
Кеңес өкiметi билiгi тұсында әлiпбиiмiз бiрнеше рет ауыстырылды. 1929-1940 жылдары латын әлiпбиi қолданысқа енгiзiлсе, 1940 жылы кириллицаға көшiрiлдi. Осы уақытқа дейiн кириллицамен оқып, жазып келемiз. Кеңес билiгi халқымызды мәңгүрттендiру, тарихи жадынан айыру үшiн әдейi осындай саясат ұстанды. Осыдан барып кейiнгi ұрпақ араб жазуымен жазылған дүниелердi оқи алмай, көп нәрседен мақұрым қалды. Мiне, ой, сана отарлануынан құтылу үшiн әлiпбидi ауыстыру қажет деп ойлаймын.
Қазiр әлем шапшаң даму үстiнде. Заман талабына iлесу үшiн бiз де барлық жағынан өзгеруiмiз керек. Соның бiрi – латын әлiпбиiне көшу мәселесi. Әлемде 3 миллиардтан астам халық латын әлiпбиiн қолданады. Жаһандағы ғылыми еңбектердiң, технологиядағы жетiстiктердiң 90 пайызы латын әрiптерiмен, яғни, ағылшынша жазылған. Өркениеттi, дамыған елдердiң қатарына қосылып, бiлiмдi болу үшiн заман талабы ағылшын тiлiн бiлудi қажет етiп отыр.
КСРО құрсауынан босағаннан кейiн ТМД аумағындағы Әзербайжан, Түрiкменстан, Молдова елдерi iле-шала латын әлiпбиiне көштi. Түркия 1928 жылдан латын әлiпбиiн қолданады. Сондай-ақ басқа түркiтiлдес елдермен, дүние жүзiне тарыдай шашыраған қандастарымызбен қарым-қатынас жасау үшiн латын әлiпбиiне көшудiң маңызы зор. Шетелдегi қазақтар кириллицаны игеруде қиындықтарға тап болып, түп-тамырынан айырыла жаздады.
«Менiңше латын әлiпбиiн үйрену бүгiнгi қазақ жастарына қиыншылық, кедергi әкелмейдi. Өйткенi, мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тiлiнде оқып, латын әрiптерiн онсыз да оқып жүр» дейдi ел Президентi. Елбасы тиiстi министрлiктерге, ведомстволарға 2025 жылдан латын әлiпбиiне көшудi тапсырды. Бүгiнде сең қозғалды. Оған дайындық жұмыстары қарқынды жүргiзiлуде.
2025 жылға қарай iс қағаздарын, мерзiмдi баспасөздi, оқулықтарды және басқалардың бәрiн латын әлiпбиiмен басып шығара бастайды. Мектеп мұғалiмдерi даярлық курсынан өтедi. Үлкендер үшiн даярлық орталығы жұмыс iстейдi. Латын әлiпбиiне толық көшкенге дейiн кириллицаны уақытша қолдана тұрады.
Елбасының латын әлiпбиiне көшу туралы идеясын ауыл тұрғындары да қолдап отыр. Телеарнадан парламенттiк тыңдауды көргеннен кейiн Балдыберек ауылдық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Түймебек Әмiров «латын әлiпбиiне көшу болашағымыз үшiн аса қажет. Оған ертерек көшсек, жастарымыз әлемдiк озық ғылым-бiлiмдi, технология жетiстiктерiн игерiп, Отанымызды дамытуға атсалысатын болады. Латын әлiпбиiн игерудiң еш қиындығы жоқ. Өйткенi қазiр балаларымыз мектепте ағылшынша жазып, оқып жүр» деп көптiң ойындағысын айтты.
Көшкiнбай ЕЛIКБАЕВ,
ардагер ұстаз, Төлеби ауданының құрметтi азаматы,
«Құрмет» орденiнiң иегерi
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Төлеби ауданы,
Қаратөбе ауылы