Қазақстан • 17 Қазан, 2017

Алматыда Орталық ғылыми кітапханада халықаралық конференция басталды

1024 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Ғылым ордасының» Орталық ғылыми кітапханасында «Кітапхана заманауи ақпарат кеңістігінде» атты үш күндік халықаралық конференция өз жұмысын бастады.

Алматыда Орталық ғылыми кітапханада халықаралық конференция басталды

Орталық ғылыми кітапхананың 85 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған жиынның басты тақырыбы – қазіргі жаһандық технологиялық үрдістер уақытында ғылыми кітапханалардың заман көшінен қалып қалмай, жинақталған қорды оқырманға жеткізу, халық игілігіне жарата білу сынды маңызды міндеттерін жүзеге асыру мәселесі.

Орталық ғылыми кітапхана меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаева: «Кітапханада жинақталған қорды оқырманға жеткізудің, игілікке жаратудың маңызы зор. Оқырманға заман талабына сай қызмет көрсету үшін біз қашанда барлық мүмкіндікті қарастырып, барынша пайдалануға ұмтылып келеміз. Қазіргі технологиялар дамыған заманда кітап қорының электрондық каталогы, құжаттарды сандық қалыпқа түсіру, оқырмандарға құжаттардан көшірме, сканер жасау, түнгі абонемент жұмысы тәрізді игілікті істердің бәрі де оқырманға сапалы әрі жылдам қызмет етуге бағытталып отыр», – деп атап өтті.

Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындары кітапханаларының басшыларымен қатар, автоматтандырылған кітапханалық жүйенің негізін қалаған экономика ғылымдарының кандидаты В.Грибов, халықаралық ақпарат академиясының өкілі Л.Левова, педагогикалық ғылымдардың кандидаты, РҒА МКҒТК ғылыми қызметкері Д.Цукерблат, Түркияның Жумһуриет университетінің профессоры Билал Южел сынды алыс-жақын шетелдерден келген арнайы мамандар қатысып отырған конференция барысында сондай-ақ, әлемдегі әлеуметтік институттар мүмкіндігін көрсетудегі кітапхана рөлі, библиографиялық қызмет көрсетуде ақпарат берудің жаңа үлгілерін енгізу, жаңа ақпараттық технологиялық келісімдерге қол жеткізу маңыздылығына қатысты ұтымды ұсыныстар мен ой-пікірлер ортаға салынбақ. 

Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»