Талап пен тәртіп жібі тартылып, ереже мен қағида қатарға тұрған секілді. Бұдан саяси астар, сауда-пейіл іздеп жатқандар да бар. Қара аспанды төндіріп, қара суды ағызып, отқа май құюға ұмсынып, шырғалаң шырпысын тұтатуға ұмтылып жатқандар да бар секілді. «Кеден кеден болды, кедергі неден болды» деген сөзіміз бар ғой. Осының астарын ашып қарасақ, Абай айтқан: «бір туғанның» бір асым насыбайдан қалған көңілі ғана жатқан сияқты.
«Егеменде» ел назар салатын қос өрім мақала жарияланды. Дархан Қыдырәлінің «Манастың тұтқыннан босануы» мен сөз дауылы Сүйінбай туралы мақаласы осы қазақ-қырғыз шікәмінің шындығы мен сырын билерше толғап, ақылды алдыға, ашуды артына салған сөз болды. Төскейде малымыз, төсекте басымыз, саясатта санымыз, салтанатта әніміз жарасқан тетелес елдің арасын тентек сөз сетінетіп кете жаздаған кезде ақиқатқа жүгінтіп, ақылға бүгілтіп сөз айтылған екен. Сөзге сөз жалғасақ, ұрысқалы емес, ұғысқалы тұрғанымыз. «Аға – бордан, іні – зордан» деген сөзді еске алып, асып сөйлеген мен шашып сөйлеген тең елді теңестіруге ниет еткеніміз. Мұндайда дерек пен дәйектің «дат» айтатыны бар.
Жер-жаһанды жаңғыртып, жариялылықтың шынайы болмысын жасақтап берген Желтоқсан оқиғасы кезінде теріс ниет топан мақалаларды орталық басылымдар қардай боратып жатқан кез еді. Бұған үн қосқан жергілікті жердегі жандайшаптар да жиі-жиі мақала жазып, мазаны кетіріп тұрған. Осы кезде қырғыздың ұлы перзенті, кезінде заңғарымыз заманның төріне жетектеген Шыңғыс Айтматов «Правда» газетінде қазақтар туралы, халқымыздың жақсы қасиеттері мен ұлттық болмысы жөнінде мақала жариялап, қазақты «жүгенсіз ұлтшыл» деген горбачевтік қаулыға парасатты тойтарыс берді.
Ол кезде Шыңғыстың бір аты шындық болатын. Байсалды, байыпты сол мақаладан кейін қазақ аспанындағы қара бұлт сейілгендей болды. Жұртымыз да жұмыла жігер көрсетіп, «бұға берсе – сұға беретін» байырғы бұйрыққа уәж айта бастады. Сейдахмет Бердіқұлов (1986 жылғы 20 желтоқсан), Салық Зиманов (1986 жылғы 23 желтоқсан), Жұбан Молдағалиев (1986 жылғы 31 желтоқсан), Сафуан Шәймерденов (1987 жылғы сәуір), т.б. айта алатын ағаларымыз халқымыз туралы әділетсіз қатал үкімге қарсы нақты сөздерін айтып, бастарын бәйгеге тікті. Осындай кезеңде ел достығы етене көрінді. Бұл екі елге тарихи дерекке жүгінгенде тең мұра болып саналатын «Манасты» ақтаған Мұхтар Әуезовтен жол алған жоралғы дәстүр болатын. Аға-інідей қауышқан дос құшақ содан бері қайта ажыраған емес.
«Сайқал саясат» деген жаман термин бар. Салқыны үдеп, салмағы жүдеп кететін жерлері бар болғасын туған тіркес болар. Бірақ тең бауырлардың арасын ашуға емес, өкпе-реніштерін басуға «сындарлы саясат» деген заманауи тіркес барынша дәл келеді. Тарихи кезеңдер қайшыласқан қилы заманды қайыра еске алып, қында жатқан қылышты қозғап-қозғап қоюдың уақыты өтіп кетті. Тағы да Абайға жүгінеміз: «батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтың жөні бір басқа». Біз бір-бірімізге асық, ғашық халықпыз. Ақындар ағасы Әбділда Тәжібаев кезінде: «Басымда менің ақ қалпақ, оюлап шетін сырғызған, менің де бетім жап-жалпақ, айырмам қайсы қырғыздан» деп жазғандай, бетіміз ғана емес, ішкі ниетіміз де жалпақ даламыздай кең емес пе еді?
Ойды ой қуалап, 1986 жылға тағы да табан тіредім. Сайыпқыран сардар Сейдахмет Бердіқұлов басқарып тұрған «Лениншіл жас» газеті осы жылы бір жаңа үрдіс бастаған. «Сұхбат-телефон» деген жаңа айдар ашып, ол кейін басылымның ту ұстар тізгіні болған. Соны ашар кезде Сейдағаң мені шақырып алып, қырғыз әдебиетінің ғана емес, әлемге оқ бойы озып шыққан қаламгер, «Адамзаттың Айтматовы» деген халықтық атаққа ие болған Шыңғыстан бастасақ деп пікір-шешім айтты. Мен онда «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі едім. Секең айтты, сөз қысқа, дайындала бастадық.
Ертеңіне Секең қайыра шақырды. «Менің Шықаң туралы пікірім сол пікір, өзгермейді. Бірақ аруақ аттағандай болып отырмын. Түнімен ойландым. Әуелі өзімізден бастайық, халқымыз өкпелеп қалар, қане, кім бар?» деп әдетінше шаншыла қарады. Бірнеше ағаларымыздың атын атадым. «Әбекең дұрыс, арыстан жал ақын, атағы да бар, абыройы да аспандап тұр, ендеше Әбекеңнің үйіне тарт, келісімін алып кел», деп шұғыл тапсырма берді. Әбекең жайдары, жақсы қарсы алды. Жазу кабинетінде бұрқыратып өлең жазып отыр екен. Қарасам, ол ақ қағазға өлеңді араб әліпбиімен жазып отыр. Қысқа сәлемдесуден соң, «ал, шалдың мына өлеңін тыңдап көрші» деп арқаланып жыр оқып кетті. Ұсынысқа қуана келісті.
«Қаламмен жазылған, қарумен өшпейді» деген атпен газеттің бірінші бетінен басталып, үшінші бетін тұтас алған сол мақаланы «Правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі Төлеужан Есілбаев аталған басылымда «Паутина» деген атпен кейіпкер мен автордың аттарын атамай атап көрсетті. Аттарымыз аталмағандықтан аман қалдық, бірақ соның өзінде үш әріптің тезінен сан рет өтуге тура келді. Сол жылы қазан айының аяғында Қырғызстан әдебиеті мен мәдениетінің күндері Алматыда өтті. Біз алдын ала дайындалып, Шыңғыс Айтматовпен «Сұхбат-телефонның» тосын нұсқасын жасадық. Шыңғыс ағаны жолдан қалдырмай оны Алматыдан Фрунзеге дейін шығарып сала отырып, сұхбатты жол үстінде алуға келістік. Сұхбатты мен жүргізетін болдым да, суреттерін фототілшіміз Рахымбай Ханалы түсіретін болды.
Бұл сұхбат 1986 жылғы 1 қарашада «Лениншіл жас» газетінде «Жол мұраты – жету» деген атпен жарияланды. Шыңғыс аға бұл сапарында екінші жары Мариям апай және кіші ұлы Элдармен келген екен. Қордай асуының үстінде дастарқан жайып, үш сағатқа созылған емен-жарқын әңгіме болды. Жол үстінде Шыңғыс Төреқұлұлы біздің көлікке ауысып отырып, мен оның жанында отырып, радиорепортерді іске қосып, екі сағаттай сұхбат алып үлгерген едім. Жол үстіндегі әңгіме, Қордай асуындағы сұхбат екі елдің мәңгілік достығы, ұлттық-рухани байланыстары, тарихи кезеңдердегі туыстық қатынастар, кеңестік кезеңдегі күрделі мәселелер, жас буын тәрбиесі, әсіресе қандай жағдайда да екі ел арасындағы ғасырлық достық пен бауырмалдықтың жібін қолдан шығармау жөнінде болды.
«Жауға шапқанда ұранымыз бір, намысқа шапқанда құралымыз бір, тойға келгенде жыр-әніміз бір халықпыз, қандай жағдай болса да ақылға жүгініп, дәстүрге үңіліп, бір-бірімізді жауға да, дауға да бермейтін болайық», деген түгел сөздің түбі айтылып еді. Ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовті
жанары боталап еске алып, шетелге шыққанда алып жүретін екі қасиетті тұмарым: «бірі – Манасым, бірі – ұстазым Мұхтар Омарханұлы» деп тебіренген. Бұл сөзін талай жерде таратып та айтты, талдап та жазды. «Мені оқытқан жер – Әулиеата, өсірген қазақ жері, танытқан Мұхтар Әуезов» деп ағынан жарылған асыл аға. Қиын кезде қиыстырып сөз айтқан, түйінді жерде ұғыстырып ой айтқан асыл ағаның сол сөзін еске алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде, саспайтын жерде сасып, екі етегімізді басып, шындықтан қашып, жарамызды қасып сөйлегеніміз қалай болғаны, атаңқоқи Атамбаев?
Ұлылықпен ұшырасудан – ұлағат, кесірлікпен кездесуден кінәрат аласың. Қос халықтың тел емген перзенті болған Шыңғыс Айтматовтың айтқанын уақыт көрсетіп келе жатыр. Түркі жұртының төрінде отырған қазақ елінің қай кезде де керегесі кең, кенересі тең. Кең болсаң, кем болмайсың дегенмен, басқа тиген бақан сөзден бұғып қалар жайымыз және жоқ. Екіұшты сөзді ел ағасы айтып жатса, үндемеген келіскендіктің белгісі деп біреулер ойлап қалар. Қазақ елінде тұрмыстың тауқыметімен жүрген 125 мың қырғыз бауырлардың көңілдерін қобалжытқан сөз шекара бойына да жетсе, бұдан саяси астар іздеудің жөні бар ма? Астар іздеу – адасудың басы. Қазақ қырғызға деген серт сөзін ұстаған ел.
Ағаның ақылы мен халықтың нақылы саясаттың аузындағы саудайы сөз болғаны ма? Елдік саясаткер ерсі сөз айтса – сүрінгені, әй дер ажа, қой дер қожа болмаса, көңілдің бүлінгені емес пе? Тарихтың жолы – сан тарау. Түйіні де әрқилы. Кешегі бабаның бүгінгі баланың арасындағы жалғасқан жақсы дәстүр шынайы ықылас пен шыншыл пейілден тұратынын ұмытуға болмайды. Сүйінбайдың серпінін, ақиқаттың төркінін айтқан Дархан Қыдырәлінің мақаласы төркіні қуған Тоқтағұлды бауырына басқан Жамбылдың ұлылық ұлағатын тағы да еске салып тұр. Атарына оғы ұзын, айтарына сөзі ұзын ағаларымыз аңысын аңдап жатқанда, ретін тауып, қияғын шауып айтылған сөздің парасы мен санасы бір таудың екі жағында жатқан егіз елдің назарына түсетін болар. Қатаған қауып айтқанда, Сүйінбай тауып айтқан тіркесті төтелеп тартпай, әдеппен әдемі жеткізген Дархан мақаласын Алатоодың ар жағындағы бауырлар да оқыған болар.
Халқымыздан сөз қалмаған. «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» деген нақыл-жұмбақ бар. Шешуін айтарын айтып алып, жалтарса да, бір білсе Алмазбек Атамбаев бауырымыз білетін шығар. Біз білеміз деп білек сыбанып жатқан жоқпыз, бірақ бір саясаткер айтып қалғандай, «қызықтың көкесі алда» деген сөз көңілді күпті, ойды жүкті етеді. Қырғыздың бетке ұстар мемлекеттік қызмет тұлғалары тегіс атқа қонып, дауға-сауға, сөзге қонақ сұрап келіп жатса, алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген сөздің де бар екенін білетін елміз. Атамыздың да құнын кешкен жайымыз бар. Шекара бойын шегендеп, жұрт аяғын көгендеп қоюдың ретін білеміз ғой.
Екі елдің бас министрлері жылы сөйлесіп, жылан-сөз іннен шығатындай болып қол алысылды. «Біз оң қадамды нақты, іскер әрекетке дайынбыз», деген Исақов байкенің сөзі жерде қалмайтынын айтқан Сағынтаев қағылайынның қолын қаттырақ қысып, Елбасымыздың шоңдығын, айтар сөзінің оңдығын анық байқатты. Алатаудың басына қарай ұмсынған жеңіл бұлт енді ыдырап, аспан қабағын ашып қалар. Президентіміздің қай кезде де, қай жерде де қырғыз-қазақ қарым-қатынасында әріптестіктен гөрі де терең туыстық пен достық, тарихи арқауы үзілмес тең көршілік жатқанын, оны әрдайым ақылшы етіп алға ұстаудың қажеттігі туралы айтып жүретін сөзі осы жерде де төбе бидей төрелік көрсетті. Жаман сөзге жабыла берсек, жарға апарар, жақсы сөзге дем берсек, арға апарар. Ардың биігі – ақиқаттың ауылында.
Ақиқат – қиналғанда қолұшын беретін, қысылғанда қолтықтан демейтін қазақ жұртында. Берген жомарт емес, алған жомарт деген сөз және бар. Алғанын білген ел алысқа кетпес. Бірақ «үй менікі деп, үй артында кісі барын» ұмытып кетіп жатқан көршінің көңілін адалын айтқан сөз, ақиқатын терген пікір ойландырса керек. Анау Ысық көлінің жағасында, Көк Жайықтың сағасында бұлағай күндерде Бәйтерек деп ұрандап, атқа қонған қырғыз ағайындардың тарих сабағын терең білетіндігі даусыз. Мұны кезінде қырғыздың шоң ақыны Сауранбай Жүсеев жырлаған. Енді мұны ел басшысы Сауранбай Жиенбеков жалғастырып кетер. Түбіміз ғана емес, үніміз де бір жерден шығып келе жатқан емшектес елдің ертеңіне есті сөз елші болады ғой.
Ұлық қаламгер айтқан ұлы сөз ұғысуға бастай бергей.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты