Тарих • 07 Қараша, 2017

Қазан төңкерісі және Кеңес Одағы

1129 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін  әлемдік тарих үшін тағдыршешті оқиға ретіндегі қасіретті Қазан төңкерісіне тура бір ғасыр толып отыр. Осыдан жүз жыл бұрын жер жаһанды дүр сілкіндірген бұл оқиға алып Еуразия құрлығын мекендеген елдердің тарихи тағдырын түбірімен өзгертіп жіберді. 

Қазан төңкерісі және Кеңес Одағы

Ол ескі мемлекеттік машинаның быт-шытын шығарып, фабрика, зауыт, банктерді меншікке алып, ірі жер иелерін тәркілеп, таптық жүйені аяусыз жойып, тарих сахнасында тұрпаты мүлде бөлек жаңа мемлекет  орнатты. 

Жалпы, Қазан төңкерісі туралы айтысушы екі тараптың біріншісі оның тарихи мәнін дәріптеп, құндылықтарын деректер бойынша дәлелдеуге тырысса, екінші жақ бұл оқиғаны «адамзат баласының қасіреті» ретінде бағалайды. Қалай болған күнде де, 1917 жылғы Қазан төңкерісінің тарихта әлемдік ауқымдағы оқиға ретінде қала беретіні сөзсіз. Өйткені мұндай деңгейдегі оқиғаны тарих жадынан, адамдар санасынан сылып алып тастау әсте мүмкін емес.

Бұдан тура 100 жыл бұрын жаңа жыл санауы бо­йынша 1917 жылдың 7 қарашасында Ре­сейде Октябрь революциясы болды. Қоғам бұған дейін ешкім көрмеген, бірақ езілген халықтың арман-қиялы болған социализмге аяқ басты. Адамды адам езу негізі өндірістерге, жер, оның қойнауындағы байлық, өзен-су, орман барлығына үстемдік орнатқан езуші таптың жекеменшігін экспроприация­лау арқылы жаңа қоғам қалыптаса бастады. Барлық елдің қоғамдық байлығы халықтың қолына көшті деп, оның атынан мемлекет меншігіне берілді. Езілуден босап, бостандық алған қалың бұқара коммунистік партияның басшылығымен түрлі қиындыққа, аштық-жалаңаштыққа қарамастан жаңа қоғам орнатуға құлшына кірісті. Социалистік ірі өндірістер, ауыл шаруашылығының жаңа түрі – колхоз, совхоздар дүниеге келді. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы жиырма бес,  отыз жылдың ішінде бұрынғы артта қалғандықтан арылып, ірі мемлекетке айналды. Барлық табыстың кілті сол социализм құрылымында деп түсінді. Жаңа социалистік қоғам адам үшін құрылған деп түсінген Кеңес өкіметінің басшылары бәрін адам тұрмысына қолданбақ боп тырысты. Мәселен, пәтер алу, оқу, дәрігерлік жәрдем, сауықтыру орындары, бәрі тегін болды. Азық-түлік: нан, ет, сүт, май, өте арзан, су тегінге айналды. Бірақ та әрбір өндірілген затпен, оны пайдалану арасында алшақтық пайда болып, шығарылған зат шығыны мен оның пайдалану айырмашылығы ескерілмеді, еселеп даму күйзелді. Оның үстіне Кеңес елі дамып келе жатқан елдерге өнеге болсын деп Азия, Африка, Америка елдеріне материалдық жәрдем көрсету кәдесі бас­талды. Ол жәрдемді дамыған капиталистік елдер күрескерлері де  алып жатты. Есепсіз шашылу Кеңес елінің титығына жетті. Нәтижесінде Кеңес елі халықтарының тұрмысы жылдан жылға жөнделе алмады. Кеңес елі жиырмасыншы-отыз үшінші жылдардағы аштыққа да ұшырады.  Азамат соғысын есептемегенде 1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысы, осының бәрі Кеңес еліне үлкен қиындықтар әкелді. Ал М.С. Горбачев кезінде бұрынғы жабық болып келген елдің есіктері айқара ашылған тәртіп арқылы капиталистік елдермен біздің елдің тұрмыс айырмашылығын көрген халық социализмнен түңіле бастады. Олар біздің елімізде күнделікті тамаққа, киімге, тұрмыстық затқа тапшылық екенін көрді. Колхоз жағдайын кейде Ресейдегі бұрынғы басыбайлық құқығына ұқсатты. Осыдан келіп социализмнің беделі құлдырап түсті. Ақырында Кеңестік Социалистік республикалар Одағы ыдырады. Әрбір бұрынғы ұлттық Республикалар өзінше даму жолына түсті. Бірақ социалистік жолға бағыт ұстаған Қытай Республикасы Батыс елдерінің де, Кеңес елінің де тәжірибесінен өзіне керек қорытынды шығарды. Бұрынғы әлсіз Қытай Халық Республикасы әлемдегі екі ірі дамыған елдің біріне айналды. Жақында өткен Қытай коммунистерінің ХІХ съезі социализм идеясынан бас тартпайтынын жариялады. Аз уақытта елдегі кедейліктің жойы­латынын, 2035 жылға қарай АҚШ экономикада бірінші орыннан ығыстырылатынын мәлімдеді.  Батыстық елдер социализмнен көп тағылым алды.  Бүгінгі Батыс елдеріндегі миллиардерлер де өзін капиталист деген атақтан арылмақ болып, одан бас тартуда. Әлем өзгерісте. Бірақ бұрынғы Кеңес елі кезінде капиталистік елдерден үйренетін нәрселер бар екенін ұқпады. Ол елдердегінің бәрі зиян деп қарады. Әрине, қиындық әр елде, мейлі социалистік, не капиталистік болсын, бар. Мәселе туындаған проб­леманы дұрыс шешуде. Кезінде Қытай елі Кеңес басшыларының қатесін байқап, оны айқындап басқа жол іздеген болатын.

Кеңес халқының арасында социализмді дал­баса, жолдан тайғандық деп түсінгендер де болды. Ба­тыстық идео­логтар социализмді ойдан шығарыл­ған қоғам, нағыз тарих дә­лелдеген жол нарықтық экономикалық қатынас деп уағыздады.

Әрине, нарық – ол әр нәрсенің бағасы бар екенін анықтайды. Баға заттың қасиетінен, оған сіңірілген еңбек пен сұраныстан туындайды. Ол адам баласы басынан өткен тарих. Мәселе сол қатынас пайдасы кімге тиеді? Жеке адамға ма, әлде көпшілік халыққа ма? Сондықтан мәселе осы екі нәрсенің арасын ажыратуда. Ол үшін нарықты білу қажет. Кеңес елі алдымен осыны ажыратпай, тек нарыққа қарсы болды. Жоспарлы даму үшін де нарықтық қатынасты білу қажет екенін өмір көрсетуде. Нарық айқын көрсеткіш: дебет, кредит деген осы. Банкрот өз пайдасын білмей, қайырлаған кемеге ұқсау. Кеңес елінде келтірілген кірістен (өнім) шығын еселеп арта берді, экономикалық баланс бұзылды.

Нарықтық қатынасты білу барлық жүйеге қажет. Қазіргі Қытай елі оны орынды пайдалануда. Егемен Қазақстанның нарықтық экономикаға көшуі осыдан. Есепсіз дүние жоқ. Жақсылыққа жету үшін де еңбек пен есеп керек. Есепсіздік, дүние шашу ешкімді мақсат, табысқа жеткізбейді. Өмір осыны меңзейді.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
академик