01 Қараша, 2011

БАҚ-тың бүгіні мен болашағын бағамдады

1066 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Алматыда еліміздің белді журналистерін бір жерде тоғыстырған төртінші Медиа-құрылтай өз жұмысын аяқтады. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының даму мәселелерін тұрақты қозғап келе жатқан мәжіліс «Қазақстанның медиа рыногы: тәуелсіздіктің 20 жылдығы және болашаққа болжам» тақырыбының айналасында бүгінгі таңның көкейкесті мәселелерін тарқатты. Кезекті құрылтайға қатысуға республикалық және аймақтық те­леарналардың, газет-журнал­дар­дың жетекшілері, салалық қауым­дастықтардың басшылары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Байланыс және ақпарат министр­лігінің, жарнама агенттіктерінің, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері тілек білдіріп, 200-ден астам адам қатысты. Биылғы Медиа-құрылтай бағ­дар­ламасы өте мазмұнды болды. БАҚ өкілдерінің басқосуы «Қазақ­стан журналистикасы: тәуелсіз­діктің 20 жылдығы» атты қысқа-метражды фильммен тұсауын кесті. Іле-шала жиын бұрын құ­рылтайда болмаған оқиғаға ұлас­ты. Қазақстан Журналистика ака­демиясының ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған жо­ғары жалпыұлттық жүлделері тапсырылды. Осы арада Қазақстан Журналистика академиясының да құрылғанына 10 жыл толғанын айта кетуге болады. Академияның «Алтын самұ­рық» жүлдесі  әлемдік ауқымдағы көр­некті публицист болған марқұм Әнуар Әлімжановқа беріліп, оның қызы­на табыс етілді. Ал «Алтын жұл­дыз» жүлдесіне көрнек­ті публицист Қоғабай Сәрсекеев жұ­мысын жандандырып отырған «Қазақ» газеті лайықты деп табыл­ды. Галина Күзембае­ваның (бұ­рынғы Лебедева) құр­метіне әйел журналистер үшін тағайындалған «Аққу» жүлдесі Қа­зақстан бас­пасөз клубының негізін қалап, басқарып отырған Әсел Қарауы­ловаға тапсырылды. Осындай салтанатты сәттен кейін Құрылтай салмақты мәселе­лерге ойысты. Алғашқы жалпы отырыс «Әрі қарай не болмақ? Келешекке көз тастау. Медиа-рыноктың алдағы 10 жылдағы дамуын болжауға тал­пыныс. Мүмкіндіктер мен тәуе­келдер» тақырыбына арналды. Бұл басқосуда Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Берсебаев Қазақстан халық­аралық келісім бойынша сандық телевизияға 2015 жылға қарай өтуі тиістігін мәлімдеп, осының  ай­наласындағы атқарылған шаруалардан ақпар берді. – 2010 жылдан бері бұл жоба жоспарлы түрде жүзеге аса бас­тады. Соңғы жарты жылда қазақ­стандық телеарналарды спутникке шығару үшін барлық қажетті инфрақұ­рылымды жасақтауға қол жеткіздік. Бұл спутниктік антенна­ларды 37 қазақстандық телеарнаға тегін және 15 шетелдік арнаны ақылы негізде алуға мүмкіндік берді. Осы арқылы шалғай ауданда тұратын халық отандық телеарна­ларды тамаша­лауға қол жеткізді. Келер жылдан бастап Астана, Алматы және Қарағандыда сандық телевизияның қанатқақты жоба­лары енгізіле бастайды, – деді Болат Талапұлы. Қалай десек те, қаншама сына­лып, мінеліп жатқанына қарамас­тан, еліміздегі БАҚ даму даң­ғылына түскен. Ақпараттық тех­нологиялардың арқасында әуес­қойлық тұрғыда да ақпарат таратушылар көбейіп, журналис­тердің жұмысына араласа бас­таған. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбе­нов баяндады. Социолог Айман Жүсіпованың айтуынша, ел тұр­ғын­дарының 20 пайызы тұрақ­ты түрде газет-журнал оқыса, интернет арқылы ақпарат алатын­дар саны 7 миллионға жетіпті. Қызу пікірталас жағдайында өткен панельдік отырыста оқшау пікірлер де аз болған жоқ. «Орта­лық Азиядағы жаңа медианың дамуы» жобасының жетекшісі Олег Гант алдымен кез келген адам, кез келген журналист өзіне, өз білімін жетілдіруге деген та­лапты күшейтуі керектігін ұсын­ды. Олег Ганттың бұл сөзінің жаны бар. Себебі, қай жиынды алсаңыз да Үкіметтің жұмысын білмейтін адамдар саясатты сынап жатады. Газет-журналдарды оқы­майтын жандар  таптаурын көз­қарас бо­йынша мемлекеттік БАҚ-ты мінегенде алдарына адам салмайды. Бұл жолы да солай болды. Отандық телевизия жалтақ, газет-журналдар биліктің ықпалы­нан шықпайды деп шешенсіген айт­қыштар шын мәнінде мемлекеттік газет-журналдарды соңғы рет қай жылы ұстағандары естерінде жоқ болып шықты. Сонымен, межеленген уақыт­тан бір сағатқа кешігіп аяқталған алға­ш­қы отырыста Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейіт­қазы Матаев жыл сайын қазақтілді басылымдардың бағыты күшейіп, беделі артып келе жат­қанын нақты мысалдармен дәйек­тесе, әріптесіміз Әміржан Қосанов қазақ тілді журналистиканың контенті ресми тілге қарағанда 10 есе артық екендігін, алайда элитаның оны оқып жарытпайтыны теріс ықпал туғызып отырғанын ортаға салды. Келесі отырыс медиа-рынок­тың ағымдағы жағдайына арнал­ды. Бұл басқосудағы пікірталастар еліміздегі телерадиохабарлары ту­ра­лы жаңа заң төңірегінде өрбіді. Қазақ­станның телерадиохабар та­рату­шылары ұлттық қауымдасты­ғы­ның өкілі Шолпан Жақсыбаева көтерілген мәселеге орай өзінің азаматтық көзқарасын білдіріп, сараптама жасап шықты. Радиода қызмет істеп жүрген әріптестеріміздің бұл құрылтайда саусақпен санарлық болғанына қара­мастан, «Радиоиндустрия – ме­диа бизнес ретінде: бізді ертең не күтіп тұр?» атты сауалдардан құрал­ған отырыс та көкейкесті мәселе­лердің шетін тарқатты. ҚазҰУ оқытушысы әрі сарапшы  Светлана Велитченко бұл тақы­рыпты пессимистік тұрғыдан өрбітті. Велитченко қазіргі отандық радио музыкалық жолдаулар мен құрғақ ақпараттардан тұратынын айтып, Қазақстандағы радиожурналистика өлді десе, Ресейдің тәуелсіз радио қорының президенті Андрей Аллахвердов: – Бізде де жетісіп тұрған жақ, жағдай осыған ұқсас, – деді. Мәселен, Алматыда биыл жер сілкініп, жұрт далада шұбырып жүр­генде қазақстандық радиолар елді сабырға шақыратын бір хабар таратпаса, Беслан оқиғасы кезінде Ресей радиолары жұмған аузын ашпаған. Мінбердегілердің осы мәселеге қатысты сараптамалық пікірлерін бір жағынан шығар­машылық адамының жанайқайы деп те қабылдауға болар еді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суреттерде: «Аққу» сыйлығының иегері Әсел Қарауылова; Форумнан көрініс. Суреттерді түсірген  Берсінбек СӘРСЕНОВ.