Әлем • 31 Қазан, 2017

Әлемнің бар сұлуы Қытайда жүр

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр бағы жанып, «Қазақстан аруы» атанған қызылордалық Гүлбану Әзімханова даңқы жер жарған «Әлем аруы-2017» байқауына қатысу мақсатымен Қытайда жүр. Он тоғыз жастағы отандасымыз тіркеуден өтіп, сұлулыққа таласқан бойжеткендермен бірге Санья қаласында өтетін халықаралық ақтық жарысқа барын салып дайындалуда. 

Әлемнің бар сұлуы Қытайда жүр

Аспанасты еліндегі өткен он шақты күнде Гүлбану байқауға қатысушыларымен бауыр басып, өз елі Қазақстанды таныстырып жүр десе де болады. Шешуші сәттерге жеткенше дүниенің төрт түкпірінен жиналған сұлулар түрлі шаралар аясында Пуэрто-Рикода «Әлем аруы-2016» тәжін киген Стефани Дель Валлемен де кездесіп үлгерген.

«Байқауға келгеніме көп болмаса да, мұндағы жағдайға қайран қалып тұрмын. Әр қатысушы өзінше сұлу. Біз дос­тасып та үлгердік, бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырысып бағу­дамыз. Алғашқы күні-ақ әрқайсымыз өз елімізден әкелген сыйлықтарымызды бір-бірімізге тарту еттік. Қазір сөйлесіп, өз салт-дәстүрімізбен, ұлттық тағам мәзірлерімен, мәдениетімізбен бөлісу үстіндеміз. Маған барынша қолдау көрсетіп жүрген отандастарыма алғыс айтқым келеді. Бұл маған күш-қуат және өзіме деген сенімділік береді», деп сәлемдеме жолдайды сұлуымыз.

Бұл күндері байқауға қаты­сушылар қызу дайындыққа кіріскен. Енді жақын күндері байқаудың бастапқы сынақтары да басталады. Оның ішінде спорттық, әлеуметтік және мәдени іс-шаралар да бар. Байқау барысында «Қазақстан аруы» Арал теңізінің мәселелері мен оны шешу жолдары туралы экологиялық жобасын ұсынады.

Айтқандай, биыл «Әлем аруын» ұйым­дас­тырушылар оның форматын аздап өзгер­туді ұйғарған. Бұл байқау Head-to-Head Challenge форматында өткізіледі. Ұйым­дас­тыру­шылардың пі­кірінше, әлеуметтік желілер мен интер­белсенділікке баса назар ауда­рыла­ды. Финалға тек 40 қа­тысушы ғана өтеді. Олар түрлі сы­нақтар мен дауыс беру нәти­желері бо­­йынша анық­талады.

«Әлем аруы» бай­қа­уы­ның ең басты мис­­сиясы «Мақсатқа бас­таған сұлулық» (Beauty with a Purpose) болса, осынау қайырымдылық жобасы ғана өзгеріссіз қалады. Әрбір жеңімпаз бір жыл бойы ерікті елші болып, әртүрлі елдерге барады. Халықаралық «Variety International» қайырымдылық қорына арнап қаражат жинау мақсатында дү­ние­жүзілік қайы­рымдылық іс-ша­раларына қаты­сады. Өз кезегінде «Variety Interna­tional» 1928 жыл­­дан бас­­­­­тап мүгедектер мен бақыт­сыз адамдарға көмек көр­сетеді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»