Қазақстан • 01 Қараша, 2017

Алатаудың арғы жағы, бергі жағы...

3479 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бүгіннің зиялылары мыңдаған жыл­дар бойы қос қапталын мекен еткен Алатауымыз ғана ортақ емес, айыр­масыз тіліміз ғана емес, қазақ пен қыр­ғыздың генетикалық коды да ортақ еке­нін, тағдырымызды шынайы бауырластығымыз бен тамыры терең этно­мәдени түсіністігіміз байланыстырып отырғанын айтып та, жазып та жатыр.

Алатаудың арғы жағы, бергі жағы...

Қырғыздың көрнекті ғалымы Осмонакун Ибраимов таяуда «Егеменде» жарық көрген мақа­ласында қазақ-қыр­ғыз бауыр­ластығы саяси амал­дардың құр­баны болмауы тиістігін, бұл мәде­ни, генетикалық, тарихи әрі мәң­гілікке ұласқан құндылық екенін жаза келіп, сөзін былай деп түйіндейді:

«Әркімнің байлығы – Жара­тушы Құдайдың бергені. Өмір­дің мән-маңызы, бақыты ақ­шада емес, зейнетақы мен жәр­демақы көлемінде де емес. На­ғыз бақыт – бейбітшілік пен ты­ныш­тықта. Бақыт – Бішкекке жақын жерде заманауи мегаполис Алматы қаласының болуында және оған қырғыздың қалаған уақытында аудармашысыз бара алуында. Бақыт кез келген қазақ­тың Ыстықкөлге қонақ болып, ор­тақ ата-бабамыздың мекеніне аунап-қу­нап қайтуында». 

Тамыз айының соңына қарай Бішкекте өткен «Айтматов оқула­ры: мәдени диалогтер» атты ха­лық­аралық форумға біздің де қатысып қайтқанымыз бар. Сол жолы қырғыз ағайынның аста-төк пейіліне, қо­нақ­жайлығына, адал ниетіне тағы бір тәнті болғанбыз. Халықаралық форумға әлемнің алуан елінен зият­керлер, философтар, жазушылар, мә­дениет және өнертанушылар, саясаттанушылар қатысып, екі күн бойы кеңінен отырып сұхбат жасас­­ты, сырласты, пікір алысты. Жи­налған қонақтардың баршасы Айтматов шығармашылығының ерекшеліктерін ең алдымен қыр­ғыз-қазақ жұртымен байланыстыра қарады. Одан әрі түркі тектес халықтардың ортақ мақтанышы ретінде саралай келіп, ақыр аяғында әлемдік деңгейдегі ойшыл ретінде бағасын берді, шығармашылығына терең талдаулар жасады. 

Сол жиында мен де Қазақстан делегациясы атынан сөз алып, Айтматов туралы ойларымды тұ­­жы­­рымдама ретінде ұсынған едім. Ол тұжырымдама қысқаша мынаған саяды: Қоғамда көптен бері «Хрущев жылымығы» деген термин қалыптасқаны белгілі. Бұл «жылымық» әдебиет пен өнер­ге ерекше серпін бергені рас. Алайда ұзақ жылдар бойы КСРО ұстанған сая­си идеологияның сал­қыны ол кезде де қаламды еркін сілтеуге мүмкіндік бермеген еді. Шығар­малардың мазмұнынан иықтан басқан зілбатпан жүк бардай алаң­даушылық, жоғарыдан үрку, көлеңкеден қорқу байқалатын. Осындай алмағайып дәуірде, турасында елуінші жылдардың соңында Шыңғыс Айтматовтың «Жә­мила» повесі жарқ етті.

Бұл по­весть шын мәнінде «советтік санаға» төңкеріс жасаған туынды болды. Айтматов адамды тек қоршаған қоғамның тәуелді мүшесі ғана емес, өз ойы, өзіндік пікірі бар, жүрек сезіміне бағынатын, жан әлемі қалтарыс-бұлтарысты жеке тұлға ретінде қарастырды. «Жәмила» – сол дәуірдің саясатын ұстанған шығарма болатын болса – басты кейіпкері соғысқа кеткен жарын пір тұтуы, күйеуін жігер­лендіретін хаттар жазып, за­рыға күтуі керек еді.

Сөйтіп Отаны үшін, елі үшін өзі де тылда жан беріп, жан алысып адал еңбек етуі тиіс еді. Бірақ олай болмады... Жә­мила адамдық сезімнің жетегіне еріп, қазақ жігітімен қашып кетті. Сыншылар тарапынан резонанс тудырған да осы жайт-ты. Күйеуі соғыста жүрген әйелдің басқа ер адамды сүйіп қалуы, оның үстіне сүйген жігітінің өз ұлтынан емес, қазақ жігіті болуы, онымен бірге басы ауған жаққа қашып кетуі – идеологияға мүлдем жат қылық-ты. Ол заманда әдеби сыншылардың өзі әдебиетті қалыптасқан саясат­тан бөліп қарай алмайтын.

Сын­шылар да, саясатшылар да дағ­дарып қалған осы кезеңде жас қаламгердің туындысын әдебиет әле­міндегі үлкен бетбұрыс екенін алғаш байқаған Мұхтар Әуезов болды. Әуезов «Литературная га­­зе­­таға» жариялаған мақа­ла­­сын­да «Жәмила» повесінің ар­тық­­­шылықтарын, оның кейіп­керлерінің келбеті айқын, жан дү­ниесі мөлдір, мінезге бай екен­діктерін ашып жазып, жазу­шының болашағына зор үміт артып, абыз­дық тілегін айтты. Повеске «нағыз лирикалық шығарма» деп жоғары баға берді. Шағын да болса ағалық жылы көңіл, ыстық ілти­патпен жазылған осы мақала Айтматовтың қаламгерлік тұғырын бекіте түсті. 

Алғашында қазақ тілінде жа­рық көрген, кейін орыс тіліне ауда­рылған бұл туынды қазақ жазу­шылары арасында ғана емес, КСРО көлемінде де үлкен сер­піліс тудырды. Кейін кеңестік көркем сөздің айтулы тұлғаларына айналған біршама жас қаламгерлер әдебиетке келді, «Жәмилаға» елік­теген көп­теген шығармалар пайда болды. 

Мінеки, «Айтматов жылы­мығы» деп осыны айтамыз! 

Бішкек форумында тұжы­рым­дама ретінде ұсынған бұл идеяны әлемнің түрлі елдерінен келген зият­керлер қызу қолдап жатты. 

Әрине, Айтматов әлемі, оның оқырман жүрегінен орын ал­ған туындылары аз зерттелген жоқ. Алай­да қоғамдық сананы дүр сіл­кін­діріп қана қоймай, жазу­шы­­лардың да қаламына сенім ұялат­қаны, үрейін сейілткені, олар­дың суреткер ретіндегі де ойлау жүйе­сіне төңкеріс әкелгендігі көп мо­йындала бермейді. 

Ал Мұхтар Әуезов сол мөлдір тұма­ның көзін ашуға ағалық қам­қор­лығын көр­сетті. Бұл ұлы жазу­шының әлем әдебиетіне «Абай жолынан» кейінгі қосқан тағы бір үлесі дер едік. 

Қырғыз бен қазақтың тағдыры бір екендігінің тағы бір айғағы ретінде 1951-1953 жылдардағы «әш­­керелеу науқанын» айтуға болады. «Айт» дегенді айтсаң, тарих алдында абыройың төгіліп, «айтпа» дегенді айтсаң, бас кететін заман еді ғой... «Тарихымызды қайта жазамыз, әдебиетімізді қайта жасаймыз» деп жар салған желеу­мен саяси идеологияға қайшы келген фольклор атаулының бар­­шасы дерлік қайта қаралып, сарапталып-сұрыпталып жатқан кез. Сол дүрбелеңде қырғыз хал­қының әлемде теңдесі жоқ эпостық жыры «Манастың» тағды­рына түбірінен балта шабылмақшы болды. Мыңдаған жыл бойтұмардай сақтап келген жауһар мұрадан мәңгіге айырылып қалу қаупі төнді.

Осы мақсатта Фрунзеде «Манас» эпосының тарихилығы мен халықтығын сылтау еткен Бүкіл­одақтық талқы өтті. Бұл тал­қыға Одақ көлеміндегі ең таң­даулы шығыстанушылар мен түркологтер, фольклоршылар, тарихшылар, әдебиеттанушылар, жазушылар ағылып келді. Егер де осы жиында қырғыз ағайын «Манастан» айырылар болса, онда қазақтың да небір тамаша эпос­тары мен фольклоры соның кебін киген болар еді. 

«Манас» жырын даланың «Илиа­дасына» балап, Семетейді – Одис­сеяға теңеп, «Қырғыздардың өмір салты, дәстүрі, мінез-құл­қы, географиясы, діни білімі, меди­циналық сауаты, бәрі-бәрі осы ұлы эпопея­да көрініс тапқан» дей отырып, эпостық тыныстағы бұл жыр­дың маңызы мен мазмұнын жіліктеп-талдап, жарық әлемге алғаш жария еткен қазақ ғалымы Шо­қан Уәлиханов болатын. Енді көр­діңіз бе, өлең жолдарының көп­тігі жөнінен «Илиада» мен «Одиссеяны» он орап алатын, бүкіл түркі тектес халықтардың өмір-салтының энциклопедиясына ай­налған сол «Манастың» басына шындығында тағдыршешті күн туды. Конференцияда А.К.Бо­ровков деген аузынан от шашқан мәскеулік өкіл борандатып-шашындатып негізгі баяндаманы жасап, оған қосымша бірнеше ұран­датқан баяндамалар, жандайшап жарыссөздер қосылып, «Манас­тың» тағдыры қыл үстінде тұрған­да Алматыдан арнайы келген академик Мұхтар Әуезов сөз алады.

Мұқаң өзінің сөзін «Манас» жырын жиырмасыншы жылдардың соңы, отызыншы жылдардың басынан бері зерттеп келе жатқанынан бастайды. Сөйтіп ұзақ жылғы осы ізденістерінің нәтижесін 1935 жылы көлемді еңбек түрінде жазып шыққанын айтады. Соңынан 1937 жылы үстінен қайта қарап, көп жерін жаңадан жазып, толық­тырыпты. 1942-43 жылдары ол зерттеулерін қырғыз мамандары автордың келісімінсіз советтік идео­­логияға икемдеп, редакциялапты.

Алайда 1944 жылы Мұқаң зерттеуін өзі қайта қолға алып, оған соңғы түзетулер жасап, редакциялап шық­қан екен. Содан бері Мұқаңның «Манас» туралы зерттеулері үзіп-жұлып бі­рер газетке шыққаны бол­ма­са, тұтастай күйінде әлі жа­рық көрмегенін баян етеді. Осы ізде­ністерін Мұқаң тек Сағымбай Орозбақов айтқан жыр бо­йынша зерттегенін, кейін 1933 жылдары Саяқбай Қаралаев нұсқасымен қай­та бір қарап шыққанын, Мол­добаев жырлаған «Манасты» өз құлағымен естігені болмаса, әлі қағазға түскенін кездестірмегенін айтады.

Конференциядағы баяндамашылар мен сөйлеушілердің 99 пайызы халықтың баға жетпес рухани мұрасын құрдымға жібергісі келетініне қынжыла отырып, ұлы Мұқаң ұзақ-сонар сөзін былайша тұжырымдайды: «Манас» нужен совет­скому киргизскому народу, как ценный памятник его прошлого, и «Манас» должен быть издан, изучен!».

Кейін Шыңғыс Айтматов Мұх­тар Шахановпен бірлесіп жаз­­ған «Ғасыр айырығындағы сыр­­ласу» атты кітабында осы кон­фе­ренция өтіп жатқан кезде жү­ректері лүпілдеп есіктен сыға­лап тұрғандарын еске алады. «Кон­­ференция жабыла берген сәтте, сырттан «Сүйінші! Сүйінші! Ма­­насты аман алып қалдық!», «Мұх­тар қайда, сені тапқан анаңнан айнал­дық, бүкіл қазақ елінен ай­налдық!» «Ақсарбас! Ақсарбас!» деген айғай көтеріледі. Қуанысқан, құшақтасқан, көзіне жас алған жұрт сеңдей соғылысты», деп жазады Шықаң. 

Енді мына қызықты қараңыз... Кейін дәл осындай дау-дамайдың ортасында қалған «Қыз Жібекті» жетпісінші жылдары Мәскеудің алпауыт­тарынан жұлып алып бер­ген Шыңғыс Айматов екен. Беделін салып, сценарийін бекіт­тіріп береді. Бүгінгі компьютерлік технологияның өркендеп, киноин­дустрияның дамыған тұсында қаншама көркем фильм өмірге келіп жатса да, «Қыз Жібек» өзінің биігінде қалды, қазақ киносының қайталанбас классикасына айналды. Осындайда достық деген тек ұлыларға ғана тән қасиет шығар, ал достыққа сызат түсіру, бар достықты бағаламау – екі ел­дің, төскейде малы, төсекте басы қосыл­ған, бауырлас елдің тари­хы­нан хабарсыз адамның ғана қолы­нан келетін болар деген ойға қаласың. 

Білімдар ініміз Дархан Қыдыр­әлі бір мақаласында Сүйін­бай мен Қатағанның сыйластығын, Тоқтағұлды бауырына басқан Жамбыл жайын тебірене сөз етеді. Бұлар шын мәнінде тереңнен тартылған тағылымды, ұлағатты мысалдар екені даусыз.

Сөз орайында біз де білеті­німізді, өзіміз куә болған жағдай­ды айтсақ дейміз... Ол – композитор Ілия Жақанов пен Шың­ғыс Айтматовтың ағалы-інілі дос­­тығы. Қазақ композиторы Іле­­кең Шықаңның үш повесіне («Шы­­нарым менің, шырайлым», «Жәмила», «Қош, Гүлсары!») бес ән жазыпты. Ол әндердің көпшілігінің сөздерін де өзі жазған. Ілекеңнің осы әндері – «Әсел», «Даниярдың әні», «Асылым», «Жәмиланың әні», «Бибіжанның әні» қазақ пен қырғыз арасына кеңінен тарап, ел ішінде халықтық сипатқа айналып кеткені жұртшылыққа аян. 

Ілия Жақанов өзінің «Ықылас» атты романында қазақтың Ықылас күйшісі мен қырғыздың Күреңкей қобызшысы арасындағы достықты көркем тілмен тамылжытып жаз­ғаны да есімізде. Екі елдің сүйіс­пеншілігіне бөленген екі дос қатар отыра қалып қобызды жарыса аңыратқан кезде, қобыздың қылы­нан бұрқырап түтін шығады екен. 

Бүгінгі әдеби сынның марғасқа­лары­ның бірі Құлбек Ергөбек айтқан мына бір естелікті естігенде біз де қайран қал­ғанбыз... 

Атақты әдебиеттанушы ға­лым, Құл­бек Ергөбектің рухани әкесі Бей­сембай Кенжебаев пен Шың­ғыстың әке­сі Төреқұл Мәскеуде И.В.Сталин атын­дағы Күн­­шығыс еңбекшілері ком­мунистік университетінде бірге оқыпты. Олар айнымас достар болыпты. Достықтары соншалық, университетті бітірерде: «Үйленіп, перзент көрерміз. Сонда бірімізден ұл, бірімізден қыз болып жатса, атастырайық, екеуміз бел-құда болайық. Егер екеумізден де ұл болса, Шыңғыс қағанның атын берейік, ал егер екеумізден де қыз болса, Шолпан деп атайық» деп қол алысып, төс түйістіріп серт­тесіпті. Кейін, отызыншы жыл­дардың ортасында екі дос Мәскеудегі тағы бір жиында кездесіп қалады ғой... Сұрастыра келсе, екеуінің де тұңғыштары ұл бопты, екеуі де ұлдарына Шыңғыс деп ат қойыпты. Бұл да ежелден келе жатқан ұлы достықтың жүрек тебірентер бір көрінісі-ау!

Сол достықтың белгісінің бірі – әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов, бірі – Мәскеудегі В.Суриков атындағы Көркемсурет институтын қазақ арасынан тұңғыш оқып шыққан, ұлттық өнерімізде қайталанбас қолтаңбасы бар май­тал­ман суретші Шыңғыс Кен­жебаев. Өмірде ештеңенің де кездейсоқ болмайтынына осындайда көз жетеді. Ертеңгі күні әлемге мәшһүр жазушы болатын Айтматовтың есімін қазақтың әйгі­лі әдебиеттанушы ғалымы Бейсем­бай Кенжебаев қойған екен! 

Осындай атам заманнан жібі үзілмей келген достықтың озық үлгісін біз де өз көзімізбен көр­геніміз бар... Алматы Көркем­сурет училищесінде оқып жүрген кездегі мына бір жағдай есіме түсіп отыр. Бізге живописьтен тамаша суретші Мұхит Қалымов дәріс берді. Сол Мұхит ағамыз Ленинградта, И.Репин атындағы Көркемсурет академиясында Сүйменқұл Чоқморовпен бірге оқыпты. Ол кезде Чоқморовтың Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» бойынша «Қазақфильм» мен «Қырғызфильм» бірігіп түсірген «Асуда атылған оқ» атты фильмде Бақтығұлды ойнап, атағы дүрілдеп тұрған кезі.

Біз Сүйменқұлды киноактер ретінде ғана сырттай танитынбыз. Сөйтсек ол кісі керемет мықты суретші екен. Жазған картиналарын көргенде жағамызды ұстап, қайран қалдық. Талант қай салада да талант екен ғой! Ұстазымыз Мұхит Қалымов оншақты суретші-студентін ертіп, Фрунзедегі осы Сүйменқұл ағаның үйіне қонаққа апарды.

Үш күн бойы күндіз де, түнде де, қысқасы, Алматыға қайтқанша Сүйменқұл аға Мұхит досының қасынан шыққан жоқ. Екеуінің әңгімесі үш күн бойы тау­сылып берсеші! Олардың ұлттық тарих, төл мәдениет, халықтық қолөнер жайындағы сөздері сол заманның тар шеңберінен шығып кетіп жатқанын да байқадық. Ал әлемдік көркемсуреттің даму тенденция­лары, оның бет алған бағыт-бағдары төңірегіндегі пайымдары бізге – суретші жастарға ғибратты сабақтай болды. 

Мінеки, екі мықтының риясыз бауырластығын біз өз көзімізбен көрдік, ағалардан өмірлік өнеге алып, риза боп қайтқан едік.

Содан біздің ұққанымыз – ұлттардың достығына жекелеген ұлылардың да достығы үлкен әсер ететіні рас екен. Адам өмірі өткінші болғанымен, достық – өміршең. Қандай ғажап тұлға болса да ақыры өмірден өтеді, ал қара орман халық – мәңгілік. Қазақ пен қырғыздың ежелден тарихы ортақ, түп-тамыры бір, әні мен күйі де, жыры да, сыры да бір. Бұл ешбір дәлелді қажет етпейтін ақиқат дүние. Бізді қынжылтатыны, басқа мақсатты көздеген кейбір саяси күштердің арзан бедел жинамаққа екі елдің арасына сына қақпақ болғандығы.

Бірақ ондай ойдан да, ойыннан да ештеңе өнбесін жұртшылық біледі. Алатаудың қос қапталын мекен еткен егіз халықтың ғасырлар тереңінен сусындаған бауырластығына ешкім селкеу түсіре алмасын да жұрт біледі. Біздің айтпағымыз – қырғыз бен қазаққа нәсіп болған игіліктерімізге бөтен ниет, сайқал саясатты араластырмайық, оларды көздің қарашығындай сақтай білейік, ағайын!
 

Әлібек Асқаров,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері