Алаш қозғалысының 100 жылдығы аталып өтіп жатқан биылғы жылы оның «Міржақыптың оралуы. Возвращение Миржакипа» («Мектеп» баспасы, 2017 ж.) хикаят-сапарнамасының қос тілде жарық көруі осынау оқиғалы кезеңге тартылған лайықты сыйы дерліктей. 1992 жылдың 1-18 қыркүйегі аралығында бұрынғы Торғай облысынан жасақталған арнаулы экспедиция Міржақып Дулатұлының мүрдесін 57 жылдан соң Карель АКСР-інің Сосновец стансасындағы қабірден алып, туған топырағына Жанкелдин ауданының өз атындағы қауымдастық орталығына қайта жерлеудің басы-қасында болған еді. Сол кездегі меншікті тілші Қ.Әлім осы айрықша жауапты сапарға республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тапсырмасымен қатысқан болатын. Автор тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы осынау алабөтен оқиғадан көзбен көргендерін, алған әсерлерін М.Дулатұлының өмірімен тығыз сабақтастыра отырып баяндайды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген екінші кітабы «Безінген ләйлек» («Ана тілі» баспасы, 2017 ж.) деп аталады.
Бұған таңдамалы шығармалары топтастырылған. «Мекке, Мәдинам менің!» хикаятында имандылықтың алтын арқаулы діңгектері туралы тебіреніс-сезім тереңнен жан толғанысымен тартылса, «Сейілмейтін мұңда» трагедиялық өмір қалтарысы рухани қажырлылықпен тарамдалады, күрескерлік шыңдалысты тәнтілей түседі. Сондай-ақ «Безінген ләйлек» пьесасы атом ажалымен айқастың зар-наласынан сабақ түйіндеуімен құнды. Ал әңгімелері мен эсселерінде ұлттық құндылықтарды, адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерді, махаббат, достық, адалдық ғибраттарын мазмұнды, шыншыл әрі көркем кестелеген. Жұмыр жердің әр қиырына жасаған саяхат-сапарнамалары да тартымды, қызғылықты оқылады.
Қайсекең қатты қадірлейтін Әзілхан Нұршайықов ағасымен 34 жыл бойы хат жазысып жүріп, нәтижесінде кітап шығарып, енді өзінің де сол кісіге ұқсап үзбей күнделік жүргізуді әдетке айналдырғанының жарқын жемісі «Өз өрмегім» деп аталатын қос томдығы («Ана тілі» баспасы, 2017 ж.) дер едік. Біріншісі – 1964-2005 жылдарды, екіншісі – 2006-2017 жылдарды қамтиды. Автор екінші кітабының алғы сөзінде: «Бір жағынан күнделік үлкен жазудың жаттығуы тәрізді. Ми әманда ояу жүреді, өмірге құштарлық еселенеді. Уақыттың қадірін сәт сайын еске салады. Сол себепті күнделігім – жан серігім, жүрек ләззатым, көңіл қимасым, қалам сыйласым... Күндерім, бермен келіңдер! Жаза алмасам – маған серт! Жазылмай қалсаң – саған дерт!» деп жан сырымен бөліседі.
Биылғы 70 мерей жасын осындай қаламгерлік табыспен атап өткен ол туралы «Қызбелдің Қайсары» деген кітапқа («Ана тілі» баспасы, 2017 ж.) және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің сериялық басылымы «Қайсар Әлім» атты («Ғылым ордасы», 2017 ж.) библиографияға өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар мен эсселер, еңбектеріне қатысты әдеби рецензиялар, мерейтойлық арнау өлеңдер, сондай-ақ ғұмырнамалық хаттар топтамасы енгізілген.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА