Медицина • 10 Қараша, 2017

Үкімнің орындалуы – заңның үстемдік құруы

1023 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің соттары шығарып жатқан шешімдер мен үкімдердің уақытылы әрі сапалы орындалуы өте маңызды мәселе. Өйткені халық ол үкімдердің орындалуын заң үстемдігінің толық қамтамасыз етілуінің бір көрінісі ретінде бағалайды. Осыған орай Жоғарғы сотта «Үкімді орындаумен байланысты мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оны Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мен «IRZ» халықаралық құқықтық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоры ұйымдастырды. 

Үкімнің орындалуы – заңның үстемдік құруы

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қыл­мыстық атқару жүйесінің бас бос­тандығынан айырылғандарды мер­зімінен бұрын шартты түрде босату және үкімдерді орындау бойынша­ қызмет мәселелерін талқылады. Соны­мен қатар жазаны тағайындау шараларын ауыс­тыру, айыппұл салу, сотталғандардың шағымдарын үкімді орын­дау тәртібінде қарастыру, мүліктен тыйымды алу бойынша қолданыстағы сот практикасы қаралды. 

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жө­­­ніндегі сот алқасының төрағасы А.Рах­метулин үкімді орындау сатысын қыл­мыстық процесті аяқтайтын логикалық бөлігі дей келе, талқыланып отырған тақырыптың маңызы зор еке­нін атап өтті. «Қылмыстық сот ісін жүргізудің осы кезеңінде үкімдегі шешімдердің бас­талуы мен нақты іске асырылуын қам­тамасыз ететін әрекеттер жасалады, үкім­ді орындау барысында туындайтын түр­лі мәселелер жедел түрде шешімін та­бады. Сот жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың ұсыныстарын, сот­талғандардың арыздары мен өтініш хаттарын қарастыра отырып, үкімдердің орындалуына, сотталғандардың құқық­тары, бостандықтары мен заңды мүдде­лерінің сақталуына қадағалау жасайды», – деді. 

Қылмыстық заңнама бойынша жүр­гізілген соңғы реформа соттарға аталған санатта келіп түсетін материал­дар са­ны­ның айтарлықтай артуына ықпал етті. Жаңа заңдар қолданысқа енген алғашқы жылдың өзінде-ақ мұндай материалдардың саны 28 пайызға артты. Ағымдағы жылдың 9 айында соттардың іс жүргізуінде 55 мыңнан астам осындай материал болды, олардың басым бө­лігін мерзімінен шартты түрде босату және жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыс­тыру істері құрады. Республика сот­тары осы кезеңде мерзімінен шартты түрде босату туралы барлығы 7108 материалды қарап, оның 64,2 пайызын қанағаттандырды. 

Заңда көзделген жаңа құқықтық нормалар белсенді түрде қолданып келеді. Мәселен, соттар айыппұл се­кілді жаза түрін белсенді тағайындай бастады. Ағымдағы жылдың өткен жар­тыжылдығы ішінде қылмыстық құ­қық­бұзушылықтардың барлық түрлері бойынша сотталған тұлғалардың ішінде айыппұл тағайындалғандарының үлес салмағы 12 пайызды құрады. Заң­ды күшіне енген үкімдер бойынша өндірілген айыппұл сомасы 609 млн-нан астам теңгені құраса, оның 470­ млн теңгеден астамы сыбайлас жем­қорлық құқықбұзушылықтары бойынша тағайындалған. 

Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар санының артуына және «түрме халқының» азаюына жаңа қылмыстық заңнама мен «Жазаны өтеуден мерзімінен шартты түрде босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру мен тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» Жоғарғы сот әзірлеп, 2015 жы­лы қабылданған нормативтік қаулы зор ықпал етті. Талқыланып отырған мәселе бойынша сот практикасына тұрақты түрде дәйекті шолу жасалып келеді, жиі қайталанатын қателіктер мен заңды дұрыс қолданбаумен байланысты орындалмай қалуы секілді мәселелер сарапталуда. 

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы бү­гінгі таңда сот жүйесі сот төрелігін жү­­­зе­ге асыру процесіне жаңа ақпа­рат­тық технологияларды енгізуде флаг­ман болып табылатындығын атап өт­ті. Жоғарғы Сот түзеу мекемелерін бей­не­байланыс (ББ) жүйелерімен жарақтандыру бойынша бастама көтерген болатын. Қазіргі таңда Қыл­мыстық-ат­қару жүйесі комитеті бейнебайланыс жүйесімен 100 пайызға жарақтандырылған. Бұл технология уа­қыт пен қаржылық шығынды үнем­деуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қауіпсіздіктің жалпы режімін сақтауға оң әсер етеді. Ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде соттар Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мекемелерімен бей­небайланысқа шығу арқылы сотталғандарды күзетпен алып келусіз 10 мыңнан астам материалды қарады. 

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес Жо­­ғар­ғы соттың судьялары Ғазиза Мұ­сабекова мен Серік Әбнасыров сот­тардың мерзімінен шартты түрде бо­са­туға байланысты өтініш хаттарды қа­растыруы, үкімдерді орындау, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бекболат Төремұратов Комитеттің үкім­дерді орындау бойынша қызметі ту­ралы сөз сөйледі. Үкімдерді орындау саласындағы қадағалау туралы Бас прокуратураның 2-ші басқармасының бастығы Серікжан Мырзалы айтып берді. Бұған қоса, түрлі деңгейдегі жергілікті соттардың бірқатар судьялары баяндама жасады.
 

Германияның Жоғары жер сотының судьясы Арнт Вайсхаупт Германияның заңнамасы бойынша сотталғандарды жазаны одан әрі өтеуден босату, сондай-ақ жазаны орындаумен байланысты мәселелерді шешудің қолданыстағы практикасы туралы өз ойымен бөлісті. Майндағы Франкфурттың учаскелік сотының вице-президенті Франк Рих­тер үкімді орындау тәртібіндегі кей­бір мәселелер мен Германияның қыл­мыстық-атқару палаталарының қыз­меті туралы әңгімелеп берді. Астана қаласының адвокаты Аманжол Мұ­хамедияров үкімді орындау сатысында білікті заң көмегіне қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша баяндама жасады.  

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»