу және Каспий маңы аймағында біртұтас білім беру кеңістігін құру мақсатында 1996 жылы жұмысын бастаған Ассоциацияға қазір 55 университет мүше. Әзербайжан, Иран, Ресей, Түркіменстан мен Қазақстанның жоғары оқу орындарының ректорлары бас қосқан жиынға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Абзал Тәлтенов төрағалық етті.

Пленарлық мәжілісті бастаған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев: «Тарихи тағдырлас мемлекеттердің ежелден қалыптасқан достық қарым-қатынасына осындай шаралар тың серпін береді, - деді. - Мұнда түрлі салалардағы келелі мәселелер көтеріліп, ортақ шешімін табады деп сенемін. Қазақ елінде қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық  пен ұлтаралық татулық салтанат құрған. Бұл - Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі. Қоғамымыз өсіп-өркендесін десек, бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Осы орайда жоғары оқу орындарының атқарар ролі зор болмақ. Каспий маңы елдері университеттерінің арасында тығыз байланыс орнатудың маңызы зор».

Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттері қауымдастығы - ашық пікір алаңы. Он бес жылдан бері  көптеген ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды, Каспий мәселесі бойынша зерттеу жобалары жасалды, ғылыми журналдар басылып, бірлескен студенттік олимпиадалар мен экспедициялар өтті.

Ассамблея аясында пленарлық мәжілістен бөлек «Жоғары білім беру саласындағы жобалық менеджмент» ректорлар саммиті болды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Иран мәдениеті мен тілі орталығы ашылды. Университеттердің халықаралық және ғылыми ынтымақтастық менеджерлеріне арналған воркшоп ұйымдастырылды. Ассоциацияның  ғылыми ынтымақтастығы мен зерттеулері тоғысқан Каспий порталы жобасы таныстырылды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Суретті түсірген Ерлан Алтыбаев