Әр өңірдің өзінің тарихи мекені, көне жұрты болғанмен, бұл да айналып келгенде қазақтың тарихына қатысты құндылықтарға ұласады. Кезінде бабалардың жүріп өткен ерлік жолы, ұстанған салты мен ғұрпы да Ұлы Даланың болмысында тұнып тұр. Күн өткен сайын Ұлы Даламыздағы тарихи нысандардың құндылығы артып, құпиясы ашылып, ғажайыбы танылып келеді. Мұның бәрі де ғасырлар мен дәуірлердің сабақтастығына ұласып, тұтас бір тарихи әлемді құрайды.
Бүгінгі таңда қазақ даласындағы құнды жәдігерлерді әлем танып, мойындап үлгерді. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне елімізден сегіз тарихи-мәдени ескерткіштің енгізілгені белгілі. Сол ескерткіштердің бірі – Әулиеата жеріндегі Құлан қалашығы. Тарихи Құлан қалашығы бүгінгі Т.Рысқұлов ауданының маңында орналасқан. Көзге бірден шалынатын биік төбе ғасырлар қойнауынан сыр тартып тұрғандай әсер береді. Жоталардың қатпарында әлі де құпиясы ашыла қоймаған талай құндылықтардың бар екендігі сөзсіз. Бүгінгі таңда академик Карл Байпақовтың жетекшілігімен және Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қаржыландыруымен Құлан қалашығы жұртында қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Құлан жұртындағы қазба жұмыстары негізінен 2015 жылы басталған. Бұл кезінде өте үлкен қала болғандықтан, бүгінгі қазба жұмыстарының да ауқымы кең.
Құлан қалашығының орнына барғанымызда, археологтардың қарқынды жұмысының үстінен түстік. Әуелі археологиялық жасақ басшысы Серік Ақылбек бізді Құлан қала жұртының тарихымен таныстырды. Сонымен қатар, қалашықтың бүгінгі таңдағы ашылған құндылығын да әңгімелеп берді. «Біз Құлан қала жұртының қазба жұмыстарын оның орталық бөлігінен бастадық. Бұл жерде бүгінде үш қала құрылысы анықталды. Оның жоғарғы қабаты XVII-XVIII ғасырларға жататын зират. Жалпы, Ислам дінінде адамды биік жерге жерлеу дәстүрі бар ғой. Сондықтан да бұл жерде Ислам дінін қабылдаған адамдар болған болуы мүмкін деген болжам бар. Ал қалашықтың екінші құрылыс қабаты ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қарахан дәуіріне жатады. Бүгінде сол дәуірдің адамдарының тұрғын үй орындарының бөлмелері ашылды. Ал үшінші қабатын біз хан сарайы деп болжап отырмыз. Бұл жерде ғибадатхана болған. Бұл жер жекелеген екі бөлмеден тұрады. Сол екі бөлменің солтүстік-батыс бөлігінде ұзынша келген дәлізді бөлме бар. Ал ғибадатхананың қабырғалары ақ бояумен сырланған да, сырланған қабырғаларға түрлі бейнелер салынған. Сондай-ақ бұл жерде адамдардың бейнелері мен жауынгерлік киім киген, тұлпарға мініп қолына қылыш ұстаған адамдардың суреттері бар», дейді археолог Серік Шәймерденұлы.
Ал сызба түрінде қабырғаларға салынған тазы иттер мен құстардың суреттері де ежелгі заманның сурет өнерінен хабар береді. Археологтардың айтуынша, бұлардың барлығы да ғылыми тұрғыдан зерттеліп, зерделенген дүниелер екен. Ал ғибадатхананың солтүстік-шығыс қабырғасы мен оңтүстік-батыс қабырғасы саздан жасалған ою-өрнектермен безендіріліпті. Бір таңқаларлығы, бұл өрнектердің ешқайсысы да бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сондай-ақ қабырғалардың астыңғы және үстіңгі бөліктеріне жүзімдер мен жапырақтардың бейнелері салынған. «Біздің болжауымызша, хан бөлмесіндегі сыпаларға хан төңірегіндегі адамдар баспалдақ арқылы көтеріліп шығатын болған. Ал бөлменің солтүстік-шығыс бөлігіндегі сыпа қалған бөліктердегі сыпаларға қарағанда төмендеу. Ендігі болжам бойынша, бұл жерде ханның уәзірлері отыратын болған. Жалпы, сыпа деген ескі қазақ үйлердегі адам отыратын орын. Сондай-ақ мұнда бөлмені жарықтандыру мақсатында шам қою үшін әзірленген ойықшалар жасалған. Қазба барысында бұл мақсатта пайдаланған құнды жәдігерлер де табылды. Енді екі айға жоспарланған жұмыс барысында Құлан қалашығының екінші құрылыс қабаты ашылу үстінде. Алдағы уақыттарда ғылыми жаңалық болады. Мақсатымыз 2015 жылы анықталған орындардың жалғасын тауып, қазба жұмыстарын одан әрі жүргізу болып отыр. Сондай-ақ бұл жерді келешекте өңір туризмін дамыту үшін ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мақсаты да тұр. Егер бұл жұмыстар аяқталатын болса, ежелгі Құлан қалашығына туристер келіп, тарихи орындарымызды тамашалайтын болады», дейді археолог Қуаныш Шоқаев.
Бүгінгі таңда бұл жерде біршама жұмыс атқарылғанымен, қазба жұмыстарының нақты қай жылы аяқталатыны белгісіз. Себебі күн сайын қалашықтан құнды жәдігерлердің бөліктері табылуда екен. Мәселен, бұл жерден табылған асүйлік тұрмыста пайдаланған ыдыстар, тандырлардың бөліктері, құмыралар, леген түрінде жасалған дастарқандардың бөліктері де ұлттық тарихымызды байытқан дүниелер. Сондай-ақ қазба барысында оншақты адамның сүйектері табылып, олар мұсылмандық жолымен қайта жерленген екен. Бүгінге дейін табылған жәдігерлер толықтай зерттеуден өтіп, Астана қаласындағы еліміздің Ұлттық музейіне тапсырылыпты. Енді археологтар бұл жәдігерлер алдағы уақыттарда Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне және республикалық деңгейдегі «Ежелгі Тараз» қорық-мұражайына қайтарылуы мүмкін екенін айтып отыр.
Жалпы, жазба тарихи деректерде Құлан қалашығы ХІІІ ғасырдың бас кезіндегі ескерткіш кешен екені айтылады. Көне қаланы археологиялық тұрғыдан зерттеу ХІХ ғасырда В.Бартольдтан басталған. Сондай-ақ қалашық аумағына алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын 1936 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі мен Жетісу археологиялық экспедициясы жүргізген. Сол кездегі қазба жұмыстары нәтижесінде VII ғасырдың бірінші жартысына жататын жазба деректер табылған. Бүгінгі қазба жұмыстары да Құлан қалашығының әлі талай құндылығын аша түсетіні сөзсіз.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы