27 Қазан, 2017

Бір мектеп – бір ауылдың тағдыры

741 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік өңірдің шалғай ауылындағы жалғыз бастауыш мектеп жабылды. Себеп – бір ғана оқушы қалған. 

Бір мектеп – бір ауылдың тағдыры

Мемлекеттің қаржысын шыға­рып, мектептің әрі директоры, әрі мұғалімі болып отырған бесас­пап маманды ұстау да қисынсыз. Сол себепті мектептегі жалғыз маманды білім бөлімінің басшылары басқа оқу мекемесіне ауыстырудан басқа амал жоқ деп шешкен. Ал жалғыз оқушының әке-шешесі баласының білім алуы үшін кіндік қаны тамған ауылдан көшуді қош көрмеген. Олардың қаусаған қарт ата-аналары да атақоныстан көшуді қаламаған көрінеді. Оның үстіне жан сақтап, күнкөріс көзі болып отырған азын-аулақ малды да көзі қимаған ғой. Ауылды жағалап, болар-болмыс қаражат ұсынып жүрген алыпсатарлар жоқ емес, бар. Бірақ олардың ұсынып отырған азын-аулақ ақшасына басқа жерге барып қоныстанғаннан кейін күнкөріске жететіндей мал-мүлікті сатып алудың қисыны келмейтінін ұғынған ауылдың байырғы тұрғындары алыпсатарлардан аулақ жүруін өтінген. Ал мектеп табалдырығын аттауға тиісті екінші және үшінші балаларға әлі үш-төрт жыл бар. Бірі – төрт жаста, екіншісі – әлі екіге де толмаған. Үлкен ұлды мектебі бар ауылдар­дың біріне жіберіп оқытатындай аға­йы­ны жоқ, барлық аға-бауыры осы ауылдың айналасында. Сөйтіп мектеп жасындағы бір баласын қалай оқытсақ екен деп жас ата-ана­ның шақшадай басы шарадай болғаны анық. 

Мұндай жағдай көпке таңсық емес. Әсіресе республиканың солтүстік облыстарында мектептердің жабылып жатқаны былай тұрсын, ауылдар­дың қаңырап қалғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабар­лап жатқалы қашан. Бәрі де сол тірші­лік пен күнкөрістің қамы. Егін егіп, төрт түлік өсіріп, күнкөрістің қам-қарекетін жасауға болар еді-ау, бірақ балаларының болашағын ойлаған ата-аналар амалдың жоқтығынан мектебі бар ауылдарға қарай қоныс аударуға мәжбүр. Кейбір ата-ана ағайын-туысын жағалап, балалары солардың үйінде жатып оқып жүр. Бұл да көкейкесті мәселені түпкілікті шешудің жолы емес. Сонда осы өзекті мәселені оңтайлы шешудің жолы қандай? Осы туралы ойымызды ортаға салайық. 
Алдымен айтарымыз, ауыл – қазақтың қаймағы, баға жетпес байлығы, тіліміз бен дініміздің, салт-санамыздың қайнар көзі. Мұны ұлт зиялылары бұрын да айтқан, қазір де жағы талмай айтып жүр. Бірақ соған жеткілікті мән беріп жатқанымыз шамалы. 

Қазақ ауылдарын сақтап қалу үшін жастар мен жас отбасылардың сонда барып қоныстанатындай патриоттық сана-сезімдерін оятып, ынта-жігерлері мен қызығушылығын қайрау қажет. «Жастар ауылға бармайды, қалада өмір сүргенді қалай­ды» дейтіндер да табылатынына таласымыз жоқ. Бірақ бәрі емес. Ауылды қалайтындар, ауылға барып жұмыс істеуге көңіл хошы бар жас­тар да жүр олардың арасында. Биліктегілер және жастармен жұмыс істейтін ұйымдар осы бағытта белсенді жұмыс істеуі тиіс. Олар ауылдарға барса, болашағы жоқ деп саналған қазақы елді мекенде бала саны мен оқушылардың қатары артатыны айдан анық. Мектептер де жабылмас еді. Бұл – айтуға оңай, әрине. Бірақ ұлтымыздың болашағын ойласақ, осы мақсатта белсенді, табанды жұмыс жүргізу қажет. 

Оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан қандастарымыздың ара­сындағы жас отбасыларды келешегі жоқ деп саналған ауылдарға қоныс­тандыруды ойластырған жөн. Тіпті оңтүстіктің тұтас ауылын сол­түстіктегі ауылдарға қоныс­тан­дырудың картасы жасалса да ар­тық болмас. Сонда олар жаңа елді мекенге тез бейімделіп, тұрмыс-тіршіліктерінің тез арада түзеліп кетуіне мүмкіндік туар еді. Ең бас­тысы қазақы ауылдар мен мектептер сақталып қалады. 

Кешегі кеңестік кезеңде ауылдарда мал баққан ағайынның балалары орталықтағы мектеп-интернаттарда жатып оқитын еді ғой. Ата-ана баласы үшін алаңдамайтын. Осы оң тәжірибені де жандандыру қажет-ау. Осындай жағдайда әке-шеше балаларының білім алуы үшін туған ауыл­дарынан амалсыздан қоныс аудар­мас еді.