02 Қараша, 2011

Кемтарларға кең болайық

417 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Адамзат қоғамында ішіндегі мұ­ңын, сырын, шынын жұртқа жеткізе алмай, не қажетті екенін, неге мұқ­таж екенін айта алмай, қолдарымен сөйлеп, онысын біреу ұқса, біреу ұқпай құса болатын, соның кесірінен жүйкесі әбден жұқарып, тез ашулан­ғыш болатын жандар тобы да ара­мызда жүр. Мұндай адам­дар­дың кө­бісі – туабітті саңыраулар. Мұндай кәріптерді толық емдеп шығуға қа­зір­гі медицина әлі күнге қауқарсыз. Сондықтан олар ешқан­дай үмітсіз, өмір-бақи мүгедек бо­лып өтуге мәж­бүр жандар. Бірақ олар да өмір үшін күресіп, өмірден өзіне тиесілі үлесін алуға тыры­са­ды, өйткені, олардың тілі болма­ға­ны­мен, басқа дүниесі сау болып келеді және басқа адамға қажетті дүниелерге олар да мұқтаж. Қазақ­стан­дағы Саңыраулар қо­ға­­мы 1937 жылы құрылды. Алды­мыз­дағы жы­лы оның құрылғанына 75 жыл тол­ғалы отыр. Қазір қоғам мемлекеттен ешқандай қаражаттық көмек алмай, өзін-өзі қаржылан­ды­рып келеді. Ол мүгедек жандардың басын біріктіріп, олардың құқық­тары мен мүдделерін қорғап, соны­мен қатар, оларды пай­далы еңбекке тартып, өмірге қызу араластырумен айналысуда. Алғашында қоғамда өндірістік база болмағандықтан, оларды фото­графтық, шаштараздық, сондай-ақ аяқ киім тігушілік сияқты кәсіп­кер­лік артельдеріне ұйымдастырып, ең­бек­ке баулыды. Артынан артельдер түрлі өнімдер шығарумен ай­на­лы­са­тын оқу-өндірістік кәсіп­орын­да­рына ай­налды. Бүгінгі күні Қазақ­стан Са­ңы­рау­лар қоғамының осын­дай 18 оқу-өндірістік кәсіпорны Астана мен Ал­маты қалаларында, елі­міздің бар­лық облыс орталықта­рын­да бар. Енді қоғамның бүгінгі күнгі ты­ныс-тіршілігімен таныстырып өтей­ін. Қазақстан Саңыраулар қоғамы­ның әрекеттері республика аумағы­мен ғана шектелмей, шетелдік әріп­тестерімен де тығыз байланыста бо­лып отыр. 1997 жылдан бері біздің қоғамымыз Дүниежүзілік саңырау­лар федерациясына толық мүше бо­лып енді. Сонымен бірге, осы ұйы­м­ның Шығыс Еуропа, Орталық Азия аймақтық хатшылығына мүше бо­лып сайландық. Бүгінгі күні біздің қоғамымызда 15 мыңнан артық мүше бар. Ең­бек­ке ұйымдастырып, жұмыспен қам­ту­мен қатар, біз олардың арасында өнер сайыстарын да ұйымдас­тыру­ды қол­ға алып келеміз. Соның ішінде өнер­дің би, клоунада және ым­мен өлең айту түрлерінен респуб­ли­калық бай­қау­лар өткізіледі. А.Никулин, Н.Қа­ратаева, Ә.Меңдібаев деген өнер­паз­дарымыз халықаралық байқауларға да қаты­сып, жүлделі орындар алып келді. Өз арамызда оларды ынталан­дыру мақ­сатымен құрметті атақ та тағайын­дағанбыз. Бүгінге дейін 40-тан астам өнер­пазымыз «Қазақ са­ңыраулар қоға­мы­ның еңбек сіңірген әртісі» деген сол атаққа ие болды. Рухани өмір мен денсаулық сақтау­дың бір пара­сы спорт болса, саңы­рау­лар қоғамы бұл істен де шет қал­май келеді. Бү­гінге дейін біздің ара­мыздан 3 ең­бек сіңірген спорт шебері, 30 спорт шебері, 16 спорт шеберлігіне кандидат нор­мативін орында­ған азаматтар шық­ты. Олар негізінен үстел теннисі, шахмат, жеңіл атлетика түрлері бой­ынша осы атақтарға қол жеткізді. Қоғам Т.Төлеуішов, А.Уткина, В.Верещагин, ағайынды Құсайы­нов­­тар секілді суретшілерімен де мақ­та­на алады. Олардың қылқалам ту­ын­­ды­лары еліміздегі ғана емес, ха­лық­аралық көрмелерге де қаты­сып, бай­қауларда жүлделі орындар алды. Осы аталған суретшілердің бәрі де Қа­зақ­стан Суретшілер ода­ғы­ның мүшесі. Қоғамның көптеген мүшелері тал­май талаптануының арқасында эко­номист, заңгер мамандықтарын да алған, сондай-ақ қызмет көрсету саласында технолог, шаштараз си­яқ­ты кәсіптерді меңгерген. Бү­гін­гі таңда қоғам мүшесі болып та­бы­латын 355 мүгедек жоо және орта арнаулы оқу орындарында маман­дық алу үшін оқып жүр. Әрине, сау адам­дардың өзі мамандығы бойын­ша жұ­мысқа тұра алмай жатқанда, мүгедек жандардың жұмысқа орна­ла­суы оңай емес, бүгінгі таңда 500-дей адам өз мамандықтары бойын­ша жұ­мысқа тұра алмай жүр. Осы жерде проблемаларымызды да айта кетудің реті келіп тұр. Бізде құрылыс жұмыстарымен айналыса­тын да жандар болған еді. Бірақ өкіметтің ондай жандарды құрылыс жұмыстарынан шеттету туралы қау­лысы шығып, сылақшы, бояушы си­яқты жұмыстар атқарып жүрген 200-ден артық адамдарымыз қазір жұ­мыс­сыз қалды. Бұрын кәсіподақ ұйы­мының шешімімен рұқсат етіліп, жылдар бойы осындай жұмыс­тарға жарап келген саңырау жандар енді неге аяқ астынан «жарамсыз» болып қалғанына қоғам мүшелері қатты на­лулы. Бұл мүгедек жандар­дың құ­қық­т­арын шектеу болып та­былаты­нын ешкімге түсіндіре ал­май-ақ қой­дық. Бәрінің айтатыны – мүгедектігі жөнінде әлеуметтік жәр­демақы ала­ды ғой, ал қиын жұ­мысқа ондай адам­дарды алуға бол­майды деседі. Рас, саңырау жан­дардың бәрі ІІІ топ­тағы мүгедек ретінде жәрдемақы ала­ды, бірақ ол мүлде аз болған­дық­тан, тамағын асырауға да толық жетпейді. Ал тұрғын үй алуына еш мүмкіншілік бермейді. Саңыраулар – тұрғын үй­мен қамтамасыз етілуге тиісті әлеуметтік қорғалуға жатпай­тын топ. Көптеген дамыған елдерде бұл мәселе толық шешілген. Көрші­міз Ресей Федерациясы да осы мәсе­лені шешу үстінде. Бізде де осыны қолға алатын мезгіл жетті. Бұрын біздің қоғам мемлекеттік тапсырыстың тендерлеріне жеңіл­де­тілген талаппен қатысып, көпте­ген өнімдерді шығаруға мүмкіндік ала­тын еді. Соның арқасында, әсі­ре­се, «Қазақстан темір жолы» ком­пания­сына қажетті ақ жамылғылар, қыз­мет­тік киімдер, т.б. шығаруға еркін қол жеткізіп, адамдарымызды жұ­мыс­пен қамтитынбыз. Қазір, ұлт­тық компаниялардың бәрі «Сам­ұр­ық-Қа­зына» ҰӘК-ке біріктірілгеннен бері біз үшін берілетін ондай жеңілдік алынып тасталды. Соның кесірінен тапсырыс лоттарын ұту­дан қалдық. Соның өзінде біздің кәсіпо­рын­дарымыз нарықтың қыспақтарына төтеп беріп, өздігінше күн кешіп жатыр. Қаланың ішін әрлеу, көгал­дандыру жұмыстарына да қатысып қояды. Сұранысқа ие болып тұрған өнімдер шығаруға да талпы­ну­да­мыз. Мәселен, Астанадағы бір кә­сіпор­ны­мыз Төтенше жағдайлар ми­нистрлі­гінің тапсырысы бой­ын­ша қазақтың киіз үйлерін жасауды қолға алып жатыр. Үй жиһаздарын шығаруды бастаған кәсіпорында­ры­мыз да бар. Осы күні шығаратын өнімдері­міздің қаржылай көлемі 1,5 млрд. теңгеге жетіп отыр. Егер Үкімет та­рапынан қолдау болса, біздің мүм­кін­шіліктеріміз бұдан әлдеқайда зор болар еді. Өкінішке қарай, «Жол кар­та­сы» бағдарламасы бойынша бас­қа ма­мандық алуға, жаңа жұмыс орын­да­рын ашуға мүмкіндік қарас­тырыл­маған. Біз өзіміздің оқу-өнді­ріс­тік ба­заларымызда мамандық береміз, бі­рақ соларды жұмысқа ор­наластыру қи­ынға соғады. Шағын және орта кә­сіпкерлікті дамытуға берілетін жеңіл­детілген несиелер де біз үшін жоқ. Әрине, біздің елімізде мемлекеттік бюджет есебінен есту аппарат­тары, компьютерлер мен факстар се­кілді дүниелер тегін беріліп тұ­ра­ды. Өндірістерімізге салықтан же­ңіл­дік қарастырылған. Бірақ бұл көмектер жетімсіздеу екенін айта кетуге тиіспіз. Бізді әлеуметтік жа­ғынан қолдау міндеті Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігіне жүктел­ген. Бірақ, өкініш­тісі сол, оларда біз­дің ішкі жағ­дайы­мызды білетін және қорғайтын бірде-бір маман жоқ. Сондықтан да біздің қоғамның мұңы Үкіметке жете бермейді. 25 қыркүйекте халықаралық са­ңы­­рау­лар күні атап өтілді. Өзіміздің тікелей мерекемізге біз де өзді­гі­міз­ше дайындық жүргіздік. 18 – 22 қыр­­күйек аралығында Өскеменде ша­ғын футболдан республикалық жарыс өтті. Ал 27 қыркүйекте Астанада ым­мен сөйлеуші аударма­шы­лар ара­сында байқау ұйымдас­ты­рыл­ды. Біз алдағы уақытта ыммен аудару жұ­мыс­тарын бір тәртіпке келтіруді қол­ға аламыз. Оған біздің салалық министрліктер тарапынан тиісті кө­мек­тер жасалатын болды. Міне, біздің қоғамның бүгінгі таң­дағы тыныс-тіршілігі осындай. Тезекбай ИСАЙ,  Қазақ саңыраулар қоғамының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.