31 Қазан, 2017

Еліміздің жаһандық мәселелері шешімін тапқан

9440 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың соңында әлемде түбегейлі халықаралық өзгерістер орын алып, шартарапта ұлтаралық шиеленістер мен қоғамдық дүмпулер белең алды. 

Еліміздің жаһандық мәселелері шешімін тапқан

Сол өзгерістердің ең маңыздысы – біржақты үгіт-насихат жүйесіне иек артқан кеңестік идеология «жариялылық» кезеңіндегі ашық айтылған сынның салмағынан және одан кейінгі саяси-ұлтаралық оқи­ғалардан әлсіреп, алып импе­рия­ның іргесі ыдырап, орнына Қазақстан сияқты тәуелсіз мемле­кет­тердің тарих сахнасына шығуы болды.

Осы кезеңде еліміздің алдында дербес мемлекет құру (nation-building, нацие­строительство) міндеті тұрды. Ол үшін әртүрлі этностық топтардан құралған халықтың басын біріктіретін, тұтас ұлт ретінде ұйыстырып, бар мүмкіншілікті мемле­кеттік институттар мен нарықтық экономиканы дамытуға жұмылдыру­дың жауапкершілігін өз мойнына алатын және күрделі құрылымдық реформа­лар­ды жүзеге асыратын Елбасындай көшбас­шы қажет болды.

Бұған қоса жаңа халықаралық жағ­дайда әлі буыны қатаймаған мемле­кеті­­міздің сыртқы саясатының негізгі бағыт­тарын анықтап, эконо­микалық ілгері­леуі үшін жер қой­науын­дағы мұнай сияқ­ты табиғи бай­лықтарды әлемдік нарыққа шығарып, халықтың игілігіне жарату үшін алдымен шетелдік инвес­торларды және ірі энергетикалық компанияларды Қазақстанға келіп жұмыс істеуге көндіру үшін күрделі келіссөздер жүр­гізу қажеттігі туындады. Бұл – Елбасы белгі­леген ауқымды міндеттердің бірі еді.

Дүниежүзiлiк қоғамдастықта өзінің лайықты орнын алу мақсатында Қазақстан әлемдік геосаясат пен халықаралық қоғам­дастықтағы өз орны мен ұлттық мүд­делерін айқындау, өзге елдердің құрметіне бөле­ніп, халықаралық беделін арттыру, сонымен қатар халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарымен тиімді қаты­нас орнату міндеттерін орындауға бірден кірісті.

Сонымен қатар еліміз КСРО-дан мұраға қалған ядролық қарудан бас тартып, ел аумағынан әкетуге өз келісімін беріп, ядролық қару­ды таратпау жөніндегі шартқа қосыл­ды. Соның нәтижесінде Ресей, Ұлы­британия, АҚШ, кейін Қытай мен Франция Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беріп, арнайы көп жақты құжат­қа қол қоюы үлкен тарихи оқиға болды. Қазақ­станның бұл жетістігі халықаралық беделін нығайтты.

Жуырда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін­де жаппай қырып-жою қаруын таратпау бо­йынша өткен кездесуде АҚШ мемлекеттік хатшысы Р.Тиллерсон жаһандық қару­сыз­дану мен таратпау үдерісіндегі Қазақ­стан­ның рөліне айрықша назар аударып, «даналықтың айрықша үлгісі» деген жоғары баға берді. «Қазақстанның әрекеті елді халықтар қоғамдастығына тарту үдерісінде маңызды қадам» болғаны туралы мәлімдеменің астарында үлкен мән жатыр.

Осы орайда Елбасының ішкі саясатта бейбітшілік пен ұлтаралық келісім, дінаралық үнқатысу идеяларына мән бе­ріп, жалпыадамзаттық құндылықтарды негіз­ге алуы Қазақ­станның көп жақты, бей­біт­шіл сырт­қы саясат стратегиясыны­ның қалып­тасуына да ықпал етті. Өйткені Пре­зи­дентіміз Н.Ә.Назарбаевтың түсі­­ні­гінде Қазақ­станның сыртқы сая­­саты ел­дің ішкі саясатының жал­ға­сы, қоғам­дық-саяси жағдайды және ұлттық қауіп­сіз­дікті сақтаудың құ­ралы, экономикалық дамудың тетігі болып табылады. Еліміз көрші ел­дер­дің барлығымен ынты­мақ­тасып, ядро­лық көршілері – Ресеймен және Қытай­­мен жақсы қатынас құрға­нын АҚШ мемлекеттік хатшысы да атап өтті. Яғни «Қазақстан өңірлік және халық­ара­лық бей­бітшілік пен өр­кендеуге елеулі үлес қо­сып отырған заманауи мемлекет және өзі­нің шешімінен тек пайда көріп отыр».

Әлемде конфессияаралық және ұлт­ара­­лық қақтығыстардың үдей түсе­тінін алдын ала сезгендей, Ел­ба­сы әуел бас­тан діни және ұлттық мә­се­лелерді еске­ретін сарабдал саясат жүр­гізіп, дұрыс бағытты таңдады. Осы мақ­сатта Қазақ­станда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп келеді. Себебі дінаралық келісім мәселесі әлемдегі ең күрделі мәселелердің бірі десек еш қателеспейміз. Ұлттық саясатта Қазақстан әсіре ұлтшылдықтан өзін алыс ұстап, жалпыға тән құндылықтарға арқа сүйейтін азаматтық қоғам құруда. Сон­дықтан Конституциямыздың кіріс­песінде айтылған «өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам ұғына отырып» деген сөздердің мағынасы терең деп ойлаймыз.

Қазақстанның әлемдегі жағымды имиджін қалыптастыруға бағытталған Ел­басының күш-жігері мен еңбегінің нәти­жесінде ұлттық саясат пен экономи­ка­ның қазіргі және болашақ дамуының негіздері қалыптасты. Қазақстанның әлем­дік бастамаларды жүзеге асырып, дүние жүзіндегі танымалдылығын арт­тыруға бағытталған халықаралық бел­сен­ділігі ел қауіпсіздігін нығайтудың тиім­­ді жолы болды. Осылайша дәуірі­міз­дің ең тәжірибелі, ең беделді саясат­кер­лерінің бірі – Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында қысқа уақытта Қазақстанның басты жаһандық мәселелері өз шешімін тауып, сапалы ұлттық дамуға көңіл бөліне бастады.

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
саясаттанушы