Қазақстан • 14 Қазан, 2017

Астанада әкелер форумы өтті

543 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

13 қазанда Оқушылар сарайында Астана әкімдігінің қолдауымен әкелердің қалалық форумы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астанада әкелер форумы өтті

Форумға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, елорда мектептерінің бетке ұстар оқушылары қатысты.

Биыл шара еркін форматта өткізілді. Қатысушылар өзін қызықтырған сұраққа бірден жауап алуға мүмкіндік болды.

«Біз өзекті деген бірнеше мәселені көтердік. Бұл - өскелең ұрпаққа тәрбие беру проблемасымен, әкелердің бала тәрбиесіне қатысуымен, жаңа технологиялардың балалардың дамуына әсер етуімен байланысты сұрақтар. Біздің басты мақсатымыз – тәрбие саласындағы біліммен, тәжірибемен бөлісу», деді форум барысында сөз сөйлеген Астана қаласы білім беру басқармасы жетекшісінің орынбасары Дулат Жекебаев.

Кездесу балаларды тәрбиелеу ісіндегі әкелердің мәртебесі мен жауапкершілігін жоғарылатып, отбасылық құндылықтардың дамуы мен нығаюына септігін тигізді. Әкелер одағының төрағасы Қуаныш Жұматаевтың атап өтуінше, тәжірибе жүзінде өткізілетін мұндай форумдар әкелер үшінғана емес, аналар үшін де маңызды.

«Бүгінгі күні біздің Одақта 17 белсенді әке бар. Алайда ел бойынша қатарымыздағы әкелердің саны бұдан бірнеше есе артық. Республиканың 8 қаласында біздің Одақтың өкілдері бар. Қазір біз 15 мыңға тарта адамды қамтып отырмыз. Олар бізді біледі де, қолдайды да», – деді Қуаныш Жұматаев.

Медиа орталықтың хабарлауынша, қалалық әкелер форумы Білім беру басқармасымен 2015 жылдан өткізіліп келеді. Оны өткізу жөніндегі негізгі идея осыдан 5 жыл бұрын Астана қаласының №59 мектептің базасында туған еді.