01 Қараша, 2011

Қаршыға

1686 рет
көрсетілді
46 мин
оқу үшін
«Кетпесе қаны ауысып, Күй сазын Хан, қазы да тыңдар сірә!

Қанаты көк аспанды дара құшып, Самғасын Күй-Қаршыға».

Фариза.

Академик Әлкей Марғұланның «қанаттары бірде жоғары қарай атылып, бірде құдия төмен сорғалап, қырындап бұлдырай ұшады» деп құс-қаршығаны сипат­таған сөзі құдды бір күйші-Қаршығаның домбырасымен күйден өрнек төккен шабытты шағын суреттегендей кестелі ой кездіреді. Көзі тірі болғанда биыл 65 жасқа толатын күйшіге қатысты айтылған сырлардың қай-қайсысы да оған деген туған халқының рухани ескерткішіндей болып түйілуі заңды. Қазақтың ырымдап сәбиге қыран құстың атын қоятын себебі, түз құсындай тегеурінді, ұшқыр болсын деген ниеттен болса, сол қасиет кейін бірте-бірте адамның мінез-құлқымен, жан-дүниесімен біте қайнасып кететін көрінеді. Көшәлі ұрпағының шетінен Бүркіт, Қырғи, Тұрымтай, Алғи, Қаршыға деп аталуы Ахмедиярдың өзі де жай адам емес, бүркіт, қаршыға, сұңқар тектес қанаттыларды қапысыз танып, қызметіне жаратқан атақты құсбегі болғандығынан хабар береді. Қаршыға күйшінің киелі күй өнеріне деген сүйіспеншілігі мектепте оқып жүр­ген кезінде-ақ тәмам жұртты тамсандырғанын ағасы Алғи АХМЕДИЯРҰЛЫ мен жеңгесі Гүлжамал СЕЙІТЖАНҚЫЗЫ әңгімеге арқау еткен. Мұғипа Ажалдан соң кей адамның соңынан аңыз туады. Ел арасында домбыра мен күйге арналған небір аңыз-әңгімелер әлі күнге дейін сақталып қалған. Күйшілік өмір сондай аңыз-дараққа айналатын құндылық десек, осы дарақтан бүгінде абырой-беделі рес­публикамыздың түкпір-түкпіріне тарап, шет ел асқан балғын құрақтар өсіп шығып жат­қа­ны көңіл марқайтады. Қазақтың күй дастанын ол жүзден астам жауһар мұрасымен байытты. Кеңістік дегеніміз – өмір, ал өмірді өлім алмастыруы заң­дылық деген қағида осыдан кейін қалай­ша шындыққа жанаспақ. Өшпес, сөнбес дүние – сарқылмас тамыр десек, Қаршыға­ның өз замандастарынан бөлек менмұнда­лап тұра­тын қасиеті осында. «Табыну», «Шы­нар», «Күй ұран», т.б. көптеген күй жинақ­тары басылып шыққан, Қазақ радио­сы қорында 85 күйі сақтаулы, ғұлама жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Күй өнеріндегі феномен» күйшінің нәр татқан балғын бастау­ларына сапар шеккен кісі сыр-ғұмырдың мәңгілік сарынын санаға сіңірер еді. Ол сарын көктемнің хош ауасымен ой сергітетін жұпардай көңілді көгорай белге шақырып, дала әуеніне еліттіріп әкетеді. «Қоңыр үнге қойын бақтырған қаймана қазақтан бастап, қалың елі қара ормандай қай­ғыдан түнеріп қалды», деп іштегі шерін бір тарқатып алған Гүлжамал апайдың жүзінен қимастық сезімі қылаң берді. Жүректі алмас жігердей қайрайтын рухты күйшінің балалық белесіне көз тігу арқылы күй шежіресінде есімі ескірмейтін өнер саңлағының саф сар­қырамасынан сансыз сарынның әлі де толық жетіп үлгермей жатқанын ұғындық. «Гүлжамал Сейітжанқызы, жалпы қазақ халқы келінді «бір үйдің бетінен қақпай үкілеп өсірген қызғалдағындай аяласа, екіншіден, ұрпақты бағып-қағатын ертеңгі ақ жаулықты аналарымыз» деп жауапкершілік артқан. Халқымыздың сол дәстүрінен мол өнеге түйген шаңырақтың шарапаты туралы айтқанда, жадыңызға қандай сәттер жиі оралады?» деген сұрақ тостық әуелі. «Ахмедияр атамыздың жолдасы – Дә­меш енеміз қызы Ақкенжені босанарда ауыр жағ­дайға душар болып қаза тапты. Бұл қырқын­шы жылдардың соңында болған оқиға бол­ғандықтан, ол кездегі жағдайдың бәрін жіпке тізгендей түгендеп шыға алмас­пын. Бірақ сол жылдар туралы ойлансам, әлі күнге аналық мейірімін төккен аяулы бір адамның орны мен үшін ылғи да ойсырап тұратын сияқты. Ол – Мұғипа, енеміздің бауы­рының әйелі, нағашы болғанмен, қал­ған шиеттей бала-шағаға көз болып, Алғи екеуміз Ал­матыдан оқу бітіріп ауылға келгенде алды­мыздан аңы­рап жылап шыққан жан дегенде жалғыз апа­мыз. Жаны жәннат­та болғыр, жарықтық Ахмедиярлар әулеті­нің шырағын өшірмеуге себепші, мен секілді бұрын ауыл­дың ақ шаңын жұтпаған қаланың еркелеу қызының осы отауға тастай батып, судай сіңіп кетуіме үнемі аналық ақыл-кеңесін беріп келген ардақты кісі алты жыл біздің қолымызда тұрды. Мамасы қайтыс болған уақытта Қаршыға бар-жоғы үш-ақ жаста болатын. Қос сәбиді бауырына басып, туған аналарын жоқтатпаған осын­дай қазақтың ақ жаулықты аналарының жүрегін­дегі махаббат отынан ыстық маған мына дүниеде ештеңе жоқ болып көрінеді. Мұғипа апам тіпті жиен­дерінің аттарын тура айтпай, жанамалап, астарлап шақыратын. Ақкенжені түйенің сүтін беріп асырапты. Маған да көп көмектесті. Бір жеріміз ауыра қалса шыбын жаны шыға жаздап шырылдайтын. «Ахмедияр ақсақал да өзінің ауылында өте сыйлы адам болған деп естідік», – деп әңгіме ортасында ойға тамызық тастаймыз. «Ахмедиярдың кіндігінен тоғыз ұл-қыз тараймыз, – деді Алғи Ахмедиярұлы. – Бірінші Ғыйлымғали есімді бала өкінішке орай, екі жасында қайнап жатқан сүтке құлап, шетінеп кеткен. Ал одан кейін Бүркіт дүниеге келді, бірақ ол да Атырауда оқып жүріп, 18 жасқа жетер-жетпес шағында сү­зек ауруынан қайтыс болған. Мұнан соң 1932 жылы Қырғи туды. Ол көп жылдар кеңшарда мал маманы, ферма бастығы, кәсіп­­одақ комитетінің төрағасы болып қыз­мет істеп, 77 жасында дүниеден озды. Одан кейін Тұрымтай есімді бауырым дүниеге келді. Алматыдағы мал дәрігерлік инсти­тутын тәмамдады. Тура сөйлеп, түзу жүре­тін ақ, адал адам еді. Небәрі 55 жыл ғұмыр кешті. Одан кейінгілері менмін. Жаман­қалада, қазіргі Махамбет ауданында онжыл­дық мектепті бітіріп, 1956 жылы Алматы­дағы мал дәрігерлік институтына оқуға түстім, 1961 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтап, отбасын құрып, өмірлік жарым Гүлжамалмен тіке туған жерге қарай тартып тұрғанбыз. Ол уақытта жас маман­дар жұмыссыз далада қалып қоймай­тын. Ілуде біреу болмаса, көбі мамандығы бойынша қызмет істейтін. Ұшырған құсын жылы құшағын жайып қарсы алар ауыл деген алтын ұяның орны бөлек еді. Бізді «Чапаев» кеңшарына орналастырды. Мен бас мал дәрігері ретінде, ал Гүлжамал мектепте ауылдың қарадомалақ балаларына сабақ берді. Мектеп біз үшін сол уа­қытта ең ыстық ұямыз болатын. Себебі, «Таңдайда» көздері жәу­діреп, біздің жолымызды тосып Дариға, Қаршыға, Ақкенже жүр ғой. Олардың бәрін осында кө­шіріп әкеліп, сол мектепте оқы­тамыз деп күні бұрын іштей ойластырып қойғанбыз. «Таң­дайда» үш баламен тарығып Мұ­ғипа апамның отырғаны еске түссе, күндіз күлкі, түнде ұйқы қашады. Нағашы жеңгеміз де қол қусырып қарап отырмай, сәл ес біліп қал­ғандарының алдын хат танитын халге жеткізіп, ана­ла­рының жоқтығын сірә де сездірмей, туған балаларындай ба­уырына басып өсірді. Ананың аялы алақанына не жетсін, шіркін?! Сәби түгілі оқу бітіріп, жұмыс істеп жүрген біз­дердің өзіміз кейде сондай мейірімді аңсап, ақыл-кеңесін айтып отыратын бір жанға зәру едік. «Таңдайда» тұратын нағашы жеңгемізді қолымызға алғаннан кейін қиындық біртіндеп азая берді. Мұғипа келді, үйімізге береке қосылып кірді. Қаладан ауылға бір ауыз қазақша сөйлеуді білмей келген Гүлжамалдың өзі ауылдың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып кете барды. Максим Горький атындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Дариға мен Қаршыға осы мектепте қатар оқыды. Бастау «Қаршыға ағаның бойындағы күйшілік өнер өзінің кіндік қаны тамған жеріне деген перзенттік сүйіспеншіліктен келгені әр шығар­масынан тайға таңба басқандай көрі­ніп тұра­ды. Бес жасар бала кезінен дом­быраны басына жастанып жатпаса, көз ілмейтіні рас па?» – деп балауса сырды баға түсіп ой қозғаймыз. «Мысалы, Моцарт үш жасында музы­камен айналысса, Бетховен сегіз жасында сахнаға шыққан, Паганини тоғызында өзінің алғашқы шығармасын орындаған. Асылы, өнер деген құдірет жан-дүниесі кіршіксіз, ерекше адамдарға қонатын болса керек. Қаршығаның бойынан осы қасиет бала кезінен айқын байқалып тұратын. Ән мен күйді құлағына құйып өскен оған әкемнің домбы­рада ойнағанда саусақтары жүйріктей жорға­лағаны, әуелете ән шырқай жөнелгенде тамаша қоңыр дауысы ұнаса керек. Ахмедияр аңшының атын білмейтін кісі бұл өңірде кемде-кем еді. Ол келмей тұрып ауылдағы тойбастар шырқалмайтын. Жаңадан түскен жас келіннің бетін Ахмедияр әнші ашпаса, алқа-қотан көпшілік тағы да сеңдей теңселіп, жолын тосып зарығатын. Не керек, нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» баяғының серілері секілді атына заты сай кісі болған ғой. Құдайға шүкір, қай-қайсымыз да әкеміздің сол өнерінен құралақан қалмадық. Шетімізден домбырамен ән салдық, күй тарттық. Бәрімізден де арамыздағы Қырғи ағамыздың жолы бөлек еді. Ол күй орындағанда дала түзінің дүбірі, қыран қанатының сусылы құлағыңның түбінде бебеу қағатын. Кейін Қаршыға күйді сол Қырғи көкесінен үйрен­ген. Үш жаста домбыраны аузына салып, құшағына қысқан қылығына қызыққан жұрт әкеме: « Көр де тұр, мына балаң өскенде дәулескер күйші болады», деп жүрген жерінде ыңылдап ән салуға дағдыланған бүлдір­шінге таңырқай қарайды екен. Музыкалық аспапқа әуестігін сезген әкем бес жасында оған әдейілеп домбыра жасап береді. Осы домбырамен оқушы кезінде Алматыға Аты­рау­дан барған бір топ өнер майталман­дарымен бірге ән салғаны өз алдына бір хикая. Қаршыға ән шырқағанда ауылдың үлкен-кішісі таң тамаша қалып, Мұхиттың «Айнамкөзін», Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарындағы басқа да халық әндерін бірінен соң бірін тамылжыта орындағанда, жан-жақтан жамыраған жұрт әнші баланы таңды атыра тыңдай беруге бейілді еді. Әкем тойларға оны үнемі өзімен ертіп жүретін болды. Бар-жоғы 12-13 жастағы өнерпазға жұрт кәдімгі кәсіби әншідей құрмет көрсетіп жататын. Бірде тамағының ауруы асқынып кетті. Дәрігерлер қанша емдегенмен, кейін сол тамаша қоңыр дауыс өзінің қалпына қайтып келмеді. Әлі күнге дейін есіме оның тамылжыта шырқайтын әсем үні түссе, ішім удай ашып кетеді. «Әттең, сол уақытта оған дұрыс жөн сілтеп жіберетін кәсіби маман болғанда ол сол халге душар болмас еді. Дәс­түрлі ән өнері көгінде керемет бір әнші туар еді» деп. Атырауда Шәмшиден есімді тамаша бір күйші дүниеден өткен. Ол уақытта бұл кісіні білмейтін жан жоқ. Осындай тума талант мектепте Қаршы­­ғаға сабақ беретін. Сол Шәмшиден секілді өмірге екі келмейтін біртуар өнерпаз­дың келбеті есіме оралғанда, қайран, қазақ­тың қаншама дарыны ауылда туып, сол жерде тұншығып қалып жатыр-ау деп ойлаймын. Оның өзінің арнайы му­зыкалық жоғары білімі де жоқ еді, бар болғаны ауыл мектебінде математика пәнінің мұғалімі болатын. Міне, сол кісі қолына домбырасын алғанда, бәйгеге қосылған сәйгүліктің дүбірі құлағыңның түбіне келетін. Күй сиқыры өн бойыңды баурап әкетіп бара жатқандағы толғаныс керемет! Оның алғашқы ұстаздары жоғары оқу орында­рында білім алмағанмен күй тарту мәнерін мүлтіксіз меңгерген нағыз майталман шеберлер. Содан үйімізге тағы да «Нарын» құмынан күйшілер келіп тұратын. Олардың күй тарту шеберлігі алабөтен, өн бойың шымырлап қоя береді. Құрманғазы­ның «Кішкентайы» мен «Төремұратын» алғаш елтіп тыңдаған кезімді ұмытпаймын. Құрман­ғазы, Дина күйлері кезек-кезек тоқ­тамай орындалып жатады. Бірі сәл баяуласа, екіншісі аяғын жерге тигізбей көкке ұшырып ала жөнеледі. Шаршамай ма өздері деп біз жас та болсақ, әлгі ұзақ ойналған күйлерге ілесе алмай, өкпеміз өшеді. Ал күйші қарт­тар оңайлықпен тоқтамайды. Қаршыға да әлгі­лерге қосылып алып, бір иығын жұлқи қозғап, бірде құйындай заулап, енді кей тұста мамыр қаздай маймаңдап, тастүйін отырады. Тыңдаған кісінің өзі мына көріністі жай тамашалауы мүмкін емес. Әлгілер сәлден соң оның тарту мәнеріне риза болысып, сары самаурынның шайын сораптап ішіп тауыса­ды, – деп әңгіме нақты бір күйге келіп тірелгенде, Гүлжамал апай да кешегі күндерді қимастықпен еске алды. «Қаршыға Құрманғазының «Кішкен­та­йын» тартқанда қатты тебіреніп кететінмін, – деп сонау бір жылдар жаңғырығына құлақ түргізген. – Ол кезде жаспыз, көкжиектегі ақ шарғы бұлттарды күй нөсері жуып әкетеді, жаймашуақ күйге бөленем. Туған Алматым­ды, Ілемді аңсаймын. Кешегі бал дәурен шалғынымды сағынамын. Күйдің құдіреті – сенің осынау күйіңді қос ішекті домбы­раның сазымен елжірете жеткізеді. Соның әуенімен оянып, тынысымен күнді ұясына қондыра­мын. Үйдің, ата-анамның аяулы мейіріміне сусадым деу келгеніне бір жыл болмай жатқан келінге үлкен сын болып есептеледі. Сондықтан көз жасымды көр­сет­пеймін ешкімге. Мені жұбататын жалғыз құдіретті күш Қаршығаның күйі еді. Сәлден соң онымен қосылып, бірге мұңаятынбыз. Мен ата-анамды сағынғаннан, ал ол 45 жасында мезгілсіз өмірден озған әз анасын аңсап. Мұғипа апамның айтуынша, енеміз өте ажарлы әрі өзінің шаруасына пысық адам болған деседі. Ал өнер жағынан мұнда атама ілесетін бірде-бір адам болған емес, – деп әңгіме кезегі тағы да отағасына ойысты. «Әкем 92 жасында дүние салды. Қар­шығаның қырандай қалықтаған сәтін көр­генде бақыт сезіміне бөленген шығар талай, – деп өрбітіп әкетті әңгімені А.Ахме­дияр­ұлы. – Баласын қай ата-ана биіктен көргісі келмейді дейсің. Сол асқар көкке әкемнің төбесін Қаршығаның өнері талай рет тигізгені анық. Ол баласының үйлену тойына жүрегі алып ұшып өзі жетті. Алматыға іздеп келді. Әрі аңшы, әрі сері, айтылған сөзді мұқият тыңдайтын, асықпай сөйлейтін әкеміздің кейде суырып салма ақындық өнері тағы бар еді. Демалыс күндері қара-шаңырақта бәріміздің басымызды қосады. Кең дастархан жайылады. Өзі барып төрге жайғасады. Ас ішіліп болған соң, кезек өнер­ге келіп жетеді. Қазылар алқасының төрағасы өзі, кім қандай шығарманы орын­дауы керек, барлығын өзі хабарлайды. Әуе­лі домбырамен өзі тамылжытып ән шыр­қайды. Күй орындағанда саусақтарына көз ілеспейді. Кеш бойы осылай ән әуелеп, күй жалғасады. Қайсымыз қалай орындағаны­мызға баға берілерде ішімізден бейнебір байқауға қатысып жатқан адамдай қатты қобалжимыз. Асқар таудай әкеміздің пікірі консерваторияда оқып келген адамның баға­сынан қымбат саналатын. Күйді нотамен оқып үйренген жастардың кейде саз­дың нәзік иірімдерін жүрекпен жеткізе алмай қалатын себебін кейін жақсы түсіндім. Өйткені, күйшіге консерваторияда оқу жеткіліксіз екен. Қаршығаның мықты бола­тыны – ол күйді консерваториядан бұрын дала академиктерінен үйренгендігі. Марқұм әкемнің соншалық көрегендігі қайран қалдырады. Бір кезде ол маған: «Келешекте Ғалымнан тамаша күйші шығады» деп еді (Ғалым Ахмедияров – Алғи ағаның кенже ұлы, «Саз отау» дуэтінің күйшісі, «Қазақ әуендері» АҚ-ның президенті.) Қазір сондағы оқиғаларды қайта ой елегінен өт­кіз­сем, отбасымызбен өнерді сүйіп өсуі­міз­­ге әкеміздің сондағы тәрбиесі мен өне­ге­сі үлкен бастау болғанына көзім жете түседі. «Таңдайдың» тәтті түні «Қаршыға ағаның бала күнінде тартқан күйлерінің бәрі есіңізде ме?» – деп күйші өмірінің қызық та жұмбақ қырларының тағы да ашыла түсуіне үміттенеміз. «Шоқиған не төбешік, болмаса бір қыл­тиған шөптің панасы табылмайтын сайын даланы «Таңдай» ауылына келін болып түс­кенімде бірінші рет көруім, – дейді Гүл­жа­мал апай. – Киіз үйде тұрамыз. Қалада өскен­дігімді білдіріп: «Есікке ілгек салып қой­маймыз ба?» деймін. «Қорықпа, үйге бөгде ешкім кірмейді. Ұры-қары деген атымен жоқ» деп жұбатпақ болған Алғидың сөзіне құлақ ассам да осының бәрі менің қызық түсіме ұқсайтын. Үйде 50-60 бас қой бар. Ауылдағы­лардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Қаршыға қолды-аяққа тұр­май, үй шаруасын тындырымды атқарады. Мені аяғандықтан ауыр жұмыстың бәрін өзі істеуге тырысады. Жаны нәзік. Ішіндегі толғанысы домбыраның қоңыр үнімен қосыла әуелейтін әсершіл әрекетінен сезіліп қалатын. Құдықты қолмен қазып су шығарудың хикаясы өз алдына бір қызық әңгіме. Мына өмірде талай жердің дәмін татып, бұлағын тұщына сімірген болуымыз мүмкін, бірақ та «Таңдайдың» құдығының дәмі әлі күнге таңдайымнан кетпейді. Қаршыға маған сонда: «Ертең «Чапаев» кеңшарына көшіп бар­ғанда әлі-ақ «Қайран, Таңдайдың суы-ай» деп аңсайтын боласыз» деп еді. Айтқаны айдай болып шықты. Боқсақ бастауы Жа­йық­пен ұштасып жатыр. Арықтан ол тым­пыңдап үйге су тасиды. Үйдегі ыдыстарды әп-сәтте шүпілдетіп толтырып тастайды. Менің жұ­мысымды жеңілдетуге тырысып бағатынын бала да болса бір тынбай жұмыс істеуінен байқап қаламын. Неге бұл жерді «Боқсақ» деп атау сырын білмекке түбіне үңілемін. Боқсақ емес, бәлкім, жағасында борсық көп болғандықтан жергілікті халық­тың басқаша бұрмалап атауы әбден мүмкін ғой деген ойға қаламын. Әлде «бордан» «сақ» бол деп жұртқа құлаққағыс жасап тұр ма? Турасын білмеймін, бірақ расымен де «Таңдайдың» суын Борсақпен салыстыруға тіптен келмейді екен. Қаршығаның ел, жер туралы көп нәрсені санасына үлкендерше тоқып жүре­тіні сонда-ақ анық байқалатын. Шаруашы­лықтан бізге бөлінген пәтерді ту сыртынан көптен бақылап жүрген ол бірде: «Біздің үйдің балконы бар» демесі бар ма? Бір қабатты корпустың қай жерінен балкон көріп жүр деп аң-таңмын. Көп ұзамай аңсаған пәтердің кілті қолымызға тиді-ау әйтеуір. «Сенің айтып жүрген балконың қай­да?» деймін. «Міне, тұрған жоқ па төбе­мізде» дейді ол шатыр жаққа сұқ саусағын нұсқап. Қызыл шатырды балконға балаған бала қиялының кейін биіктерге самғаған күй қанатына айналарын біз сонда ойла­дық па? Балауса қанат сол үйдің қабыр­ғасында жүргенде қатайды. Дариға қызы­мыз одан бір жас үлкен еді, бірақ қатты суық тиіп ауырған­дықтан бір жыл сабаққа бармай қалды. Мектепті Қаршығамен бірге оқып бітірді. Ауыл оты түн ауғанша дамыл таппайды. Домбыра шертіліп жатыр. Күй күмбірлейді. «Бұл не өзі, таң атып қалған ба?» деп сағат­қа қараймын. Тура түнгі сағат үш. Баламды емізіп, жастыққа жантая бергенімде, тағы әлгі әуен шалқи жөнеледі. Тоқтайды. Баяулап қайта жалғасады. Атын атамаушы едім, жатқан жері жәннатқа болғыр, Тұрымтай қайнағам маған: «Кеш батқанда далаға жал­ғыз шықпа, ал енді тіпті болмай бара жатса, басыңа орамал тартып алуды ұмытпа», деп құлағыма құятын. Үйімізге жақын жерде жүйке ауруларын емдейтін аурухана барлы­ғын естігенмін. Тұрайын десем, орнымнан қозғала алар емеспін. Бойымды бір қор­қыныш сезімі билеп алған. Далаға қайта құла­ғымды тігемін. Тым-тырыс. Ал әлгі тәтті үн дәл үй іргесінен шығатын сияқты. Қиялымда ойналып жатқан жоқ па деп сәлден кейін өз-өзімнен үрейлене бастадым. Жоқ-а, кенет алысқа ұзап кетіп бара жатқан тәрізді. Бірақ бұрын әлденеше естіген күйім. Осылай талықсып жатқанда көзім ілініп кетті. Ертесіне сол күй шыңыраудан шиырлай тағы шырқалды. Сағат тілі тұп-тура үш. Енді бірінші күнгі қорыққанымдай әлденеге елеңдемеймін. Өйткені, оның түс те, елес те емес екеніне иманым кәміл. Көр­шілерден «патефондарың бар ма?» деп сұрап шыққанымда, олардан жоқ деген    жауап алғанмын. Келесі түні тағы сол үн қай­таланды. Алғи іссапардан оралғанда түнгі үшті асыға күттім. Кенет таныс күй тағы тартылды. Осы басымнан кешкен оқиғаны түп-түгел Алғиға баяндап бердім. Электр жарығы жоқ, қолымызда білтешам. Күй естілген жаққа екеуміз жақындап келеміз. Қаршыға жатқан бөлмеге таяп қалдық. «Қар­шыға!» деді Алғи дауыстап. «Оу» дейді ол сергек үнмен. «Ойбау-ау, түн жа­рымында не істеп отырсың?» деп зәре- құтымыз қалмай бөлмесіне ентелей кірдік. «Күй тартып жатырмын» дейді. Шамның сығырайған жарығымен Қаршығаның дом­бы­ра ұстап жатқан сұлбасы көрінеді. «Домбыраны жатып алып қалай тартады?» деп жақындадық жанына. «Нарынның күйшілері баланың миын әбден шаршатып тастаған» деп мазалана бастадым. Міне, ғажап, Қаршыға түсінде күй тартып жатып оянады екен. Содан әлгі күйді жалма-жан қайталайтын көрінеді. Өз көлеңкемнен өзім қорыққан екем-ау деп кейін бұл оқиға есіме түскен сайын бір күліп алатын болдық. Шыңдалу «Бұрынғы өнердегі ағаларымыз бен апа­ларымыз талантты жастарды жер-жер­ден өздері іздеп барып табатын. Сондай ағала­рының қамқорлығынан Қаршыға да шет қалмаған деп естиміз», – деп әңгімені ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысқа бұр­ғаны­мызда, алыстап қалған Аққыстау беті қайта парақталды. «Қаршығаның өнеріне шабыт бітірген жердің аты – Аққыстау, – деп жалғады сөзін Алғи Ахмедиярұлы. – Өйткені, ол жердің адам­­дары шетінен әнші, күйші болатын. Ша­ма­­мен оның он алты-он жетідегі кезі. Бірақ оның бар айналысқан кәсібі домбыра тарту болды деп сірә айта алмас едік. Саба­ғын өте жақсы оқиды. Ауылдағы ойын-сауықтың бел ортасында Қаршыға көрінбей қалса, доста­рының жүзі жабырқау тартады. Менің өзім оған өмірімде еш ренжімеппін. Қаршыға тек шебер домбырашы ғана емес, қолынан неше түрлі зергерлік бұйымдар жасап шығарған нағыз қолөнер майталманы еді. Айналайын, Аққыстау ән мен күйдің мекені-тұғын. Қара өлеңді жатқа оқитын небір шешендер мен жаңа әнді тез үйреніп айтатын бұлбұл әуезді өнерпаздарды осы жерден көп көрдім. Қонақ­қа барған адам ән салмай қайтпайды. Қай үйге барсаң, сол үйдің төрінде қазақтың қара домбырасы ілулі тұрады. Қолына домбыра тиген адам орындалып жатқан күйді үзілген тұсынан әрмен қарай жалғастыра жөнеледі. Осылар­дың арасынан Қаршығаның шоқтығы биік көрінетін. «Ән болуы үшін, нан болуы керек» дейтін еді марқұм әкеміз. Бәріміздің жағалай өнер жолына түсіп кетпеуімізге осы кісінің сол сөзі қатты әсер еткен болуы керек. Әйт­се де арамыздағы Қаршығаның мінезі қай­сар, алған бетінен қайтпайтын өжет еді. Қолына алған шаруасын бітірмейінше басқа жаққа мойын бұрмайтын бірбеткей мінезі оны түбінде мақсатына жеткізді. Алпысын­шы жыл­дардың өзінде ол оркестрлермен концерттік шараға қатысуын бастады. Та­лан­тын байқаған адамдар: «Консервато­рия­ға бармай ма?» десіп, ақыры оның таланты Шамғон Қажығалиевтың құлағына жетіп, белгілі дирижердің өзі консервато­рияға апарады. «Төкпе күйді өте жақсы тартады екен» деп жоғары бағасын береді. Жас жігіттің мінсіз өнерін қызыға тамаша­ла­ған дирижер Құр­манғазы оркестріне жұмысқа қабылдайды. Мұндай оқиға оркестр тари­хында бұрын-соңды болмаған жәйт еді. Алғашында бас домбырашы бо­лып қабыл­данған ол келер жылы консерва­торияға оқуға түседі. Құр­манғазы баба есімімен аталатын қос өнер ордасы оның сол сәттен бастап күй ата­сының шығармала­рына дендеп енуіне жол ашты. Еңбек жо­лын концертмейстер болып бастаған күйші төкпе күйлермен қатар шертпе күйдің қыр-сырын жете меңгерді. Тәттімбет пен Сүгір­дің күйлерін нәшіне келтіре орында­ды. Ерке­ғали Рахмадиев ағасы оның осы қасие­тін ерекше бағалап: «Қаршығаның басқа күй­ші­лерден ерекшелігі – төкпе күй мен шертпе күйдің екеуін теңдей меңгер­гендігі», деген болатын. Еңбегін ел-жұрты елемей қалған жоқ, 1981 жылы Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, араға он жыл салып Қазақстанның халық әртісі атағына ие болды, кейінірек Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты атанды. Өнер сапары­мен көптеген елдерге барып, қазақтың күй өнерін әлем жұртшылығына танытуға ба­рынша тер төккен оның бұл саладағы еңбегі ұшан-теңіз екені сөзсіз. «Ол кісі нені ұнататын, адамның бойын­дағы қандай қасиеттерді жек көретін еді», – деп күйші болмысы жайында сыр тартқа­нымызда, Гүлжамал Сейітжанқызы оның балалық шағынан есте қалған тағы бір әңгімесін баяндап берді. «Ол еңбекқорлықты сүйді, өзі баулыған шәкірттеріне де сондай талап қоя білді. Жал­қаулық пен енжарлықты қаламады. Та­ғы бір ерекше қасиеті – үйдегі тұты­нылып жүрген бір зат бұзылып, не сына қалған жағдайда ол қол қусырып қарап отырмай­тын. Мәшинеге дейін жөндейді. Ал атам болса айтып өткенімдей, айтулы зергер, сақина, білезік сияқты әйелдердің түрлі әшекей бұ­йым­дарын жасап шығарады. Жа­нынан бала Қаршыға бір елі ажыра­майды. Ауылдың басқа балалары асық ойнап, доп теуіп жүргенде, біздің Қаршыға зергерлікке зейіні ауып отырады. Атамның бойындағы сол бесаспап қасиет барынша Қаршығаға қонға­нына еш шүбәм жоқ. Анамызға сый­ланған темір шылапшын күні кешеге дейін тұр­мыстық кәдеге жарап келді. Қаршығаның қамшысы «Қаршыға ағаның Раушан есімді халық­аралық ірі байқауларда топ жарған скрип­кашы қызы бар екенін білеміз. Соңғы кездері ол туралы ештеңе айтылмайды. Жалпы күйшінің отбасы жайында жұрттың толығы­рақ білгісі келеді» дейміз көп көкейіндегі сауалды алға тосып. «Келініміз Нұрбике көп жылдар балалар дәрігері болып жемісті еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан аяулы әже. Қаршыға екеуінің үйлену тойында халқымыздың ақ­таң­гер әншісі Ғарифолла Құрманғалиев ата­сы ақ батасын беріп, әуелете ән салған. Дүниеге алғашқы ұлдары Ерлан келгенде, бәріміз бір шаңырақтың астында тұратын­быз. Кейін өз қолымызбен еншісін беріп, жас отауды ақ тілекпен шығарып салдық. Көп кешікпей отбасы тағы бір сәбимен толықты. Қыз балаға әулетіміздің гүліндей құлпырып өссін деген ниетпен Раушан деп ат қойсақ, ақылына көркі сай қызымыз әке жолын қуып, консер­вато­рияны үздік оқып бітірді. Оның біз ешқашан өзімен бірге оқыған құрбыларымен ойнап күлген кезін көрмеппіз. Кейбір атақты адамдардың балалары әкеле­рінің дүниесіне масайрап, жұмыссыздыққа бой алдырса, ал Қаршығаның үйіне қашан бас сұқсақ та Рау­шанның скрипкасын сызыл­тып, түрлі әуезді тамылжыта ойнап жатқа­нына куә бола­тынбыз. Ал ұлы Ерболатты бала кезінен музыкаға Қаршығаның өзі бау­лыды. «Бүгін мына шығармаларды тар­тып жаттығасың» деп жұмысқа барар алдында үй тапсырмасын жүктейтін әке талабы бұлжы­май орында­латын. Мен өз басым Қаршыға­ның балаларын адал еңбекке баулитын осы қасиетіне қашанда тәнті болып қарайтын­мын. Бала тәрбиесін күтіп-бапталғанда ғана мол жеміс беретін алма ағашына теңеп жат­сақ, сол қағиданың дұрыстығын бауы­рым­ның балаларындағы тамаша қасиет­тер­ден көремін. Бүгінде Ерлан шетел фирмасында білікті маман, ал Раушан Америкада сим­фониялық оркестрде концертмейстер, скрипкада жеке орындаушы. Аме­риканың мықты­лары қазақтың қаршадай қызына бекер құрмет көрсетіп отыр дейсіз бе? Мұхиттың ар жағында даланың қарлыға­шындай бір әсем қызымыздың жүргенін еске алсақ, көкіректі мақтаныш сезімі билейді. Айман Мұсақожаеваның шәкірті, бірнеше ха­лық­ара­лық байқаулардың лауреаты атанған скрип­кашының мәртебесі мұнан да биіктей береріне сенемін. Қара шаңырақтың иесі, үлкен ұлы Ерболат та консерваторияда оқы­ған, кәсіби дирижер, жары Әмина екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіруде. Туған жерден жырақта жүрген қызының тағдырына алаң­да­ған Қаршыға оны өз қолыммен құтты ор­нына қондырсам деп армандап қоятын. Көзі тірісінде әкесі көре алмай кеткен сол қуа­нышқа енді тезірек жетейік деп тілейміз тәңірден. Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте оқып жүрген Ғалым мен Рау­шан­ды қатар отырғызып қоятын. «Өнер адамына кішкентай кезінен бастап дұрыс бағыт-бағдар сілтеп отыру керек. Гүлжамал сен, баланы тым еркелетіп, өбектей берме. Онсыз да сәби үшін ананың орны қашанда бөлек болып қала береді. Бірақ олардың ертеңгі болашағына бәріміз жауапты болған­дықтан қандай қиын­дыққа да төзе білуге үйретуге тиіспіз. Келешекте нағыз өнер иелері болып шығуын тілесең, сабағын қатаң қадағалап, көңіл бөліп отыр», деп менің өзімді қайрап кететін. «Әттең, өзім музы­калық білімді кеш алғаны­ма қатты өкінемін, бірақ мұның есесіне балаларым әлі жас болған­дықтан осы кезден бойларына өнерді сіңіріп өскенін қалаймын. Сонда біз шыға алмай армандаған биіктерге олардың жетеріне еш күмән келтірмеймін», деген сөзі бізге қанат бітіретін. Өйткені, дайындық мерзімін қосқанда консерваторияда жеті жыл білім алған адам­ның өнер туралы толғамдары бізге де қатты әсер ететін. Өзінің де басынан жұмыстары асып жат­қанына қарамастан күніне Раушан мен Ғалымға үш сағат сабақ өтетінін қай­терсің», деп Гүлжамал Сейіт­жанқызы өрбіткен әңгімеге Алғи Ахмедияр­ұлы қосылған. «Ортамыз ойсырап қалғалы бір жылдан асса да ойыма оның жарқын бейнесі орала береді. Бірде балаларға 33 нөмірлі этюдті ойнатып жатқанбыз. Ғалым шығарманы орын­дап оты­рып күліп жіберді. «Әлденені шатас­тырып алған болуымыз керек, болмаса неге күледі?» деп іштей қауіптеніп қоямыз. Кейін білсек, ол 34-ші этюдті орындапты. Осылай сырымыз ашылып, баланың алдында екеуміз бірдей қызарған жайымыз бар. «Нота білмейсіңдер ме, сонда?» деп Ғалым бетімізге ожырая қарап тұр. Қаршыға бізге «нотаны білмейтіндеріңді балаларға сездіруші болмаңдар, оны түсінетін адамдай анда-санда қағазға қараған болып отырыңдар» деп тапсырған. Сол қулығымыз әп-сәтте әшкере болды. «Өте жақсы ойнап жатырсыңдар» деп басымызды изегеннен бас­қа түк бітіре алмайтын біздің енді бұл қулығымыз сірә, іске аспасын сезгенде, не істерімді білмей дал болып қалдым. Ал бесінші сыныпта Ғалым біржола дом­быраны таңдады. Бітіру емтиханына кон­сер­ваторияның оқытушылары келіп қатыс­ты. «Қоңыр» күйін орындап жатыр. Сынақ алушы майталман музыканттар үнсіз тыңдағанда, кейбірінің күй құдіретіне толқып, көздеріне жас алғанын көрдім. Бес жылда оқып бітіретін консерваторияны осылайша Раушан мен Ғалым төрт жылда үздік бағамен тәмамдап шықты. Бүгінде екеуі азды-көпті табысқа қол жеткізіп жүрсе, бұл ең алдымен Қаршығаның еңбегінің арқасы деп есептеймін. Асыл мұра «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жобасы арқылы халқымыздың баға жетпес құн­дылығы ұлықталып жатыр. Оның ішінде Қаршығаның күйлері ерекше бағаланады. Дегенмен, күйшіге құр­мет мұнымен шектелмейтін болар?» – деп сұрағанымызда, Қаршығаның күйлері таспа­ға жазылса, ал «Күй Қаршыға» атты дискісі бүгінде бәрінен биік тұрған бірден-бір құнды еңбек екені, әріптесімен бірге күй нотасын жазып бітіргені туралы әңгіме өрбіді. Бір айта кетерлігі, оның жазған әндерінің бәрі түгел халыққа жетіп үлгерген жоқ, алдағы уақытта таспасы жарық көреді деп күтілуде. Консерватория қабырғасында орындалып, ал бірақ әлі таспаға толық басылып үлгермеген дүние­лерімен бірге кейінірек жазылған біраз әндерінің нотасы қаламмен қағазға түсіріл­ген күйінде тұр. Кейде біреулер «нотаның керегі жоқ, күйді әркім өз үйренгені бойынша орын­дағаны жөн» десе, енді біреулер мұның дұрыс еместігін алға тартады. Қаршыға күйші көптеген күйлерді нотаға түсіріп, «алтын қорымыздың» молаюына айтарлық­тай үлес қосты. Оркестрді керексінбей, жаңсақ ойға бой алдырған кейбір әріптес­теріне өз ұстанымының дұрыс­тығын дәлелдеп шықты. «Қаршыға ағаның қазасына қайғырмаған қазақ баласы жоқ шығар» дейміз тағы бір жарық жұлдызынан айырылған халықтың көкейіндегі мұңды жеткізіп. «Мезгілсіз қайтыс болған Дариғаның жол­дасына топырақ салуға Алғи екеуміз үл­ге­ріп барғанымызбен, көзіне операция жа­сатып жатқан Қаршыға қырқына қарай ауыл­ға тартып кетті. Бұл оның туған жерге ең соңғы сапары боларын кім білген?! Жүрегім бір сұмдықты сезгендей еді. Түні бойы көз ілмей аунақшып шықтым. Ғалым қатты науқас­танып, ауруханада емделіп жатқан бо­латын. Мен соны қауіптеніп жүр­мін. «Апыр-ай, баламыз аман болсын, әйтеуір» деп басқа ой миыма кірмепті. Көңілім әлденеге алаңдай берді. Ғалымға телефон соғамын, ол үн-түн­сіз. Одан сайын дегбірім қашайын деді. «Қой, бұлай үйде құр уайымға салын­ғанша өзім барып қайтайын» деп бекінген Алғи мәши­несіне отырып кетіп қалды. Әлденеден шо­шып, сыртқа шықтым. Көшеге телміремін. Күте-күте шаршадым. Сосын үйге қайтадан кіремін. Кенет Эльмира (келіні) екеуміз шайға отыра бергенімізде Алғи кіріп келді. Жүзінен әйтеуір бір сұмдықтың болғанын сезіп тұрмын. «Ғалым аман ба?» дедім сасқалақтап. «Иә, ем қабыл­дап жат­қанда, телефонын сөндіріп қойыпты» деді де, орындыққа сүлесоқ отыра кетті. «Қар­шығадан айырылып қалды-ық» деген үні әзер естілді. Мұнан әрмен қарайғысы есімде жоқ. Төңірегім қап-қараңғы болып кетті. Төбемнен біреу суық су құйып жібергендей, тұла бойым мұздап, арыстай азаматтан ойда-жоқта айрылып қалғанымызға қай­ғырып, ішім алай-дүлей. Өлді деуге қиятын адам ба еді ол? Күннің аптабына жүрегі шыдамай, екі рет жедел жәрдем шақыртқан, мұндағылар таңертең аудан орта­лығындағы ауруханаға барып ем алуыңыз керек» деген. Кейде дәрігерлердің өз ісіне салғырттығынан осын­дай қайғылы оқиғалар орын алып жататынын несіне жасы­рамыз», деп өкінеді Гүлжамал апай. «Ауылға аттанардың алдында ғана елордада Құрманғазы атындағы дәстүрлі күйші­лер байқауы өтті. Ол осы шараға қатысты. Денсаулығы сыр беріп жүрген адамдай жүзі жүдеу көрінді. Үйде қонақта отырғандардың бірі: «Қаршығаның беті неге ісіп кеткен?» деп сұрағанда онша мән бере қоймаппын. «Сәл толыңқыраған екен-ау» дедім мұнысын. Мені ол «көке» дейтін. «Көке, сіздер жезде­міздің жерлеуіне қатысып, жетісін өткіз­діңіздер ғой, енді қырқына мен барып қайтайын. Ұшаққа билет алып қойдым», деді. Маусымның 3-інде Атырауға түсті. 5-сі күні садақасын береді. Сол күні кеш батқанша жиынға келген ағайын-тумалармен өткен кездерді еске алып, дидарласады. Жиенімен бірге әке-шешеміздің қабірінің басына барып, құран оқиды. Көзіне жас келеді. Көлікте келе жатқанда да көңілі қайта-қайта босай беріпті. Қасиетті адамдар өздерінің бұл дүниеден өтетін кезін алдын ала сезеді дейді ғой. Сірә, солай шығар, ата-бабаларымыздың қорымы Көздіқарада жатыр, бұл – Қаршығаның туған жері. Дәл сол топырақта ол да мәңгі дамылдар еді, алайда білім алған, есейген, Қаршығаның атын қазаққа танытқан Ал­матының жөні бір басқа. Денесін рухани астанаға жеткізу тапсырылды. О бастағы жеті ұлдан жалғыз мен қалыппын. Алма­тыда Қайыржан деген нағашымыз тұратын, табанда сол кісімен хабарласып, Қаршыға­ның отбасына естіртуді өтіндім. Иманғали Тасмағамбетов інімізге телефон соқтым. Қаршыға сырқаттанып қалғанда Иманғали Қытайға апарып емдеткен болатын. Көп ұзамай ол ауруынан айығып кеткен еді. Бұл оқиғаны елімізде азық-түлік жетпей, тапшылық орын алып жатқан кезде бастан кешкенбіз. Сол қиындыққа қарамастан оның Қаршыға аға­сына жасаған жақсылы­ғы ешқашан ұмы­тылмайды. Қаршығаның «Имаш Бай­жұмасы» деп аталатын күйі бар. Мен енді сондай сүйікті ағасының өмірден озғанын қалай айтудың ретін таппай қиналудамын. Әйтеуір әупірімдеп жеткізген сияқтымын. Арада біраз үнсіздік орнады. Бірақ өмірден халықтың адамы өтіп жатқанда көңілдің қара ормандай қалың күйігіне оранып отыра беру ерге сын, елге сын. Қазақтың Қаршығасын мәңгілік сапарға аттандыру жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. «Маған жарты сағат уақыт беріңізші, өзіме-өзім келіп алайын» деді ол. «Жақсы» дедім. Дәл жарты сағат өткенде, хабар­ласты. «Аға, – деді, – сіз үйде жылап отыр­саңыз, менің мына жақта қайғыдан қабыр­ғам қайысуда. Бірақ ағаны арулап жерлеуіміз керек, қазір сізге мәшине жіберейін, маған тезірек жетіңіз», деді. Келсем, Қуа­ныш Сұлтанов екеуі қайғы үстінде отыр екен, орындарынан тұрып маған көңіл айтты. Болған жағдайдың мән-жайын білгеннен кейін, Қаршығаны соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатысты шаралар қабылданды. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға телефон соғып, марқұмның денесін Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрынан шығара­тын болып келісті. Жан-жаққа хабар жеткізілді. Атыраудың әкімінен мәйіттің Махамбет ауданының ауруханасынан Атырауға жеткізіліп, дұрыс сақталуын сұрады, өйт­кені күн өте ыстық болатын. Денесін Алматыға әкелу үшін арнайы ұшақ бөлінді. 7 маусым күні таңертең Атырау қаласына ұшып келсек, Дина атындағы алаңға жиналған жұрттың жоқтауын естігенде құйқаң шымырлайды. Туып өскен жерінде ақтық демі таусылған азамат «Кеңсай-1» зиратына, Д.Қонаев атасы жатқан қабірдің қасына аялай жерленді» деген Алғи Ахмедияр­ұлының әңгімесі еріксіз толқы­тады. Он жыл 23 жасар қытайлық жігіттің бүйрегімен өмір сүріп келген күй­шінің өзіне мұңын шаққан кез келген жанға қолұшын созуға дайын тұратын қасиетіне тоқталды. Ол: «Елдегі ағайын-туыстың Алма­тыға оқуға түсуге келген балаларының бәрі Қаршығаның үйін паналайтын. Ауылға барғанда өзімен бірге біразын оқуға алып келетін. Бүгінде сондағы қыз-жігіттердің дені өз алдарына үйлі-баранды болып, алды қыз ұзатып, келін түсіріп қойды. Осы соңғы барған сапарында да ауылдағы ағайынды 16 тамызға қонаққа шақырып келіпті. Кейін дәл сол күні Қаршығаның қырқын беріп жаттық. Таңғаларлық жәйт емес пе? Бәрібір халық осы күні Қаршығаның үйіне жиналды. Күй өнері жай адамның басына қонбайды, киелі, қасиетті адамға дариды деп ойлаймын. Ендеше, сондай құдіретке ие Қаршығаның бұл әрекеті себепсіз емес екені анық. Мінезі тік болатын. Ешкімді орынсыз кекетіп-мұқатып, сыртынан сөгуді білмейтін еді» десе, «Қолы ашық, пейілі дархан азамат еді, – дейді жеңгесі әңгімені әрмен қарай өрбітіп. – Қаршыға адамды сыртынан бір көргенде-ақ келешекте кім болатынын тура болжайтын. Әсіресе, өзінің шәкірттеріне берген бағасы дәл келіп жататын. Мысалы, келініміз Элмирадан болашақта керемет қобызшы шығатынын алғаш айтқан Қаршыға болатын. Ғалымды күйші болады деді. Екеуі құрған «Саз отау» дуэтін бүгінде білмейтін жан некен-саяқ. Қаншама клиптері жарық көрді» деп, тағы да Аққыстау ауылының аспанына көз тікті. «Түнгі сағат бір шамасы. Есік қағылды. Қаршыға елпеңдеп жүгіріп шықты. Қо