Бұл қазынаны белгілі ақын әрі ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Өтебай Тұрманжанов жинап, құрастырып, 1959 жылы Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік әдебиет баспасынан басып шығарған.
...Міне, осы кітапты мен өзімнің жекеменшігім деп ойлайтынмын. Сөйтсем, оным бекер екен. Тек әншейін, ұзақ уақыт қолымда болған соң көзім үйреніп, өзімше иемденіп қалыппын.
Бірде ауылдан шешем қыдырып келді. Кешке жұмыстан оралсам, ол кісі әлгі сары кітапты алып, үңіліп қарап отыр екен.
– Иә, қалаға келіп, мақал-мәтел үйренейін дегенсіз бе? – деп күлдім.
– Е-е, – деді шешем жеңіл ғана күрсініп. – Мына кітапты көріп, қай-қайдағылар есіме түсіп отыр-дағы... Әкең мұны баяғыда Арыстағы кітап дүкенінен сатып алып, маған сыйлап еді. Міне, сондағы жазуы... Тұп-тура сол күнгідей көз алдымда тұр!
– Кәне, көрейінші, – деп қолымды создым. Шешем сары кітаптың бетін алақанымен аялай сипап, маған ұсынды.
Расында да, мұқабаның ішкі жағына: «1959 жыл. 19 август. Арыс стансасы. Тұрсынға – Балтақарадан» деп жазылған екен.
Бұрынырақта бұл жазуды оқыдым ба, оқымадым ба, есімде жоқ. Оқысам да, сірә, дәл қазіргідей мән бере қоймасам керек.
– Апыр-ай, – деді шешем өзімен-өзі сөйлескендей болып. – Содан беріде қаншама жыл өтті... Ол кезде біздің жаңа ғана отау құрған кезіміз ғой. Сендер әлі бұл дүниеде жоқ едіңдер. Енді ойлап қарасам, содан бергі көшіп-қонған жерлерде үй салдық, жиһаз алдық... Бәрі тозды. Ал мынау кітап... сол баяғы қалпында тұр!..
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»