Бір емес, бірнеше Олимпиадаға, әлем чемпионаттарына барған жиһанкез журналист ең әуелі өзі туып-өскен Саржыра ауылындағы мектепте елдімекен жұртшылығымен, білім ордасының ұстаздарымен және оқушылармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. «Қайда жүрсем де Саржырамды аңсап тұрамын. Бала кезімізде мына іргедегі Мөжік өзеніне барып суға түсетінбіз» деп балалық бал шағын сағына еске алып, мектеп кітапханасына өзінің және басқа да ақын-жазушылардың 50 кітабын сыйға тартты. Бір жылдары ауыл мектебіне жабылу қаупі төнгенде О.Елубай білім ордасын аман сақтап қалуға үлес қосқан екен. Содан да болар перзенттік парызына адал қаламгерді ауыл тұрғындары құшақ жая, шашумен қарсы алып, жылы лебіздерін білдіріп, шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Ал шағын ғана ауыл Саржыраның балалары кездесуді үш тілде жүргізіп, шалғайда жатса да өркениет көшінен қалмай келе жатқандықтарын аңғартты. Туған ауылынан кейін ардагер журналист Зайсан қаласындағы М.Дәуленов атындағы орта мектепте аудан жұртшылығымен кездесу өткізді. Кездесуді ашқан аудан әкімі Темірбек Қасымжанов Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Зайсан өңірінде арнайы бағдарлама әзірленіп, елге танымал тұлғалардың қатысуымен бірқатар тағылымды шаралардың ұйымдастырылғанын атап өтті. «Сәуір айынан бері көптеген шаралар өткіздік. Шіліктінің тумасы Ғазиз Әділханның кешін ұйымдастырдық. Осы ретте біздің ауданның ғана емес, облысымыздың мақтанышы Оңдасын Елубай ағамызға елге кеп есеп берсеңіз, жерлестеріңізбен жүздессеңіз деп өтініш жасаған едік. Тілегімізді жерге тастамай, туған жеріне тағзым етіп келгеніне алғыс білдіреміз», - деді ол.
Спорт журналисімен Өскеменнен бірге келген қол күресінен Әлемнің үш дүркін, Азияның 10 дүркін чемпионы, еліміздегі қол күресі мен гір спортының негізін қалаушы Мұқан Ағзамов кездесуде сөз алып, О.Елубайдың спорт саласына сіңірген еңбегі зор екенін тілге тиек етті. Жарты әлемді шарлаған жиһанкез журналист өз кезегінде Сидней Олимпиадасында Ольга Шишигина мен Бекзат Саттархановтың жеңісіне куә болған ұмытылмас сәттерді тебірене еске алып, университте оркестр құрамында болып, Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжановтан сабақ алғанын әңгімелеп, қолына домбырасын алып, күмбірлетіп күй тартып берді. Кездесу барысында биыл Алматыда өткен қысқы Универсиада жайында сыр шертетін «Алатауды дүбірлеткен 11 күн» атты кітабының тұсаукесерін өткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы.