03 Ақпан, 2010

АВСТРИЯ РАХАТ ӘЛИЕВКЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ ЖҮРГІЗУГЕ МІНДЕТТІ

1151 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
27 қаңтарда Вена уни­вер­ситетінің заң факультетінде сарапшылар пікірталасы өтуіне байланысты халықаралық қыл­мыс­тық құқық мәселелері жөнін­дегі жетекші сарапшы және Қыл­мыстық істер бойынша халық­аралық соттың негізін қалаушы­лардың бірі Шериф Бассиуни Рахат Әлиевтің ісіне қатысты қалыптасқан австриялық экстра­диция тәжірибесін талқылады. Шериф Бассиуни “Австрия­ның жыл бойына Әлиевтің ісінде құқықтық іс-әрекеттер жүргізу жөніндегі өзінің міндеттемелерін орындамау” фактісін сынға алды. “Әлиевті бермеу жөніндегі австрия­­лық шешім сөзсіз қыл­­мыс­тық қудалауға соқтыруы тиіс еді. Австрия халықаралық құқық талаптары бойынша Әлиевке қарсы қозғалған айыптарды ақылға қонымды мерзім ішінде тергеуге міндетті”. Сарапшының айтуынша, Австрияда қалып­тасқан экстрадиция мәселелерін­дегі банк менеджерлерін ұрлап әкету ісінде “жетпей тұрған буын” бәрінен бұрын бюрократ­тық сипатқа ие. Іс әділет минис­трлігі, сыртқы істер министрлігі және елшіліктер арасындағы инстан­ция­­ларда “тіреліп” қалды. Нови­кованың Әлиевке қарсы қылмыс­тық іс қозғау жөніндегі өтінішіне келер болсақ, Австрия­да өзгеше таңдау жоқ. “Енді Австрия бұл істі барлық жағынан да тергеуге міндетті” деп есептейді Бассиуни. Өзінің басқа да міндеттерімен қатар қазіргі уақытта Чикагоның ДеПоль университетінің заң колледжінде (DePaul Unіversіty College of Law) сабақ беретін М.Шериф Бассиуни халықара­лық қылмыстық құқық пен экстради­ция мәселелері жөнін­дегі неғұр­лым құрметті сарапшы­лардың қатарына жатады. Ол бірнеше онжылдықтар бойында өткен экстрадиция жөніндегі көптеген халықаралық үдерістер мен қылмыстық үдерістерге консуль­тант болды. Оған қоса ол Бірік­кен Ұлттар Ұйымында жетекші қызметтер атқарып, АҚШ үкі­меті­нің консультанты ретінде тұрақты түрде сөз сөйлеп тұрды. ТӘРТІП КҮШЕЙСЕ, ЖОЛ ОҚИҒАСЫ АЗАЯДЫ Жыл басы қашанда атқарылған істер мен жүзеге асырылған жұ­мыстарға көз жүгіртіп, ой елегінен өткізер сәт. Әрине, өткен жыл Шығыс Қазақстан облысы үшін де өзінің өзгерістерімен есте қалды. Десек те, қозғалыс қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында қандай іс-шаралар өткізілді? Нәтиже қандай? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында біз ШҚО ІІД жол полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Сырым Абдуллаевты әңгімеге тартқан едік. – Сырым Жүсіпахметұлы, жыл қорытындысы шығарылды. Өткен жылдармен салыстырғанда жағдай қандай? – Жол бойындағы қайғылы жағдайлар бүгінгі таңда еліміздің басты мәселелерінің біріне айна­лып отыр. Мәселен, 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысында 966 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның сал­дарынан 214 адам қаза тапса, 1153 кісі әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Бұл көрсеткіш 2008 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 9,7 па­йыз­ға, қайтыс болғандардың саны 11,9 пайызға, зардап шеккендердің саны 9,4 пайызға төмендеген. Облыс бойынша жыл басынан бері 10 жол-көлік апаты орын алыпты. Ал өткен жылғы көрсет­кіштерге көз жүгіртсек, былтыр бірінші онкүндікте 11 апат болған. Яғни, биыл 2009 жылмен салыс­тырғанда апат саны 9,1 пайызға кеміген. Апаттылық деңгейінің төмендегеніне қарамастан, жол полициясы қызметкерлері қазірдің өзінде бұл бағыттағы іс-шараларды күшейтіп отыр. – Ол қандай іс-шаралар? – Қашанда болмасын, жол полициясының алдында тұрған басты міндет – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін, сонымен қатар, қоғамдық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, олардың заңды мүддесі мен мұқтаждарын қорғау, тәртіпті қадағалау. Жос­пар­ланған да, жүзеге асырылған да шаралар осы мақсатты қамтиды. Жүйелі түрде қауіпсіздік онкүн­діктері, айлықтары өткізілуде. Халықпен жұмыс, өзара байланыс – мұның ешқайсысы ұмыт қалған емес. Жол-көлік апаттары ста­тисти­касын сараптап шығарғаннан кейін, оның себеп-салдарына тал­дау жаса­лып, алдын алу шара­лары да өткізіл­ді. Яғни, адам өлімімен аяқтал­ған апаттардың алдын алу мақсатында “Өзара сыйластық күні”, “Жолда қабылдау”, “Ашық есік күндері” халыққа жолда жүру ережелері жазылған күнтізбелер мен ақпарат қағаздары таратылды. Өкінішке орай, соңғы кездері бала­л­ар­дың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары орын алуда. Мәсе­лен, жоғарыда атап өткендей, жыл ішінде тіркелген 966 апаттың 134-і балалар­дың қатысуымен болған. Ал оның салдарынан 8 бала қаза тауып, 137 бала жарақаттанған. 2008 жылмен салыстыр­ғанда жасөспірім­дер қаты­суы­мен болған оқиғалар 9,5 пайызға төмен­деп отыр. Балалар жарақаты­ның алдын алу үшін үгіт-насихат жұмыстарын күшейттік. Жолау­шылар автокөлігінде ескертпе қағаз­дар іліп, білім беру мекеме­лерінде және көлік кәсіпорын­дарында жүйелі түрде насихаттық сипаттағы дәрістер оқылды. Сон­дай-ақ мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдас­тырылып, ұғынықты және қара­пайым тілмен жолда жүру ереже­лерін сақтау қажеттілігі түсіндірілуде. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде облыс әкім­дігінің қолдауымен де көптеген шаралар атқарылуда. Облыс басшысы Берді­бек Сапарбаевтың құқық қорғау қызмет­керлеріне баса назар аударатыны да көңіл қуан­тады. Бір сөзбен айт­қанда, жол қауіп­сіздігін қамтама­сыз етуде, халықтың денсаулығын сақтауда, әкімшілік құқық бұзу­шы­лықты анықтау мәселесінде біз жергілікті билік органдарымен тығыз жұмыс істеудеміз. Мәселен, өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен бала­­лар­дың жол-көлік жарақаты­ның алдын алу мақ­сатында халық­аралық және республикалық қозғалыстың жас инспекторлары слетін өткізуге 20 млн. теңге көле­мінде қаражат бөлін­ді. “Рубеж” бекеттерін тос­­қауыл жүйелерімен автоматтан­дыруға 39 млн. теңге қаражат карас­тырылып, “Ертіс” бекетіне орнатыл­ды. Полиция патрульдік автокөлік­теріне сандық бейнетас­паға жазатын жедел жүйе үшін 30,366 млн. теңгеге 80 кешен сатып алынды. Қазіргі таңда жол қозғалысын қадағалау барысында өз тиімділігін көрсетуде. – Жергілікті атқару органдары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолдау жасаған еді. Өз үлестерін қосқандарды атай кетсеңіз. – Семей қаласының әкімдігі­мен көмек көрсетілді. Қала ішіндегі жол қозғалысын реттеу техникалық құралдарын ұстау бойынша жұмыс жүргізуге 26,3 млн. теңге бөлінді. 14 бағдаршам нысанына жобалық құжаттар дайындалып, олардың жұмысын қамтамасыз етуге 6,9 млн. теңге, жаяу жүргіншілер қоршау­ларын салуға 25,3 млн. теңге, 201 жол белгі­сін орнатуға 2,15 млн. теңге және бұдан басқа шараларға қара­жат бөлінді. “Балалар” бағдар­ла­масы аясында жыл сайын 3 мек­теп маңайында жасанды жол құрылғылары мен жол белгілерін орнату жоспарланып отыр. 2009 жылы өндірісте шығарылған 4 жасан­ды жол құрылғылары бала­лар мекемелері ауданында орна­тыл­ды. Сөз орайы келгенде, жол поли­циясы қызметкерлеріне облыстық ішкі істер департаменті тарапынан көрсетілмек көмектерді де айта кету жөн. Қызметке жаңа­дан тағайын­далған облыстық ішкі істер департа­ментінің басты­ғы, ми­ли­ция генерал-майоры Қал­мұхан­бет Қасымов­тың жол поли­циясы қыз­­меткерлерінің мәртебе­сін көтеруге деген өзіндік жоспар­лары да аз емес. 2009 жылы 10 авто­көлік, 25 мобильді өлшегіш, 10 мобильді байланыс құралдары берілді. Облыс әкімі Б. Сапарбаев жақын­да ғана бюджет есебінен 198 миллион теңге қар­жы бөлгізіп, 60 пәтер­лі үйді поли­ция қызметкерлеріне тапсырды. Жалпы, жол оқиғаларының алдын алу жұмыстары Ішкі істер министрлігі, жол полициясы комитеті тарапынан жүйелі түрде қолға алынып отыр. Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін еліміздің әр түкпірінде қызмет етіп тұрған жол полициясы қызметкері өз ісіне адал болуы тиіс. Жол поли­циясы қызметкері мен жүргізуші және жаяу жүргіншілердің ара­сында өзара сыйластық болса, бұл мәселенің оң шешілетініне сенімім зор. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Оңдасын Елубай, Өскемен. Оқиға ЖОЛ ПОЛИЦИЯСЫ ҚАНДЫБАЛАҚ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІ ҰСТАДЫ Қаңтардың 20 күні сағат 16.30 шамасында Алматы-Ташкент күре жолының бойындағы 438 шақы­рымда қызмет бабымен тұрған аға лейтенант Д. Махатов пен полиция старшинасы А.Юсупов жылдам­дығын шамадан тыс арттырып, жүйткіп келе жатқан “Тойота Королла” (мемлекеттік нөмірі А 722 UVN) автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында мәшине “тізгінін” ұстаған Мадияр Ташаев­ты көлік жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмай шықты. Бірақ ол бұл тәртіп бұзушылыққа айылын да жимастан, Шымкентке асығыс атта­нып бара жатқандықтан мәши­ненің техникалық құжаттарын үйінде ұмыт қалдырғанын, сон­дықтан МАИ қызметкерлерінің бір жолға аяушылық жасағаны үшін 500 теңге беретінін айтты. – Жарайды, – деді көкейлеріне күдік ұялаған жамбылдық жол полициялары, – бірақ жібермес бұрын мәшинені тексеріп көрейік. Тексеру барысында автокөлік қорапшасынан “Тойота Королла­ның” (мемлекеттік нөмірі А 722 UVN) басқа адамның атына тіркел­ген құжаттары табылды. Ал жүк салғыштың ішінен қан дақтары мен кірпіш шықты. Кірпішке де қан жұғыпты. Д. Махатов пен А. Юсу­пов­­тың күдіктері енді бұрынғыдан да ұлғая түсті. Осы кезде күдікті М. Ташаев пен Б. Шаршиев мәшинені ұрлап келе жатқандарын мойындап, 5 мың АҚШ долларына босатуларын өтінді. – Жарайды, – деді, – МАИ қызметкерлі келіскен болып, – ақшаларың дайын ба? – Жоқ, бірақ әкеліп береміз. – Жақсы, онда мына көлікті “аманат” ретінде Тараз қаласын­дағы бір үйге апарып қоямыз да, сендер ақшаны әкелгенше күтеміз. Келістік пе? – Келістік. Бірақ қандыбалақ баукеспелер сәлден кейін өздерін Жамбыл облыстық ішкі істер департа­менті­нің жол полициясы ғимаратына алып келгенде ақшаға сатылмай­тын, халық қызметіне адал, қырағы МАИ қызметкерлерінің де бар екенін бір-ақ білді. Тергеу кезінде әзірге анық­тал­ғаны мынау болды. Қақпанға түскендер Алматы қаласындағы Абай мен Правда көшелерінің қиылысындағы “Мегабит” клубы­ның қасында “Тойота Королла” (мемлекеттік нөмірі А 722 UVN) автокөлігінің Димаш есімді иесін соққыға жығып, оны жүк салғышқа тығып тастайды да, Алматы облы­сына қарасты “Ұзынағаш” жол полициясы тексеру-өткеру пунктіне жақындағанда мәйітті жол шетіне лақтырып тастап кетеді. Жиырма жастағы М.Ташаев пен он жеті жастағы Б.Шаршиев – Оң­түстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Мичурин ауылы­ның тұрғындары болып шықты. Қазір олар қарақшылықпен кісі өлтіріп, автокөлік ұрлағаны үшін тұтқын­далды. Бұл туралы Алматы қалалық ішкі істер бөлімі де хабардар болды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.