Әлем • 06 Қараша, 2017

Техас шіркеуінде атыс болып, кемінде 26 адам қаза тапты

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Американың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласының маңындағы баптистік шіркеулердің бірінде қарулы ер адам оқ жаудырып, кемінде 26 адам қайтыс болды. Ондаған адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Техас шіркеуінде атыс болып, кемінде 26 адам қаза тапты

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, қара түсті киім киген, қолында винтовкасы бар күдікті жергілікті уақыт бойынша сағат 11.30-да Сазерленд-Спрингс қаласындағы шіркеу ғимаратына кіріп, оқ жаудырған. Бұл уақытта жексенбілік құлшылық жүріп жатқан. Полицияның хабарлауынша, әзірге қайтыс болғандардың 5-72 жас аралығында екені анықталды. 

Ресми органдар күдіктінің есімін атамағанымен, америкалық бұқаралық ақпарат құралдары оқ жаудырған адам АҚШ Әскери-әуе күштерінен шығарылған Дэвин Патрик Келли болуы мүмкін деп жазып жатыр. 

Уилсон округының полиция комиссары Альберт-Геймздің айтуынша, күдікті оқиға орнынан көлікпен кетіп қалғаннан кейін өлі табылған. Полиция күдіктіні тұрғындардың бірі өлтіргенін айтты. Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр. Күдіктінің не себепті мұндай әрекетке барғаны әлі белгісіз. 

Сазерленд-Спрингс - Сан-Антонио қаласының оңтүстік-шығысындағы 400 тұрғыны бар қала. 

АҚШ Президенті Дональд Трамп Туиттердегі парақшасында: "Техастағы Сазерленд-Спрингс қаласындағы адамдарға Құдай жар болсын. Құқық қорғау органдары мен Федералдық тергеу бюросы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Мен оқиғаны Жапониядан бақылап отырамын", деп жазды. 

Техастағы бұл оқиға Лас-Вегастағы 59 адам қаза тапқан атыстан кейін бір ай өткен соң болып отыр. Сондай-ақ 31 қазан күні Нью-Йоркте шағын жүк көлігі адамдарды қағып өтіп, 8 адамды өлтірген болатын.

Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"