02 Қараша, 2011

Туған өлкеден сый

424 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Алматыда оқитын шығысқазақстандық тәлімгерлер мен Алтайдан ұшқан ақиықтар алғаш рет басын қосып, жерлестерімен қауышып, туған жердің ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленді. Оңтүстік астанадағы шығыс зиялылары мен жастардың кездесуін өткізу туралы бастаманы көтерген Шығыс өңірдің әкімі Бердібек Сапарбаев. Көк түркінің тал бесігі Өр Алтай мен Алаштың астанасы болған Семей жері ұлтымыздың мақтан тұтар талай ұлы ой­шылдары мен ақындарын дүниеге әкел­ген. Елбасы Шығыс Қазақстанды «елі­міздің – інжу-маржаны, рухани астанасы» – деп бекер айтпаса керек. Өлкенің тамылжыған табиғатының көрінісінде шұ­ғылалы шығыстың шайырлары ша­быт­танып жыр жазған, елдің кемел келешегін ойлаған ғалымдар еңбектенген. Бүгінгі күні де қаламы қарымды жазушы-журналистер, от ауызды, орақ тілді ақын­дар, күміс көмей әншілер туған өлкесіне деген құрметін төл туындыларына қосып, елінің мерейін үстем етіп жүр. Бұл өскелең ұрпаққа терең мағыналы тәрбие береді. Осы тәмсілді темірқазық еткен аймақ басшысы елге сыйлы қаламгерлер мен сахна саңлақтарын, Отанына риясыз қызмет етуге әзір жастардың басын қосып тұруды дәстүрге айналдырды. Былтырдан бері облыс орталығында «Шығыс шынары» атты халықаралық мүшәйра өтетін болған. Қытай, Моң­ғолия, Ресей, Қырғызстан және Өзбек­стан­нан келген ақындар ерке Ертістің жа­ға­сына жыр маржандарын шашып, бақ сы­на­сады. Сайыстың нәтижесі бойынша «Шы­ғыс шынары» өлеңдер жинағы жа­рыққа шығуда. Көктемде «Шығыс жұл­дыз­дары» энциклопедиясының тұсуы кесілді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Алтай-Ертіс» кітапханасының 20 томы жарыққа шыққалы отыр. Тамыз айында «Алтай – түркі әлемі­нің алтын бесігі» деген айдармен алғаш рет халықаралық форум және «Алтай – алтын бесігім» атты түркі әндерінің фестивалі өтті. Алқалы жиынға Қазақстан, Түркия, Жапония, Ресей, Корея сияқты 12 мемлекеттен танымал түркітанушылар, фотосуретшілер, әншілер, дипломаттар мен ғалымдар қатысты. Астана қаласымен әріптестік жаңа дең­гейге көтерілді. Шығыс Қазақстан ел­ордада алғашқы болып, облыстың күн­де­рін өткізген. Астаналықтар да алдымен Алтайға құрмет көрсетіп, мәдени күн­де­рін шығыстан бастады. Осыдан екі апта бұрын Түрік елінің Бурса аймағымен бауырластық қарым-қа­тынас орнатылып, Осман империясының алғашқы астанасы – Бурса шаһарында да Шығыс Қазақстанның мәдени күндері өтті. Екі өңірдің кәсіпкерлері алыс-беріс жайын талқылап, бизнес-форум өткіз­ген­нен соң, қазақ өнерінің майталмандары талғампаз түрік халқын тәнті етті. Композиторлардың арасында «Әнім саған туған ел» атты конкурс жүріп жа­тыр. Шараның мақсаты Шығыс өңірге ар­налған жаңа патриоттық әндер жазғызып, топтастыру. Абай ауданында Ақылбай мен Көкбайдың 150, ал Шәкір Әбеновтің 110 жылдығы қатар тойланып, респуб­ли­ка­лық деңгейде ақындар айтысы ұйым­дастырылды. Қараша айында «Өз елім» деген атпен өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліндегі ән байқауы өтпек. Жастармен жүздесу де дәстүрге ай­нал­ған. Мәселен, «Дарын» жастар бай­қауы­ның жүлдегерлері, «Болашақ» сти­пен­диясының иегерлерімен кездесулер өтіп тұрады. Ал, мамыр айында облыс әкімі ба­с­та­ған делегация еліміздің жүрегі, ерен ең­се­сі – елордада болып, Астанада білім алып жат­қан студент жастармен және қа­лам­герлермен кездескен. Ұлттық акаде­мия­лық кітапханада өткен шығармашылық кешке ақын-жазушылар, журналистер мен астаналық жас ақындар қатысты. Бас қалада білім алып жүрген мыңға жуық студенттің ішіндегі ең үздік 220-сы әкіммен Назарбаев Университетінде кездесті. Болашақ жас мамандардың ал­дын­да қоғам қайраткерлері, өңірдің ірі кәсіп­орын басшылары сөз сөйлеп, Шығыстағы соны серпілістер туралы баян қылды. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, ғылым, кәсіпкерлік саласында жас мамандар қажет екенін жеткізді. Енді осы үрдіс жалғасып, әсем қала, гүл қала – Алматыда көптен күткен кездесу өтіп отыр. Бұл жиынның түпкі мақ­саты ұрпақтар сабақтастығын үзбей жал­ғастырып, жас мамандарды туған өңірге қызмет етуге шақыру. Кездесуге Ал­ма­ты­да білім алып жүр­­ген 400 тәлімгер қатысты. Бұл үл­ге­рі­мі жақсы, белсенді жастар һәм ха­лық­аралық олим­пиа­да­лардың же­ңім­паз­да­ры. Жалпы, оңтүстік астанада 4 жарым мың шы­ғыс­қазақ­стандық өрен оқу оқиды. Олар­дың ба­сым көп­ші­лігі пе­да­гогикалық, меди­ци­налық, тех­никалық, аграрлық оқу орын­дары мен Ұлттық консерваторияда шоғырланған. Тек Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінде мыңға жуық студент білім нәрімен сусындауда. Жиында облыс әкімі өңірде жүзеге асып жатқан ілкімді істер туралы ке­ңі­нен әңгімеледі. Бердібек Сапарбаев үде­мелі индустрия­лық-инновациялық бағдарла­ма­ның аяқ алысы, аймақтың өндірісі, ауыл шаруа­шы­лығы, ғылым, өнер саласындағы жетістіктері жайлы айтып берді. Облыс эко­но­микасын жақсартудағы мақсат-мүд­де­міз­ді, стратегиялық жоспарларымызды жү­зе­ге асыру үшін өңірге жас мамандар қажет екенін де тілге тиек етті. Әсіресе, өндіріс, медицина, ауыл ша­руашылығы саласы мен көлік құрас­ты­ра­тын зауыттар білімді де білікті маман­дық­тарға мұқтаж. Осы ретте сөз сөйлеген облыстық перинаталдық орталықтың бас­шысы Рая Рақымова, «Азия авто» АҚ пре­зиденті Ержан Мәндиев, шаруа қожа­лы­ғының төрағасы Владимир Акулов болашақ мамандарды өз саласымен та­ныстырып, нақты ұсыныстар жасады. Ал, «Қазақмырыш» ЖШС инженері – Дидар есімді жас маман замандастарына өзінің қызметі туралы әңгімеледі. КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова тәлімгерлерге ақ жол тілеп, өнерлі жастарға ақыл-кеңесін айтты. Өз кезегінде тәлімгерлер көңілде жүр­ген, көкейге түйген сауалдарын әкімге қой­ып, пікір алмасты. Жастарды аймақ­тың экономикалық, әлеуметтік әлеуеті, денсаулық, білім беру саласындағы жа­ңалықтар қызықтырады. Соңғы 2 жылда шығыс облыста әр салада, соның ішінде білім беру ісінде ілгерілеушілік байқалады. Білім беру жүйесін қаржылданыру жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр 47,3 млрд. теңге бө­лінсе, биылғы бюджет 57,1 млрд. тең­ге­ні құрап отыр (9,8 млрд. теңгеге артық). Соңғы 15 жыл ішінде өңірде жалпы құны 14 996,6 млн. теңгені құрайтын 65 мектеп ашылды. Биыл тағы 15 нысанның құры­лы­сына 5 196,831 млн. теңге бөлінді. Оның 12-сі жыл аяғына дейін тапсырылмақ. Бүгінде облыста бала туу көрсет­кіш­те­рі артып келеді. Осы ретте Президент пен Үкіметтің 2020 жылға дейін бүлдір­шін­дерді балабақшамен 100% қамту ту­ра­лы тапсырмасы өңірде қарқынды жүзеге асуда. Қазірдің өзінде балдырғандардың 80,9%-ы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған. Бұған «Балапан» бағдарлама­сы­мен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қол жеткізіліп отыр. Кезінде жекенің қолында кеткен көптеген балабақшалар қайтарылып, ауылдарда балабақша ашу жұмыстары ширады. Жаңа оқу орындарының ішінде «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» орны бөлек. Ерекшелігі сол – білікті, жаңа бағытта ойлайтын жастарды тәрбиелеп, Қазақ елін бәсекеге қабілетті адами капиталы бар мемлекетке айналдыруға бағытталған. Шығыс Қазақстанда 2 зияткерлік мектеп бар. Семейдегі білім ордасы физика-математиканы тереңдетіп оқытса, Өскемендегі мектеп химия-биология бағытын ұстанады. Дарынды балаларды анықтап, қолға­быс ету үшін ашылған 13 арнайы мектеп жұмыс атқаруда. Халықаралық қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. «Глюон» халықаралық зияткерлік клубымен, ФИДЖИП федерациясымен және да­рынды балаларға арналған «Еуроталант» қауымдастығымен, Ломоносов атындағы ММУ және «Эврика» Еуропа даму орта­лығымен келісім-шарттар жасалған. Шығысқазақстандық оқушылар қа­шан да олимпиада, сайыстарда толайым табыстарға жетіп, өңірдің мерейін асқақтатып жүргені белгілі. 2009 жылдан бері республикалық және халықаралық олимпиадаларда жеңген оқушыларға об­лыс әкімінің шәкіртақысы тағайын­дал­ғалы бұл дәстүр жаңа леп алды. Былтыр сайыстарда бақ сынаған 48 оқушының 40-ы жүлдегер атанды. Олардың дені Бразилия, Тайвань, Қытай, Корея, Шотландия, АҚШ, Ресей сияқты елдерде өткен ірі жарыстарда топ жарып шыққан. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша шығысқазақстандық оқушылар­дың орташа баллы 90,2 болып, облыс республика бойынша 4-ші орынға шықты. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімдігі және кәсіпорындардың ұйытқы болуымен өзара әріптестік туралы бірқатар меморандум, хаттамалар бекітілді. Үшжақты келісімнің негізінде кәсіби мектептер мен арнайы орта оқу орын­дары шәкірттерінің жұмыспен қамтылу мәселесін шешті. Жас мамандарға, ­әсі­ресе, «Үлбі металлургия зауыты», «Қа­зақ­­мы­рыш», «Титан-магний комбинаты» сияқ­ты ірі өндіріс орындары, шаруа қожа­лық­тары мен медициналық мекемелерден, азық-түлік өндірісі және құрылыс сал­а­сын­дағы компаниялардан сұраныс көп. Шығыс Қазақстанда дарынды жас­тарды ынталандырудың тағы бір тиімді тәсілі бар. 4 жыл ішінде медициналық және педагогикалық мамандықтарда оқи­тын 864 студент өңір әкімінің грантына ие болды. Бұған 389 млн. теңге бөлінген. Былтыр грантқа тағы бірнеше мамандық қосылды. Бүгінде 200 тәлімгер әкімнің грантын алып отыр. Аймақтың білім беру саласындағы соны серпілістер туралы әңгімелеп, жас­тардың сұрақтарына жауап берген соң Бердібек Сапарбаев жиынға қатысқан барлық тәлімгерлерге орташа көлемдегі шәкіртақы, ал, ең үздік 20 студентке облыс әкімінің грамотасы мен сыйақы табыс етті. Сонымен қатар, алматылық жоо ректорларына алғыс хат жолданды. Жалынды жастармен жүздескен соң ШҚО әкімі қоғам қайраткерлерімен, қа­ламгерлермен және өнер адамдарымен кез­десті. Олардың арасында Қабдеш Жұмаділов, Бибігүл Төлегенова, Мәрзия Тұрлыханова, Мұрат Әуезов, Сейіт Қас­қабасов, Шериаздан Елеукенов, Қалихан Ысқақ, Сейітқазы Матаев, Қайнар Олжай, Серік Жанболат, Жарқын Шәкәрім, Кәдірбек Сегізбаев, Бауыржан Жақып, Майра Ілиясова, Толқын Забирова сияқты есімдері елге танымал тұлғалар бар. Белгілі қаламгерлер мен өнер майтал­мандарының сыр-сұхбаты мазмұнды әрі тар­тымды өтті. Шығармашылық кездесуде «Шығыс жұлдыздары» энциклопе­диясы та­ныстырылып, кездесудің мерейлі мейман­дарына сыйға тартылды. Ырыс аунап, нар шөккен Шығыс Қазақстан тума таланттар мен дарындарға да өте бай. Қаншама ға­лымдар, қаламгерлер, күміс көмей әншілер мен сахна саңлақтары, өнер және мәдениет қайраткерлері топы­рағына аунап өскен. Олардың есімдері ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып шыққан жаңа кітапқа еніп отыр. Бұл басылымда Ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды даналармен қатар, қазіргі заман жазушылары мен жас ақын­дар да тізбектелген. Жинақты шығаруды ұсынып, жобаға жетекшілік еткен – ШҚО әкімі. Тағы бір атап өтуге тұрарлық басы­лым – «Күншығыс атласы» деп аталатын ғылыми еңбек. Атласта облыстың карта­сы, тарихы, жағрапиялық ерекшеліктері кеңі­нен баяндалады. Туған жердің базарлығын ала келген Шы­ғыс жұртына алматылық оқу орын­дары да алғыстарын білдірді. Кездесудің соңында жиылған жұрт естелік суретке түсіп, келешекте де бас қосып тұруға уағдаласты. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев кездесуді, – «Елбасының табанды әрі жігерлі саясатын жүзеге асырып, туған өңірімізді бірге түлетейік, келешектің үмітін ақтайық!» – деп қорытындылады. Шығыс Қазақстанда – «күн шығыстан шығады» – деген сөз бар. Яғни, Шығыс өңір елден бұрын тұрып, іске кірісетіндіктен, ырысы да артығырақ. Соңғы жылдары көптеген игі бастама дәл осы – шығыс облыстан бастау алған-ды. Шығысқазақстандықтардың бұл жолғы жарқын ісі де өзге өңірлерге үлгі болады деген сенімдеміз. Оңдасын ЕЛУБАЙ.