Бұл, негізінде, қазақ халқының тарихына үңілсек, латын әліпбиіне қайта оралу деген сөз. Олардың қатарында Шырын Рыспекқызы, Мейрамгүл Жанысова, Ернұр Уәли, Динара Бекбосынова, Әсет пен Диана Тұрсынғалиевтер сияқты жастар бар.
1928-1940 жылдары қазақтың атақты ағартушысы, қайраткері А.Байтұрсыновтың кириллицаға негізделген латын әліпбиі болды. Бірақ жаһандану заманында, қазақтың сөз өнері, тіл байлығы өскен кезде қазақ елі кириллицамен әлемдік өркениет жолына шыға алмайтыны анық болып отыр. Осыны ескерген Президентіміз Н.Назарбаев заманауи технологиялық жетістіктерге негізделген өркениет заманына лайық, интернет жүйесіне сай келетін жаңа латын әліпбиін жасау жөнінде саяси шешім қабылдады. Ұлттық комиссия құрылды, 300-ден астам жоба қаралды. Сөйтіп осы іс-шараның барлығы мемлекетімізде үштілділікті дамытуға негізделіп отырғаны, әрине, Елбасымыздың мәртебесін биіктете түсті. Өйткені М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттері бұл «Назарбаев феномені» деп бағалап, өздерінің оң пікірлерін білдіріп, біздің мемлекетіміздің дамуын Елбасымыздың дұрыс саясаты ретінде танитындарын айтып, қызығушылықтарын жеткізді. Расында, біздің Елбасымыз Н.Назарбаев сарабдал саясаткер екенін көрсетті. Президент қазақ тілі әліпбиін кезең-кезеңмен 2025 жылға дейін өткізу міндетін қойды. Үнемі эволюциялық жолды таңдайтын Елбасы саясатына мәскеулік студенттер қатарынан үн қосатынымды білдіремін.
Баян ОЛЖАБАЕВА,
М.В.Ломоносов атындағы ММУ магистранты, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері
Қабылдауға қиындық келтірмейді
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген латын әліпбиінің құрамында 32 әріп бар. Бұл әліпбиде А.Байтұрсынұлы анықтап, жүйеге түсіріп берген қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Кірме дыбыстарға да таңба берілген: [ф] – f; [х], [h] – h – екі дыбысқа бір таңба, [в] - v, [ч] – сʼ. Бұл таңбалардың кірме дыбыстарға арнайы берілуі қазіргі қазақ тілінде осы дыбыстармен келетін сөздердің орныққанына байланысты деп ойлаймын. 9 әріп дәйекшемен жазылады: [ә] – аʼ, [ө] – оʼ, [ғ] – g, [и], [й] – і ʼ, [ң], [нг] – nʼ, [ш] – sʼ, [ч] – cʼ, [ү] – uʼ, [у] – уʼ. Дәйекшемен беру қос әріппен таңбалауға қарағанда жақсы, дегенмен, осы әріптер қайталанатын сөздерде сөз жігінің біртұтас қабылдану бейнесіне кедергі келтіреді. Дегенмен, көз үйреніп, қол жаттығып, санада қазақ тілінің жаңа әліпбимен ассоциацияланып бекітілуіне уақыт қажет.
Бір аңғарғанымыз – жастардың бұл әліпбиді бірден қабылдап, жүрдек жазып кете алатындығы. Түске дейін студенттік топтарға мәтін таратып жаздырғанда, олардың көбі қиындықсыз жазып шықты. Енді қазақ тілінің жаңа әліпбиіне сәйкес түзілетін емле ережелерінің дайындалып қабылдануы да үлкен іс.
Жаңа әліпбидің қабылдануы, бекітілуі – тәуелсіз еліміздің тұғырын бекіте түсетін, әлемдік ақпарат кеңістігіне еркін енуге мүмкіндік беретін, жаңа заман жастарының қазақы қалпын айшықтай түсетін, түп тамырымен сабақтастығын арттыратын қадам деп білемін.
Күлзат Садирова,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің филология факультетінің деканы,
филология ғылымдарының докторы
АҚТӨБЕ