02 Ақпан, 2010

БАСПАНА УАҚЫТЫНДА БЕРІЛЕДІ

1180 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеңесте негізінен қаладағы бірқатар құ­рылыстарды мойнына алған “Аста­настрой­инвест” ЖШС-нің нысандарын аяқтау, тұрғын үй кешендеріне қаржы бөлінгеннен кейін оны мақсатты пай­далану жөнінде мәселелер қаралды. Осы мәселе бойынша өзінің пікірін білдірген қала әкімінің орын­басары қазір Астанада үлескерлердің мәсе­лесін шешу үшін әкімдік тарапынан бар­лық жағдайдың жасалып жатқанын, соңғы екі жылдан бері 26 000 азаматтың баспаналы болға­нын, соның ішінде өткен жылы 1 335 үлескерге пәтер кілттерінің тапсырыл­ғанын айтып, осы жылы тағы 2 400 үлес­кердің мә­се­лесі шешілетінін атап өтті. Ал күн тәр­ті­біндегі мәселе бойынша ол мы­надай мәлі­мет­термен бөлісті. Қазір “Альянс­строй­инвест” ЖШС қаладағы үлескерлердің қар­жысына тұрғын үйлер салып жатқан ком­па­ниялардың бірі болып табылады. Соңғы кездері үлескер­лердің қаржысына үй сала­мыз деп халық­тың ақшасын жымқырған оқиғалардың болғаны белгілі. Сондықтан кейбір аза­маттардың мерзімінде баспаналы болмай қалуына алаңдайтын жөндері бар. Деген­мен, “Альянсстройинвест” ЖШС-нің салып жатқан нысандарының дер кезінде аяқталатынына сенуге болады. Өйткені, қазір бұл компания “АТФ Банк” АҚ пен “Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры” АҚ-пен үш жақты келісім жаса­су­да. Соның нәтижесінде Үкіметтің эко­но­миканы тұрақтандыру және құрылыс саласын қолдау шаралары аясында “Альянсстройинвест” ЖШС аталмыш қордан өзі тұрғызып жатқан “Инфинити” тұрғын үй кешенінің бірінші кезегінің құ­рылысын жүргізуге 1 740 134 000 теңге, ал екіншісіне 2 186 112 000 теңге алып отыр. Сол секілді “Грация-2” және “Гра­ция-3” тұрғын үй кешендерін қаржы­ландыруға “Самұрық-Қазына” ЖМҚ” АҚ-тан 821 727 000 теңге бөлінсе, “АСИ 33/23” тұрғын үй нысандарына 1 862 421 000 теңге қарастырылды. Мұнымен қоса, “АТФ Банк” АҚ-тың компанияның “Грация-1” және “Грация-3” кешендерін бі­тіруге бөлген қаржысы 427 334 400 теңге және 135 001 500 теңге, “Орман алаңы” тұрғын алқабының екінші және үшінші ке­зегін аяқтауға берген қаржысы 223 631 850 теңге және 880 561 800 теңге құрады. Осы жерде “Альянсстройинвест” ЖШС-нің бас директоры Ринат Най­манов тұрғын алаңы бойынша мынадай мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, қазір “Орман алаңының” құрылысы бойынша жұмыстар қайта басталды. Онда істейтін жұмысшылар саны 200-ге көбейтілді. Осы күндері №6 үйдің екінші кезегінің құрылысына жылу жіберіліп, ғимаратты әрлеу үшін жылыту жұмыс­тары жүргізілуде. Жақында №13 үйдің төртінші кезегінің құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық басталды. Оны осы жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Ал тұрғын үй алаңының төрттен жетіншіге дейінгі кезектері туралы айтқанда, ол қазір компанияның оларды аяқтау және қаржыландыру мәселесінің “АТФ Банк” АҚ және “Самұрық-Қазына” ЖМҚ” АҚ-пен үш жақты келісім-шарт бойынша қарастырылып жатқанын, құры­лыстың сегізінші кезегін қаржыландыру мәселесі “Самұрық-Қазына” қорының өзімен келісіліп отырғанын айтты. Кеңесте тұрғын үйлер құрылысын уақытында бітіру мәселесі қаралды. Қала әкімінің орынбасары “Самұрық-Қазына” қорымен және екінші деңгейлі банк­­термен бірігіп істелініп жатқан жұмыс­тардың көптеген азаматтардың баспаналы болуына мүмкіндік беріп отырғанын, осының нәти­жесінде қазір қала бой­ын­ша үлескерлердің қатысуымен тұрғы­зы­лып жатқан 61 нысанның ғана қалғанын, оның кезегінде 12 900 адамның тұрғанын айтып, әкімдік осы жылы үлескерлердің мәселесін шешуге бар күшін салатынын жеткізді. Оның айту­ынша, осы мәселеге байланысты әкімдік бірнеше компания­мен бірігіп жұмыс істеуде. Соның ішінде бірқатар тұрғын үй нысанда­рының құрылысын мойнына алған “Альянс­строй­инвест” ЖШС де бар. Осы жерде атал­мыш ЖШС басшысы кеңеске қаты­сушыларға биылғы жылы нысан­дардың бәрі кезегімен тапсырылатынын айтты. Онда ол “Орман алаңы” кешенінің №№ 6, 7, 8, 9, 10, 11 және 12 үйлері наурыз бен тамыз айларының аралығында, “Грация-1” шіл­деде, “Грация-3” мамыр айында, “Инфи­нити” тұрғын үйінің бірінші және екінші кезегін шілде мен желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отырғанын, ал осы жылы “АСИ 33/23”, “Грация-2”, “Грация-4” нысандары мен “Орман алаңы” тұрғын үй кешенінің төртінші және жетіншіге дейінгі ке­зегінде осы жылы басталатын құрылыс-мон­таж жұмыстары жазға дейін аяқтала­ты­нын атап өтті. Жалпы, оның сөзінен белгілі болғандай, ЖШС өз ісіне өзге компа­ния­лар сияқты нем­құрайлы қара­май, 2002 жыл­дан бері 500 000 шаршы метр бола­тын 17 ны­санды тапсырған. Олардың құрылыс-монтаж жұмыстарына бөлінген 40 млрд.теңгені толығымен игерген. Қазір компания жұмыс­шыларға және құры­лыс материалдарына қарыз болған 80 млн. теңгені өтеп отыр. Бұ­дан басқа ЖШС-нің 50 млн. теңге кө­лемінде қа­рызы бар. Бұл қаржыны компания то­лығымен өтейтініне сенімді. Дастан КЕНЖАЛИН.