– «Астана» еурокубоктық ойындарда алғаш рет сырт алаңда жеңіске жетіп отыр. Осындай ойындары арқылы еліміздің футболын әлемдік аренада мақтанышпен көрсетіп келеді. Осы туралы өз ойыңызды білдіре кетсеңіз.
– Барша қазақстандық жанкүйерлерімізді құттықтаймын. Бұл алғашқы ойындағы жеңісімізге керемет үстеме болды. Соңғы кездері отандық футболымыз жиі сынға ұшырап жүрген еді. Осындай жеңісіміз арқылы елімізде әлі де ала доп ойыны бар екенін дәлелдей білдік.
– Бұл нәтижені сенсация деп есептеуге бола ма?
– Мүмкін күтпеген нәтиже тіркелгеннен кейін солай деп айтуға да болар. Бірақ мен «сенсация» терминін пайдаланбас едім. Біріншіден «Астанада» Еуропада осал команда боп есептелмейді. Екіншіден, мұнан да үлкен жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін.
– Команданың топтық кезеңнен шығу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Әзірге бұл туралы айту ерте. Мүмкін қалған матчтардың біреуінде жеңіске жетер болсақ, плей-оффқа деген мүмкіндігімізді арттыра түсер. Алайда бізді ауыр ойындар күтіп тұрғанын естен шығармайық. Жеңіске жетуіміз де оңайға түспейді. Мүмкіндігіміз барда команда барын салатын болады. Топтан шығып, жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді.
– Жексенбі күні «Ақжайыққа» қарсы маңызды кездесу күтіп тұр. Бүгінгі ауыр ойыннан кейін Орал ұжымын жеңуге команданың күші жете ме?
– Жеңуіміз міндет, одан өзге жолымыз жоқ. Оның үстіне бүгін бапкерлер алқасы командаға ротация енгізіп, дұрыс шешім қабылдады. Қосалқы құрамға Марин Аничичті, Роман Мұртазаевты қалдырды. Сондай-ақ, жексенбілік кездесуге Срджан Граховац та дайын болуы керек. Сондықтан «Ақжайықты» жетіп, маусымды чемпион ретінде аяқтаймыз деп сенемін. Тағы да жанкүйерлерімізді құттықтай отырып, 5 қараша күні өтетін ойынға шақырамы. Біз сіздердің қолдауларыңызға мұқтажбыз!
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан» – Нетаниядан (Израиль)