Тұлға бойындағы осындай талаптарды қалыптастыра отырып, оқу-тәрбие үдерісі білім беру жүйесінің жаңа мазмұнға ие болуына қол жеткізбек. Осы тұрғыда қазіргі мектеп қабілетті және құзыретті тұлғаны қалыптастыру мен дамыту ортасы болып, білім беру жүйесін әлемдік деңгейге көтеруі керек. Жас ұрпақтың жаңаша ойлауына, олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуына, әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселенің бірі.
Қазақстанның білім саласында әлемдік үрдістерге кіруі, дамыған елдердің стандарттарына ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Барлық жаңғырту үрдісіндегі табыстың негізгі факторларының бірі – ұлттық білім беру жүйесін жаңарту болып табылады», деген сөзін негізге ала отырып елімізде білім беру үдерісі жаңартылуда. Қазіргі кезде білім беру жүйесінде жасалып жатқан реформалар барлық деңгейлердегі білім мазмұнын жаңартуға бағытталған.
Әлемдік білім беру кеңістігіне кірудің стратегиялық мәселелерінің бірі он екі жылдық оқыту үлгісіне көшу болып табылады. Бұл жүйеге көшу дайындығы қазіргі таңда білім беру мазмұнын жаңарту, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту арқылы жүзеге асырылуда.
Ал білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – ұстаздың қолында. Білім беруді жаңартылған мазмұнға көшіру аясында білім беру үдерісін басқару мектеп-интернатта жүйелі түрде жүзеге асуда. Осы орайда дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернатында 30 жоғары білімді мұғалім еңбек етеді. Ұлы педагог К.Ушинскийдің «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда, оның мұғалімдігі де жойылады» деген сөзін жадында ұстайтын ұстаздар заман талабына сай білім беру мақсатында қысқа мерзімді курстарда, деңгейлік курстарда білімдерін жетілдіруде.
Жаңа форматтағы деңгейлік курс бағдарламасы бойынша білімдерін жетілдірген 7 мұғалім мектептегі оқу үдерісіне өзгерістер енгізіп, білім беру қызметін заман талабына сай өзгертуде. Білім беру бағдарламасына сәйкес мектеп-интернатта тәрбие мен оқыту ажырамас байланыста жүргізіліп келеді. Мектептің мақсаты жоғары білімді, шығармашыл адамның үйлесімді тұлғаланып, дамуы үшін қолайлы білім беру кеңістігін жасау болып табылады. Сондықтан сабақ үдерісінде оқушылар сын тұрғысынан ойлауға, білімін шығармашылықпен пайдалана білуге, зерттеушілік дағдыларына, АКТ дағдыларына, топта және жеке жұмыс істей білуге, тілдік дағдыларға, қойылған міндеттер мен күрделі мәселелерді шеше білуге үйренеді.
Мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса да ол оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткендегідей нәтиже бермейді. Оқушының тұлға ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Сол белсенділікті жүзеге асыратын – жаңартылған оқу бағдарламасы. Оны өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдыретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана іске асырады.
Сондықтан дарынды оқушылардың дамып, шыңдалуына негіз болатын – дарынды ұстаздар. Осы орайда мектеп-интернат мұғалімдері де түрлі облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып, облыстық, республикалық көлемде өткізілетін семинар, конференцияларда белсенді түрде тәжірибе алмасуда. Осындай тәжірибелі ұстаздардың қатарына жаңадан келіп қосылған жас мамандарға тәлімгерлері қолдау көрсетіп, шеберлік сынып, тренингтер, коучингтер, менторингтер арқылы мұғалімдіктің қыр-сырын үйретуде. Еңбек жолын тәрбиеші болудан бастаған жас мамандарға өзіне-өзі сенімді болуы үшін ағылшын тілін жетік меңгеруіне, терең білім алып, бәсекеге қабілетті интеллектуалдық дәрежесі жоғары маман болуына баса көңіл бөлінуде.
Жаңартылған білім мазмұнында көп тілді оқыту – оқушыларымыздың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемнің ғылыми құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі ең басты қажеттілік. Көп ізденуден, еңбек етуден туатын сабақты педагогикалық шығарма деп білетін ұстаздар өз оқушыларын полилингвист тұлға етіп қалыптастыруда. Шәкірттер үш тілде өткізілетін сыныптан тыс іс-шаралар арқылы полимәдени қоғамда өмір сүру мен қарым-қатынас жасауға, мәдениаралық диалогқа қатысуға дағдылануда. «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан тарихы» пәндері мен тәрбие сағаттары арқылы өз ұлтының мәдениетін сезіну қалыптасып келеді.
Ал ағылшын тілінде оқытылатын физика, химия, биология, математика, информатика пәндері арқылы ғылым негіздерін жоғары деңгейде меңгеру, ғылыми жұмыспен айналысу біліктілігі дамытылуда. Осындай жұмыстарды жүргізу нәтижесінде оқушылар ағылшын тілінде жүргізілетін білім сайыстарына еркін қатысуда. Сондықтан халықаралық, дүниежүзілік деңгейдегі олимпиадаларда, ғылыми жоба жарыстарында жүлделі орындарды иеленіп, Қазақ елінің көк туын биікке көтеріп келеді.
Білім беру кеңістігіне кірудің стратегиялық мәселелерінің тағы бірі – мектептің материалдық-техникалық базасын жаңарту. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталуда. Жаңа модификациялы физика, химия, биология, мультимедиалық-лингафондық кабинеттері оқушылардың қолданысына берілді. Барлық пән кабинеттеріне интерактивті тақта қойылған.
Мектепті басқаруда білім берудің сапасын үнемі өзіндік тәртіппен бағалауды қамтамасыз ету де маңызды мәселе. Білім беруді жаңартылған мазмұнға көшіру аясында білім беру үдерісін тиімді басқару қажет. Үлкен жетістіктерге қол жеткізу мектептегі педагогикалық ұжымға ғылыми тұрғыдан дұрыс басшылық жасауға да байланысты. Өркениетке көшкен әлемнің көптеген елдерінде мектеп ұжымының имиджін қалыптастыру, оны жоғарылату ниетінің өскені байқалады.
Ахмет Гази ЧОЛАК,
«Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры
ТАРАЗ