... Осыдан отыз жыл бұрынғы күздің қара суық күні әлі есте. Ол кезде аудандық газетте әдеби қызметкермін, ойламаған жерден отбасымызбен көлік апатына түстік. Әртүрлі жарақат алған жолаушыларды дереу ауруханаға жеткізгенде қабылдау бөліміндегі кезекші хирург-дәрігер Мұрат Мұхамеджанов еді. Сондай сабырлы қалпымен бәрімізге ақыл-кеңесін айтып, шұғыл жәрдем көрсетіп жатты. Қолы шипалы, емі дауалы азаматтың жылы лебізі, әрбір жолаушының денсаулығына алғашқы көмекті мұқият көрсеткені күні бүгінгідей көз алдымда тұрады. Содан бері де жылжып жылдар өтуде. Ал одан кейінгі жылдары осынау еңселі ғимаратта, аудандағы орталық ауруханада қаншама сәтті, сәтсіз оқиғалар болып жатты. Соның барлығы адам тағдырымен, адам денсаулығымен байланысты. Біздің кейіпкеріміз Мұрат аудандық ауруханада тек емдеу ісінің қыры мен сырын ғана меңгеріп қоймай, дәрігерлік қызметті ұйымдастырудың сан алуан жолдарын жас әріптестеріне үйретуден де еш жалыққан емес. Иә, үлкенге – іні, кішіге – аға бола білген абзал азаматтың өмірдерегіне үңілсең, қаншама сыр, қаншама жыр жатыр.
Таң бозынан жұмыс орнынан табылатын дәрігерді толғандыратын мәселе де, ойландыратын көкейкесті қажеттілік те – ол халықтың денсаулығы. Сол тиянақты еңбектің нәтижесінде аудандағы емдеу мекемелері қазіргі заманғы озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Дүниежүзілік Даму банкінің де ықпалы тиіп, өткен жылдары жапондық ультрадыбыстық зерттеу, фибрагастроскоп, рентген, ЭКГ сияқты 26 түрлі медициналық жабдықтарға қол жеткізді. Өкпе ауруымен ауыратындар бүгінгі заманғы ДОТС терапиясы бойынша ем қабылдайды. Әр жылда аудандық аурухана, емхананы күрделі жөндеуден өткізіп, ана мен бала денсаулығын үнемі назарда ұстайды.
– Аудан аумағында көпбалалы бес мыңнан астам ана тұрады, – дейді Мұрат Мұхамеджанов. – Сәбилердің көптеп дүниеге келуі қуантады. Демографиялық көрсеткіш жағынан ауданымыз облыс бойынша алдыңғы орында. Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” салу тапсырмасына ауданымыз алдымен үн қосып, жаңа типті әйелдер босанатын гинекологиялық аурухана салып, пайдалануға берді.
“Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы” деген, өткенде Луначарский атындағы мектептің облыс бойынша “Үздік білім мекемесі” деген атқа ие болуына байланысты, мектеп бітірушілермен, ауданның бір топ ардақты аналарымен басқосуы өткен .Алтынсарин атындағы мектептің байырғы ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Роза Карбузова апай өзінің мақтан тұтатын шәкірттерінің ішіндегі ең бір шоқтығы биік азамат – осы Мұрат Мұхамеджанов екендігін әңгімеледі.
Бүгінде ауданда бас дәрігердің орынбасары болып қызмет атқарып жүрген Мұрат аға 1994 жылы “Қазақстан Республикасы ауыл тұрғындарының экологиялық жағдайға байланысты созылмалы жұқпалы емес аурулармен науқастану динамикасы” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Мемлекет алдында сіңірген еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Денсаулық сақтау ісінің үздігі атағына ие болса, Құрмет грамотасымен, “Шапағат”, “Қазақстан Конституциясына – 10 жыл” медальдерімен марапатталды. Талай рет аудандық Кеңесінің, аудандық мәслихаттың депутаты болып, елдік мәселелерді шешуге атсалысты. “Нұр Отан” ХДП белсенді мүшесі, “Панфилов ауданының Құрметті азаматы” атағын алуына да тынымсыз еңбегі, жасампаз еңбекқорлығы ықпалын тигізді.
Мұрат ағаның әлі де халқына бергенінен берері көп, қандай құрметке де лайықты азамат. Өзінен кейін ерген іні-қарындастарының бәрін тәрбиелеп, қатарға қосуы да елге үлгі-өнеге. Өмірлік жары ұзақ жылдар ұстаз болған Тұрахан Дүйсенова екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы.
Баққайша МҰСАҒИТОВА, Алматы облысы, Панфилов ауданы.