Бөрілі менің байрағым...

Зымыраған заманға бағынбайтын заңғар тұлғалар болады.

Егемен Қазақстан
16.10.2017 4770

Тектоникалық өзгерістер кезінде ұлттық иммунитетті жаңғыртатын мұндай пассионар тұлғалар үзілген үмітті қайта жалғап, өшкен шоқты қоламта арасынан үрлеп маздата алады. Бұл орайда, сөз ұстаған саңлақтар ұлы құдіреттің дара да бұла құбылысы іспетті. Тақырыбымызға арқау етіп отырған Сүйінбай Аронұлы да ұлттың ұраншысы болған осындай бірегей тұлға деп есептейміз.

Сүйінбай – әлеуметтік ақын! Ол қолдан біржолата сусып шығып кеткен қазақ хандығын аңсап, «зар заман ақындарының» ізіне түспей, өнернамалық өзгеше соқпақ, басқаша жол таңдағанға ұқсайды. Жұртын жаңа заманға сай бейімделіп, егіншілікпен айналысуға шақырған, бірлік пен берекеге үндеген сөз өнерін бәрінен де артық санаған парасатты ақын патша билігі орнаған соң ауылына би болып сайланып, жиырма үш жылдай қара қылды қақ жарып, халқына қызмет етеді, телі мен тентекке тыйым салады. 

Алаш елін бір қиырдан құрсаулаған патшалық әкімшіл өктем жүйе, оған қызмет ете бастаған мансапқор болыс­тар, елді екінші бүйірден қыспаққа алған Қоқан датқаларының құқайы ақынның жырында өткір сыналады. 

Қоғамдағы қайраткерлік қарымына байланысты болса керек, Сүйінбайдың тілі тура бидей қиып, түйіп айтатын түйдекті, әлеуметтің мұң-зарын тереңнен қозғайтын ақиқаттың ақ семсеріндей өткір де шешен тіл. Адуынды Сүйінбай Қоқанның қоқаңдаған датқасы, қырғыздың қыңыр манабы, қазақтың тепсінген төресін де тегеурінді жырымен жасқаған, халыққа қара сөзін қамал еткен ақын. 

Ол батырларға: 
«Ей, Сұраншы, Саурық, 
Қоқанның қолы көп болды, 
Жетісуда жатқалы. 
Бар жақсыны талап жеп,
Сүбеңе қолы батқалы!», – деп ұран тастап, сарбаздарға Қарасай батырды үлгі етеді.

Сүйінбай ақын жырына зер салып қарағанда сол кездегі халықтың жанды тарихы тұнып тұрғанын аңғару аса қиын емес. Ол Жабай, Қарасай, Сұраншы, Саурық, Қазыбек, Қастек секілді қазақ батырларын жырына арқау етеді, көптеген көрші халықтардағы тұлғаларды, замандастарын, өмірдің бел ортасындағы жандардың бейнесін өлеңмен өреді. Нені айтса да нақтылы дерекпен арнау жанр­ында, әрбір оқиғаға өзі куәгер болып жырлайды. Сол себептен де Сүйінбай жырлаған кейіпкерлердің тарихтағы орнын саралау, арнайы тарихи мәлімет ретінде пайдалану төл тарихымызға деген көзқарас көкжиегін кеңіте түсер еді. Тек қана Сүйінбай емес, жалпы қазақ фольклоры, халық ақындарының телегей мұрасы тарихи зерттеулердің арнасын да, аясын да кеңітетін мәліметтік, деректік қорға бай болғандықтан, тарихшылардың тарапынан ұтымды пайдаланылса, небір шындықтың беті ашылары анық. 

Елдіктің ұраншысы қызметін атқарып, телегей-теңіз эпос тудырған ұлы жыраулардың сарқыты, төкпе ақын, жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлын Алатаудың қапталындағы ағайын жұрт алдымен айтыскер ақын ретінде біледі. Академик-жазушы Мұхтар Әуезов «Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі» деген бағасын осыған байланысты айтса керек. Әсіресе, Сүйінбайдың Қатағанмен аламанды қыздырған атақты айтысы сөзбен семсер сілтеген алапат айқасқа ұқсайды. Бұл туралы деректерді саралаған қырғыз елінің белгілі ғалымы, академик Абдылдажан Ақматалиев «Қазақтың Сүйінбай ақыны Қатаған жыршымен Алыбайдың асында 1850 жылдары төңірегінде айтысса, Арыстанбек ақынмен Жетіөгізде 2-3 жылдан кейін айтысқан деуге болатын секілді» деп түйінді пікір білдіреді.

Шын мәнінде «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» – түркі халықтары арасында болған ежелгі замандағы еларалық айтыстың хатқа түсіп жеткен жалғыз үлгісі деуге болар. Семсер тілмен сермескен екі ақынның тілі өткір, танымы тапқыр, жеңіске деген құлшыныстары да жігерлі, айтыстың сөзі де, желісі де шымыр, тастүйін жинақы, тау суындай қарқынды, екпінді. Бірақ бұл айтыста Қатаған жүйелі сөз қисынынан жаңылғандықтан аталы сөзге тоқталып, уәжге жығылғаны, жеңіліс тапқаны байқалады. 

Бұл айтысты алты Алаштың тұтас келбетінен, шежірелік түгел тамырынан хабар беретін поэма деуге болады. «Көппін деп айттың, Қатаған, сөзіңнен осы ұстайын» деген ақын Қатағанның аузынан қапыда шыққан жаңсақ сөзін өзіне қарсы қару етіп жұмсайды, осылайша оны тырп еткізбей жеңуге бір қадам жасайды. Қазақ ұлыстары мен руларын сипаттарымен бірге түгел санамалаған шежіре-ақын қалың елін «бүтін дүние жүзіне, шөгіп жатқан мұнармын» деп арқалана жырға қосады. Дүние жүзіндегі мемлекеттер арасында жер аумағы бо­йынша тоғызыншы орынды иеленіп жатқан байтақ алашты қазір де осылай дәріптесек жарасымды емес пе?!

Қазақтың үш арысын өрелі жырмен өрнектеп түгендеген ақын: «Орал тауға бір қонып, төмендеп қанат серпейін» деп ақиықша саңқылдайды. Алшынның Бақсиық, Сұлтансиық, Қыдырсиық бірлестігін тілге тиек етіп «Қара бір тұман үш сиық, бүркіттей түгі түксиіп... Бәрі батыр баласы, қаннан кеуіп көрген жоқ, найзасының сағасы» деп әуелетіп әкетеді. Сөзін «Жүре алмассың жалғанда, күнің қандай болады, ноғайлыға барғанда» деп түгел түркінің бауырластығын тағы да арқау ете аяқтайды. 

Сүйінбай – арқалы ақын ғана емес, ержүрек батыр да. Оның көзсіз ерлігін осы айтыстан айқын аңғаруға болады. Әлі Кенесары оқиғасының ізі суымай, екі жақтың ерегес ентігі басылмай тұрған кезде өткен айтыста қарсыласын қара дауыл жырымен ықтырғысы келген сұрапыл Қатаған:
Білесің бе, Сүйінбай,
Әскер тартып барғамын.
Кенесары төреңнің
Басын кесіп алғамын, –
деп айбат шегеді. 
Жеңемін деп жүріп, қапелімде аруаққа тіл тигізген қарсыласы Қатағанның қағытпа сөзіне адуынды ақын дес бермей шұғыл жауап беріп, сөйтіп өзін омақастырады: 
...Әуелінде ер Дәуіт,
Ұстаған екен көрікті.
Заты жаман Қатаған,
Мұнша неге желікті.
Жетпіс екі кісімен
Кербаланың шөлінде
Шәйіт болған Құсайын,
Өлімге солар көніпті.
Шәйіт болған кісіні
Тәңірім артық көріпті! – деп жауап береді.

Арқасы қозған адуын ақын «Шейіт өлім болмаса, Сенің қайда Манасың?! Иен қалған Таласың» деп төпелеп, жыр нөсерін сорғалатып, жасын ойнатады.

Сірә, аңдамай сөйлеген ақпа ақын Қатаған жүйеге жығылып, аталы сөзге қонақ беріп, жеңіліс табады. Бұдан кейінгі айтыстарда оның аты естілмейді. Тегінде, қырғыз әдебиеті тарихында да Қатағанның аты мүлде жоқ. Осы шетін оқиғадан кейін аруақтың наласы ұрған Қатаған қобызын қолына қайыра алмаған деген аңыз бар жұрт аузында. 

Сөз – құдірет! Айтылған сөз, атылған оқпен бірдей деген сірә, осы болар. Наполеонның қарумен бағындыра алмаған жерін Бальзак қаламымен табындырды, Шыңғысханның тұлпарының тұяғы жетпеген жерге шоң Шыңғыстың қаламының сиясы жетті емес пе?! Сол Айтматовты құлын кезінен танып, құнан кезінде бәйгеге қосқан ұлы Мұхтар Әуезов қара сөзді айнымас достыққа дәнекер, серт еткендей. 

Ұранымыз алаш, керегеміз ағаш болған атамзаманнан бері, түмен жылдар бедерінде еншісі бөлінбей түгел келіп, «бөліп ал да, билей бер» деген отарлық қитұрқы саясаттың салдарынан арасы ажырап, іріткі туып, енді ғана сетіней бастаған ағайынды алаштың арасын Сүйінбай және онымен тұрғылас қазақ-қырғыз ақындары өлең-жырды дәнекер етіп жарастырып жалғап жіберді. Сондықтан арынды Сүйінбай Алатаудың екі бөктерін ен жайлаған, еншісі бөлінбеген қазақ пен қырғызға ортақ ақын болды. Осыған байланысты болса керек, қырғыздың әйгілі ақыны Тоғалақ Молда: 
Екейден шыққан Сүйінбай, 
Ақындар бұған жетпеген,
Қадір тауып қарығанша,
Басынан бақ-құс кетпеген, – деп жырлап, ардақты ақынды пір тұтты. Ол «Жамбылға» деген өлеңінде 
«Жамбылым жаннан асқан ақын екен, 
Айтқаны Сүйінбайға жақын екен» – деп, жылы шырай білдіреді. Міне, бұл қазақ пен қырғыз ақындары арасындағы дәстүр сабақтастығын көрсетеді.
Көптеген түркі халықтарының көне танымы бойынша жыр ақынға Жаратқан тарапынан берілетін ғажайып сыйға баланады. Ақын, бақшы, ашуг, жомоқшы-манасшылар өлеңді Тәңір тарапынан «сәуегей түс көру» арқылы адамға жұғатын артықша қасиет деп ұққан. Бұл көне түркіден жалғасқан ұғым Сүйінбайдың да басынан өтеді, сол себептен де ақын ешкімнен тайсалмай, тек қана ақиқатты айтып, халықтың мұң-мұқтажын сөйлеп өтуге, тағдырдың қалауы бойынша берілген «аманатқа қиянат» етпеуге тиіс болады. Осы қасиетті қызметті Сүйінбай ақын абыздықпен атқарған деу­ге дәлел жеткілікті. Оның Тезек төреге айтысында арқасы қозып:

«Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмаймын... 
Шын дертім ұстап кетсе айнымалы, 
Басымнан ұшқан құсты асырмаймын!» – деуі де ақындық жолдың киелі құбылыс екенін халқына тағылым еткені, табыс еткені болар. Өзіне ақындықтың қалай қонғандығы туралы тағы бір жырында ол былай деген:
Атыңнан айналайын Қызыр бабам,
Түсімде таңға жуық келдің маған.
Білмеймін «өлең» деді, «көген» еді,
Сайрауық құстар келіп төнді маған. 
Аузына Қызыр-Ілияс түкіріп, көк бөрінің киесі жебеген шайыр ақындықтың сертіне адал болды, жыраулықты ақындыққа ұластырды, сөйтіп, шәкірті Жамбылдың жолын ашқан батагөй абызға да айналды. Сондықтан болса керек, «пірі Сүйінбайға сиынбай сөз сөйлемеген» жыр алыбы Жамбыл:
«Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан, 
Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай» – дейді аруақтанып. 

Телегей теңіз жыраулық поэзияның кәусарынан сусындаған Сүйінбай ақын «Манас», «Көроғлы», «Шахнама», «Тотының тоқсан тарауы» сияқты жыр-эпостарды кейінгі ұрпаққа жырлап таратушы көненің көзі болды. Ол Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз секілді қобызбен жыр толғаған жорықшы жыраулардың дәстүрін қайта жаңғыртып, ХІХ ғасырға домбырамен әкелген, оны шығыс әдебиетінің үздік үлгілерімен жалғастырған дәнекер тұлға қызметін атқара білді. Сондықтан оны байырғы жыраулардың соңғы тұяғы һәм арқалы ақындардың басы болған заңғар тұлғалардың бірі ретінде қарастырған жөн сияқты.  

Оның поэзиясынан көбе киген жыраулардың дүбірі естіледі, көне түркі дәуірінің әуен, лебі сезіледі. Ақын жырлаған «Жабай батыр» дастаны сонау Алтын Орда заманынан «Он сан ноғай бүлгенде, Орманбет хан өлгенде» оқиғасынан сарқыт ұсынады.

Бұл дастан туралы Сәкен Сейфуллин былай деп жазады: «Міне, бұл –Орманбет би өлгенде болған қырғын шабыншылықтарға меңзейтіні көрініп тұр... Бұл да қазақ руларының ноғайлы болып жүрген кезінде, Қазанды өзімсініп жүрген кезіндегі заманға меңзейді».

Түркілік рухани болмысты түйсігімен сезінген Сүйінбай есте жоқ ескі заманнан ұлттың кодында, түпкі тұңғиық жадында сақталған көк түркінің бөрілі байрағын, айбарлы ұранын қайта жаңғыртып, отарлық бұғаудағы санасы қалғи бастаған халқына қалқан еткендігін көрегендікке балауға болар: 
Бөрілі байрақ астында, 
Бөгеліп көрген жан емен,
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен!
Бөрі басы ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсем,
Қозып кетер қайдағым! 
Күллі түркіге ұран болған бұл киелі рәміз туралы академик Әлкей Марғұлан жетпісінші жылдары жазған «Қасқыр бейнеленген петроглифтер. Шапырашты тайпасының тотемі» деген зерттеуінде былай дейді: «Қасқыр бейнелерінің мол таралуы – ежелгі тайпалардың қайсарлықты үлгі етіп, қасқырды тотем еткендігінің айғағы. Бөріні тотем ету рәсімі қазақта ғұндардың кейбір салтын бүгінгі күнге ұластырған Ұлы жүздегі шапырашты тайпасының жорасынан байқалады. Этностық тұрғыдан шапырашты Жетісудағы ежелгі ғұндардың тұқым-тұяғы, анығырақ айтқанда, бұл сүйек ғұндардың икей (икюй) деген тайпасының жұрнағы. Әйгілі ақындар Сүйінбай мен Жамбыл осы рудан шыққан... Қасқырға тәу ету ғұрпы мыңдаған жылдар бойы шапырашты ұрпағы арасында жалғасып келгендіктен осы салттың кейбір сілемдері бүгіндері де ел арасында бар. Мысалы, аяғы ауыр аналар жерігін басу үшін қасқырдың бауыры мен жүрегін жейтін болған, бесікке тұмар етіп бөрінің құлағы мен тырнағын ілу жорасы да бар. Кейбір әулетте найзаға байланған бөрі бейнелі жалау сақталған. Жамбылдың айтуынша, Сұраншы мен Бұғыбай батырлардың найзасында бөрібасы тағылған».

Бұл – бөрі туралы көне аңыздардың халық жадында жатталып, бүгінге жеткенін әйгілейді. Мәселен, қытай жылнамаларында сақталған аңызда жаугершілік заманда қырылған бір халықтан аяқ-қолы шабылып, жараланған он жасар бала ғана тірі қалғандығы айтылады. Ол балаға бір қаншық қасқыр жолығып, емізіп, жазып алады. Кейін жаулары баланы тауып, өлтіргенде буаз қасқыр бір үңгірге барып жасырыныпты. Аңыз бойынша, қаншық қасқырдан 10 бала дүниеге келеді. Олар есейіп, үйленіп, көбейіп үлкен елге айналады. Он ұлдың ең күштісінің Ашина есімі олардың жалпы атына айналыпты. 

Ал көне үйсін дәуіріндегі ерлік жырға арқау болған әңгімеде жаулары үйсіннің биі мен әйелін өлтіретіні баяндалады. Аңыз бойынша, ол әулеттен бір нәресте ұл аман қалады. Осы кезде әкесінің туысы Бөже батыр көмекке келіп, шайқас үстінде баланы қалың шөптің арасына жасырып кетіпті. Соғыс бітіп, жаудың бетін қайырғаннан кейін, баланы бір қаншық қасқырдың емізіп тұрғанын және бір құстың әуеде айналып ұшып жүргенін байқайды. Сөйтіп ол баланың тегін емес екенін түсініп, оны ғұндардың көсеміне апарып береді. Қаған баланың атын Күнби деп қойып, тәрбиелейді. Бала ержетіп, «көк бөрі» атын алғанда, қаған оны қолбасы етіп тағайындайды. Ержүрек қолбасы жауларын жеңіп, туған жерін қайтарып алып, үйсін елін билейді.

Ендеше, күн астында күркірей жортқан түріктердің, ғұндар мен үйсіндердің қасиетті ұранын уақыт пен кеңістіктің жойқын кедергісіне қарамай, қайта жаңғыртқан, Алаш рухы мен бекзаттық жадының шырақшысы болған абыз Сүйінбай Аронұлының осынау текті өлеңі түркі рухани әлемі үшін сирек кездесетін құдіретті құбылыс болып табылады деуге болады.

Сүйінбай ақын бір жырында өзін «Айдары алтын барыспын» деген екен. Осы алтын айдарлы барыс Жамбылда қызыл жолбарыс бейнесінде ұласады. Тәуелсіздік таңы атқанда сонау сақтан бері үзілмей жалғасқан алтын барыс қуатты Қазақ елінің бедерлі белгісіне, айбарлы ұранына тағы да айналды.
Туғанына екі ғасыр толған арқалы ақын: 
«Сүйінбай – Алатаудай атым дардай, 
Жатқанымда болдым ғой шөккен нардай», – деп тұлғасын туған өлкесі алып Алатауға теңеуі – өзінің шын бағасын білгендігі, болашақ ұрпаққа кәміл сенгендігі еді. Расында, әдебиет әлемінде ақын Сүйінбай бұлтпен тілдескен Тәңіртаудың асқаралы жотасы секілді заңғар құбылысқа айналды. 
Алты Алаштың арқалы ақыны ғана емес, ұлан-ғайыр аймаққа тұлпарының тұяғы тиген көк түріктен тамыр тартқан көшелі жұрттың жалаулы жырауы, семсер сөздің сайыпқыраны болған Алатаудың ақиығы күн өткен сайын биіктеп, көк байрақтағы күн астында қалықтай ұшқан алтын қырандай асқақтай берері анық. 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.11.2017

ОҚО-да биыл жалпы өңірлік өнім көлемі 1 340 491 млн. теңгені құрады

18.11.2017

Үкімет басшысы Жамбыл өңірінің жай-күйімен танысты

18.11.2017

Атырауда ақын Өтеген Оралбаевтың шығармашылық кеші өтті

18.11.2017

Өзге ұлт өкілдері де латын қаріпті көне кітаптарды ұстап көрді

18.11.2017

Оңтүстікте он айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 684 млн теңгеге жуық өнім өндірілді

18.11.2017

ОҚО-да орташа жалақы мөлшері 101 мың теңгеден асқан

18.11.2017

Төрт дүркін чемпион дүркіретіп той берді

17.11.2017

Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысы өтті

17.11.2017

Сағынтаев оңтүстік өңірлердің аграршыларымен кездесті

17.11.2017

ОҚО әкімі жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті

17.11.2017

Үкімет басшысы Жамбылдағы минералды тыңайтқыштар зауытына барды

17.11.2017

«Нұр Отан» партиясында «Көш көлікті болсын» акциясы өтті

17.11.2017

Қыздар университетінің студенті гран-при иегері атанды

17.11.2017

Түлкібаста биыл 31 өндірістік кооператив құрылды

17.11.2017

Назарбаев «Royal Dutch Shell» концернінің бас атқарушы директорымен кездесті

17.11.2017

ТМД-ға мүше мемлекеттердің жастар ісі жөніндегі Кеңесінің отырысы өтті

17.11.2017

Динара Сәдуақасова БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы елшісі болып жарияланады

17.11.2017

Лос-Анжелесте Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері өтеді

17.11.2017

ОҚО бала туу мен табиғи өсім бойынша республикада көш бастап келеді

17.11.2017

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы

Коммерциялық кино: ақша һәм арзан күлкі

Немістің атақты кино теоретигі Зигфрид Кракауэрдің «Коммерциялық кино мен көпшілік психологиясы өзара байланысты және ол спираль тек­тес болып келеді» деген пікірі бар. Шынында да, коммерциялық ки­но мен  көпшілік, яғни көрермен пси­хологиясының арасында қандай байланыс бар?   

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Зардабын қателіктің тартқан білер

Кез келген адам шешімі күрде­леніп, бірнеше сот процестеріне ұласатын дауға басын сұға қой­май­ды. Одан өзіне пайда жоқ екенін де біледі. 

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Күйгелектік қадірді кетіреді

«Қоғамда болып жатқан терең өзгерістерге байланысты біздің тарихқа қайтадан үңіліп, сол кездерден бүгінгі күннің проблемаларынан шығудың жолын іздеп, болашаққа сабақ алуымыз керек», деген еді Президент Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабында. Тарихтан сабақ алу – қай заманда болса да күшін жоймайтын, ескірмейтін маңызды мәселе.        G M T     Определить языкАзербайджанскийАлбанскийАнглийскийАрабскийАрмянскийАфрикаансБаскскийБелорусскийБенгальскийБирманскийБолгарскийБоснийскийВаллийскийВенгерскийВьетнамскийГалисийскийГреческийГрузинскийГуджаратиДатскийЗулуИвритИгбоИдишИндонезийскийИрландскийИсландскийИспанскийИтальянскийЙорубаКазахскийКаннадаКаталанскийКитайский (Упр)Китайский (Трад)КорейскийКреольский (Гаити)КхмерскийЛаосскийЛатинскийЛатышскийЛитовскийМакедонскийМалагасийскийМалайскийМалайяламМальтийскийМаориМаратхиМонгольскийНемецкийНепалиНидерландскийНорвежскийПанджабиПерсидскийПольскийПортугальскийРумынскийРусскийСебуанскийСербскийСесотоСингальскийСловацкийСловенскийСомалиСуахилиСуданскийТагальскийТаджикскийТайскийТамильскийТелугуТурецкийУзбекскийУкраинскийУрдуФинскийФранцузскийХаусаХиндиХмонгХорватскийЧеваЧешскийШведскийЭсперантоЭстонскийЯванскийЯпонский   АзербайджанскийАлбанскийАнглийскийАрабскийАрмянскийАфрикаансБаскскийБелорусскийБенгальскийБирманскийБолгарскийБоснийскийВаллийскийВенгерскийВьетнамскийГалисийскийГреческийГрузинскийГуджаратиДатскийЗулуИвритИгбоИдишИндонезийскийИрландскийИсландскийИспанскийИтальянскийЙорубаКазахскийКаннадаКаталанскийКитайский (Упр)Китайский (Трад)КорейскийКреольский (Гаити)КхмерскийЛаосскийЛатинскийЛатышскийЛитовскийМакедонскийМалагасийскийМалайскийМалайяламМальтийскийМаориМаратхиМонгольскийНемецкийНепалиНидерландскийНорвежскийПанджабиПерсидскийПольскийПортугальскийРумынскийРусскийСебуанскийСербскийСесотоСингальскийСловацкийСловенскийСомалиСуахилиСуданскийТагальскийТаджикскийТайскийТамильскийТелугуТурецкийУзбекскийУкраинскийУрдуФинскийФранцузскийХаусаХиндиХмонгХорватскийЧеваЧешскийШведскийЭсперантоЭстонскийЯванскийЯпонский                   Звуковая функция ограничена 200 символами     Настройки : История : Обратная связь : DonateЗакрыть

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Тілде буын жоқ...

Көп сөйлейміз. Көпіріп. Әңгі­ме­­ні көп айтамыз. Тіл безеп. Ше­шенсиміз. Көсемсиміз. Кеуде ұра­мыз. Біз білеміз дейміз. Біздікі ғана дұрыс. Өзгелердікі сандырақ. Біз ба­тырмыз. Біз ақынбыз. Біздей данышпан халық жоқ. Осының бәрі рас па екен өзі?..

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Түрлі өмірді бастан кешу мүмкіндігі

Оны адамға кітап қана бере алады

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу