03 Ақпан, 2010

ПАВАРОТТИДІҢ СӘЛЕМІ

1352 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
“Сағыныш та бір жанр” атты әңгімелер циклынан – Осы баланың арқасы бар. Сұңғат, әй, Сұңғат, қайдасың жарығым! Қайт енді, әкеңнің ашуы қайтты, қой енді, балам, қоя ғой. Шешесінің дауысы қадам жерден естіліп тұрса да бұл демін ішіне тартып үндемейді. Бала кезден әдеті сол, біреу ұрысса үйден тұра қашатын. Үйдегілердің бұған әбден еті үйреніп кеткен, қайда жүргеніне біреуі селт етпейді, сәлден соң шыдамы біткен шешесі байғұс іздеп шығатын. Аурухана төсегіне таңылғалы бері шешесін көп есіне алатын болды. – Кеше түсіме шешем кіріп, шақы­рып жүр, осы жылдан қалмайтын шығар­мын, – деді қасында жатқан түрік пе, чешен бе біреуге. Заманында дүние жүзін аузына қаратқан атақты әнші алып шаһар шетіндегі бір тымырсық аурухананың алты адамдық палатасында бір күні бір жылдай болып өтіп жатты. Түс демекші, Сұңғат ауруханаға түскелі жиі түс көргіш болып алды. Түсіне қай-қайдағы емес, сонау көркем күндері­нің көлеңкесі кіріп, күнде бір кино көргендей түрлі сезімді бастан кешеді. Оянып кетсе неге ғана ояндым екен деп қатты өкінеді. Кейде сол ғажайып түстерін үзбей көргісі келе ме, әлде мұны бірдеңе иектеп жүр ме, неге екені бір Құдайға ғана аян, ұйқыға жатарда “оятпашы мені” деп жазып қоятынды шығарды. Бұл тірлігіне қасында жатқан біртүрлі адамдар одан сайын қайран қалысады. Тағы да әдеттегідей түс көрді. Ұзақ түс. Шытырман оқиғалы түс. Миланның көшелері. Сол көшелердің тас қабырғаларына жапсырылған афиша­лардағы көркем қазақтың келбеті жүргіншілерді  аялдатпай қоймайды. Осы бір сәт көзден тез тасаланып, тағы бір көрініс пайда болады. Көрдей қараңғы түн. Аппақ киім киген бір кісі көрінеді. Өте биік, сұлу, зор денелі. Дауысы лебізге толы, қоңыр. Бауырмал. Мейірімді. Кейде өкініп, өзегі өртеніп сөйлейді. Екеуі кәдімгідей өңіндегідей сөйлесіп тұр, бірде жаңағы қаптаған афишалардың арасында, бірде сахнада жүреді. – Ауырып қалдың ба, Сұңғат? Мен де ауырып жүрмін. – Иә, ауырып қалдым, сеньор Лучано! Біздің қазақта “Ауырдың, аунап тұрдың” деген сөз бар. Ештеңе жоқ, ертең-ақ шауып кетемін. Не көрмеген бас. Қазақтар да итальяндар сияқты қызуқанды, төзімді халық қой, анау-мынау сырқатыңды елемейді. – Қазақ дейсің бе? Сендей дауысы бар халық биік болуы керек қой. Өзің айтқан бір ұлы композитордың “Мен мынадай ән шығарған халықты көруім керек” деген сөзі бар еді ғой. Ол көрді ме, көрмеді ме, мен білмеймін. Бірақ мен бұл халықты етене білмесем де, сен арқылы білдім, Сұңғат. – Француздың атақты жазушысы Ромен Роллан “Бүткіл қазақ даласы ән салып тұрғандай” деп те тамсанған. Сіздің айтып тұрғаныңыз Рахманинов шығар?.. – Мүмкін... – Сол кісінің дәл өзі. Қазақтың халық әні  “Япурайды” тыңдағанда айтқаны ғой, жарықтықтың. Сіз біздің “Құрманға­зыны” тыңдамаған екенсіз. – Неге тыңдамайын, өзің берген күйта­бақ бар ғой, оу, ол құдірет қой. Қайсы­бір жылы, біздің бала кезімізде Парижді шулатқан азиаттардың ішінде сенің бір бауырың да болған. Ойпырмай, дауысы мұндай зор болар ма, дейді менің әкем. Сенің одан хабарың бар ма? – Қойыңызшы, сіздің әкеңіз Әмірені тыңдаған ба? Ол Әміре атамыз ғой. Әттең, бірінші орын алатын еді. – Бірінші орын алмаса да дүниеге аты кетті ғой. – Айтпақшы, сізге ол кісінің неге бірінші орын алмағанын айтайын ба, өзі бір қызық хикая. – Қане, тез айтқын. Лучано кеткісі келген сыңай білдірді. – Лучано, асықпаңызшы, бәлкім мен осы бір сәтті ғұмыр бойы күткен болармын. Менімен сырласатын тірі пенде жоқ бұл елде. – Жақсы, жарқыным, жақсы. – Айырпланның өз биігіне шығып, бір қалыпты ұстап тұратыны тәрізді Әміре ағамыз дауысы әбден шырқау биікке көтерілді-ау дегенде, домбырасын қатты ұрғылап жіберсе керек, өзіңіздің бірде айтқаныңыздай, бізде виртуоздық шеберлік ән айтумен қатар, аспапты шебер тартуынан да аңғарылады ғой. Сол мезетте домбыраның тиегі ұшып кетеді де, ағамыз дауысын үзбей жүріп, тиекті іздеп тауып алады да, орнына қоярда тиекке түкіріп жібереді. Бұл біздің қанға сіңген әдетіміз. Содан “сахна мәдениеті” деген ескеріліп, екінші орын алыпты. Лучано мәз болып, ауыр денесімен селкілдей күлді. – Олар біртуар адамдар ғой. Біздің итальяндарда да ондай самородоктар баршылық. Ұмытпасам, сенің әкең жылқышы еді ғой, осы? – Иә, Лучано, ұмытпапсыз. Жер қайыстырып жылқы айдаған. Менің әкем даланың серісі болған. – Сұңғат, алғаш “Ла-Скалаға” кел­гендерің есіңде ме? Совет Одағынан ста­жировкаға оншақты адам келіпті дегенді естіп, бір түрлі қызығушылығым ұстап, жетіп барғанмын. Онда орда бұзар отыз­дан енді асқан шағымыз, бәрі де жара­сымды еді ғой. Сонда, сонша жұрттың ішінен сен мені ерекше баурап едің. Біз Совет Одағынан келетін адамның бәрін орыс деп қабылдаушы едік,  ал сен мүл­дем бөлексің, екі көзің боталап тұр екен. – Ой, ол күндерді қалай ұмытасың, ұмыту мүмкін емес қой. Сіздің “Ла-Скалада” мастер класыңыз болушы еді. Бірнеше адаммен сөйлестіңіз де, маған келгенде жарты күн уақытыңызды бөл­діңіз. Менің қандай ұлттың өкілі екенімді, дәстүрімізді, мәдениетімізді сұрадыңыз. Сол күннен бастап біз бір-бірімізді бұрыннан білетін кісіше араласып кеттік. Сондағы біздің кездесуіміз қазір ойлап отырсам, талайдың ішін күйдірген екен. Кейін әбден зардабын да көрдім ғой. Өзіңіз білесіз, біздің жатқан-тұрғаны­мыздың бәрін аңдушы еді. Алғаш рет осы “Ла-Скалада” сіздің орындауыңызда “Богомедағы” Рудольфтың партиясын естігенім әлі есімде. Ғажап, ғажап!.. – Айтпа, ол күндер енді қайтып оралмайды. – Ұмытпасам, сіздің әкеңіз аспазшы болды ғой осы? – Иә, нан пісіруші болды. Бір қызық жай­ды айтайын. Жалпы менің әкем кере­мет әнші еді. Бірақ бұл жолға шын түскен жоқ. Оның үстіне менің әнші болуымды да аса қаламады. Еркектің ісімен айна­лысу керек дейтін. “Болсаң Карузодай әнші бол, әйтпесе басты қатырма” дейді. Ал мен “Карузо да керек, Паваротти да керек” деп қоймаймын. Қызық, сол кездегі бала түсінік пе, нота үйренсем болды ғой деп ойлаймын. Сондағы әкем­нің айтатыны ғой. “Ең бастысы Құдайдың берген дарынында, нота деген ноқта тәрізді алдамшы, көз байлаушы нәрсе. Мәселен, мен ешқандай технология­ны шебер меңгермей-ақ, нан пісіріп жүрмін ғой. Жұрттың бәрі неге сенің әкең пісірген нанды алады, айтшы” дейді әкем. Ал, шешем менің мұғалім болғанымды қалады. – Менің де әкем бірбеткей кісі еді. Әнші болғанымды аса ұнатпады. Тағды­рымыз қандай ұқсас?!. Лучано, айыпқа бұйырмаңыз, осы сіздің көздеріңізде бір мұң бар тәрізді. – Маған да дүние жүзінің журналис­тері осындай сұрақты жиі қояды. Әлемдегі ең ғажап үш тенордың бірінің көзінде неге мұң болуға тиісті дейді. Журналистер адамның жанды жерінен ұстауға құмар ғой. Кейде күйініп, көзімде де, өзімде де шаруаң не дегің келеді. – Олай десеңіз бітті ғой. Журналистер сізді айдай әлемге басқаша танытып жіберуі түк емес. Бірде маған да бір журналист келді. Шынымды айтсам, бұл менің баяғы биігімнен түсіп, көп мұғалімнің бірі болып жүрген кезім. – Қалайша, сен қазір ән салмайсың ба? Кезінде бүкіл Миланды афишасы жайлап кеткен сеньор Сұңғат Саттаров ән салмай ма? Мынау қасірет қой. Қалай ән салмай жер басып жүрсің? – Менің бір осал тұсымды басқалы тұрсыз-ау. Ол жағын кейінірек ай­тайыншы. – Жарайды, жаным, жарайды. – Содан әлгі тілші не дейді дейсіз ғой? – Иә, не дейді, жарқыным, не дейді, тезірек айтқын, бауырым сыздап барады. – Әлгі тілшінің бастығы, бас редактор елімізге кеңінен танымал адам еді, сол кісі былай депті бір лездемеде: “Баяғыда Сұңғат Саттаров деген бір жұлдыз туған, сол жұлдызды бәріміз жабылып жүріп өшіргенбіз” депті. Содан әлгі журналист жатса-тұрса мені іздейді ғой. Сондағы журналистің айтқаны не деңіз? “Сіз бе, жұлдыз?” дейді. – Оны қойшы, кім не демейді? Бұл сұмдық екен, сен неге ән салмайсың? – Ол енді ұзақ хикая ғой. Сахнаны өлердей сағынып жүрмін. Біздің қазақта “тағдырдың жазуы” деген сөз бар. Сол заңмен өмір сүріп жатырмыз. – Ол мүмкін емес, жұрттың бәрі Робертино Лореттидің тағдырын кешу керек пе сонда? – Айтпақшы, сол әнші қайда қазір? Италияда сонша жыл жүріп бір кездесудің сәті түспеді. Сізбен кездескен күндерді ғұмырымда ұмытқан емеспін. Жамандық ұмытылмайды, жақсылықтың тез ұмытылып қалатыны несі екен? – Шынында да 14 жасында шыққан Робертино әлемдік құбылыс болды ғой. Оның “Ямайкасы”, “Мамасы” бәрімізге де үлгі еді. Бірақ өкінішке орай біз оны ұстап тұра алмадық. Оның түбіне жеткен ерте келген даңқ. Дауысын сақтау керек еді. Біз оны ат секілді пайдаландық. Оған күндіз-түні тәжірибелі ұстазды жегіп қою керек еді. Қазір оның дауысын тек мейрамха­надан, теледидардан ғана естисіз. Ал енді сен туралы дәл осындай хабар естимін деп ойлаған жоқпын. Сұмдық қой мынау. – Менің түбіме жеткен де сол ерте келген даңқ. Оның үстіне бізде арақ деген бір пәлекет бар ғой. Сонан соң жұрттың өсегі, қатын-қалаш, қыз-қырқын... – Сол да сөз болып па екен? Бойтұ­ма­рың қайда? – Апырай, айттым ғой, сіз менің ең әлсіз тұсымнан ұстағалы тұрсыз-ау. Апам берген бойтұмарды сол Италия сапарынан келген соң көп ұзамай жоғалтып алып едім, содан жолым болмады. – Міне, гәп қайда? Ол рас. Адамның бір жебеуші, қорғаушысы болады. Ол сені сырт күштерден, әсіресе, қадалған мың сан көздердің сұғынан қорғайды. Менің шешем осы жағына қатты мән беретін еді. Әкем серілеу, өте сұлу адам болды жасын­да. Ол қалаға барған сайын шешем қалта­сына шеге салып жіберетін. Кейіннен әлгі шеге менің қалтама көшті. Сондағы шешемнің айтатыны ғой: “Сен ән салғанда миллиондаған көздер қадалады, сонда мына шеге әлгі көздердің сұғынан сақтайды” дейді. Шынында осы шеге маған көп көмектесті. Әлгі бір журналис­тердің жазуынша сахнаға 10 мәрте шақы­рыпты. Міне, мен содан бері бұл шегені жанымнан тастамаймын. Сен бекер істегенсің. – Енді бәрі кеш қой. Қазір дерттімін. – Ешқандай да кеш емес. Сендей таланттың қадірін елің білуі керек. Мұндай жағдай менің басымда да болған. Бірақ сәл ертерек. Әлгі, не деуші еді, жұлдыз ауруы дей ме? – Баяғы құстар туралы айтысқанымыз есіңізде ме? Ол енді ғажап. Егер сізге әншілік қонбағанда шебер әңгімеші болар едіңіз құдайақы. – Ұмытпаған екенсің. Кісі баласы мына өмірдің бұралаң сәттерінен ойда­ғыдай өтіп кетуі үшін де қабілетті болуы керек қой. Кейде өзімізді бір өнбейтін іске байлап қоятынымыз бар. Дауысты  да күту қажет. Ол үшін адамның жан дүниесі өзін бостан сезінетіндей тірлікпен айна­лысу керек. Мәселен, атақты Страдивари скрипка жасағанда онымен баласындай сөйлеседі екен. Ал сен дауыспен қалай сөй­лесерсің. Мен өзімді, дауысымды баптау үшін де амал ойлап таптым. Қарап тұрсақ, табиғаттың өзі тұнып тұрған концерт. Кейде мен орманға барып бұлбұлдың дауысын тыңдаймын. Гүлдерге, теңізге қарап тұрып демаламын. Сөйтіп, табиғаттың бекзат көрінісі менің тұла бойымды бір керемет сезімге бөлейді. Жан дүниемді емдеп қайтамын. – Сіз нағыз рыцарь болдыңыз ғой. Жалпы итальяндықтардың бойында қазаққа ұқсас қасиеттер бар. Әлгі рыцарь дегеніміз, бір қарағанда, біздің қазақтың сал-серілеріне де келетін тәрізді. Бізде де Ақан, Біржан секілді сал-серілер болған. Ақан сері мына қарабайыр өмірден шаршағанда, бір сәт табиғат аясына кетіп тыныстаған, Көкжендет, Қараторғай деген жан серіктері болған. Біздің қазақтан “құстан асқан әнші жоқ” деген сөз қалған. – Білем, білем, шығыстың әйгілі жыршылары Хафиз, Хилашларлардың таңмен таласа тұрып бақтан шықпай бұлбұлмен бәсекелесіп жыр жазғанын естігенім бар. – О, Лучано, сіз мені тұңғиыққа тартып әкетіп барасыз ғой. Менің  жан дүнием көптен бері осындай әңгімені аңсағалы қашан?! Бүгін тұла бойым бір дүр сілкінді-ау. Мен Мәскеудің атақты Чайковский атындағы консерваториясын бітірдім ғой. Сонда осы құстар туралы оқытқанда бір әсем әлемге еніп кетуші едік. Тазалық пен тартымдылық тәңірия­сы ғой бұл дегенің. Біздің адамдарға құстар өмірінен бір ырғын дәріс оқыр ма еді? Әйгілі әнші Нежданова кезекті кон­цертке шығар алдында Мәскеу түбіндегі ормандардағы бұлбұлдардың дауысын тыңдап қайтатынын бізге тамсанып айтушы еді. – Сен Вердидің “Маған тұтас бір музыкалық фантазия жасау үшін құстың бір ғана түшкіргені жетіп жатыр” дегенін естімеген екенсің. – Ғажап айтқан екен. Бірақ сіз, Лучано, білесіз бе, бұлбұлдың тек еркегі ғана ән салады екен. – Қарай гөр, солай ма? Демек бізді айтқаны ғой. Екеуі қарқылдап күліп алды. – “Самородок” бұлбұлдар аса шабыт­танған жағдайда сағатына үш жүз, бес жүзге жуық ән салады екен. Бұдан асқан бай фольклор бола ма? Қысқасы, құстар әні адам шабытының қайнар көзі, сезімінің қозғаушы күші болған. Құстар әніне табыну, әсіресе, орта ғасыр адамдарына тән қасиет болған деседі. – Оныңыз енді әбден рас. Әлгінде айтқанымдай, біздің қазақ сал-серілерінің шетінен құсбегі, атбегі болып келуінің сыры да осында жатыр ғой. – Тоқта, тоқта, сен сері деген сөзді бірнеше мәрте қайталадың. Сэр сөзінің түп-төркіні сіздерден шыққан болып жүрмесін. – Мүмкін, кім біліпті?.. – Сен, Сұңғат, дауысыңды күтпепсің. Тәңірінің берген өлшеусіз сыйын тәрк етіпсің. – Оны қайдан сездіңіз? Мен мұндай жанашыр сөзді естімегелі қашан?.. – Өйткені, сен менің түсіме жиі кіресің, ұдайы көңілсіз жүресің. Дауысың тарғылданып, жарықшақтанып шығады. – Оныңыз рас. Мен басыма қонған бақты қоймай жүріп мезгілсіз ұшырып алған бейбақпын ғой. – Әлгінде бұлбұл туралы текке айттық па? Құс атаулының ішіндегі ең қабілеттісі, полиглоты бұлбұл деген сөз  бұл. Әдетте аралдарда, қапырық жерлерде өмір сүрген бұлбұлдың дауысы айтарлықтай сазды бола бермейді. Оларға да бап керек. Демек, олар да адам-әнші секілді. Бұлбұл – құстардың ішіндегі “шығармашылық” жағынан жетілгені. Ал сен адамсың ғой, өзіңді-өзің неге аямадың? Елсізде, аралда неғып жүрсің? – Аралда дейсіз бе? Шынында да мен Аралда жүргендеймін ғой. Баяғы Салауат батырдың “айналамды ормандар, сулар қоршаған” деп зарлайтынындай, мен ра­сында да Аралда қалғандаймын. Ойпыр­май, соның бәрін сезген жүрегіңіз қандай ұлы, сеньор Лучано. Лучано, айтыңызшы, былайғы жұрт біздің өмірімізді сауық-сайранмен өтеді деп ойлайды. Қайдағы сайран, тұнып тұрған тағдыр ғой бұл. – Сеземін, Сұңғат, сеземін. Көңіл кілтімді тап бастың-ау. Құдайдың бізге берген артықшылығы да осы ғой. Мен сенің елу жылдығыңа бара алмадым. Өйткені, мені де бір дерт айналдырып жүр. – Сабыр етіңіз, Лучано, сабыр. Сіз тек Италияға емес, әлемге керексіз. Елу жылдығым болмаса да, алпыс жылдығыма арнайы шақырамын. Өйткені, елу жыл­дығымда мен елкезбе болып кеттім ғой. – Айттым ғой, әне, саған бірдеңе болған. Осындай талантты бұл жұрт неге төбесіне көтермеді. Ол мүмкін емес. Мен де айтамын-ау. Кезінде біздің атақты Паганини де елкезбе болған. Тіпті өлетін кезінде бір қадақ жер де табылмаған. Құдай ондайдан сақтасын. – Айтайын, Лучано, айтайын, бәрі де өзімнен. Өзімнің қырсық мінезімнен бәрі. Айтайын деп айтпайсың-ау. Бірде мынадай оқиға болды. Сол елу жылдықты атамай-ақ қояйын деп едім, бір ағамыз “Елуіңде еленбесең, алпысыңда атаусыз қаласың” деді. Біз сөзге тоқтаған халық­пыз. Бұл халықты өсіретін де, өшіретін де сөз. Сонымен қалай болды деңізші? – Иә, қалай болды? – Пендеміз ғой, қанша қаннен-қапер­сіз жүрсем де бір күні әлгі ағамыздың сөзінен кейін көңілім нілдей бұзылсын. Жиған-терген ештеңем жоқ. Атағым дардай, бірақ өзім тыр жалаңаш, тақыр кедеймін. Содан сөзімді жерге тастамайды деген бір ағамызға жолығуды ойладым. Өтіп кеткен ештеңем жоқ. Шынымды айтсам, әлгі кісіге бетіммен жер сызып бардым. Баруын барып, шаруамды айтуға қатты қобалжыдым. Ішімнен ойлап қара­сам, айтатын өтінішім сұмдық. Әлгінің бәрі орындалса тіпті керемет болғалы тұр. Менің бақытыма орай ол кісі орнында болмай шықты. Екі күннен кейін келеді деді. Сондағы қуанғаным-ай! Біраз уақыт жаяу жүрдім. Жол-жөнекей біреулер “мынау әлі тірі екен ғой” дегендей, бір түрлі аяушылық білдіріп амандасады. Содан ұзақ-ұзақ ойға кеттім. “Осы менің елу жылдығымды атап өтетіндей елге не еңбегім сіңіпті. Еңбегім сіңсе де мен сол елден неге бірдеңе дәметіп, міндетсуім керек. Істесем өзім үшін, бала-шағам үшін, бауырларым үшін істедім, әрі-беріден соң өліп қалмас үшін, қатарым­нан қалмас үшін намысқа тырыстым. Қой алаңдамай жұмысымды істейін, реті келіп жатса, бұйырғаны болар. Бірлі-жарым адамға шәй-пәй берерміз” деп ойладым да бірден тоқтадым. Сөйтіп әлгі азаптан, дерттен, “мерейтой” ауруынан өзімді арашалап алғаныма кәдімгідей қуанып, тіпті еңсем көтеріліп қалды. Тіпті біреуден қарызымнан құтылғандай болдым. Енді мұны атап өту керек қой. Сөйттім де, сіз жақсы көретін макароннан екі-үш кило­сын, бір-екі жарты алдым да қаланың сыр­тында біреудің малын күзететін едім, сол лашығыма тезірек жетіп алуды ойла­дым. Бәрі де әлгі бір тауып айтылған қу сөздің кесірі ғой. Біздің қазақты өлтіретін сөз екеніне сонда тағы бір мәрте көзім жетті. – Қазақты ғана емес, әлемді ұстап тұрған сөз, өсек қой. Бұл өсек дегенің дыбыстан да тез бе деп ойлаймын. Мен де елу жылдығымды бәлендей дүркіретіп өткізбедім. Өзім қарсы болдым. Әлгі өзіңді шақырып келтіре алмаған Римнің түбіндегі Модерн деген қалашықта бір фазендамыз бар еді ғой. Соған бардық та сүйікті Адудам екеуміз макарон пісіріп, алаңсыз жедік-ау. – Макаронды жақсы көретініңізді білем ғой. Вискиге де мұз қоспай бір тартарыңыз бар еді. Дәурен-ай, десеңші! Сұңғат кеберсіген ернін бір-екі жалады да, жұтынып қойды. – Білем, білем, сенің атақты “Ла-Ска­ла­ның” сахнасын лашыққа ауыстырға­ныңа жаным жүдейді. Қайтесің енді, тағдыр. Сен білесің бе, біздің итальян­дарда “піскен жемістің шырыны мол болады” деген сөз бар. Мен елуге келген­де есіріп, желік бітіп, өзімнің хатшым Николетке үйлендім. Сақалымыз ағарған­мен әлі сайтанымыз қалмаған ғой. Менің бір түйсінгенім, еркек адам осы жасында әйел бақытын айрықша сезінеді екен. Ал жастық шағың құр селтеңмен өтеді. Бірақ сен екеуміз қаламыз тарихта. Сенің итальян операларын тұтас жатқа айтатын қабілетіңді мен әлі күнге басқа ұлттың өкілінің бойынан кездестірген жоқпын. Сен әлі зәулім сарайда тұрасың. Көтер еңсеңді, шалқақтап жүр баяғыдай. Саған сол жарасады. Жауыздық ойлаушылар бол­маса, бұл қоғам баяғыда жайнап кет­­пес пе еді. Сальери 39 опера жазды, Моцарт 19 опера жазды. Кім қалды тарихта? Дүниенің екі шетінде жүрген екеумізді жолықтырған тағдырға ризамын. Сенімен сырлас болған сол бір көркем күндер менің жарты ғұмырыма жететін әсер қалдырды. Мен ол күндерді ұмытпаймын. Аман бол, асылым! – Тоқта, тоқтаңызшы, Лучано! Сеньор Лучано! – Уай, менің мезгілсіз сұры қашқан сұлу да сырбаз салтанатты өмірім, қайда ұзап барасың, қайда бастап барасың?! Жо-жоқ, өнерді айтпаймын, текті өнерді айып­тамаймын. Мен саған тек қана қарыз­дармын, сенің алдыңда тек қана кішік­пін. Сенің алапат, асқақ рухыңды төмендетсем, сенің аққулар жүзген айдын көліңді, тұнығыңды лайласам, лағынет атсын мені. Бірақ мен саған бар жаным­мен, тәніммен адал болдым. Сен көркемсің, сен әсемсің, адамзаттың бар сұлу қасиеті сенің бойыңда. Сен болмасаң мына алакөз адамдар, ашкөз тымырсық дүние қайтер еді, айтшы қайтер еді. Сен ғой, мына көңілі жабырқау жұрттың санасына сәуле шашып келе жатқан. Сен болмасаң мен кім едім, айтшы, кім едім? Сен болмасаң мына дүние дидарына дақ түсер еді. Дүние тек қана дүрмекке, жынойнаққа айналар еді. Сенің бойың­дағы саф алтындай қасиеттер, ақсүйектік, бекзаттықтың арқасы ғой менің әлі күнге тірі бейбақ болып жүргенім. Шешемді сағындым. Егер маған біреу “сағыныш” деген не десе, мен сол адамды дереу қолынан ұстап, жетектеп барып шешемді көрсетер едім. Қайтейін, ол да жоқ енді. Менің өмірім сарғайған сағынышпен өтті ғой. Сағыныш деген менің жан жарамды емдер бір жанрыма айналғалы қашан. Уһ, сахнамды сағындым! Кие қонған, қасиетті қара шалдардың маңдай тері сіңген, табанының ізі қалған құдіретті қара шаңырақты сағындым! Мен сахнаға шыққанда патша едім, естисің бе, ей, Тағдыр, патша едім ғой. Естіп тұрсыз ба, сеньор Лучано?! Бірақ оның бұл соңғы монологын сеньор Лучано естімеді. Сұңғат өз дауысынан өзі селт етіп оянып кетті. – Аралда неғып жүрсің деді-ау маған. Арқада алты жыл жүріп, жалғыздықпен жағаласқан күндерімді еске салды-ау, жазған!? Сұңғат осы бір таңғажайып түсті қанша жақсылыққа жорыса да біртүрлі мұңайып отырып қалды. Атақты Павароттимен өткен күндерін әркімге лақылдап айта бермейтін. Шынында да сонау Арқада  –  Аралда жүріп, ол осы бір әлемдік тұлғаның бақилық болғанын да білмеп еді. Еңкілдеп жылады. Күндердің бір күнінде Италияға Қазақстаннан арнайы делегация барады. Қазақстан делегациясы сәті түсіп атақты әнші Лучано Павароттимен де кездеседі. Әнші сөз арасында Қазақстан дегенде сәл ойланып қалып, былай депті. – Қазақстан... айтпақшы, сіздің елде бір Сұңғат деген әнші бар еді, қазір ол тіптен атақты болып кеткен шығар. Италия оны алақанына салды ғой. Кісінің көркемі еді. Менен сәлем айтыңыздар. Әлем­де атақты үш тенор бар деп мақта­намыз. Біреуі –  мен. Ал менің аяулы досым Сұңғат еліне асықпағанда, бәлкім, төртінші тенор болып, бәрімізді де басып озар ма еді. Сіздер өзі өзге елде сұлтан бол­ғанды қаламайды екенсіздер. Сол жі­гіттің “өзге елде сұлтан болғанша, өз елің­де ұлтан бол” деген сөзі есімнен шықпайды. Өкінішке орай, әлгі делегацияның ішінде Сұңғатты жыға танитын бір адам табылмады. Менен сәлем айтыңыздар дегенде Павароттидің жанары жасаурап тұрыпты. Бәлкім, Сұңғат неге итальян болмады деп өкінді ме екен. Талант талантты іздейді деген осы шығар бәлкім. Қазақтың ұлы әншісі соңғы түсін көріп, аурухана төсегінде жүріп кете бар­ды. Өмірден осылай өту біздің елде еш­кімге таңсық емес. Тұла бойы саф алтын нұрдан жаралған әнші көз жұмарында сұлу өмірім қор болды-ау деп өксіп жіберіпті. Оның көз жасын сүрткен медбике де өзінің шексіз бақытты екенін көп жылдар өткен соң барып білді. Қали СӘРСЕНБАЙ.